Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбе рельс арқалығы зауыты — баламасыз кәсіпорын

Ақтөбе рельс арқалығы зауыты — Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға Үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жеке инвесторлармен бірлесіп «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ құрылысын жүргізген инновациялық кәсіпорын. 2015 жылдың сәуір айында Елбасы осында болып, бұл кәсіпорынның келешектегі қадамдарына сәттілік тіледі. Жобалық қуаты жылына 430 000 тонна прокат шығаратын зауыттың өнімдері сұранысқа ие болатындығына ұжым мүшелері сенімді.
«Қазақстанды жаңа индустрияландыру: 2014 жылдың және алғашқы бесжылдықтың нәтижелері» жалпыұлттық телекөпірі барысында зауыттың қыздыру пешін іске қосу жүргізілген болатын. «Жылдың үздік индустриалды жобасы» номинациясында зауытқа Республика Президентінің «Алтын сапа» арнаулы сыйлығы былтыр берілді.
Зауытта Қазақстанда тұңғыш рет ағынсыз өнеркәсіптік өндіріс ұйымдастырылды. Теміржол рельсін алуға ниет білдірушілер қатарында Әзірбайжан, Белоруссия, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері бар.
Өткен аптаның соңында ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешовтің Ақтөбеге келген жұмыс бабындағы сапарында осы жайлар кеңінен айтылып, өңір экономикасына елеулі септігін тигізгелі отырған жобаның келешек қадамдары туралы кеңінен пікір алысылды.
— Негізінде біз осыдан екі жарым жылдай уақыт бұрын, яғни 2013 жылдың сәуір айында ауқымды жобаның құрылысын бастаған болатынбыз. Бізде ұзындығы 120 метр жоғары сапалы рельс шығарылады. Өнім жоғары жылдамдықпен және қозғалысы көп желілерге қолданылады. Рельстің ұзын болуы мұндағы дәнекерлеу арқылы жалғау жұмыстарын азайтады, сонымен бірге жол қауіпсіздігін күшейтеді. Зауытта пайдаланылатын құрал-жабдықтардың барлығы да «Siemens» сияқты әлемдегі көшбасшы компаниялардың өндірісінен шыққан қондырғылар, — деп түсінік берді жиналғандарға Ақтөбе рельс арқалығы зауытының бас директоры Андрей Кузьмин.
Индустрияландыру картасы бағдарламасына сәйкес аталған жобаның инфрақұрылымдық желілерімен жан-жақты жарақтандырылуына облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Кәсіпорынның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті деп саналатын газ, су және кәріз құбырларын тарту, зауыттың теміржол арқылы өтетін автожолы, сондай-ақ жиырма екі шақырымдық электр желісі осы бағдарлама аясында іске асырылды.
— Елбасымыз айтқандай, дағдарыстан шығудың бір жолы — еліміздің экономикасын дамытуға инвестиция тарту және жаңа технологияны енгізу. Міне, осы бағытта жүргізілген игілікті істің бір нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Зауыт құрылысы кезінде мұнда мыңға тарта адам жұмыс істеді. Ал зауыт өз қуатында өндірісі өрлеген тұста кем дегенде сегіз жүздей адам тұрақты еңбек етеді деп отырмыз.
Зауыт құрылысына қомақты қаржы жұмсалды. Бұл ең алдымен өңірдің экономикасын дамытуға жасалған үлкен көмек деп ұғынамыз, сонымен бірге бұл біздің әлеуметтік мәселелерімізге де оң септігін тигізеді. Зауыт алдағы уақытта одан әрі дамиды деп сенеміз. Оның өндірісін кеңейтуге темір, басқа да өнімдер керек. Демек, біз мұнда дамудың екінші кезеңі өрістейді деп ойлаймыз, — деп сөзін жүйелеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған жұртшылықты Ақтөбе аймағындағы елеулі жаңалықпен құттықтады.
«Қазақстан теміржолы» АҚ президенті Асқар Мамин, «Siemens S.p.A» компаниясының бас директоры Джузеппа Феррарио салтанатты жиында сөз сөйлеп, ірі өндіріс орнының іске қосылуын ел экономикасын дамытуға қосылған елеулі жаңалық деп хабарлады.
Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бүгінгі күні теңдесі жоқ деп саналатын, ұзындығы 120 метр теміржол рельсін шығаратын зауыт 2016 жылдың алғашқы тоқсанында өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. Зауытты Қазақстан Даму банкінің қаржылай қатысуымен «Қазақстан теміржолы»ҰК» АҚ салды. Жобаның құны 411,9 миллион АҚШ долларын құрайды. Қажетті қаржының 70 пайызын Қазақстан Даму банкі бөлді. Кәсіпорын өнімдерін сатып алушылар қатарында Қазақстанның ішкі нарығында «Қазақстан теміржолы»ҰК» АҚ, «Компания Стальной Двор», «Сауда Темір», «Индустриальная компания», «Шариф Металл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшарт жасалған. Рельс арқалығы зауыты 2016 жылы 118000 тонна сортты прокат шығаруды көздеуде, оның ішінде, 84 мың тонна термотөзімді рельстер, 34 мың тонна сортты өнімдер бар.
Ақтөбе рельс арқалығы зауытына 39-ыншы Қызғалдақты разъезінен теміржол тартылып, жүкті тиеу-түсіру базасы бой көтерді. Мұнымен бір қатарда қажетті қоймалар, өрт сөндіру депосын, электр стансаларын салу жүргізілді, қуаты 40 мегаватт электр стансаның құрылысы жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта болат балқыту кәсіпорны салынбақ. Осыған байланысты тағы да 150 мегаватт электр стансасы пайдалануға берілмекші. Бұл кәсіпорында рельс арқалықтарын шығаруға қажетті шикізатты — болат темірді балқытудан бастап дайын өнім — рельс және ірі сортты прокат шығарудың тасқынды өндірістік желісін қалыптастыру көзделуде.
Шараға қатысушылар «Қазақстан Даму банкі» АҚ — «Бәйтерек» холдингі еншілес ұйымы жасаған қазақстандық экспортты қолдау бағдарламасы аясындағы қаржыландыру шарттарымен таныстырылды.
«Бағдарлама жоғары үстеме құнды қазақстандық тауарлардың экспортын, сондай-ақ бірқатар техникалық, құрылыс және тасымалдау сипатындағы қызметтерді ынталандыруға бағытталған. Қазақстандық тауарларды немесе қызметтерді алуды қалаған шетелдік компания бұл мақсаттағы қаржыландыруды тікелей Қазақстан Даму банкінен немесе сенімділіктің белгілі бір өлшемдеріне сәйкес келген жағдайда шетелдік әріптес-банктен ала алады. Біздің Даму банкіміз зауыт құрылысын қаржыландыруға қатысты, енді зауыт өнімдерін шетелдік тұтынушыларға жеткізу аясын кеңейту үшін қаржылай қолдау жасауға әзірміз», — деп атап көрсетті банк басқармасының төрағасы Болат Жәмішев.
Министр мен облыс басшысы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болып, кейінгі уақытта пайдалануға берілген №4 цехтың жұмысымен танысты. Заманауи талапқа сай салынған бұл өндіріс орнында жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром шығарылады. Бұл көрсеткіш мөлшері қазіргі өнімнен бір жарым есе жоғары. Атап өтерлік бір жайт, келтірілген өнім мөлшері құны 843 миллион АҚШ долларымен бағаланады. Сондай-ақ, жаңа цехтың ашылуы 290 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген.
«Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Виктор Тиль «дәл мұндай ірі өндіріс орны әзірге әлемде жоқ» дегенді мақтаныш сезімімен айтты. Оның мәлімдеуінше, өндіріс орны алдағы жылы толық қуатында жұмыс істеуі тиіс. Ең бастысы, бұл жердегі өндіріс орнында жұмысшылар арасында ешқандай қысқарту жүрмейді. Өйткені нарықта өнімге сұраныс бар.
«Технодом-СТKZ» ЖШС-дағы жүк көлігі тіркемесін құрастыру цехында да қызу жұмыстар жүріп жатты. Бұл жерде айына 20, жылына 200 тіркеме жинақталады. Жобаның негізгі құны — 250 миллион теңге деп есептеледі.
«Бізде тіркеменің екі түрі әзірленеді. Алғашқысы ұзын, екіншісі контейнер тасуға бейімделген. Металды Ресейден аламыз. Ал құрастыруға қажетті бөлшектің 80 пайызы отандық өнім», — деді өндіріс директоры Ерлан Әбдіғапар. Қазіргі уақытта мұнда он шақты тіркеме тұтынушылар үшін дайын күйінде тұр. Тапсырыс берушілер олардың моделін нақты көріп, тексеріп, сатып ала алады.
Ақтөбе мұнай жабдықтарын шығаратын зауыт та уақыт ырғағынан қалмай жұмыс істеуде. 2002 жылдан бері жұмыс істеп тұрған өндірісте жылына 200 мың дана сорғы штангалары мен штанга жалғастырғыштар шығарылып келді. Соңғы кездері оның қуаттылығы екі есеге дейін артты. Бүгінгі күні Қазақстан сұранысының 80 пайызын қамтып отырған зауыт шетелдердің де тапсырсын қабылдай бастаған.
Биылғы жылдың бірінші шілдесіне есептегенде, Индустрияландыру картасына Ақтөбе облысы бойынша 83 инвестициялық жоба енді. 2010 жылдан бері қарай есептегенде 74 жоба пайдалануға беріліп, 6600 тұрақты жұмыс орындары ашылды. Қалған тоғыз жоба индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында жүзеге асырылмақшы.
Жалпы алғанда екінші бесжылдықта Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 247,3 млрд. теңге тұратын 20 жоба жүзеге асуы тиіс. Бұл ретте 6200 жаңа жұмыс орындары ашылмақшы.
Ақтөбедегі енді қолға алынып жатқан Индустриалды аймақтың ғимаратында өткізілген қорытынды мәжілісте министр Әсет Исекешов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірді дамытудың түйінді мәселелерін талқылады. Оның ең бастылары қатарында «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру жайы күн тәртібіне қойылды. Сондай-ақ Орталық-Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағыты бойынша жол құрылысын бастау маңыздылығы айтылды. Мұның өзі Ақтөбені аймақтағы ірі логистикалық орталыққа айналдыруға негіз қалайды.
Жиын барысында айтылғандай, бұл жол құрылысы 2016 жылдың сәуір айында басталып, 2019 жылы аяқталмақшы.
Облыс басшысы Ақтөбе-Орск бағытындағы тасжолды жөндеу мәселесін де көтеріп, тиісті орындардың осы бағытта жұмыс істеуіне ұсыныс білдірді.
Ә.Исекешов экономикадағы бірқатар қиындықтарға қарамастан, елімізде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы мен Индустрияландырудың президенттік бағдарламасын жүзеге асыру жалғастырыла береді деп сеніммен айтты.
Ал Ақтөбе облысында іске асатын автожол жобалары нәтижесінде өңір транзиттік-тасымалдық әлеуетін арттыра түспекші.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button