Басты бет » Мереке » Елбасы Достық үйінің «тұсауын» кесті

Елбасы Достық үйінің «тұсауын» кесті

Бұдан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған топ Сәңкібай батыр даңғылының бойында еңсе тіктеген Достық үйін аралап көрді. Ұлттық-мәдени орталықтар ұйымдастырған концертті тамашалады.

Он жеті ұлттық-мәдени орталық қоныс тепкен ғимарат мәртебелі қонақтарға қатты ұнады. Олай болатын себебі де бар. Жалпы көлемі 4150 шаршы метр аумақты  алып жатқан үш қабатты ғимаратта ұлттық-мәдени орталықтардың өз тілі мен ділін, төл мәдениетін жаңғыртуға толық мүмкіндік бар. Бірінші қабатта орталық басшыларының кабинеттері орналасқан. Жоғарғы қабаттардағы үлкен концерт залы, 300 орындық салтанат залы, хореография залы, мәжіліс өткізетін конференц-зал, музей, компьютер класы һәм дайындық өткізетін бөлмелерді көруге көз керек.

Елбасы жүргізіп отырған саясаттың бір тіні ұлтаралық татулық екені мәлім. Соның арқасында көп ұлтты Қазақстанда «ыдыс-аяқ сылдыры» естілген емес. Барлық ұлт бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ақтөбедегі Достық үйі – соның айғағы.

Нұрсұлтан Әбішұлы үшінші қабаттағы салтанат залында «үй иелері» – 17 ұлттық-мәдени орталықтың өкілдерімен жүздесіп, әр орталықтың жайған дастарқанынан дәм татты.

Әрине, жиылған жұрт Елбасының лебізін асыға күткені хақ.

– Біздің Қазақстан – көп ұлтты ел. Әр ұлтқа өз мәдениетін, тарихын ұмытпауға, жаңғыртуға мүмкіндік берілген. Балаларға да өз ана тілін үйренуге жағдай бар. Оған дәлел – осы Достық үйі.

Мен үшін ең керемет концерт – Ассамблеяның концерті. Әр ұлттың өз мәдениетін көрсеткен сәті  де өте әдемі. Сан ұлт өз тілінде ән шырқап, өз билерін билеген шақ бір әдемі гүл шоғыры іспеттес. Өмірдің гүл шоғыры!

Мен сондай сәтте ерекше бір күйге бөленемін.

Қазір өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлей бастады. Әсіресе, оны меңгеруге жастар ұмтылып жатыр. Бұл дұрыс та. Мысалы, менің замандастарыма «қытай тілінде сөйлеп кетіңдер» деуге болмайды ғой. Ал балалар мемлекеттік тілді ықыласпен үйреніп жатыр. Мемлекеттік тілді білу ұлт пен ұлттың арасын жақындата түседі. Жақын күндерде Ассамблеяның төрінде бас қосамыз. Сол жерде әңгімеміз әрі қарай жалғасады. Ішінде әркім өз тілеуін тілей алатын Достық үйі құтты болсын! – деп ағынан жарылған  Президент Достық үйіне көрімдік ретінде мекеме басшысы Орынбасар Терековке «Тойота» шағын автобусының кілтін табыс етті.

Бұдан кейін өңірдің қадірлі қарияларының бірі, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының жанынан құрылған «Бірлік» Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрқайыр Телеуов сөз алды.

Біз сіздің арайлы Ақтөбенің тойына келіп, облыс халқының қуанышын бөліскеніңізге бек ризамыз. Сапарыңыз оң,  табысты да жемісті болсын. Қош келдіңіз! Біздің Ақсақалдар кеңесі соғыс және еңбек ардагерлері атынан еліміздегі бірліктің ұйытқысы болған, ғажап әрі қайталанбас ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, басқарып жүргеніңізге шын жүректен алғыс айтады. Отанымыздың гүлдене беруі үшін зор табыстарға жетіп, халықтың сүйіспеншілігіне бөлене беруіңізге,  ұзақ ғұмыр кешуіңізге тілестістік білдіреміз! – деп тебірене сөйлеген ол Нұрсұлтан Әбішұлына естелік ретінде бостандықтың, еркіндіктің нышаны – Самұрық құстың бейне-мүсінін сыйлады.

Соңғы жылдары Ақтөбе облысына жақын және алыс шетелден 12 500-ден астам адам көшіп келіпті. Бұл – Елбасы жүргізіп отырған есті саясаттың арқасында Қазақстан халқының бақуатты ғұмыр кешіп жатқанының айқын дәлелі. Басында Достық үйінде 15 ұлттық-мәдени орталық орналасады делінсе, кейін тағы екі – чех және дағыстан ұлттық-мәдени орталықтары да «отау тігіп», қасиетті ұяны жылыта түсіпті.

Жаңа мекенге қоныс тепкен орталық жетекшілерінің қуанышында шек жоқ. Біз олардың бірқатарының лебізін ұсынғанды жөн көрдік.

Кемейдолла ТӨЛЕУБАЙ,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық  ұйымының төрағасы:

– Бүгін қаламызда ерекше маңызды оқиғалар болып жатыр. Соның бірі – осы Достық үйінің ашылуы. Тату-тәтті бір отбасындай өмір сүріп жатқан қазақстандықтарға өзге ел қызыға да, қызғана да қарайды. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қағидаға сүйенген елімізде әр ұлттың өз тарихы мен мәдениетін насихаттауға мүмкіндік беріліп, жағдай жасалған. Оған дәлел – бүгінгі көрікті ғимарат. Халықтар арасындағы достықты насихаттап, ұлттар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көңіл бөліп, сарабдал саясат ұстанып отырған Елбасына алғыс айтамыз. Президент саясатын үйлестіріп, осындай үйді салуға мұрындық болған облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа да үлкен рахмет!

Павел МАГЛЕЛИ,

Болгар ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі:

– Біздің орталығымыз 1996 жылы құрылды. Біздің облыста мыңнан астам болгар тұрады. Негізінен Алға ауданының Болгарка селосында шоғырланған. Қалғандары Әйтеке би, Мәртөк ауданы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Міне, Достық үйінің ашылғанына куә боп тұрмыз. Бұл үй емес, нағыз сарай ғой. Барлық ұлттың өкілдері бас қосып,араласады. Лингафон кабинетінде өз тілдерімізді, мемлекеттік тілді үйренеміз. Компьютер класы да бар. Мұнда біздің балаларымыз үйірмелерге қатысады. Алған әсерімізді тілмен айтып жеткізу қиын. Біз осындай бірлігі жарасқан Қазақ елінде тұратынымызды мақтан етеміз.

Даази ОМАРОВ,

Дағыстан ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі:

Біздің орталықтың ашылғанына жарты жыл ғана болды. Құжат бойынша бірлестік құрамында отыздан астам мүше бар. Әрине, облыста дағыстандықтар көп. Сондықтан енді қатарымыздың көбейе түсетіні анық.

Өзім 1973 жылдан бастап Қазақстанда тұрамын. Әрине, тарихи отанымыз  Дағыстанмен де байланысып тұрамыз, ол жақта туыстарымыз бар дегендей. Бірлік пен келісім бар жерде халық та тату болмақ. Қазақстан – біздің Отанымыз, бар күшімізді енді сол Отанымызды көркейтуге жұмсаймыз.

Валентина ПЭСТРУ,

чех ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі:

– Чех ұлттық-мәдени орталығы 1990 жылы құрылды. 1997 жылы біздер – чехтар тарихи Отанымызға қоныс аудардық. Бірақ ол жерге жерсініп кете алмадық, өзіміздің бауырларымыз – қазақтарды қатты сағындық. Сөйтіп, Қазақстанға қайта көшіп келдік. Орталық жұмысын қайта жандандырдық. Бүгін мынадай әсем ғимаратты көріп, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей тұр.

Енді Сәңкібай батыр даңғылы, 20 «а» деген мекен-жайының думаны көбейері хақ. Өйткені мұнда Президент саясатының жемісі – Достық үйі тұр. Мархабат, бас сұғыңыз!

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.