Ауыл

Қуаңшылық дегенмен де…

Егін орағы

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Биылғы жаз жауын-шашынсыз өтті. Әрине, ол егіннің шығымына айтарлықтай салқынын тигізді. Соның салдарынан қайсыбір алқаптарға орақ салынбады, есептен шығаруға тура келді.

Облыс бойынша биыл 554,7 мың гектар жердің дәнді дақылын орып, бастыру көзделуде. Қазір соның 419,4 мың гектары толық жиналып алынды. Тәулігіне облыста 20,7 мың гектар дәнді дақыл егісі орып, бастырылады. Демек, осы қарқын сақталатын болса, ендігі қалып отырған 100 мың гектардың үстіндегі  астықты ору ұзаққа созылмауға тиіс. Бірер жетінің маңында шаң беріп қалатыны анық. Оның үстіне ауа райы да біздің өңірде егін орағына қолайлы болып тұр. Жауын-шашын толастап, жаздың жылылығы, тіпті ыстығы сақталуда. Диқан қауым осы қолайлы сәтті тиімді пайдаланып отыр. Қуаңшылық дегенмен де, облыста астық түсімі әр гектарға 5,5 центнерден айналды. Бұл өткен жылғы деңгейден әр гектарға шаққанда 4 центнердің үстінде төмен. Былтыр облыс бойынша бұл уақытта 554,7 мың гектар алқаптың егісі орылып, бастырылған еді.

Әйтседе, таяуда Азық-түлік қауіпсіздігін жасауға байланысты облыс орталығында өткен үлкен басқосуда аймақтың ауыл шаруашылығы мамандары биыл өзімізге қажетті астықты толық жинап аламыз деп мәлімдеді. Елбасының тапсырмасына сай, өңірде азық-түлік белдеуі жасалғанын баяндады. Қуаңшылық дегенмен, биылғы қамбаға құйылып жатқан астықтың мөлшері де соны дәлелдейді. Күні бүгін жаңа егіннің 228,9 мың тонна астығы құйылды.

Егіннің шығымы да аудандарда әркелкі. Мысалы, биылғы ең жоғары өнім Қарғалы ауданының үлесіне тиеді. Мұнда дәнді дақылдың әр гектарынан 9 центнерден өнім алынуда. Қарғалылықтар 111,7 мың гектар дәнді дақылдың  68,4 мың гектарын жинап үлгерді. Мұнда тәулігіне 7,5 мың гектар алқаптың егіні жиналады. Егер дақылға бөліп қарасақ та, арпа мен бидайдан жоғары түсім алып отырған да осы аудан болып шығады. Арпаның әр гектарынан 9,4, бидайдың әр гектарынан 8.8 центнерден өнім алынуда.

Биыл салыстырмалы түрде қарағанда Хромтау ауданы да тәп-тәуір астық өсірді. Бұл өңірде қазір 62,3 мың центнер дәнді дақылдың  46,6 мың гектары жиналып алынды. Аудан бойынша дәнді дақыл егісінің әр гектардан түсімі 7,8 центнерден келді.

Астықтың түсімі жөнінен жалпы дәнді дақылдың әр гектарынан 5,9-5,7; 5 центнерден өнім алып, мұнан кейінгі орынға Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Алға аудандары шығып отыр. Қалған аудандардың астығы қарайлас, гектарына 4-3 центнердың шамасында.

Айталық, егінді басқаларға қарағанда молырақ салатын Әйтеке би ауданында биыл өнім онша болмай тұр. Қуаңшылықтан биыл көбірек зардап тартқан да осы аудан. Осы науқан бойында мұнда 130,6 мың гектар дәнді дақыл жиналуға тиіс еді. Осыдан күні бүгін 92,7 мың гектары жиналып алынды. Әзірге гектарына 3 центнерден сәл ғана артық түсімді қанағат тұтуда. Темір, Мұғалжар, Қобда аудандарында биыл астықтың көп бөлігі күйіп кетті. Дегенмен жерге шыққан азды-көпті өнімді төкпей-шашпай жинап алу қамы жасалуда. Қазір бұл аудандарда дәнді дақыл жинау соңғы сатысына жетті.

Облыс биылғы қиын жағдайдың өзінде бидайдан өзіне қажетті өнім жинайтын түрі бар. Бүгінгі күнге облыста 310,5 мың гектар бидай алқабы орылып, бастырылып, одан 167,2 мың тонна жалпы өнім алынды. Сондай-ақ үш ауданда және Ақтөбе қаласында биыл сұлы дақылынан өнім алынды. Тары дақылы Темір ауданы мен Ақтөбе қаласында ғана жиналып отыр. Күздік дақылдарға Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Хромтау аудандарында және Ақтөбе қаласында ғана орақ салынып, жиналуда. Мұнда да өнім өткен жылға қарағанда төмен. Орта есеппен әр гектардан 4,3 центнерден өнім алынуда. Бірақ соның өзі биылғыдай жылы үлкен жетістік.

Қандай қиын жылда да Ақтөбе өз астығын өзі  өсіріп келеді. Мамандар биыл да облыс тұрғындарына қажетті астық жиналады деп сендіреді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button