Білім

Үш үздіктің бірі

Оқушылардың 70 пайызы — ауыл балалары

Ұлттық бірыңғай тестілеу ұйымдастырылған 12 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі үш мектеп үздік атанды. Соның бірі — М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат. Сонша жылдан бері тұрақты түрде жоғары сапа көрсету, әрине, мұндағы ұстаздар мен оқушылардың еңбегінің жемісі. Мектеп мерейі — облыстың да мақтанышы.
2013-2015 жылдар аралығында бұл білім шаңырағындағы 22 түлек «Алтын белгіге» ие болды. 98 оқушы 100-ден жоғары балл жинады.
Дарынды балалардың ордасында облыстың әр ауданынан, әсіресе шалғайдағы ауылдардан келіп, білім алып жатқан бала көп. Мұндағы 474 оқушының — 70 пайызы ауыл балалары. Оқушылардың 242-сі — оқу озаттары.
Дарынды балаларға қолдау көрсету, таланты мен қабілетін ашу — мектеп-интернат ұжымының басты мақсаты. Талантты балалардың облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар қорғау жарыстары, шығармашылық байқаулар мен спорттық сайыстарда топ жаруы — соның дәлелі. Жалпы оқушылардың білім сайысына қатысымы — 1678.
Біз М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Гүлнар Тәжіғалиевамен аталған білім шаңырағының тыныс-тірлігі туралы тілдескен едік.

— Ұлттық бірыңғай тестілеу — білім сапасының басты көрсеткіші. Біздің мектептің әр жылғы түлектері тестілеуде облыс, республика бойынша жоғары балл жинап, өз білімдерін дәлелдеді. Соның нәтижесінде, біздің мектеп 2009-2015 жылдар аралығында облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері атанды. Былтыр ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша еліміздегі үздік бес мектептің қатарында болса, биыл үштіктің құрамына енді. Бұл тек қана мектеп ұжымы үшін емес, облыс үшін үлкен абырой. Республикадағы үздік үштікті анықтауда сарапшылар мектеп мұғалімдері мен оқушылардың еңбегін бірнеше критерийлер бойынша бағалаған. Соның бірі — ұлттық бірыңғай тестілеуге балалардың қатысымы. Әдетте тестілеуге қатысатын бала саны аз мектептердің орташа көрсеткіші жоғары болады. Былтырдан бері бала қатысымы аз мектептердің орташа көрсеткіші жоғары ұпай болғанмен, жетісікке саналмайтын болды. Білім және ғылым министрлігіндегі сарапшылардың айтуынша, түлектердің кем дегенде 30-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған мектептің сапалық көрсеткіші төмен болады, — дейді Гүлнар Тәжіғалиева.
Мектеп оқушыларының жоғары жетістіктерге қол жеткізуі үшін сыныптар арасында оқыту мен оқу үдерістерін жетілдіруге бағытталған іс-әрекеттерді жоспарлау, іске асыру және оның мониторингін жүргізу мақсатында мектеп-интернаттың әдістемелік құрылымы 6 пән бірлестігі мен 7 қоғамдастықтан құралған. Түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларды қорғау жарыстарындағы қол жеткізген табыстар — осы әдістемелік орталықтың жұмысының жемісі.
2012-2015 жылдары облыстық пәндік олимпиадаларға 77 оқушы қатысып, оның 47-сі жеңімпаз атанды. Республикалық олимпиада жүлдегерлері мен халықаралық байқаулардың жеңімпаздары еліміздің жоғары оқу орындарының білім гранттарын жеңіп алды.
— Мысалы, Атырау қаласында өткен гуманитарлық пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 11-сынып оқушысы Кеңес Гауһар қатысып, қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің грантын жеңіп алды.
Былтыр 10-сынып оқушысы Жеңіс Қуандық «Қытай тілі көпірі» республикалық сайысында бас жүлдені иеленіп, аталған жарыстың әлемдік деңгейде өтетін кезеңіне жолдама алған болатын. Дәл қазір оқушымыз сайысқа қатысу үшін Қытайда жүр, — дейді мектеп басшысы.

5-сынып — эксперимент алаңы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарының 79-қадамында даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру мақсатында білім беру жүйесінде — жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу туралы міндет жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатындағы математика, жаратылыстану бағытында тереңдетіліп оқытылатын 5-сынып оқушылары үшін математика пәні ағылшын тілінде өткізіліп жатыр.
— Бұл эксперимент облыс бойынша біздің мектепте қолға алынып отыр. Биылғы оқу жылында қабылданған 5-сыныптың бір сынып-комплектісі математика пәнін ағылшын тілінде оқып жатыр. Әрине, жаңа ортаға енді бейімделіп жатқан балалар үшін қосымша жүктеме — ағылшын тілінде қиын пәнді оқу оңай тимесі анық. Мұны ескеріп, әрі балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында Ақтөбе қаласындағы ағылшын тілінде тереңдетіп білім беретін «Дарина» оқу орталығымен келісім жасадық. Соған сәйкес аталған орталықтың мамандары біздің мектепке келіп, белгіленген уақытта сабақ өткізеді. Бұл орталықтың мамандары 5-сыныппен қатар, мектептегі басқа балалардың ағылшын тілін жетік меңгеруі үшін еңбек етуде, — дейді мектеп директоры.
Ағылшын тілін жетік меңгеру — уақыт талабы. Аталған мектеп-интернаттың 10 жас мұғалімі «Дарина» оқу орталығында ағылшын тілінен қосымша курста оқып жүр. Бұл мұғалімдердің арасында физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері бар.

Білікті ұстаз — мектеп мерейі

Оқушылардың жетістіктерге қол жеткізулеріне, мектептегі білім сапасының жоғары болуына ұстаздардың да еңбегі зор. Қазір М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта 82 педагог еңбек етеді. Олардың 63 пайызы — жоғары және І санатты мұғалімдер. Жас мамандардың үлесі — 12.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге енгізу — Мемлекет басшысы жүктеген міндет. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2012-2015 жылдары мектептегі 37 педагог (67 пайыз) Кембридж университетінің білім беру тәсілімен дәріс өткізу бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Қазір олар білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін өз тәжірибелерінде кеңінен қолданып жүр.
2013 жылы өткен республикалық «Үздік педагог» байқауында география пәнінің мұғалімі, директордың бейіндік пәндер жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Нұрбаева жеңімпаз атанды. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 37 мұғалім кәсіби байқауларға қатысып, жүлдегер болған. Мысалы, Алматы қаласында өткен VІІІ республикалық инновациялық-педагогикалық идеялар фестивалінде А.Қожақметова, А.Тоқсанбаева, Г.Бектенғалиева ІІІ орынға ие болды. Республикалық математикалық олимпиадада Б.Жылгелдин ІІ орынды иеленді.
— Республика көлемінде бірінші рет ұйымдастырылған «Үздік жыл психологі» байқауында мектеп психологі Әсемгүл Музеева бас жүлдеге ие болды. Бұл да мектеп мерейі, — дейді Гүлнар Тәжіғалиева.
Мектеп басшысы Гүлнар Тәжіғалиева да үнемі шығармашылықпен жұмыс жасап, өз біліктілігін жетілдіріп отырады. Гүлнар Төлепбергенқызы 2010 жылы «Оценка эффективности деятельности организации образования Республики Казахстан», 2011 жылы «Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұнын жетілдіру: Жаңа буын тестілерін құрастыру», 2013-2014 оқу жылында Қазақстан Республикасы жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру курстарын аяқтады.

Интернатта оқып жүр…

Қазір дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта 474 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 300-і мектеп жатақханасында орналасқан.
— Жатақхана — тынығатын орын. Сол себепті, балалар жатақханада сабақ оқымайды. Жатын бөлмелерге үстел, орындық қоймаймыз.
Мектепте оқу жүктемесі көп. Үй тапсырмасын оқушылар қосымша сабақтарда, сыныптан тыс оқу кезінде орындайды.
Балалардың өмір қауіпсіздігі үшін тереңдетіп оқытылатын сабақтар, қосымша үйірмелердің бәрі өзіміздің мектепте өткізіледі. Қосымша дәріс алу үшін бала басқа орталыққа барып, әлекке түспейді. Бізде бәрі жүйелі жолға қойылғандықтан, қалада тұратын балалардың ата-аналары да балаларының интернатқа орналасқанын қалайды, — дейді мектеп директоры.
Мектеп-интернаттағы педагогтердің 15,8 пайызы — ер мұғалімдер.
— Мектеп білім берумен қатар, тәрбие беретін де орын. Сондықтан мектепке көбірек ер мұғалімдерді алуға тырысамын. Мектеп-интернат — жабық мекеме. Мұнда мұғалімдер мен тәрбиешілерге түсер жүк ауыр. Сол себепті мектеп-интернатта ер-азаматтар көбірек болуы керек. Әсіресе, жоғары сыныптарда оқитын ер балаларға ер мұғалімнің тәрбиесі қажет, — дейді Гүлнар Тәжіғалиева.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button