Басты жаңалықтар

Теннис орталығындағы тілектер

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі жұмыс бабындағы сапарын қаланың Кірпішті селосындағы болашақ «Олимпиадалық» спорт кешені құрамына кірмекші теннис орталығында болумен аяқтады.

Елбасы теннис орталығының әсем ғимаратына енгеннен кейін ең әуелі облыстың ардагер спортшылар тобымен жүздесті. Оларды ортақ әңгімеге шақырып, кейінгі жас буынды тәрбиелеуге үлес қосуға шақырды.

Содан кейін осында жиналған «Ақтөбе» футбол командасының мүшелерімен сұхбаттасты. Ол өз сөзінде бұл команданың табыстарынан хабардар екендігін айтып, алда да еліміздің намысын қорғайтын биіктерден көрінуіне тілек білдірді. «Ақтөбенің» ойыншысы Самат Смақов жауап ретінде сенімді ақтауға ұмтылатындықтарын айтты.

Аяқ доп шеберлерімен бірге ескерткішке суретке түскен Нұрсұлтан Әбішұлы бірден теннис алаңына беттеді. Осында ол талапкер ойыншылардың бірімен сайысқа шығып, өз шеберлігімен көпшілікті тәнті қылды.

Биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға берілген бұл теннис орталығы дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында салынды. Аталған орталықтың негізгі мақсатының өзі жоғары деңгейдегі спортшыларды әзірлеу, сонымен бірге тұрғындар арасында теннис ойынын насихаттау деп белгіленді. Мұнда төрт жабық, алты ашық теннис корты, үш жүз көрерменге арналған арнайы орындар, екі жаттығу залы, сондай-ақ оқу-әдістемелік бөлмелері орналастырылған. Сонымен бірге кешен инфрақұрылымында 150 автокөлікке арналған тұрақ, жаттықтырушыларға арналған тұрғын үйлер, жалпы жаттығу-дайындық жұмыстарына қажетті қосымша ғимараттар қарастырылған. Теннис орталығының жалпы көлемі 3 гектар аумақты алып жатыр. Сметалық құны 910,0 млн. теңгеге шыққан теннис орталығының директоры Виктор Писаренконың айтуынша, Елбасы келер қарсаңда, яғни бейсенбіден бастап бірнеше командалар қатысатын халықаралық жарыс басталыпты. Оған Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ирак, Қырғызстан елдерінен командалар келген. Жалпы, сайысқа жан-жақтан алпыстай адам қатысуда.

Негізінде мұнда инженерлік құрылғыларға қызмет көрсету үшін екі қақпа қарастырылған. Орталық сәнді, сәулетті көрінуі үшін   аумақ үш метрлік құлама-еңіспен екі жазық алаңға бөлініпті.

Ашық теннис корттары жоғары алаңға орналастырылған. Сонда қоршалған аймақта сутартқыш мұнара, өртке қарсы су жинағыш, су сорғы қондырғылары бар.

Төменгі алаңның ортасында – төрт корты бар ғимарат, оның сол жағында үш тұрғын үй салынған. Жоғары алаңға үш саты арқылы көтеріледі, оның екеуінің ені 2,5 метрден және біреуінің ені – 8 метр.

Спортшылар қауымымен қоштасар сәтте Елбасы облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетовке облыстағы спортты одан әрі дамытуға көшбасшы болуды, резервтер даярлауға айрықша көңіл бөлуді тапсырды.

Біз осы жүздесулер барысында бірқатар ардагер спортшыларды әңгімеге тартқан едік. Солардың бірі Кәдіржан Ізғарин, басқасын айтпағанда, ауыл спортын дамытуға қатысты облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың өзі қамқорлық жасап отырған нақты істерді баяндай келіп, Елбасымен бүгінгі дидарласудың еліміздегі спорт пен дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп отырғандығының айғағы екендігіне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев журналистер алдында қысқаша сұхбат берді. Ол өз сөзінде былай деді:

– Ақтөбе – Қазақстанда өте жақсы қарқынмен дамып келе жатқан облыстың бірі. Мұнда жұмыссыздық көрсеткіштері басқа өңірлермен салыстырғанда төменгі деңгейде. Экономикалық әлеуетке ие көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ауылдардың жағдайы жақсаруда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының салынуы да көптеген игі қадамдарға бастайтыны сөзсіз.

Кейбір жерлерде зауыттар жабылуда, жұмыс орындары қысқаруда, ал мұнда біз ілгерілеуді көріп отырмыз. Бұл – қуанышты жағдай.

Елбасы сонымен бірге: «Спорт дені сау, салауатты өмір салтын ұстанатын жастарды тәрбиелеп шығаруға көмектеседі. Сондықтан да біз осы бағыттағы қадамдарды қолдаймыз», – деп осында жиналған жас өрендерге серпін берді.  Сондай-ақ, сөз соңында бүкіл облыс халқына игіліктер тілейтіндігін білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button