Басты жаңалықтар

Ақтөбе 140 жылдың ішінде кішкентай бекіністен жарты миллион тұрғыны бар үлкен қалаға айналды

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шараға қатысты.

Кеше түстен кейін Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион лық толып, мұнда 12 мың адам жиналды.

Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

– Құрметті ақтөбелік ағайын! Ақтөбенің 140 жылдық мерейтойы құтты болсын! Облыс халқына шын жүрегіммен зор денсаулық, баянды бақыт, жақсылықтар тілеймін, – деп сөзін ақ тілекпен бастаған Елбасы осыдан төрт жыл бұрын нақ осы стадионда «Ақтөбе» футбол командасымен болған кездесуін еске алды.

Елбасы сөзін:

– Ақтөбенің өндірісі, мәдениеті, бүгінгі келбеті бүкіл Қазақстанның қуанышы болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында көз алдарыңызда қаншама жақсылықтар болды: халқымыз өсіп-өнді, тұрмыс деңгейі көтерілді, Қазақстан дүние жүзіне белгілі елге айналды, бүкіл әлем қазақты танып-білді, ынтымақ-бірлігіміз нығайды, тыныш, бейбіт өмір құшағында балаларымыз білім алып, өсіп жатыр. Осының бәрі – өздеріңізбен бірге істеген еңбектің жемісі. Мен сіздерге ризамын, – деп тебіреніспен жалғастырды.

– Ақтөбе 140 жылдың ішінде кішкентай бекіністен жарты миллион тұрғыны бар үлкен қалаға айналды. Биылдың өзінде мұнда 54 жаңа нысан ашылып отыр. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Үстіміздегі жылы тек Ақтөбенің өзінде 33 мың жаңа жұмыс орны ашылды, – деп атап өтті Елбасы.

Экономикалық дағдарыс салдарынан көптеген елдерде ірі өндіріс ошақтары жабылып қалса, Қазақстанда жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр.

Осы сапарында Елбасының «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның жоғары көміртекті феррохром шығаратын жаңа цехының іргетасын қалауға, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының басталу рәсіміне қатысқанын білеміз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының 700-ден астам шақырымы Ақтөбе облысы аумағынан өтеді.

– Осы жүздеген шақырымдар бойында мыңдаған жұмыс орындары ашылып, бизнес үшін сандаған жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Еліміздің білім ордаларында, денсаулық сақтау саласы мекемелерінде, мәдениет орындарында қызу жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осының бәрін біз қуанышпен қабылдаймыз, – деген Елбасы сөзін жұрт ризашылықпен құптады.

Нұрсұлтан Назарбаев одан әрі сөзін жастарға арнады:

– Білімге талмай ұмтылыңдар. Ендігі әлемде білімсіз болашақ жоқ. Білімсіз ел жеңіледі, жойылады. Ал біздің халық ешқашан жеңілмеуі керек. Біз мына тұрған жастар, сендер үшін тер төгіп келеміз. Сендер еліміздің тәуелсіздігін көздеріңнің қарашығындай сақтауға, тәуелсіздігімізді нығайту жолында бар күштеріңізді аямай жұмсауға тиіссіздер. Күндердің-күнінде ұрпақтарыңның алдында: «Бабаларымыздың аманатын өздеріңе жеткіздік», – деп айта алатындай болыңдар.

Елбасы сөзінің соңын да:

Сонау Байғанин, Шалқар жағына, кең-байтақ Ақтөбенің шалғай жатқан барлық аудандарына барып, халықпен жүздесер едім, оған уақыт тығыз. Бірақ елдегі ағайынның атқарылып жатқан істерге, саясатқа қанық екенін, мені қолдайтынын білемін. Баршаңызға айтарым: отбасында береке-бірлік болсын, – деп, үлкен тілекпен аяқтады.

Мерекелік шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, облыс әкімі Елеусін Сағындықов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед және басқа да мәртебелі меймандар қатысты.

Елбасы сөзінен кейін Ақтөбенің 140 жылдық мерейтойына орай әзірленген «Қанатына күн қондырған, елім менің – Қазақстан» атты театрландырылған көрініс басталды. Айта кетейік, бұл шараға ақтөбелік мәдениет саласы қызметкерлері, студенттер, мектеп оқушылары бар – барлығы 5 мыңға жуық адам қатыстырылды.

Алдымен ортаға төрт тараптан көк ту көтеріп, ақ киімді ұландар шықты. Екі тілде халқымыздың өткен тарихынан, алыста қалған ғасырлардан сыр шертілді.

Келесі сәтте ту көтерген ұландар екі шетке тізіле қалып, ортаға Ақтөбе жерінде тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлттар киімдерімен шыққан 180 биші қыз «Жарасымы жалғасқан достық» хореографиялық композициясын ұсынды. Олардың арасында дауыстары жарқын шығып,  асық ойнаған балалар жүгіріп жүрді. Осы балалар арқылы тағы да тарихтың үзік суреттеріне кезек берілді: ақ киімді абыз; найза ұстап, дулыға киген түркі жауынгерлері; қолдарына құс қондырған бүркітшілер… Әсерлі жыр жолдарымен Ұлы Даланы бізге мұраға қалдырған бабаларымыздың – түркі қағандарының, қазақ хандарының, даңқты батырлар мен билердің есімдері аталып, көпшілікті бір толқытты.

Ақтөбелік өнерпаз Орал Байсеңгір Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арнау айтты. Арнау айтылып жатқан кезде қазақ үшін тойдың басты рәсімдерінің бірі жасалды – шашу шашылды.

Осыдан кейін Қанат пен Света Айтбаевтардың орындауында «Ақтөбем – алтын ән» әні асқақтады. Әннің авторы – Қанат Айтбаев, сөзі – белгілі ақын Ертай Ашықбаевтікі.

Әсем ән «Жастар» және «Буын» билеріне ұласты. Бұл екі би мерекелік шара бағдарламасына тегіннен-тегін енгізілген жоқ. «Жастар» биі еліміздің болашағы, ертеңгі күннің иесі – жастарды жасампаздыққа, жақсылыққа шақырса; ал «Буын» биі – («Буыны бекісін деп ұрпағымның, әріде ойлап тапқан ата-бабам») –  көнеден қалған мұра.

Көрініс соңындағы «Бәйтерек» және «Арман қала – Астана» композицияларын, сондай-ақ «Арман қала – Астана» хореографиялық композициясымен тұспа-тұс орындалған, Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған Қанат Айтбаевтың «Астана» әнін жұртшылық ақтөбеліктердің Елбасына деген шексіз құрметі ретінде қабылдады.

Мерекелік шара кезінде ақтөбеліктердің «Қазақстан! Нұрсұлтан!», «Елім! Жерім! Отаным!» деген үндері жиі естілді. Стадионға қойылған үлкен экраннан Астана, Ақтөбе қалаларының әсем жерлері, қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты көріністер көрсетіліп тұрды. Ал стадионның шығыс бөлігінде отырған мыңнан астам студенттер мен оқушылар түрлі түсті жалаушалар арқылы Қазақстанның Туы мен Елтаңбамызды, Елбасы портретін, Бәйтерек пен Ақорда суретін, қазақтың ұлттық оюларын, «Қазақстан», «Астана» және «Ақтөбе – 140» деген жазуларды айшықтап шығарды.

«Қанатына күн қондырған, елім менің – Қазақстан» театрландырылған көрінісі 200 домбырашының орындауындағы «Сарыарқа» күйімен аяқталды.

Театрландырылған көріністің жоғары деңгейде атап өткіміз келеді. Көріністі әзірлеп, шығаруға облыстық мәдениет басқармасы қызметкерлері және жергілікті режиссерлермен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі, белгілі әнші Қыдырәлі Болманов, Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының доценті Алмат Құмаржанов, «Ел» продюсерлік орталығының қызметкері Базарбек Атығай, т. б. Ат салысты.

Мерекелік шара соңынан қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Гала-концерт өтті.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button