Білім

Тиімді тыныққандар

Міне, мектеп қайтадан күлкіге толды. Ал жазғы каникул кезінде біздің мектептегі оқушылардың 88,5 пайызы демалыс орындарында тынықты. Мысалы, «Балдырған» лагерінде –  45, «Жасыл ел» еңбек-демалыс лагерінде –  40, «Ақ көгершін» дала шатырлы лагерінде – 13 оқушы демалды. Ал 5 оқушымыз Қобыланды батыр кесенесіне саяхатқа барып келді.

Лагерьлерде оқушылар демалысты тиімді өткізгені анық. Онда күн сайын психологиялық тренингтер, медбикенің дәрістері өткізілді. Сонымен қатар,  балалар көркем әдебиеттер оқып, сурет салып, шусыз және қозғалмалы ойындар ойнады.

«Ақтөбеге – 140 жыл» және Астана қаласының 11 жылдығына арналған «Астанам – бас қалам» тақырыптарында танымдық кештер ұйымдастырылып, оқушылар Отырардың 790 жылдығына байланысты шығарма жазды.

Мектеп медбикелері А.Әлдекова мен В.Аманғалиевалардың жетекшіліктерімен  «Қызылша», «Алғашқы көмек», «Доңыз тұмауы» атты  қабырға  газеттері шығарылды. Сондай-ақ, медбикелер «Туберкулез», «Жұқпалы іш аурулары», «Тіс күтімі», т.б. тақырыптарында дәріс оқыды.

Кітапханашы Ж.Әмірова балалармен Астана күніне арнап кітап көрмесін ұйымдастырып, «Ертегілер еліне саяхат», «Менің елімнің рәміздері», «Кім болам?» тақырыптарында әңгіме өткізді.

Мектеп психологы З.Атыраубаева «Қарлы кесек», «Карусель», «Түрлі түсті доптар», т.б. ойындар ұйымдастырса, Ж.Байзақов күнде ертеңгілік шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, футбол, волейбол және «Соқыр теке», «Тасымақ», «Қызыл жалау» эстафеталық жарыстарды өткізді.

«Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Б.Қобыландина бүлдіршіндерге қатты қағаздан балық, мысық, балапан бейнелерін қидырып, ермексаздан түрлі мүсіндер жасатып, түйме қадауды үйретті.

Біздің мектеп оқушылары биылғы демалысқа дән риза болды.

Айгүл МАХАНОВА,

А.Байтұрсынов атындағы

орта мектептің мұғалімі.

Қараағаш ауылы,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button