Спорт

«Ақтөбе»: үшінші орын үшінші рет оралды

Премьер-Лига

Жексенбі күні аяқталған ХХІV чемпионаттың соңғы 32-турында алдыңғы төрттікте тұрған төрт команда өзара күш сынасты. «Ақтөбені» ұтқан «Астана» қатарынан екінші рет ел чемпионы атанды. «Ордабасыдан» басым түскенімен «Қайрат» күміс медальмен қанағаттануға мәжбүр болды. «Ақтөбе» Қазақстан чемпионаттарында осымен үшінші рет үшінші орын алды. «Ордабасы» келер жылғы маусымда Еуропа Лигасы ойындарына қатысу хұқына ие болды. Ал «Қайсар» Қазақстан чемпионатында осымен төртінші рет бірінші топқа түсіп қалды.
8 қараша күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Астанамен» кездесті.
Әрине, «Ақтөбенің» қақпасына 87-минутта гол еніп кетуіне бірден-бір кінәлі Сергей Хижниченко деуге де болмас. Дегенмен бас бапкеріміз Йоан Андоненің ойынды тамаша өткізіп, солайша аяқтауға қалған қорғаушылардың (Ч.Дяк, В.Коробкин, Д.Жалмұқан) орнына шабуылшыларды, соның ішінде ойынға кірмей жатып алаңнан қуылған осы Хижниченконы неге қосқаны түсініксіз болып қалды. Ал Сантимир Стойлов бұған керісінше тағы да нағыз бапкерлік көрегендік танытты. Ол алаңға 62-минутта шығарған Серікжан Мужиков 72-минутта ойынға қосылған Жуниор Кабанангаға тамаша пас беріп, соның нәтижесінде алтын гол 87-минутта соғылған жоқ па?! Тіпті қақпамызға енген тағы бір гол астаналық шабуылшының (Рохер Каньястың) ойыннан тыс қалғаны себепті есепке алынбағанын ескерсек, «Астананың» бұл кездесуде жеңіске жетуін жаналқымдық сәттілік деуге келмес.
Дегенмен бұл ойындағы ең шебер футболшыны даралап көрсетуге тиіс болсақ, «Ақтөбенің» қақпашысы Станислав Павловты атауға тиіспіз. Ол Стас Покатиловты тіпті де жоқтатқан жоқ. Б.Жолшиев, М.Аничич, Д.Шомко, Ж.Кабананга, Б.Илич тәрізді мықтылар (тіпті кейбірі бірнеше реттен) жасаған қауіпті соққыларды 21 жастағы қақпашымыз еш дарытпай қойды. Сол себепті қорғаушыларымыздың абыржуы салдарынан 87-минутта енген бір гол үшін Павловқа кінә артудың тіпті де жөні жоқ. Жалпы ақтөбелік жанкүйерлер қай уақытта да қақпашыларға емес, шабуылшыларға өкпелі. Есептеп қараңыз, биылғы чемпионатта өз қақпасына ең аз гол жіберген команда «Қайрат» — 19 гол, одан кейінгі орында 25 гол жіберген «Ақтөбе» тұр, ал чемпион атанған «Астананың» қақпасына 26 гол кіріпті. Енді қарсыластар қақпасына соғылған голдарға келейік. «Қайрат» — 60 гол соқса, «Астана» — 55 гол өткізіпті, ал «Ақтөбенің» көрсеткіші — 35 гол. Айырмашылықты жер мен көктің арасындай десек артық айтқандық болып есептелер ме екен. Қорытынды ұпайлар ше: «Астана» — 46 ұпай, «Қайрат» — 45 ұпай, «Ақтөбе» — 32 ұпай. Тіпті қазбалай айтсақ, «Ақтөбе» үшінші орынға асқан шеберлігімен емес, бәлкім, өзінен кейінгі орында тұрған командалардың ойын өрнегі бұлардан да нашар болғандықтан ғана иек артса керек.
Енді кездесу барысына оралсақ, бұл ойында С.Покатилов, М.Хайруллин, Ю.Логвиненко, Д.Мирошниченко, А.Жулпа, Д.Неко, В.Дмитренко тәрізді ойыншылардың болмауына қарамастан «Ақтөбе» алаң иелерінің жойқын екпіндеріне лайықты төтеп бере білді, оған қоса қауіпті қарсы шабуылдар да ұйымдастырып отырды. Тіпті гол соғып кетерлік сәттер де болмай қалған жоқ, бірақ кәнігі әдетімізше ондай мүмкіндіктерді пайдалана алмай қалып отырдық.
Рас, ойынның қонақ иелерінің пайдасына 1:0 есебімен аяқталуы еш талассыз заңдылық та шығар. Кеше ғана «Атлетиконы» еркінсітпеген астаналықтардың бұл үш ұпайды таза еңбекпен алғанына күмәнмен қарау мүмкін емес. Қалай болғанда да, Қазақстан Кубогы ойынында тізгінімізді тартып алған, чемпионат барысында екі рет тең түсіп, бір рет өз алаңымызда жеңіп кеткен «Астана» бұл жолы да есе қайыртпай қойды. Ал, ең болмағанда, тең ойнағанымызда «Қайрат» командасынан еститін алғысымыз шексіз болатын еді.
«Астана»-«Ақтөбе» — 1:0
Гол авторы: Жуниор Кабананга, 87-минут (1:0).
«Ақтөбе» командасынан 4 футболшыға ескерту қағазы көрсетіліп, 85-минутта С.Хижниченко әріптесі А.Сантанаға қол жұмсағаны үшін жасыл алаңнан қуылды. «Астана» сапынан Г.Жуковқа ескерту қағазы көрсетілді.
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Станислав Павлов, Айоделе Аделейе, Саят Жұмағали, Андерсон Сантана, Чиприан Дяк (Сергей Хижниченко, 79-минут), Дидар Жалмұқан (Абат Айымбетов, 89-минут), Валерий Коробкин (Александр Вольф, 86-минут), Евгений Левин, Маркос Пиззелли, Асхат Тағыберген, Данило Сирино.
«Астананың» құрамы: Ненад Эрич, Евгений Постников, Марин Аничич, Бранко Илич, Дмитрий Шомко, Рохер Каньяс, Неманья Максимович (Серікжан Мужиков, 62-минут), Бауыржан Жолшиев, Фокси Кетевоама (Джуниор Кабананга, 72-минут), Георгий Жуков, Таңат Нөсербаев (Алексей Щеткин, 84-минут).
Астана. «Астана Арена». 8200 адам.
* * *

Басқа кездесулер:
«Қайрат»-«Ордабасы» — 2:0
Голдардың авторы: Джордже Деспотович, 64-минут (1:0), Джордже Деспотович, 83-минут (2:0).
63-минутта Бақдәулет Қожабаев («Ордабасы») ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.
Алматы. Орталық стадион. 9000 адам.
«Атырау»-«Ертіс» — 1:0
Гол авторы: Мақсат Байжанов, 40-минут (1:0).
Атырау. «Мұнайшы» стадионы. 2500 адам.
«Жетісу»-«Тобыл» — 2:0
Голдардың авторлары: Душан Савич, 57-минут (1:0); Душан Савич, 59-минут (2:0).
Талдықорған. «Жетісу» стадионы. 1000 адам.
«Оқжетпес»-«Шахтер» — 1:0
Гол авторы: Әлібек Бөлешов, 62-минут (1:0).
Көкшетау. «Оқжетпес» стадионы. 2000 адам.
«Тараз»-«Қайсар» — 1:1
Гол авторлары: Жасұлан Молдақараев, 24-минут (1:0); Александр Пищур, пенальти, 32-минут (1:1).
Екінші реттен ескерту қағаздарын алғаны үшін 72-минутта С.Жұмаханов («Тараз»), 90+3 минутта А.Гатагов («Тараз») жасыл алаңнан қуылды.
Тараз. Орталық стадион. 2000 адам.

ҚОРЫТЫНДЫ КЕСТЕ

1-6 орындар

Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп

1 Астана 32 20 7 5 55-26 46
2 Қайрат 32 20 7 5 60-19 45
3 Ақтөбе 32 15 9 8 35-25 32
4 Ордабасы 32 12 10 10 32-31 29
5 Атырау 32 11 12 9 31-33 27
6 Ертіс 32 10 10 12 37-39 25
7-12 орындар

7 Тобыл 32 12 6 14 32-42 30
8 Оқжетпес 32 12 6 14 36 -41 29
9 Тараз 32 10 8 14 25-33 26
10 Шахтер 32 9 5 18 27-47 23
11 Жетісу 32 8 6 18 28-46 22
12 Қайсар 32 4 12 16 20-36 16

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

«Ақтөбенің» мергендері:

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 9 гол;
Данило Сирино (шабуылшы) — 6;
Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 (1);
Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 4;
Данило Неко (шабуылшы) — 2;
Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 2;
Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;
Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;
Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,
Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;
Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;
Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы) — 1;
Чиприан Дяк (жартылай қорғаушы) — 1 (1).
«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 16 ойында 8 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 3 рет ұтылды. Сырт алаңдағы 16 ойында 7 рет ұтып, 4 рет тең түсті, 5 рет ұтылды.
Биылғы чемпионатта 22 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат») мергендер көшін бастады.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

(Қазақстан чемпионатының қорытындысы туралы толық мәлімет-мақала газетіміздің келесі номерінде ұсынылады).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button