Әлеумет

Әрбір оныншы қазақ – оралман

Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылғы ақпан-наурыз айларында жүргізілген халық санағының қорытындыларына тоқталып: «Бізге халық санының төмендеу үрдісінің бетін қайтарып, айтарлықтай демографиялық өсімді қамтамасыз ету мүмкін болды. Тұтастай алғанда, он жыл ішінде халық саны 14 миллион 900 мың адамнан 16 миллион 300 мың адамға дейін көбейді» – деп атап көрсетті.

Он жылдың ішінде елімізде қазақтар үлесі 53 пайыздан 65 пайызға дейін көтерілген. Бүгінде Қазақстанда қазақтар саны – 10 миллион 600 мыңға жуық. Күні кеше өз жерінде азшылыққа айналып, әсіресе, үлкен қалаларда, күн көріске қолайлы, өндірісті өңірлерде үні шықпай қалған қазақтың бүгінгі халы мүлде бөлек.

Қатарымыздың толығуына, әсіресе, шетелден оралған қандастарымыздың әсері зор болғанын атап өткен жөн.

Өткен он жылдың ішінде шеттен оралған қазақтар саны 650 мыңнан асады. Ал, жалпы, 1991 жылдан бері шет елдерден атажұртқа миллионнан астам қандасымыз оралыпты. Есептеп көрсеңіз, еліміздегі әрбір оныншы қазақ – оралман екен.

Алғашқы көш – Көктауға…

Шетелден оралатын қазақтар қатарын әлі де көбейту, оралмандар мәселесінде туындауы мүмкін қиындықтарды жою мақсатында елімізде Елбасы тапсырмасымен жасалған «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын жұртшылық біледі.

Бағдарламаға сай, ел аумағында Солтүстік, Оңтүстік және Орталық даму кіндігі аталатын негізгі қоныстандыру макроаймақтары белгіленген. Солтүстікке енгізілген жеті облыстың бірі саналатын Ақтөбе «Нұрлы көш» бағдарламасы аясындағы алғашқы көшті 2010 жылы Хромтау ауданының Көктау ауылында қабылдайды.

ҚР көші-қон комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры Кенжеғали Толықбаевтың айтуынша, Көктауға алдымен 200 отбасы көшіп келеді. Бұл отбасылардың бәріне арнап жаңа үйлер бой көтереді. Ал оралмандар отбасылары жаңа үйлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы иемденеді деп көзделіп отыр.

Оралмандар отбасының әр мүшесіне тұрғын үй жәрдемақысы төленетіні белгілі. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында көшіп келген отбасыларға бөлінген тұрғын үй жәрдемақысы алғашқы жарна ретінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» аударылмақ. Сөйтіп, олар банктен төмен пайыздық үстемемен ұзақ мерзімге несие алатын болады. Үйлер құрылысы аудан әкімдігі, құрылыс компаниясы және банк арасындағы өзара келісімнен кейін жүргізіле бастайды.

– Біз әзірге тұрғызылатын үйлердің әр шаршы метрі 41 292 теңгеге шығады деп есептеп отырмыз, – дейді облыстық көші-қон департаментінің директоры.

Демек, мысалы, аумағы 80 шаршы метр болатын үйдің құны 3,5 миллион теңге шамасында болмақ.

Ал несие берілерде алдымен отбасына кіретін табыс есептелетіні белгілі. Сондықтан оралмандарды еңбекпен қамту мәселесі ерекше ескеріледі.

Кенжеғали Толықбаев айтады:

– Біз Көктауға келетін оралмандарды ауыл шаруашылығы жұмыстарына, жергілікті мектеп пен дәрігерлік пунктке орналастыратын боламыз. Ал ең бастысы – бұл жерде мыс комбинаты бар. Оған жұмысшы күші керек болады. Қазіргі күні жергілікті басшылық осы өндіріс орнына қажетті мамандар тізімін алып отыр. Көктауға келетін оралмандар арасында сол мамандықтар иелері болуын қадағалаймыз. Сонымен қатар, оралмандарды қажетті мамандықтар бойынша оқытып алу мәселесі де ескерілген. Бұл үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінетін болады.

Жалпы, департамент директоры шет елден оралған қандастарымыздың жұмыссыз қалмайтынына сенімді. Ата жұртқа үлкен аңсаумен, үлкен мақсатпен, жаңа өмірді бастауға деген құлшыныспен келген оралмандар кейбірі мемлекет қамқорлығы арқылы, енді біреулері өз беттерімен-ақ жұмысқа орналасып, өмірге тез араласып кетеді.

– Мен жұмыссыз жүрген оралман көрген емеспін, – дейді Кенжеғали Толықбаев.

«Нұрлы көш» бағдарламасында елге оралып, қатарымызды толтыратын қандастарымыз үшін баспана мен жұмыс қана емес, басқа да толып жатқан тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерді тиімді шешу жолдары қарастырылған. Мысалы, балалардың оқуы, клуб, балабақша, жарық, газ…

Келесі жылы Көктауда 320 орындық орта мектептің құрылысы басталады. Ауылға электр, газ, т.б. коммуникация апарылады. Осы шаруалардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін қаржы бөлу мәселесі облыстық мәслихаттың үстіміздегі жылғы 15 шілде күні өткен сессиясында қаралды. Депутаттар шешіміне сәйкес, құжаттарды әзірлеуге облыстық бюджеттен 60 миллион теңге бөлінді. Енді жақын уақытта құжаттарды әзірлеу жұмыстары басталғалы отыр.

Жалпы, 2010-2011 жылдары Көктауға 450 оралман отбасы қоныстанатын болады.

Қандыағашқа да көш келеді

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша оралмандар қоныстанатын елді мекендердің тізімінде біздің облыстан Көктау ғана емес, сонымен қатар, Қандығаш, Ембі, Жем, Хромтау және Темір қалалары, Мәртөк, Бадамша селолары мен Жайсаң ауылы бар.

Бұл тізімге, негізінен, болашақта жұмыс күші көптеп талап етілетін, яғни өндіріс орындары шоғырланған жерлер енгізілген.

Сондай-ақ, бағдарлама арқылы Қазақстанның солтүстігін қазақыландыру көзделіп отырғанын айта кету керек.

Кеңес дәуірінде Қазақстанның солтүстігінде жергілікті ұлт үлесі өте-мөте аз болғаны мәлім. Кезінде Хрущевтің осыны пайдаланып, солтүстікті Қазақстаннан бөліп алуға ұмтылғаны, берідегі Солженицин, Горбачевтердің мәлімдемелері жұрттың есінде. Ал тәуелсіздіктен кейін славяндар, немістер, т. б. өз тарихи отандарына үдере көшкендерімен, басқа өңірлерге қарағанда, солтүстікте әлі де орыс тілділер үлесі басым.

Екінші жағынан, оралмандар елімізге, негізінен, Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия және Қытайдан келіп жатыр. Жылы жақтардан келген қандастарымыз көп жағдайда оңтүстік облыстарға, Атырау, Маңғыстау секілді жазы ұзақ, қысы жұмсақ өңірлерге таңдау жасайды.

«Нұрлы көш» бағдарламасында осы жағдайлар ескерілген, соның нәтижесінде Солтүстік белдеуге (жоғарыда айтқанымыздай, оның ішінде біздің облысымыз да бар) қоныстануға ниет білдірген оралмандарға тұрғын үй жәрдемақысы, бір жолғы көмек, т.б. төлемдер екі еселеніп төленетін болады. Орталық белдеудегі елді мекендерге таңдау жасағандар үшін жәрдемақылар 1,7 есе көлемінде болса, Оңтүстік белдеуді қалағандар тиісті жәрдемақыларды бұрынғы күйінде алады.

Облысымызға оралсақ, Көктаудан кейінгі көшті Қандыағаш қаласында қабылдау жоспарланған. Бағдарламаға сай, 2012 жылы Қандыағашта 150 баспана әзірленіп, жаңа мектеп құрылысы қолға алынады. Ал 2013 жылы облысымыз тағы 450 оралмандар отбасын қабылдайды.

Жоғарыда айтылған Көктау ауылы – 2010 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында еліміз бойынша қолға алынатын 7 ілкі жобаның бірі болмақ. Жоспарға сай, келесі жылы елімізде оралмандар үшін барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар 1 мың 488 үй салынады.

Бағдарлама сәтті жүзеге асқан жағдайда, үш жыл ішінде Қазақстандағы қазақтар қатары тағы да 300 мың адамға көбеюі тиіс.

8 айда 1118 адам келді

Ал биыл жыл басынан бері облысымызға 260 оралмандар отбасылары көшіп келіпті. Егер адам санын білгіңіз келсе – 1118.

– Бұл жоспардағыдан әлдеқайда аз. Бірақ жыл соңына дейін уақыт бар. Әлі де келетіндер аз болмайды, – дейді Кенжеғали Толықбаев.

Оның айтуынша, бұл мәселеде қиындық – тілек білдірушілер қатарының азайғандығында емес. Біріншіден, елге келемін деп тілек білдіргендердің құжаттарын реттеуде кейбір қиындықтар туындаса, ал екіншіден биылғы көшке Өзбекстандағы экономикалық дағдарыстың салқыны да тиіп отырған көрінеді. Өйткені, Ақтөбеге қоныстануға ниет ететін оралмандар – негізінен, өзбекстандық қазақтар. Қазір тұрып жатқан жерлерінен есептен шығу үшін Өзбекстан жағы олардан біраз қаржы талап етеді. Қандастарымызға сол қаржының басын құрау қиынға соғып отырса керек.

Квота бойынша келген оралмандарға арналған төлемдерге келсек, отбасындағы әр адамға – 100 еселенген айлық есептік көрсеткіш көлемінде тұрғын үй жәрдемақысы; он еселенген айлық есептік көрсеткіш көлемінде жол шығыны; отбасы мүшелеріне – он еселенген; ал отағасына – он бес еселенген айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы жәрдемақы; сондай-ақ жүк тасымалы шығынына әр отбасына – 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы беріледі.

Кенжеғали Толықбаевтың айтуынша, құжаттары реттеліп, келіп жатқан қандастарымызға тиісті төлемдер кешіктіріліп отырған жоқ.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button