Ресми

Ақтөбеден кейінгі бағыт – Орынбор

Бүгін іргеміздегі Орынбор қаласында Қазақстан мен Ресей Федерациясының аймақаралық форумы басталады. Оған екі мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев қатыспақшы.

Әрине, ақтөбеліктерге бұл форум тіпті де таңсық емес. Өткен жылы осы саммиттің қонақтарын Ақтөбе қаласы қабылдап, әр міндетті абыройлы атқарып, алғысқа бөленген. Елбасымыздың биылға форумға биыл да тура біздің Ақтөбеден аттанғалы отырғанын жақсы ырымға балап отырмыз.

Ал форум туралы қысқаша түсінік бере кетсек, бұрынғы посткеңестік кеңістік бойынша қарым-қатынастың дәл осындай тиімді механизмі тек Қазақстан мен Ресейде ғана бар. Нәтижесі зор – көршілер арасындағы сан алуан мәселелер оң шешіліп, достық ықпалдастық арта түсті.

Екіншіден, екі елдің басшылары бұрындары шекара маңындағы аймақтардың қатысуымен ғана өтетін форумның маңызын арттырып, бұл шараға өзге де өңірлердің қатысуына жол ашты. Жаңа бастама өзінің оң ықпалын байқатып, күн тәртібіне енгізілетін мәселелердің ауқымын кеңейтіп, келіссөздердің басты алаңына айналды.

Ақтөбе жұртының табаны жиі тиетін Орынбордағы форум алдында Ресейдің «Вести» телеарнасы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алып, көрші екі елдің болашақтағы қарым-қатынасы қай бағытта дамитыны туралы сауалдар қойған болатын. Сол әңгіменің мазмұнын оқырмандарымызға тағы да бір рет қысқаша баяндап бергенді жөн көрдік.

Сауда

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен екі  ел арасындағы сауда байланысы туралы мәселеге тоқталды. Мысалы, тек соңғы бірнеше жылдың ішінде ғана Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 4 есеге артып, 20 миллиард долларды еңсерген екен. Және бұл үлкен шаруаның басы ғана екенін ескерсек, алыс-берістің дамуы қаншалықты қанат жаятынын болжау аса қиын емес.

Ғылым

«Вести» телеарнасының тілшісі Эвелина Закамская ресми Астана мен Мәскеудің арасындағы ынтымақтастың негізгі бағыттары туралы сұрады. Өзінің жауабында Қазақстан Басшысы басты бағыт жоғары технологиялар екенін еске салды.

Бұл ретте Елбасы өткен жылы Ақтөбе қаласында өткен форумның мысалдарын айтып берді. Ал, бұл форумда екі елдің ғалымдары көптеген жаңа технологияларды ұсынып, ғылымның әлеуетін кеңінен көрсеткен болатын. Ал біздің еліміз инновацияларды енгізудің маңызды екенін қашанда үнемі алға тартып келеді.

– Біз инновациялар бойынша бірлескен топ құрдық. Оның міндеті – екі елдің ғалымдары жаңа технологияларды нақты қай салаға енгізу мүмкіндігін қарастырып, талқылауын, шешуін ұйымдастыру. Егер Қазақстан мен Ресей осы бағытта қалыс қалып қойса, бәрінен де құр қалуымыз мүмкін, – деді Елбасымыз.

Дәл осылай екені рас. Ғылым – екі ел арасындағы басым бағыт.

Интеграция

Сонымен бірге Қазақстан мен Ресей энергетика саласы, ғарышты игеру, транзиттік әлеуетті кеңейту мен қауіпсіздікті нығайту секілді шаралар бойынша да бірге біраз шаруалар жасағаны мәлім. Елбасымыз мына мәселені баса айтты:

Интеграция – болашақтың кепілі. Әлемдегі ешбір мемлекет, мейлі, ұлы мемлекет болсын, өзінің шекарасынан аспай, қамауда қалып қойса, дамымайды. Яғни, ешқеандай жетістікке қол жеткізе алмайды.

Кеден

Президентіміз Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдерінің саясаты арқылы баршаға ынтымақтастықтың нақты мысалдарын келтірді.

Біртұтас кедендік одақ құру осы уақытқа дейін посткеңестік кеңістікте ешкімнің қолынан келмеген. Ал біздің одақ алдағы уақытта үш елге аса зор мүмкіндіктердің жолын ашады.

Тариф

Еліміздің Басшысы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап үш елдің барлығында да тарифтер бірдей болатынын айтты. Ал бұл сауда үшін өте маңызды жеңілдік екені даусыз.

– 2011 жылдың шілдесінен бастап біздің тек қана ортақ, сыртқы шекарамыз ғана болмақ. Үш елдің ішінде адамдардың аралас-құраластығы мен сауда қатынысын тежейтін ешқандай кедендік шекара болмайды, – деді Президент.

Еркін сауда аумағы

Қазақстан басшысының алға тартқан келесі ұсынысы – еркін сауда аумағын құру.

Ал бұл өз кезегінде ЕуроОдақ секілді толыққанды экономикалық одақ құрудың бастамасына айналмақ.

Валюта

Жоғарыда айтылған еркін сауда аумағындағы одаққа кіретін елдердің біртұтас валютасы енгізілуі де әбден мүмкін.

– Менің ойымша, бұл – іске асатын шаруа. Мысалы,мұны Шанхай ынтымақтастық ұйымының шеңберінде енгізуге болады. Егер біз бұл мәселені жақсылап ойланып, келіссек, керемет болар еді. Бұл қуатты валюта болады. Бірақ бұл шаруаның жүзеге асуына әлі біраз уақыт керек, – деді Қазақстан Басшысы.

Осыдан он бес жыл бұрын Қазақстан Басшысы Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясында біртұтас кедендік одақ құру бастамасын көтергенде бұл көптеген адамдар үшін іске асуы қиын шаруа болып көрінгені рас. Алайда оның нақты жүзеге асуына, міне, бірнеше ай ғана қалды. Сондықтан бірыңғай валюта айналымын енгізу мәселесі де алдағы уақыттың еншісіндегі бітер іс екендігіне күмән келтіруге болмас.

…Сонымен Ақтөбенің бүгінгі тыныс-тіршілігімен жете танысқан Елбасымыз бүгін Ресей президентімен біріге отырып кезекті аймақаралық форумда көрші мемлекетпен қарым-қатынас жағдайында елімізді жаңа белестерге көтерудің нақты жоспар-бағыттарын одан әрі нақтылай түспек.

Елбасымыздың әр сапарының жемісті болатынын білетін жұрт бұл жолы да зор үміттің ақталатындығына бек сенімді.

www. khabar. kz материалды бойынша әзірлеген Е.АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button