Білім

Мектеп және мемлекеттік тіл

Биыл «Балабақша — мектеп — колледж — жоғары оқу орны» жүйесінде мемлекеттік тілді деңгейлеп үздіксіз оқыту стандарты бекітілді. Соған байланысты жаңа стандарт негізінде білім беруге биылғы оқу жылынан бастап республика бойынша 43 мектеп пилоттық жобаға енді. Соның екеуі біздің облыстағы білім шаңырақтары. Олар: Ақтөбе қаласындағы №26 мектеп пен Қарғалы ауданындағы №1 Бадамша орта мектебі. Жаңа жүйенің нәтижесінде орыс мектептері мен аралас мектептердегі орыс сыныптары үшін арнайы қазақ тілі пәнінің оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері жарық көрді. Қазір бұл оқулықтар аталған мектептерде сынақтан өткізіліп жатыр. Сынақ нәтижелі болса, келесі оқу жылынан бастап еліміздегі барлық орыс сыныптары жаңа стандартпен шығарылған қазақ тілі пәні оқулығын пайдаланатын болады.
Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен арадағы әңгіме орыс сыныптарындағы балалардың мемлекеттік тілді меңгеруі, облыстағы аралас мектептердің жағдайы туралы өрбіді.

Тәуелсіздіктің жемісі:
Мемлекеттік тілде оқитындардың саны артты

— Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға үлкен мән берілгені белгілі. Жас ұрпаққа мемлекеттік тілді жақсы меңгерту үшін балабақшадан бастап тиімді жұмыстар ұйымдастыру қажет.
Баланың оқу тілін таңдау — ата-ананың еркіндегі іс. Ата-аналардың өтініш-тілектері ескеріліп, соңғы жылдары қазақ мектептерінің, қазақ сыныптарының саны артып жатыр. Облыста еңсе тіктеп жатқан білім шаңырақтарының бәрі дерлік — қазақ мектептері. Былтыр Ақтөбе қаласында бой көтерген №56 орта мектепке ғана аралас мектеп мәртебесі берілді, — дейді Гүлжан Құлыбекова. Оның айтуынша, 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғанда қазақ мектептерінің саны 50 пайызға да жетпейтін еді. Ал тәуелсіздік алған жылы 51,5 пайыз болды.
— 26 жылдың ішінде қазақ мектептерінің саны 27 бірлікке көбейіп отыр. Қазір облыстағы 429 мектептің 276-сы — қазақ мектебі (64,3 пайыз). Осы жылдар ішінде орыс мектебінің саны 185-тен 158 бірлікке кеміді. Қазір облыста 27 орыс мектебі бар. Орыс тілінде білім беретін мектептердің азаю себебі балаларын мемлекеттік тілде оқытуға ата-аналардың ынта-ықыласының артуына байланысты, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.
«Тіл туралы» Заң қабылданған жылы қазақ тілінде білім алатын балалардың үлесі 37 пайыз болды. Сол жылы облыстағы 505 мектепте білім алған 133 905 баланың 49 896-сы ғана қазақ тілінде оқыды.
— Қазір мемлекеттік тіл мәселесіне көбірек көңіл бөлінгендіктен, қазақ сыныптарында оқитын балалардың үлесі 76,5 пайызға жетіп отыр. Қазақ тілінде оқуға ықыласты балалар тек қана ұлты қазақ оқушылар емес, сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің де балалары бар. Әр оқу жылында 500-ден астам ұлт өкілі мемлекеттік тілде білім алады. Бұл амалдың жоқтығынан, ауылдарда орыс мектептері болмағандықтан емес. Орыс мектептері бар Ақтөбе қаласында да ұлты орыс кейбір балалар қазақ мектептерінде оқып жүр, — дейді бөлім басшысы.

Сыныптардың сыры

Мәртөк ауданында тек қана 4 қазақ мектебі бар. Бұл — тәуелсіздік алған 24 жылдағы көрсеткіш. Егемендік алғанға дейін де жағдай осылай болған-ды. Мұның себебі неде?
— Бұл үлкен мәселе… Ата-ананың талап-өтінішін орындау — бізге міндет. Бір сыныпта 3-4 бала болса да, ата-ананың тілегін ескеріп, орыс сыныбын ашылады. Мәселенің мәні осында, — дейді бөлім басшысы.
Бұл ауданда тұратын 3325 баланың ұлты қазақ. Оның 701-і орыс сыныптарында оқып жүр. Өзге ұлт балаларының үлесі — 1399. Өзге ұлт өкілдерінің үлесі салыстырмалы түрде аз болса да, орыс мектептерінің, орыс сыныптарының үлесі басым. Мәртөктегі 33 мектептің 14-і — орыс мектебі. Онда 909 бала білім алып жүр. Аралас мектептердің үлесі — 15.
Жалпы саны мыңнан асатын өзге ұлт балалары үшін 14 орыс мектебі мен аралас мектептерде 108 сынып-комплектісі ашылды. Яғни өзге ұлт өкілдеріне барлық жағдай жасалып отыр. Ал мемлекеттік тілде оқитын мыңға жуық бала (!) 4-ақ мектепте оқып жатыр. Неге?
Бұл сауалға Гүлжан Құлыбекова былай деп уәж айтты:
— Мәселені шешуде жұмыстар атқарылып жатыр. Бұған негіз: аралас мектептер көбірек ашылды. Сөйтіп, қазақ мектептері болмаса да, қазақ сыныптарының саны артты. Мысал келтіретін болсақ, 1991 жылы Мәртөктегі 35 мектептің 28-і орыс тілінде білім берген еді. Аралас мектеп үшеу болатын. Қазір сол 28 мектеп 14-ке азайды. 15 аралас мектепте қазақ тілінде білім беретін 125 сынып-комплектісі ашылды.
Айта кету керек, орыс мектептерінің 14-і де орта мектептер емес, бастауыш мектептер де бар. Олардың саны солай көбейіп отыр.

Аралас мектеп неге көп?

Аралас мектептер қазақ сыныптарын көбірек ашу үшін қажет болғанмен, бұл мектептердің балаларды ұлттық рухта тәрбиелеуге септігі аз. Аралас мектеп дүбәра ұрпақ тәрбиелейді. Егемендік алған жылдан бастап аралас мектептердің саны күрт көбейіп кеткен. 1989 жылы 71 аралас мектеп болса, арада екі жыл өткен соң олардың саны 128 болды. 2005 жылдан 2010 жылға дейін 132 аралас мектеп болса, қазір олардың саны — 125.
Облыста аралас мектептері басым аудандар: Алға, Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау. Мысалы, Алғадағы 31 мектептің 15-і — аралас мектеп. Мұғалжар ауданындағы көрсеткіш те солай. Қарғалыдағы 2277 оқушының тең жартысы — 1155-і орыс сыныптарында оқып жүр. Мұнда орыс мектептерінің саны аз болғанмен (3 мектеп), аралас мектептер басым (12 мектеп).
Орыс мектептерінде, орыс сыныптарында қазақ тілін сапалы оқыту қажет. Бұл — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы. Мемлекет басшысы жүктеген міндетке сәйкес, 2010 жылдан бері орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәнінің сағаттар саны артты. Соның арқасында орыс сыныптарында білім алып жатқан балаларға мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгертуге мүмкіндік бар.
Өзге ұлт өкілдері оқитын сыныптарда мемлекеттік тілді меңгерту мақсатында сағаттар санын көбірек бөлумен қатар, сағаттарды тиімді ұйымдастыру үшін арнайы стандарт бекітілді.
— Жаңа стандарт негізінде облыстағы екі мектептің екеуінде де (Ақтөбедегі №26 және Бадамшадағы №1 мектептер) қазақ тілі оқулығы толық қамтамасыз етілді. Педагогтерге әдістемелік құралдар да таратылды. Аталған білім шаңырақтарындағы 382 балаға жаңа жүйеге сай мемлекеттік тіл оқытылып жатыр, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.
Оқушылардың мемлекеттік тілді меңгерту мақсатында кейбір орыс мектептері мен аралас мектептердегі орыс сыныптарында қазақ тілімен қоса, Қазақстан тарихы пәні қазақ тілінде оқытылып жатыр. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы орыс тілінде білім беретін №9 мектеп-гимназияда Қазақстан тарихы пәні қазақ мектебінің бағдарламасымен оқытылады.
— Жалпы орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің сапалық құрамы жақсы. Олардың басым бөлігі — жоғары білімді мамандар, — дейді Гүлжан Құлыбекова.
Сонымен, орыс мектептерінде, орыс сыныптарында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін арнайы стандарт әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Мемлекет тарапынан қолға алынған бұл игі шаруаның қаншалықты нәтижелі болатынына уақыт төреші.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button