Спорт

Миланнан масқара болып қайттық…

Сенбі күні бокстан  әлем чемпионатының жалауы түсірілді. Аппенин түбегінде өткен сайыстан еліміздің былғары қолғап шеберлері жалғыз-ақ қола медальмен оралды.

Енді ғана тәуелсіз ел атанып, етек-жеңімізді жинай алмай жатқан кезде әлемдік чемпионаттан дәл осылай жалғыз қола медальмен оралғанымыз бар. Ол кезде оның өзі жетістік саналған еді. Ал соңғы 12-13 жылдың көлемінде Қазақстан құрамасы мұндай масқараға ұшыраған емес. Кез келген дүбірлі жарыстың (Олимпиада, әлем немесе Азия біріншіліктері – ред.) финалында қазақстандық боксшы өнер көрсетпейді деп ойлаудың өзі біртүрлі болатын. Бірақ…

Әлқисса, Миланға білек түріп аттанған 11 бокшының үшеуі ғана ширек финалға ілікті.  Алайда 51 келі салмақтағы Қанат Әбутәліпов  тағы да кубалық Янкел Леон Аларконнан аса алмады. Жаны қысылғанда жолбарысқа да қарсы шабатын қасқыр секілді жүректі жігіттің әлемдік аренада еш жолы болмай-ақ қойды. Кубалық бокшымен бірнеше рет кездескен Қанат соның бәрінде де жеңіліс тапты. Соңғы шайқаста үш раундта Аларконның екі-ақ соққысы дәл тигені қазақ бокшысының бұрынғыдай тұра ұмтылмай, қорғанысқа да мән бергенін көрсетеді. Бірақ өз соққысы нысанаға дөп тимесе амал не? Футболда ғана кездесетін есеп Қанатты ауылға қайтарды…

64 келі салмақта жұдырықтасқан қызылордалық Руслан Сыбаев жекпе-жек үстінде әр түрлі тактикалық шешім қабылдай білетін, кісінің айызын қандыратын тамаша боксшы. Әттең Сыбаевқа тәжірибе жетіспеді. Әйтпесе, Еуропа чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері деген дардай атақтары бар венгр Дюла Катені әуелі ұршықтай үйірген.  Бірақ ортадағы төрешінің бірнеше рет ескерту жасауы, соққыларының дұрыс есептелмеуі жас боксшыны «сындырып» жіберген секілді. Қорытынды есеп: 14: 9.

Ал ширек финалға дейінгі жан алып, жан беріскен шайқаста әлем чемпионы атанып қана қоймай, алдағы олимпиадада топ жарып, Баркер кубогын иеленбек ойы бар екенін айтып, жар салған Украинаның жас қабыланы Шелестюкті сабасына түсірген Серік Сәпиев ширек финалда көп күш жұмсаған жоқ. Қырғыз Асаболла Баймурадовтың бапкерлері бірінші раундтан соң-ақ ортаға ақ орамал тастады.

Алайда, Серік жартылай финалда ресейлік Андрей Замковойға қарсы қайрат қыла алған жоқ. Әдетте қарсыласын нөпір соққысымен төпеп, ес жиғызбайтын қарағандылық көкжалдың бұл әдісі  Замковойға «жүрмей» қойды. Бойы Серіктен әлдеқайда ұзын, сіңірлі қолдары қарсыластың шабуылын тойтарып қана қоймай, ашық қалған тұсын да дәл табатын салқынқанды Андрей бірінші раундта-ақ бес ұпай айырмашылығымен алға шықты. Екінші раундта Сәпиев тізгінді өз қолына алып, арақашықтықты сәл қысқартқан. Бірақ жекпе-жектің соңына қарай ол шаршап қалды. Ал Замковой қорғанысқа аса мән бермейтін Серікті алыстан соғып, ұпай санын арттыра берді. Гонг соғылғанда таблодағы көрсеткіш – 16:10 болып тұр еді. Сөйтіп, бірнеше жыл бұрын қолдануға болмайтын дәрі-дәрмекті пайдаланғаны үшін бір-екі жыл бокстан қол үзуге мәжбүр болған, Ресейдің ішкі чемпионатында да жанкештілігінің арқасында топ жарып, құрамаға әрең іліккен Замковой финалдан бір-ақ шықты.

Сонымен финалда Қазақстанның бірде-бір боксшысы болған жоқ. Қазақ көрермені амалсыз өзгелердің жұдырықтасқанын көруге мәжбүр болды. Ұзақ жыл қытайлық Зу Шимин «патшалық құрған»  48 келі салмақта ресейлік Давид Айрапетянның аузын айға қаратып кеткен моңғол Сердемба Пуревдори чемпион атанды. Бұл – күллі моңғол елінің әлем чемпионатынан тағып қайтқан тұңғыш алтын медалі! Енді Сердамбаның «алтын ұл» атанатынына күмән жоқ. Оңтүстіккореялық Джон Хун Шин мен қытай  Ли Цзчжао қола медалдарын қоржынға салды.

51 келі салмақта олимпиада және әлем біріншіліктерінің жүлдегері италиялық  Виченсо Пикардиді жерлестері  алдында жерге қаратқан, жартылай финалда ресейлік Миша Алоянды қапы қалдырған 17 жастағы моңғол боксшысы  Тугустгут Наям пуэрторикалық Мак Вильямс Ароядан жеңіліс тапты. Пуэрторикалықтардың да әлем чемпионатының алтын медалін көрмегеніне 35 жыл болған екен!  Ресейлік Миша Алоян мен неміс Ронни Бебликтер қола медалдарын қанағат тұтты.

54 келі салмақта финалға дейінгі 5 жекпе-жекте өзіне  небәрі  үш-ақ соққы өткізген, қорғанысы тас қамал Детелин Далаклиев орыс Эдуард Абзалимовті жеңіп, Болгарияға алтын медальмен оралды. Жартылай финалда  Далаклиевтің қорғанысын бұза алмаған кубалық Янкел Леон Аларкон мен  Абзалимовке есе жіберген ирландиялық Джон Рой Невин жеңімпаздарға қол соғуға мәжбүр болды.

57 келі салмақта Бейжіңде топ жарып қана қоймай, ең үздік боксшыға берілетін  Баркер кубогын иеленген украиналық Василий Ломаченко чемпионға тән өнер көрсетті. Ресейлік Сергей Водопьянов  Василийге қарсы ешқандай қайран қыла алған жоқ. Өзбек Боходуржан Султонов пен мексикалық Оскар Валдес те – жүлдегерлер қатарында.

60 келі салмақта италиялық Доменико Валентино рингке  шыққанда зал айқай-шуға толып кетті. Абырой болғанда, Доменико грузин Коба Пичекадзені еркін ұтты. Пуэрторикалық Жозе Педразе мен ресейлік Альберт Селимов ауылдарына қола медальмен қайтты.

Кубалықтардың екі-ақ боксшысы финалға шыққан-ды. Бейжің олимпиадасында бірде-бір алтын ала алмай елдеріне масқара болып қайтқан бостандық аралының өкілдеріне жеңіс ауадай қажет еді. Сондықтан  64 келі салмақта сынға түскен Роньел Иглесиас Сотолонго америкалық Френки Гоместі «аттан аударғанда» кубалық бапкерлердің қуанышында шек болған жоқ. Венгр Гьюла Кате мен моңғол Мунх Уранчимед те  құр қол емес.

69 келі салмақта біз күткен алтынды немістер алды. Сәпиевтің қателігінен сабақ алған болуы керек, Джек Кулчай-Кет Замковоймен қоян-қолтық ұрысқа барған жоқ. Көбіне жақын қашықтықтан соққы жұмсап, Андрейдің жұдырығынан сытылып кетіп жүрді. Өзбектің  талантты боксшысы Ботиржон Махмудов біздің Серік Сәпиевпен бірге қола медалды місе тұтты.

Чикагодағы әлем біріншілігінде 81 келі салмақта топ жарған, Бейжіңде біздің Шынәлиевтің мойнынан тістеген қылығымен тарихта қалған тәжік Курбоновтан таяқ жеп, алғашқы кездесуден соң-ақ үйге қайтқан өзбек Аббос Атоев 75 келі салмаққа ауысыпты. Бұл –  бокста сирек болатын жағдай. Әдетте боксшылар салмағы ауырлап, келесі салмаққа ауысатын.

Жаңа салмақ өзбек баһадүріне майдай жақты. Ол тіпті финалда армян Андраник Хакобянды «ойнап жүріп» ұтты – 9:0. Үндістандық Виджиндер Кумар мен венесуэлалық әйгілі боксшы Альфансо Бланколар – үшінші орында.

Финал болған  күні ресейлік бапкерлердің әбден  салы суға кеткені хақ. Енді  ше? Жартылай финалға сегіз сайыпқыраны шығып, оның алтауы ақтық айқасқа  бет алған орыс құрамасының өкілдері бірінен соң бірі «оққа ұшып» жатты. Сондықтан 81 келі салмақта Артур Бетербиев шыққанда олардың «иманын үйіріп» отырғаны анық.  Өйткені 75 келі салмақта біздің Бақтияр Артаевты бірнеше мәрте жеңген өзбек арыстаны Елшод Расуловты ешкім оңай шағылатын жаңғақ деп айта алмас еді. Бірақ Бейжіңде әділетсіздік құрбаны болған Бетербиев Расуловқа «бетерден де бетер бар екенін» (Ә. Кекілбайұлы) көрсетіп, екі рет нокдаунға жіберді. Сонымен Ресейдің қоржынына алғашқы алтын түсті. Кубалық Хосе Гомес пен франциялық Әбділқадыр Буени де елдеріне олжалы қайтты.

Кубаның «қара маржаны» Осмай Акосто  Дуартені жеңген 91 келі салмақтағы Егор Мехонцев Ресейдің әнұранын тағы бір мәрте шырқатты. Жартылай финалда осы екі боксшыға жол берген украиналық Александр Усик пен франциялық Джон Мбумба қола медалдың «қызуына» алақан жылытты.

Көрермендер әдетте алыптар айқасына ерекше мән береді. Ал бұл жолы қызығушылық тіпті күшті болды. Өйткені  Италияның жарық жұлдызы Роберто Каммарелле осы салмақта талайлардың зәресін ұшырған саңлақ. Бейжіңде қалың қытайдың көз алдында Жан Жилейді сабап, масқара еткен Каммарелле жартылай финалда белорустың алтыннан дәмелі боксшысы Виктор Зуевті 35-ақ секундта нокаутқа жіберген. Соны көріп шошыды ма, әлде Бейжіңде жеген таяғы әлі түсіне кіре ме,  қытай алыбы Жан Жилей финалға деген «жолдаманы» украиналық Роман Капитоненкоға «ұстата» салған. Бұлай дейтініміз, бұқаның қасындағы түйедей көрінетін Жан Жилей Капитоненкоға қарсы «артық» қимыл жасаған жоқ.

Ал Капитоненко Каммареллеге қарсылас болып жарытпады. Екінші алтын медалдың буы италиялықтардың делебесін тіпті қоздырып жіберді. Тусаң ту, Каммареле, ер-ақ екен!

Миланда өткен әлем біріншілігінің ерешелігі неде?

Біріншіден, мұнда боксшылар бұрынғыдай екі минуттан төрт раунд емес, үш минуттан үш раунд шайқасты. Яғни, әр раундта бір минут қана емес, жалпы жекпе-жекке де бір минут уақыт қосылып тұр. Бұл сыннан  былғары қолғап кигеннің бәрі өте алған жоқ…

Екіншіден, Милан рингі беделді мойындамайтынын көрсетті. Мысалы, Бұрын «Куба бокшылары келе жатыр» деген хабардың өзі-ақ жұрттың зәресін ұшырып, бірнеше салмақтың алтынын бостандық аралының өкілдері «жинап»  алатын. Қазір ол заман өтті. «Алтынға әр елдің-ақ бар таласы» екенін осы чемпионат көрсетті. Енді қай бокс державасы да бұрынғыдай «қалпақпен ұрып аламыз» деп емес, аса сақтықпен келетін болды…

Ал қазақ боксшыларының осыншама сүреңсіз өнер көрсетуіне не себеп?

Құрама басшылары команданың жастығын алға тартуы мүмкін. Бұл – бір жағынан рас та. Әбутәліпов пен Сәпиевтен басқасы мұндай ірі додаға бірінші рет қатысып отыр. Бірақ олай дейін десек, Ресей құрамасының да дені өндірдей жас қой. 51 келі салмақта күміс алған 17 жастағы моңғол боксшысы да жұдырықтасу өнерін іштен оқып тумаған шығар.

Төрешілер бұра тартты деуге де келмейді. Иә, ішінара ондай жағдайдың болғанын жоққа шығаруға болмас, дегенмен боксшыларымыз көп ретте таза жеңілді.

Біздіңше, қазақ боксының құлдырауы дәл осы чемпионаттан басталмаған секілді.  Бейжіңдегі олимпиадада Алаш намысын қорғап қалған Бақыт Сәрсекбаев, біз қалай десек те, өзбек боксының түлегі болатын. Демек…

Бас бапкер Дамир Буданбеков боксшыларды дұрыс іріктемеген деген пікірдің де жаны бар. Мысалы 48 келі салмақта әлем біріншілігінің жүлдегері Біржан Жақыпов тұрғанда тәжірибесіз Әділет Қапезовке сенім артудың не жөні бар еді? 75 келі салмақта екі мәрте Қазақстан чемпионы атанған ақтаулық Әділбек Ниязымбетовты ығыстырып, кикбокстан келген Азамат Белгібаевты бәйгеге қосқанда не ұттық?  75 келі салмақта Бақтияр Артаевпен терезесі тең өнер көрсетіп жүріп, 81 келі салмаққа ауысқан оралдық Дәурен Елеусіновті шетке қаққан кім?

Сұрақ көп. Жауабын тиісті орындардың «шаршы алаңында» Буданбеков мырза беретін шығар…

Бұрын «Азияның Кубасы» атанған Қазақстанның алдына енді өзбек пен қытай ғана емес, моңғол да түсті. Тай боксшыларының да алдымызда тайраңдайтыны бар…

Сірә, бокс құрамасының тізгінін ұстап отырғандарды бір «сілкіп» алу керек шығар.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button