Билік

Елбасы көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды

Елбасы   Нұрсұлтан  Назарбаев    Талдықорғандағы  наркологиялық диспансерде   болған   өрт   пен   Атырауда салынып жатқан көпірдің құлауы  салдарынан көптеген адамдар өліміне  әкелген   қайғылы  оқиғаларға байланысты Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың есебін тыңдады.

Елбасы  Үкіметке,   Алматы  және  Атырау  облыстарының әкімдеріне  зардап шеккендердің  отбасыларына материалдық көмек  және қолдау көрсетуді  тапсырды.

Атырауда жұма күні кешке Жайық өзенінің үстінен салынып жатқан автомобиль көпірінің ұзындығы 106 метр және ені 18 метр болатын аралығы құлаған еді. Төтенше жағдай орын алған жерден екі адам құтқарылып, олардың бірі ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ сегіз жұмысшы із-түссіз жоғалып кеткен болатын.
Алдын ала болжамдарға сай, апат понтонды құрылыстың негізіндегі уақытша тіреуіштен ортадағы аралықтың жылжуынан болған. Құтқарушылардың ұйғаруына қарағанда, апатқа көпір аралықтары деңгейін реттеу кезіндегі жұмыс технологияларының бұзылуы әсер еткен. Апат себептерін анықтау мақсатында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Жексенбі күні облыстық судан құтқару қызметі «Трансқұрылыскөпір» АҚ-ның бес жұмысшысының денесін судан шығарып алды. Тағы үш адам іздестірілуде.

Ал Талдықорғандағы өрт қыркүйектің 13-і күні таңғы 5 сағат 28 минутта болған. 1951 жылғы қамыстан салынған ғимаратта шыққан өрт 9 сағат 03 минутта толық ауыздықталды. Өрт кезінде ғимаратта 78 адам болған, 41 адам құтқарылды. Оның 10-ы қазір ауруханада, екеуі ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Өкінішке орай,  37 адам қаза болған.

Елбасы тапсырмасы бойынша Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансерде болған өрттің зардаптарын жою және қайтыс болғандардың отбасыларына көмек көрсету мақсатында үкіметтік комиссия құрылды. Үкіметтік комиссияға вице-премьер Серік Ахметов басшылық етеді. Оның құрамына төтенше жағдайлар министрі В.Божко, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, құқық қорғау органдарының басшылығы, Алматы облысының әкімі және өзге де жауапты тұлғалар кірді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button