Басты жаңалықтарБилік

Облыс әкімі филиал төрағасы болып сайланды

«Нұр Отан»

Ақтөбеде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қатысуымен партия филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Шара барысында партия филиалының төрағасы сайланып, саяси ұйымның жыл басынан бергі жұмысы қорытындыланды. Сондай-ақ партияның өңірлердегі жұмысын нығайту мәселелері талқыланып, алдағы міндеттер сараланды. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық филиалдарының мүшелері қатысты.
«Нұр Отан» ел сенімін ақтаумен қатар, күрделі экономикалық жағдайда өз маңына жұртшылықты топтастыратын партия болуы керек. Қарапайым халықты толғандыратын өзекті мәселелерді ескерусіз қалдырмауы үшін партияның өңірлердегі жұмысын нығайту да аса маңызды. Саяси ұйымның алдына күрделі мақсаттар қойып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деген болатын. Сондықтан партияның, оның филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысын нығайту, жұмысының тиімділігін арттыру аса маңызды. Шарада осы мәселелер сөз болды.
Ақтөбе облыстық партия филиалының конференциясы шешімімен филиалдың жаңа төрағасы болып Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бірауыздан сайланды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов филиалдың бұрынғы төрағасы Архимед Мұхамбетовтің партияны нығайту жолында жасаған жұмысына жақсы баға беріп, алғыс айтты, сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың партия филиалының жұмысын жоғары деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
«Нұр Отан» партиясының Ақтөбедегі филиалында 34 мыңға жуық адам бар. Жыл басынан бері партияластар қатары 1180 адаммен толыққан. Асқар Мырзахметов Ақтөбедегі 34 мыңға жуық нұротандыққа Елбасы қойған міндет-мақсаттарды орындауды тапсырды.
— Тамыз айында өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің отырысында партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның алдына бірқатар мақсат-міндеттер қойған еді. Соның ең маңыздыларының бірі — өңірлердегі жұмысты күшейту және орталық аппараттың өңірлермен жұмысын күшейту. Ең алдымен партияның сайлауалды тұғырнамасының орындалуын қадағалау. Ал тұғырнама — халыққа берген уәде. Біз билік партиясы болғандықтан, халыққа берген уәдені, яғни елімізде жүргізіліп жатқан республикалық, облыстық бағдарламалардың дұрыс әрі тиімді орындалып жатқанын қадағалауға тиіспіз. Осы жұмыстарды тиісті дәрежеде атқару үшін өңірлердің мүмкіншіліктері қаралды. Орталық аппаратта оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, 358 штат өңірлерге берілді, соның ішінде 344 штат аудандық филиалдарға берілді. Екіншіден, жарнадан түсіп жатқан қаржыны сол жергілікті жерде қалдыру мәселесіне қатысты да оңды шешім қабылданды, — деді Асқар Мырзахметов.
Орталық аппаратта жүргізілген оңтайландыру жұмыстары нәтижесінде партияның Ақтөбе облыстық филиалына 15 штат берілген. Асқар Мырзахметов бұл аймақ филиалының жұмысын одан әрі жандандыра түседі деген сенімде:
— Партияның сайлауалды тұғырнамасындағы ең маңызды бағыттардың бірі — «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуын, Ұлттық қордан бөлініп жатқан қаржының тиімді жұмсалуын қадағалау. Осы бағытта партияның Мәжілістегі фракциясында, жергілікті мәслихаттарда құрылған комиссиялардың жұмыс жасау ережесі бекітілді. Ақтөбе облысына бағдарламаның 4 бағытының 3 бағыты бойынша қаржы бөлінген. Осыны қадағалау мәселесіне мән беруіміз керек. «Нұрлы жол» бағдарламасымен қоса өңірдегі білім, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Құр статистика жүргізбей, мәселенің нақты шешілуіне мән беру керек. Мәселен, айталық, ауыл шаруашылығы саласында бөлінген қаржының, субсидияның шаруаға дер кезінде берілуін партиялық бақылауға алуымыз қажет, — деді Асқар Мырзахметов.
А.Мырзахметов, сондай-ақ, партия филиалдары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында алдағы жылы партия Төрағасының Бірінші орынбасары мен өңірлік филиалдар төрағалары арасында бірлескен меморандумға қол қойылатынын айтты. Бұл құжат аясында нақты көрсеткіштер мен индикаторлар арқылы «Нұрлы жол» бағдарламасын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыруға, бюджеттің игерілуіне партиялық бақылау жүргізу жұмыстары атқарылады. Бүгінде партия тарапынан күнделікті қызметті оңтайландыру, жүйелендіру мақсатында 30-дан астам құжаттың 20-сы қабылданған. А.Мырзахметовтің айтуынша, қазір саяси бюроның қарауына тағы да алты құжат жіберілген. Яғни қараша айында барлық құжаттың 90 пайыздан астамы қабылданады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында филиалдар жұмысын бағалау индикаторларымен қоса, қоғамдық-саяси ахуалдың мониторингі, кадрлық резерв, партия атынан депутаттыққа түсетін үміткерлерді іріктеу және олардың міндеттерін анықтау, филиалдардың саяси кеңестері бюросы жұмысының типтік регламенті және құжат айналымын қысқарту жөніндегі ішкі нормативтік ісқағаздары бар. Бұған қоса саяси кеңес бюросында «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің этикалық кодексін қабылдау мәселелері де қаралып жатыр.
— Бастауыш партия ұйымдары — партия фундаменті. Сондықтан олардың жұмысын күшейту керек. Жыл аяғында бастауыш партия ұйымдарының І республикалық форумын өткізгелі отырмыз. Бастауыш партия ұйымдарының компьютермен, кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілуіне баса мән беру керек, себебі онсыз Елбасы міндеттеген «электрондық партия» жобасын жүзеге асыру мүмкін емес. «Жас Отан» жастар қанатының да жұмысын жандандыру қажет. Партияның жас мүшелері еліміздегі мемлекеттің бағдарламалардың жастар арасында орындалуына мониторинг жасаы керек. Яғни «Жас Отан» бұдан былай нақты жұмыстар атқаратын болады, — деді А.Мырзахметов.
Шара барысында «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының жаңа төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзіне сенім білдірген партия Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Асқар Мырзахметовке партияластарына ризашылығын білдіріп, өзіне зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты:
— Бізге берілген тапсырмаларды орындаймыз және қазіргі таңда орталық аппаратта болып жатқан өзгерістерді толығымен қолдаймыз. Қазір бастауыш партия ұйымдарының, оның ішінде өңірлердің жұмысын жандандыруға баса мән беріліп отыр. Өңірлерде штатты көбейту, жарналарды жергілікті жерде қалдыру, басқа да өзгерістер партиямыздың беделін арттыратыны сөзсіз. Соңғы кездері партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды тек саяси ұйымның мүшелері ғана емес, халық та дұрыс қабылдап отыр. Денсаулық сақтау, білім беру, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы салаларындағы жұмыстардың жүйелі және сапалы жүргізілуіне мән беру керек. Екіншіден, партия мүшелерінің санын арттыру керек. Бүгінде облыстық филиалда 34 мың мүше бар. Бұл 840 мыңға жуық халқы бар Ақтөбе облысы үшін өте аз. Сондықтан партияластар қатарын арттыру керек. Бұл бағытта партия қатарына кәсіпорындардың, шаруашылықтардың басшыларын, соңына халықты ерте алатын абыройлы, беделді кісілерді тарту қажет, — деді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев.
Шара барысында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрхан Ағниязовтың филиалдың жыл бойы жасаған жұмыстарының қорытынды есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыстық және аумақтық партия филиалдарына жаңадан 15 штаттың берілуі жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
— Облыстық мәслихаттағы партия фракциясы жанынан құрылған комиссияның аймақтағы жүріп жатқан нысан құрылысына бақылау жүргізу жұмысы жүйелі жүзеге асырылып келеді. 2015 жылы облыстың 27 нысан құрылысына Ұлттық қордан бөлінген 9 миллиард 133 миллион теңгенің тиімді жұмсалуы партияның жіті назарында. Қыркүйек айынан бері халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне халықтық бақылау жұмысы да жолға қойылды. Облыстық мәслихат депутаттары жетекшілік ететін 8 мобильдік топ базарлар мен ірі сауда орындарындағы тауар бағаларын күнделікті қадағалауда ұстап отыр, — деді ол. Нұрхан Ағниязов азаматтардың арыз-шағымдарын шешу, бастауыш партия ұйымдарын ынталандыру, партия санын арттыру, жастар кадрлық резервін толықтыруға қатысты мәселелер төңірегінде жасалып жатқан жұмыстар туралы да айтты.
Жиында қалалық мәслихаттың депутаты Алмагүл Бекенова, Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім кеңесінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетовтер сөйлеп, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button