Денсаулық

Шымыр бол, сергек бол!

Денсаулық фестивалі

Өткен сенбіде дәстүрлі денсаулық фестивалі өтті. «Әрқашан да деніңіз сау, шымыр және сергек болыңыз!» деген ұранмен басталған биылғы денсаулық фестиваліне де еліміздің барлық облыстары ат салысты.

Бұл күні қаламыздың барлық медицина мекемелерінің қызметкерлері, спортшылары, студенттері мен оқушылары Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алаңына жиналды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыру және кадрлар бөлімінің бастығы Роза Ізтілеуова 12-ші рет өтіп жатқан дәстүрлі фестивальдің маңыздылығына тоқталып, осы күні жүгіріп, ролик, скейтборд пен велосипед тебуге келген спортшыларға сәттілік тіледі.

Одан әрі концерттік бағдарламаны Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртісі А.Айнағұлов пен қалалық мәдениет бөлімінің әдіскері Ә.Смағұлова жүргізді. Халықаралық байқаулардың жүлдегері «Әлия гүлі» халықтық қазақ би ансамблінің бишілері билесе, әнші жастар А.Жиенғазин мен М.Оразов ән шырқады. Облыстық халық шығармашылығы үйінің термешісі Қ.Әленова халық әнін орындады. Мәдениет қайраткері С.Тайлыбекова, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның бір топ әншілері – М.Сапарова, Н.Қаражанов, Б.Қосмағамбетовалар, сондай-ақ, «Ақжол» продюсерлік орталығының әншілері өз өнерлерін көрсетті.

***

Шымыр әрі сергек болуды насихаттайтын фестивальдың екінші бөлімінде  қаламыздың медицина қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлері өздері бастап 2400 метр қашықтыққа жаппай жүгірді. Бұған барлығы 320 адам қатысты.

Ал велоспортшылар, сондай-ақ, ролик пен скейтборд тебуші 750 оқушы 100 метрлік қашықтыққа жарысты. Соңғы жылдары Ақтөбенің тас жол төселген көше алаңдарында ролик пен скейтборд тебушілерді көп көреміз.

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Райхан Ыбыраеваның айтуынша, бұл күнгі спорттық шараға мыңнан астам адам қатысты. Думанды алаңда қызық қарап, баласына, әріптесіне жанкүйер болып жүргендер де көп болды.

Фестиваль соңында жарыс ұйымдастырылған спорттың әр түрінен барлығы 32 үздік мақтау қағаздарымен марапатталды, бағалы сыйлықтар тапсырылды.

***

Бұл күні еріктілер 14 қыркүйек – бүкіләлемдік контрацепция күніне орай  көпшілікке «Сенің өмірің, сенің дауысың» атты парақшалар таратты. Парақшада еліміздің барлық қалаларында бір күн бойы дәрігерлік кеңес беретін емханалардың мекен-жайы көрсетілген. Сондай-ақ, «Мен түсікке қарсымын!» атты сауалнамаға қатысуға шақырған.

Кеше біздің Ақтөбеде де адам репродукциясы және отбасын жоспарлау орталығы мен №2 қалалық емханада жоғары мамандандырылған дәрігерлер қабылдау жүргізді.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button