Ауыл

Ырғыздың таксиі өзгеше

Қаз-қалпында

Облыс орталығынан аудандарға, қала маңындағы елді мекендердің бәріне дерлік такси жүреді. Шалқарға бармайды. Ол жаққа пойыз тиімді әрі бұл бағыттың жолы нашар. Такси іздесең, Орталық базар, авто және теміржол вокзалдары маңдарынан табасың. Бірақ Ырғызға қатынайтын таксилер өзгеше. Ол қаланың қай түкпірінде тұрсаң да, өзі үйіңе соғып алып кетеді, Ырғыздан мінсең, қай уақытта болса да тұрағыңа жеткізіп салады. Ақтөбе-Ырғыз жолындағы такси жүргізушілердің басқа әріптестерінен өзгешілігі де осында.
Алайда жолаушылардың кейбіреулері мұндай жақсылықты түсіне бермейді. «Ақша керек болса, күтсін» деп, жүргізуші бірнеше рет қалта телефонын қоңыраулатқанша, асықпай шайын ішіп отыра береді. Таксистер қаланың Мәскеу, Құрмыш және басқа шеткі жақтарынан жолаушысын іздеп, шаһар көшелерінде бір сағаттан астам уақыттарын кетіреді. Ақтөбе-Ырғыз ортасындағы такси пұлы —2500 теңге. Ал екі жаққа жеке көлігіңмен барсаң, ең кемі 7-10 мың теңге бензинге жұмсалады. Машинаңа салмақ түседі, өзің шаршайсың. Тиімдісі — ақшаңды төлеп қойып, ұйқылы-ояу отыру.
«Баламды алдыма алып отырамын, төлемеймін» деп дауласатындар бар. Жүргізуші Ернардың бір сапарында қартаң әйел қасындағы немересі үшін 1000 теңге ғана берген. Сегізінші сыныпта оқитын балаға жеке орын қажеттігін ұқпай, Ернарды тілдеген. «Қарияның қарғағаны батты ғой» деп ренжиді Ернар.
Жүргізушілер көктем мен күз айларының жауынды-шашынды күндері «жандарын шүберекке түйіп» жүреді. Мұздақ алдап соғады. 6 қараша күні қатты жел соғып, ара-тұра қар аралас жаңбыр жауып тұрған. Таңертең Қарабұтақтың маңайында 10 шақты шақырым асфальт үстіне шыныдай шыңылтыр мұз қатады. Көрінбейді. Ағындап келе жатқан үш жеңіл мәшине апан-топан аударылып қалады.
Ақтөбе-Ырғыз ортасындағы таксидің ұзын саны жиырманың шамасында. Аудан орталығында олардың жүрісін реттестіріп отыратын диспетчер бар. Ертерек телефон соғып, мекенжайыңды айтсаң, белгіленген уақытта есігіңнің алдында көлденеңдеп тұрады.
Таксистер кімдер? Көбісі осы кәсіппен отбасын асырап отыр. Күнделікті қолма-қол ақша қызықтырады. Жаздың ұзақ күндері кейбір жігіттер күніне екі рет қатынайды. Жолаушы табылса болғаны. Көбіне-көп таңғы сағат 4.00-де қозғалады.
Нұрқан есімді жас жігіт тарих пәнінің жоғары білімді мұғалімі. 1,5 жыл сабақ берген. Айлықты күтіп «отырмаймын» деп жеке көлігімен жолаушы тасып жүр. Таңдауы дұрыс па, бұрыс па, өзі біледі. Бірақ, күнде сабақ бермеген ұстаздың қарайып қалатыны рас. Ал Ернар Жаңажолда «вахтовик», он бес күн «таксовать» етеді. Үлкені университеттің ақылы бөлімінде оқиды. Өзі Алға қаласында тұратын ырғыздық. Мақсаты — жас кезінде табыс табу.
Әуеліде көліктері жаңа жас жүргізушілер екі ортаға «төрт сағатта жеттім» деп мақтанатын еді. Бір-екі жол апатынан кейін сабасына түскен.
Ақтөбе-Ырғыз арасына үлкен жайлы автобус таңғы сағат 7.00-де автовокзалдан жүреді. Қаланың шет жағында тұрсаң ертелетіп, көлік жалдап келесің. Ал Ырғыздың таксиі қақпаңның алдына келіп, күтіп тұрады. Қайсысы қолайлы? (Такси жүргізушілердің есімдері өзгертіліп алынды).
Ырғыздың көшелері айқыш-ұйқыш қазылып, үйлерге газ құбыры тартылып жатыр. Желтоқсанның 1-іне газ қосылмақ. Бүгінгі Ырғыз келбеті осындай.

Айдос ШӨКІШҰЛЫ,
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button