БілімБасты жаңалықтар

«Өрлеуде» жаңа мектеп ашылды

Жаңа ғимарат

Қурайлы ауылдық округіне қарасты Өрлеу ауылында мектептің жаңа ғимараты іске қосылды. Ғимараттың ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала басшысы Бекбол Сағын қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімі жиналғандарды №57 білім ордасының жаңа ғимаратының ашылуымен құттықтады.
— Әрбір ұлттың дамуы, болашағы білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Өркениетті елдердің қатарына қосылуға ұмтылған мемлекет ең алдымен осы салаға көңіл бөледі. Егер біз тезірек дамыған отыз елдің қатарына кіреміз десек, қазіргі заманның талабына сай мамандарды даярлауымыз керек. Егемендік алғаннан бастап Елбасы осы салаларға көңіл бөлді. «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша жаңа ғимараттар бой көтерді. Бүгінгі іске қосылып отырған білім ордасы да Мемлекет басшысының оң саясатының арқасы. Енді балалар жаңа үлгіде салынған кең әрі жарық мектепте білім алады, — деді Бердібек Машбекұлы.
Салтанатты шарада құрылыс жұмыстарын жүргізген «КазПромСтрой групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақытжан Ержанов мектеп директоры Мәншүк Досжановаға білім ордасының естелік кілтін табыс етті. Үлкендер шашу шашып, балдырғандар би биледі. Бұдан соң облыс басшысы мектепті аралап көрді.
Заманауи үлгіде салынған үш қабатты білім ордасы 270 балаға шақталған. Аумағы 3076 шаршы метрді құрайтын мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 370 миллион теңге жұмсалыпты. Ғимарат ішінде 120 орындық асхана, 2 технология кабинеті, медициналық блок пен психолог, логопед бөлмелері бар. Сондай-ақ, 50 орындық оқу залы мен 120 адамға арналған мәжіліс залы және физика, химия, биология кабинеттері жұмыс жасайды. Жалпы аталған ауылда жеті жүзге жуық бала бар. Мектеп жасындағы үш жүзден астам бала осы уақытқа дейін 1987 жылы салынған 120 орындық ескі мектепте білім алып келген. Енді балалар екі ауысыммен жаңа ғимаратта оқиды. Ал ескі мектеп күрделі жөндеуден өтіп, балабақша болып ашылмақ. Жаңа нысанды аралаған аймақ басшысы ғимараттың ішінде бос алаңдардың көптігіне сын айтып, құрылысты жүргізген серіктестік басшысына тапсырма берді. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев тұрғындар айтқан бірнеше мәселеге тоқталды. Солардың бірі — жол. Қала мен ауыл арасындағы 7-8 шақырым жолдың жөндеусіздігі қалаға қатынап жұмыс істейтін халыққа қиын. Ауызсудың сапасы мен ауылға қатынайтын автобус мәселесі де өзекті болып отыр. Облыс басшысы бұл мәселелер ретімен шешілетінін айтты.
— Сіздердің арыз-шағымдарыңызбен жақсы таныспын. Екі ортадағы жолдың сапасы нашар екенін көрдім. Қыста жол жөндеудің оңай емес екенін жақсы білесіздер. Сондықтан алдағы жазда осы мәселені шешуге тырысамыз. Ал ауызсудың сапасын алдымен тексеру керек. Осыдан кейін ғана шара қолданамыз. Қалаға қатынайтын автобустардың жиілігіне қатысты да тиісті мекемелерге тапсырма бердім. Аталған шаруаларды қала әкімі өз қолына алады, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев ауылдың тазалығын сынға алды. Әрбір үй өзінің ауласын абаттандырып, тал егіп, қора-қопсысын ретке келтіру керектігін ескертті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button