Ауыл

Жоспар – 12 инвестициялық жоба

Шалқар

Қазір барлық аймақтарда Елбасы тапсырмасына орай Үкіметтің қолға алған «Жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл бағытта біздің ауданымызда да жұмыс қарқынды жүргізілуде.

Шалқар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы  Дәулетияр Әспенов Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында ауданда іс-шаралар жоспары жасалып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы қатаң басшылыққа алынғанын айтты. Ауданның өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты әлеуметтік-экономикалық дамудың басты басымдықтары айқындалып, осы мақсатта нақты шаралар қолға алынған.

Өткен жылдармен салыстырғанда соңғы бес жылда ауданда 2222 жаңа жұмыс орыны ашылып, жалпы жұмыссыздық деңгейі 9,8 пайыздан 6,7 пайызға, ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайыздан 0,6 пайызға төмендеді.

Сондай-ақ осы уақыт аралығында  3 орта мектеп және 1 балабақша салынып, пайдалануға берілді. Биыл Шілікті селосында 270 орынды білім ордасы іске қосылды. Ілгеріде  жабылып қалған балабақша ғимараттары қайта жарақталып, бұған қоса жаңа балабақшалар бой көтерді. Бүгінде олардың саны он алтыға жетті. Соңғы жылдары  250 адам қабылдайтын аудандық емхана, 60 төсектік туберкулез ауруханасы, 3 дәрігерлік амбулатория салынса, 2 дәрігерлік амбулатория қайта жаңарды. Бұдан бөлек аудандық аурухана мен 4 дәрігерлік амбулаторияға және 1 медициналық пунктке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл «Жол картасы» бойынша ауданда  жалпы  құны 198,6 миллион теңге болатын 12 инвестициялық  жоба іске асырылып, 395 жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Оның ішінде еңбек биржасы арқылы 318 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Білім саласы бойынша алты нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүрді. Бұл бағытта 125 адам еңбек етті. Ал мәдениет саласы бойынша төрт нысан қайта жаңарып, 84 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Аудан орталығындағы №11 кәсіптік-техникалық лицейді жөндеуге 33 азамат атсалысты. Сондай-ақ лицей 164 адамды қайта даярлап шықты. Олардың ішінде шаштараз, аспазшы, жол монтері, жылжымалы құрамды жөндеу слесары, газбен және электрмен дәнекерлеуші, тас қалаушы, сылақшы мамандықтары бар. Қорыта айтқанда, дағдарыстан шығу және ел еңсесін көтеру үшін ауданымызда қарқынды жұмыс жүргізілуде, – деді бөлім бастығы.

Әлеуметтік жұмыс орындары мен «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 56 кәсіпорынмен келісім-шарт жасалып, осының негізінде  400 адам  аталған бағыттарға жіберілді. Сондай-ақ ауданда бағдарламадан бөлек бірқатар  маңызды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға  Бозой селосының су жүйесі, ал облыстық бюджеттен бөлінген 44,0 миллион теңгеге  Қаратоғай селосының ауыз су жүйелері қайта жарақталу үстінде.

Қыдырәлі ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Мұғалжар

16 нысан. 14 мамандық

Мұғалжар ауданында күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған бірқатар маңызды нысандар бюджет жеткіліксіздігіне байланысты кейінге шегеріліп келген болатын. Биыл «Жол картасы» бағдарламасы аясында осындай 16 әлеуметтік нысанға күрделі  жөндеу жұмыстары жүрді. Олар – Қандыағаш, Ембі қалалары мен  Қайыңды, Ақкемер, Жұрын ауылдарындағы білім ордалары және спорт мектептері. Сондай-ақ аудандық аурухана мен кітапхана және Ақкемер, Талдысай, Ащысай, Құмсай ауылдарындағы мәдениет үйлері қайта жаңарды.

Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы А.Шотовтың айтуынша, аталған нысандарды жөндеу кезінде 500-ге жуық аудан азаматы жұмысқа тартылған. Сонымен қатар жұмыссыздар үшін түрлі деңгейдегі 26 мекемеде 160 әлеуметтік жұмыс орны ұйымдастырылды. Оның ішінде «Манас» мейрамханасы мен «Ақжол» ЖШС және  ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары 26 адамды жұмыспен қамтыды.

Бүгінде «Манас» мейрамханасында  12 адам еңбек етуде. Мейрамхананың иесі Ж.Сақтағанованың айтуынша кәсіби біліктілігімен көзге түскен азаматтар тұрақты жұмысқа қабылданбақ.

Сондай-ақ аудан аумағындағы екі кәсіптік лицейде және Ақтөбе қаласының оқу орындарында мұғалжарлық 331 жұмыссыз азамат 14 мамандық бойынша білімін толықтыруда. Ал жоғары және арнаулы оқу орындарын тәмәмдаған 100 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасып жатыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 8997,9 мың теңге қаражат бөлінді. Жастардың нақты тәжірибе жинақтауы аудан әкімінің басты бақылауына алынған. Олардың басым бөлігі аудан аумағындағы мұнай-газ, теміржол мекемелерінде және мемлекеттік қызметте тәжірибеден өтті.  Алайда, кейбір мекеме басшылары мемлекеттік бағдарламаның мақсаты мен маңыздылығына салғырт қарауда.  Мәселен, мұнай-газ мекемелерінің бірқатары алты айлық жастар тәжірибесінің уақытын шектеп, қиындықтар туғызды. Алайда, тәжірибе жинақтаушы жастардың арасынан білікті маманды байқап үлгерген басшылар да бар. Мәселен  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін қаржыгер мамандығы бойынша тәмәмдаған Венера Құтжанова сәтті тәжірибенің арқасында аудандық салық бөліміне бас маман болып қызметке тұрды.

Өткен жылдың желтоқсан айында аудандық салық бөлімінде тәжірибеден өтуге қабылдандым. Бес айдан кейін бос орынға байқау жарияланып, осы сынаққа қатыстым. Нәтижесінде, байқаудан сүрінбей өтіп, тұрақты жұмысқа орналастым. Әрине, алғашқы кезде қиындық болғаны рас. Кейін барлығын жақсы меңгеріп кеттім. Қазір өз мамандығым бойынша жұмыс жасап жатқаныма қуанамын, – дейді Венера. Ал жас маманның істі іліп әкеткеніне бөлім бастығы  Абай Біржанов та дән риза. Ол:

Теориялық негізде білім  алған жастар үшін практиканың маңызы өте зор. Салық басқармасында жастар практикасы бойынша 8 жас маман жұмыс жасап жатыр. Олар әзірге инспекторлармен бірге салық төлеушілердің табыстарын бақылап отырады. Егер бос орын болып жатса, біз оларды міндетті түрде байқау негізінде қызметке тартамыз.  Қазір сол жастардың арасында екеуі тұрақты штатқа қабылданды. Оның бірі бүгінде аудит бөлімінің бас маманы, бірі салық төлеушілерді тіркеу, салық есептемелерін қабылдау және өңдеу бөлімінің жетекші маманы болып қызмет етуде, – деді.

Әнуар ИСКАРИН,

Мұғалжар ауданы.

Ырғыз

Бригадир мен биология кабинеті

Биыл «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ауданда 5 мектеп, 3 селолық клуб және бір спорт кешені мен аудандық орталық аурухананың жылу қазандығы  күрделі жөндеуден өтті.

Аталған нысандардың бірі – аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі. Бағдарлама аясында мектепке 17,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның 14,5 миллионы республикалық, 3,3 миллионы облыстық бюджеттен қарастырылды. Ал  жөндеу жұмыстарын «САҚ – Групп» ЖШС жүргізді.

Құрылысқа  жергілікті жерден 37 адам жұмысқа тартылды. Көп уақыттан бері жөндеу көрмеген мектептің есік-терезесі алмастырылып, спорт, мәжіліс залдары қайта жаңарды. Ал бірінші қабаттағы дәліздің жылу жүйелері ауыстырылды.

Серіктестіктің бригадирі Халилолла Саринге айтар алғысымыз шексіз. Жөндеу жұмыстарынан басқа, өз қаржысына биология  кабинетін толық күрделі жөндеуден өткізіп, мектептің дәлізіне линолеум төсесе, білім ордасына  қажетті кейбір құрылыс материалдарын сатып алып берді. Бұл біздің мектеп үшін үлкен көмек, – деді мектеп директоры Зейнолла Сәуірбай.

Жалпы, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ауданда 750 жұмыс орны ашылып, 487 адам еңбек етті. Сондай-ақ 44 жас маман жастар практикасына тартылып, оның 30-ы бағдарлама аясында жұмысқа орналасты. Ал 109 азамат дәнекерлеуші, аспазшы, шаштараз, т.б мамандықтар бойынша білім алды.

Тұрсынбек БЕКЖАНҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Мәртөк

Соңғы мерзім – 20 қыркүйек

«Жол картасы» бойынша  жоспарланған игі істер ауданда түзу жолға түсті. Таратып айтсақ, мәдениет саласы бойынша аудан орталығында «Колос» кинотеатры, Жайсаң ауылында кітапхана, Рыбаковка, Первомай,Андреевка және Полтавка ауылдарында клубтар, білім саласында  10 мектеп, ал денсаулық сақтау саласы бойынша аудандық орталық аурухана толық жөндеуден өтуде.

Аталған нысандардың ішінде орталық аурухана, «Колос» кинотеатры, №13 кәсіптік лицей және Жайсаң арнайы мектебі облыс бюджетінен қаржыландырылып отыр. Қазір барлық нысандардағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Аудандық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Гүлзада Алматбаева аталған нысандар 20 қыркүйекке дейін аяқталатынын айтты. Оның ішінде білім беру мекемелеріндегі жөндеу жұмыстары 10 қыркүйекке дейін тәмәм болуы тиіс. Сондай-ақ 410 адам осы бағыттағы жұмыстарға тартылса, бағдарлама аясында 13 мекемемен келісім жасалып, 90 адам жыл соңына дейін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. «Жол картасы» бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасы ұйымдастырылып, 80 жас өз мамандықтарына тәжірибе жинақтауда. Бүгінде олардың 30-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Бағдарлама аясында қайта даярлау курстары ашылып, 115 адамнан тұратын 8 топ  №13 Жайсаң кәсіптік лицейіне жолдама алды. Бұл жерде қайта даярланған азаматтар  еш қиындықсыз жұмысқа орналаспақ.

Бағдарлама аясында барлық жұмыстар тыңғылықты атқарылып, нысандар аудан тұрғындарының игілігі үшін тапсырылуда.

Сәттіғұл ҚАРЕКЕЕВ,

Мәртөк ауданы.

Қобда

Мәдениет үйі үкіленді. Аурухана ажарланады

Ауданда жаз басталысымен   «Жол картасы» бағдарламасының шеңберінде атқарылатын жұмыстар қолға алынды. Қазір жалпы құны 129 миллион                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                теңге болатын Қобда аудандық ауруханасы мен Мәдениет үйі және Ақырап орта мектебі көпшілік қызығатын көрікті ғимаратқа айналды.

Осыдан 35 жыл бұрын кеңестік өкімет ауылдарда бір-біріне ұқсас мәдениет ошақтарын сала бастаған кезде бой көтерген аудандық Мәдениет үйінің екі қабатты ғимараты осыған дейін күрделі жөндеу көрмеген еді. Күндіздің өзінде қараңғы болып тұратын көрермендер залы мен сахна жаңа үлгідегі құрылыс материалдарымен қапталып, самаладай жап-жарық шамдар орнатылды. Есік алдындағы алаң қоршалып, ғимарат сыртының көркі алыстан көз тартып тұр.

– Жөндеу жұмыстарымен бір ғана бригада айналысып жатыр. Әрбір маманның өзіне жүктелген міндеті бар. Дегенмен, бағдарлама аясында оларға көмекші ретінде  47 адамды жұмысқа қабылдадық. Жұмысшылар өздеріне сеніп тапсырған іске ұқыпты қарауға тырысады, тәртіп қатаң. Тәртіпке бағынған азаматтар  уақытында  жалақысын алып жатыр. Осындай іскер адамдармен жұмыс істеудің нәтижесінде ғана нысанды  белгіленген күні тапсырамыз. Сондықтан жұмыс қарқыны қатаң бақылауда тұр, – деді бригадир Тінәлі Оразов.

Ал аудандық Мәдениет үйінің директоры Валентина Стратинскаяның қуанышында шек жоқ. Ауданның мәдениет саласына 38 жылын арнаған ол 15 жылдан бері Мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарады.  Осы жылдар ішінде қызметкерлері ғимаратты жыл сайын жаз айларында жеңіл-желпі сырлап, әктеп қоятын.

Мәдениет үйінің «Жол картасы» бағдарламасының жобасына іліккеніне қатты қуандық. Осы бағыттағы жұмыстарға  33 миллион  171 мың теңге бөлінді. Бұрын-соңды ғимарат бұлай жөндеу көрген жоқ.  Тоқсаныншы жылдардан кейінгі қиын кезеңде жөндемек түгілі, жылытылмайтын салқын кабинеттерде отырдық. Жарық сөніп қалып, әртістеріміз концерт бере алмаған кездер де болған. Енді бәрі артта қалды, қазір жылы, әдемі залға келуге көрермен ынтық болатынын жақсы білеміз. Ал қызметкерлеріміздің жұмысқа деген ынтасы бұдан да зор, – дейді ол.

Ал үш қабатты Ақырап орта мектебі жаз бойы жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындары үшін жұмыс орны болды. Мектеп директоры Бәтшайы Жанаеваның айтуынша, бағдарлама бойынша білім ордасына  17 миллион теңге бөлінген. Шілде, тамыз айларында мектептің іші-сырты әктеліп, сырланды. Шатыры мен едені жаңартылып, жылу қазандығы жөнделді. Қайта жаңарған білім ордасы  1-ші қыркүйекте оқушыларын қарсы алды.

– Мектепте күрделі жөндеу жұмысы басталған кезде осында келіп жұмысқа орналастым. Құрылыстағы азаматтардың барлығы ауыл  тұрғындары болғандықтан, өз мектебіміздің жарқырап тұруы үшін барын салды.  Осындай мүмкіндікті жұмыс істегісі келмейтін жалқаулар болмаса, қалған жұртың бәрі пайдаланып қалып жатыр. Біреулер жұмысқа орналасса, енді біреулер аудан орталығында кәсіби курстарда оқыды, – деді ауыл тұрғыны Балтабек Жұмалиев.

Салынғанына 25 жыл болған аудандық аурухана ғимаратының бөлімдері тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде қызмет көрсету мүмкіндігін сақтап қалу үшін бірнеше мәрте қысқарып, ықшамдалып жұмыс істеді. Мәселен, ауруханаға жалғасып жатқан үш қабатты перзентхана он шақты жылдан бері бос тұр. Бір кездері перзентхананы аурухананың екінші қабатына орналастыруға тура келді. Биыл «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ғимаратты қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 77 миллион теңге бөлінді. Қазір осы қаржыға «Алихан Ойлз» ЖШС, ал облыстық бюджеттен бөлінген 26 миллион теңгеге «Даир и К» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аталған фирмалардың жұмысын қадағалап жүрген аурухананың бас дәрігері Аққали Оразаев жөндеу жұмыстарына аудан тұрғындары арасынан жұмыссыз жүрген 140 адам тартылғанын айтты. Аурухана іші қайта жаңарып,  оның ішінде «КВУ-5» жылу қазандығы сатып алынды. Соңғы жылдары мүлдем қараусыз қалған мәйітхананы қалпына келтіру жұмысы да көпшілік үшін бұрын-соңды болмаған жаңалықтай әсер етті.

– Он жылдан бері пайдаланылмай тұрған перзентхана қолданысқа берілгеннен кейін жаңа жүйемен жұмыс істейтін болады. Бірінші қабатында жүктілікті сақтау үшін әйелдер емдеу курстарын алып, медициналық тексеруден өтеді. Жоба бойынша ғимарат іші қазіргі үлгідегі құрылыс материалдарымен жөнделіп жатыр. Екінші қабатында зертхана орналасса, үшінші қабатында нәрестелер  дүниеге келеді.

Жалпы, біздің  жоспарымыз өте ауқымды. Ауылдық жерлердегі медицина ошақтарын жаңғыртуды ойластырдық. Мәселен, биыл Ропповка, Қанай елді мекендеріндегі медицина пункттері мен Қосөткел, Қиыл, Егіндібұлақ ауылдарындағы медицина мекемелерін салып бітіру жоспарланып отыр, – деді бас дәрігер.

Аудан бойынша «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүріп жатқан жұмыстар оң нәтиже беруде. Қараусыз қалған ғимараттарға қайта жан бітіп, ауылдардың ажары кірді. Бұл бағдарлама жұмыссыздар үшін өте тиімді болды. Жоғарыда аталған ғимараттардың күрделі жөндеу жұмыстарына аудан тұрғындары арасынан 269 адам тартылды. Республикалық бюджеттен 10,7 миллион теңге бөлініп, ауданда 80 әлеуметтік жұмыс орны ашылды. Жастар практикасы арқылы 40 адам жұмысқа қабылданды. №15 кәсіптік лицейдің базасында жұмыссыздарды кәсіби даярлау курстары ашылып, 115 адам қосымша мамандық алды. Бұнда оқуға тілек білдіргендер 7500 теңгеден шәкіртақы, кәсіпке үйренгені туралы сертификат алып шықты. Аспазшылар дәмханаларға, мекемелердің асханалары мен буфеттеріне жұмысқа орналасты. Трактор-машинист мамандығын игергендердің  кейбірі ауыл шаруашылық саласында жұмыс істеп жүр. Ал бір кезде жұрт естен шығарған ұсталар мен ағаш шеберлеріне деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Осыны түсінген жастар жағы ақысыз оқуды пайдаланып қалды. Бастапқыда №15 кәсіптік лицейде 115 адамды оқыту жоспарланғанмен, оқуға тілек білдіргендердің көптігінен 127 адамды қабылдауға мәжбүр болды. Газ-электр дәнекерлеуші даярлайтын курста оқыған Манарбек Әбжанов үшін ақысыз оқу үлкен көмегін тигізген. Сол сияқты Бегалы ауылындағы балабақшада аспаз болып жұмыс істейтін Гүлшат Арыстанова үшін де кәсіби курсты бітіргендігі туралы сертификаттың маңызы зор. Ал Ақырап ауылының тұрғыны Алтынзер Базарқұлова «Жол картасы» негізінде мамандық алғанына қуанып отыр.

Аудан орталығында кәсіби курстар ашылғаны туралы естіп, аспаз мамандығын алуға бел будым. Өйткені көп уақыттан бері жұмыссыз үйде отырғанмын. Осында оқығалы біздің көбімізде болашаққа деген жоспар, жақсы ойлар пайда болды. Жан-жағымызға қарап, өзім сияқты оқуға келген жұмыссыздар келешекте қандай іспен айналысатынымыз туралы ой бөлісіп, пікір алмастық, – дейді ол.

Жалпы, аудан бойынша «Жол картасы» негізінде атқарылып жатқан жұмыстардың бәрінде де нәтиже бар. Әсіресе, оқу орындарын бітіріп келген мамандар үшін жастар практикасына берілген жолдама өте тиімді. Әзірге тұрақты жұмыс таба қоймағандары жолдама бойынша мекемелерде, ауылдық әкімдіктерде мамандықтары бойынша тәжірибеден өтіп жатыр.

Айгүл БАЙМЕНОВА,

Қобда ауданы.

Әйтеке би

Төрт бағытты бағдарлама

Ауданда  әлеуметтік жұмыс орындарын ашу туралы қаулы қабылданып, осы қаулының негізінде жұмыс жалғасуда.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Зайр Күнтуғанов аталған бағыттарда жұмыстың қалай жүріп жатқанын сөз етті.

–  Аудан әкімінің қаулысы бойынша  біздің бөлім төрт бағытта жұмыс жүргізіп жатыр.  Бірінші бағыт –  арнайы  топқа жататын 100 адамға әлеуметтік жұмыс орындарын ашу болса, екінші бағыт арқылы жастар практикасы бойынша 25 мемлекеттік мекемемен келісім жасалып, жас мамандарды тәжірибеден өткізудеміз. Үшінші бағыт бойынша  кәсіби даярлау мен кәсіби қайта даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда  152 адам аудандағы №9 кәсіптік лицейде білім алса, оқуды аяқтаған отыз азамат жұмысқа орналасты.

Ал төртінші бағыт бойынша  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Селолық округтерде 10 нысан қайта жаңартылып жатыр.  Бұнда  332 адам еңбек етеді.

«Жастар практикасы» бағдарламасы  бойынша 50 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, бүгінде ол жүз  пайыз орындалды.  Сондай-ақ кәсіби даярлау мен кәсіби қайта даярлау мақсатында барлығы 195 адам кәсіптік оқуларға жіберілді. Олардың басым бөлігі жастар. Оның ішінде көп балалы аналар да бар,- деді.

Сондай-ақ аудандағы12 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның екеуі облыстық бюджеттен қаржыландырылса, қалған қаржы аудандық бюджеттен бөлінді. Таратып айтсақ, Қарабұтақтағы ауылдық кітапхана және  Басқұдық пен Жабасақтағы мектепке дейінгі балалар мекемесі мен селолық округтердегі нысандар қайта жаңарды. Аталған жұмыстарда  322 адам еңбек етті.

Бауыржан ӘБДІҚАЛЫҚ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button