ДенсаулықӘлеумет

Туберкулезді емдеудің тиімді тәсілі

Облыста туберкулезді емдеудің жаңа әдісі қолға алынды. Бұл пилотты жоба республика бойынша алғаш рет біздің өңірде басталып отыр. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Ерлан Тәтімовтың айтуынша, жаңа тәсілдің тиімділігі көп.

60 науқас. Ыстық тамақ

Аталған әдіс туберкулезді емдеудің 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай жүргізіліп отыр. Жоба шеңберінде туберкулездің көптеген дәріге көнбейтін төзімді түріне шалдыққан науқастарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсете отырып, кеңейтілген амбулаторлық емдеу әдісі жүргізіледі. Науқастар күндізгі стационарда ем алады. Бұл әдіс бойынша емделетін науқас ең алдымен қалада тұратын және емін үзбей алып жүретіндердің қатарынан болуы тиіс. Осыдан кейін ғана аурудың сатысына мән беріледі. Егер науқас дерттің жұқпайтын кезеңіне жетіп тұрса, оны екі рет сынақтан өткізіп, күндізгі стационарға жібереді.
— Туберкулездің жұқпайтын кезеңіне өткеннен кейін ауру адамды ауруханада ұстамай-ақ, күндізгі стационар арқылы емдеуге болады. Біздің қолға алып отырған жаңа әдісіміздің бірі — осы. Науқас адам күндіз диспансерге келіп кешке дейін емін алады. Ал түнде бала-шағасының қасында болады.
Сондай-ақ құрт ауруына шалдыққан қарт адамдар мен ұршық сүйегі сынған жүре алмайтын бірінші топтағы мүгедек адамдарға да осы тәсілді қолданып отырмыз. Егер олардың отбасында кішкентай балалар болмаса, үйінде жатып ем алуға жағдай жасалған болса, оларды қозғамай-ақ үйінде емдеуге болады. Қазіргі күні отыз екі науқас осындай әдіспен ем алып жатыр. Оларға бір фтизиатр дәрігер, бір әлеуметтік жұмысшы, бір орта буын медицина қызметкері мен жүргізуші қызмет көрсетеді. Ал күндізгі стационарға отыз науқас келеді.
Жалпы бұл емдеу әдісі экономикалық жағынан тиімділігін көрсетті. Жиырма адамды айықтыруға жұмсалатын қаржыға қазір алпыс науқасты емдеп отырмыз. Сөйтіп, қаржы үш есе үнемделді. Науқастарға да оң әсерін тигізді. Олар енді күні-түні аурухана төсегіне таңылмайды. Мәселен, бұрын дүниежүзілік бекітілген тәртіп бойынша құрт ауруына шалдыққан науқастар санатына байланысты сегіз және жиырма төрт ай ауруханада ем қабылдайтын болса, енді оның жартысы күндізгі стационар арқылы жүргізіледі.
Сондай-ақ, жаңа әдістің тиімділігі емді жиі бұзатын, яғни зиянды әдеттерге әуес нашақорлар мен ішімдікке салынған тәртібі нашар азаматтарға да ой салады деген үміттеміз. Өйткені олар күндізгі емнің нәтижесін өзгелерден көріп, емделуге ұмтылады деп ойлаймыз, — дейді Ерлан Тәтімов.
Күндізгі стационарда ем алатын науқастарға бір мезгіл ыстық тамақ, ал үйінде жатқан адамдарға азық-түлік пакеті беріледі. Сондай-ақ туберкулездің дәріге төзімді түріне шалдыққан науқастарға психологиялық көмек көрсетіледі. Себебі өзге санаттағы науқастар 8-12 айда емін аяқтаса, бұндай адамдар үш жылға дейін үзбей емделеді. Көпшілігі ұзақ емге шыдамай психологиялық тұрғыда шаршайды екен.

Бронхоблокатор өкпені емдейді

Биылдан бастап облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің өкпе хирургия бөлімі құрамында тантал элементінің қосындысы бар бронхоблокатор арқылы емдеу әдісін қолға алды. Бұндай тәсіл аурудың асқынуына жол бермейді.
— Бұл өкпе туберкулезін емдеуге қолданылады. Мәселен, өкпе зақымдалса, өкпе бронхоблокаторы, яғни клапан енгізіледі. Бұл инфекцияның таралуына, аурудың әрі қарай өршуіне тосқауыл болады. Медициналық аппаратың ағзаға кері әсері жоқ. Жүйелі ем жүргізілгеннен кейін клапан алынып тасталынады. Қазіргі күні диспансердегі бірнеше науқас осындай әдіспен емделіп жатыр, — дейді Ерлан Тәтімов.
Бұл әдіс Ресейдің Красноярск қаласындағы медициналық институтта сегіз жыл қатарынан зерттелген. Ал біздің елімізде Ақтөбеден бөлек Қарағанды қаласындағы диспансер мен Алматы қаласындағы ұлттық орталықта қолданылады.
Бас дәрігердің айтуынша, құрт ауруын емдеудің озық тәсілдерін қолдану арқылы соңғы жылдары аймақта туберкулезге шалдыққандардың көрсеткіші — 7, өлім-жітім көрсеткіші 18,5 пайызға төмендепті. Сондай-ақ жергілікті биліктің оң көзқарасы және осы бағытқа бөлінген қаражат пен медицина мамандарының жұмыла жұмыс жүргізуі, өңірдің экономикалық дамуы мен тұрғындар тұрмысының түзелуі де аурудың азаюына өз септігін тигізіп отыр. Мәселен, қазіргі таңда облыс бойынша 560 науқас құрт ауруынан емделіп жатса, қаладағы диспансерде 324 науқас ем алуда.

Көмек көрсетіледі

Ақтөбе — құрт ауруына шалдыққандарды жүз пайыз әлеуметтік көмекпен қамтып отырған санаулы облыстардың бірі. Жүргізілетін ем нәтижесінің тиімділігі жағынан 98,85 пайыз көрсеткішке жетіп отыр. Мәселен, әлемдік стандартта көптеген дәріге көнбейтін туберкулездің төзімді түріне шалдыққан науқастарды емдеудің нәтижелігі 75 пайыз болса, бұл жоғарғы көрсеткіш болып есептеледі. Ал біздің облыста бұл көрсеткіш — 85 пайыз.
— Қазіргі таңда аудандарда тұратын науқастар жүз пайыз әлеуметтік көмекпен қамтылып отыр. Мәселен, айына берілетін ең төменгі жәрдемақы көлемі 17 мың 509 теңге болса, олар әр тоқсан сайын үш айлық жәрдемақыларын алады. Ал қалада тұратындарға бір жылдық жәрдемақы екі рет бөліп беріледі. Жалпы науқастарға көрсетілетін әлеуметтік көмек, жол ақысы, дәрі-дәрмек жағынан айтарлықтай қиындықтар жоқ. Негізгі мәселе емделушілер тарапынан туындап жатады. Зиянды әдеттерге шалдыққан азаматтардың көпшілігі емделуден қашады. Бұндай кезде біз мәжбүрлі түрде емдеуге көшеміз. Қазір науқастардың 53,7 пайызы мәжбүрлі түрде ем алып жатыр, — дейді бас дәрігер Ерлан Тәтімов.
Биыл Шалқар ауданындағы туберкулезге қарсы диспансер жабылса, жыл аяғына дейін Қарғалы ауданындағы емдеу мекемесі өз жұмысын тоқтатады. Өйткені бұл аймақтарда науқастар саны аз болғандықтан емдеу мекемесіне қажеттілік жоқ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button