Экономика

Шағын және орта бизнес қарымы

Елбасы нарықтық экономиканың арқауы болып табылатын шағын және орта бизнесті дамытуға әркезде де айрықша маңыз беріп келеді. Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында, Елордада өткен одан кейінгі үлкен басқосуларда бұл саланың жаһандық дағдарыс зардаптарына қарсы тұруда  шешуші маңызы барын әлденеше мәрте атап көрсетті. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету бағдарламасын сараптады. Осының дұрыстығын Ақтөбе өңірінде атқарылған жұмыстар көрсетіп отыр. Бұған айғақ мысал  – индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы шеңберінде атқарылған  жұмыстар дер едік. Тек қана кешегі  Конституция мерекесі қарсаңында Ақтөбеде жалпы құны 3 млрд. теңге болатын 7 нысан пайдалануға берілді. Осының нәтижесінде 692 жұмыс орны пайда болды. Шағын және орта бизнес әкелген басқа да табыстар қандай? Осы және үстіміздегі жылдың алты айының жұмыс қорытындылары жайлы айтып беруін сұрап біз облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Николай ЮВИЦА мырзаға жолыққан едік.

– Өткен жарты жылда облыста 41,5 мың шағын және орта бизнес тұлғалары тіркелді. Оларда жұмыс істейтіндердің саны өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға ұлғайып, 154,8 адамға жетті. Қазіргі кезде облыстың 1000 тұрғынына орта есеппен 58 кәсіпкерлік субъектісінен келеді, – деді ол.

Облыстың басты кәсіпкерлік басшысының сөзіне қарағанда, жарты жылдықта өндірілген өнімнің көлемі (тауарлар мен қызметтер) 69,2 млрд. теңге құрады. Немесе осыдан бюджетке жалпы мөлшері 21,9 млрд. теңге салық және басқа да төлемдер түсті.

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін біздің облыста осы жылдың 1 шілдесіне барлық қаржы көздерінен 38,6 млрд. теңге қаржы бағытталды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайыз артық.

Екінші деңгейлі банктердің Ақтөбе филиалдары 29,8 млрд. теңге көлемінде 1443 жобаны қайта қаржыландырды.

«Самрұқ-Қазына» акционерлік қоғамы ресурстары есебінен шағын және орта бизнесті  қаржылық қолдауға байланысты мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде екінші деңгейдегі банктердің облыстық филиалдары 202 жобаны 7,4 млрд. теңге көлемінде қаржыландырды.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне, селолық елді мекендерге шағын несие берумен 39 шағын несие беру ұйымдары шұғылданады. Бірінші жарты жылдықта барлығы 322,4 млн. теңге көлемінде 461 шағын несие берілді. Бұл өткен жылғыға қаралғаннан 25 пайыз көп. Оның ішінде ауылдықтарға 277,6 млн. теңге көлемінде 419 шағын несие берілді немесе ол 135,9 пайыз құрады.

Биылғы жылдың сәуір айында облыстық әкімдік «Батыс» әлеуметтік өнеркәсіптік корпорациясымен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарына және бизнеске қолдау көрсетіп, «Ақтөбе ауыл шағын несие ұйымдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Бұл жүйе арқылы күні бүгін 180,8 млн теңге көлемінде 80 шағын несие үлестірілді.

Ақтөбе қаласындағы шағын несие ұйымдары тәуір жұмыс жүргізді.  Мұнда 271,4 млн. теңге көлемінде 273 шағын несие таратылса, Әйтеке би ауданы – 16,3 млн, теңгенің 40 шағын несиесін, Мәртөк – 13,6 млн. теңгенің 127 несиесін, Шалқар – 5,7 млн. теңгенің 14 несиесін, Хромтау 4,6 млн. теңгенің 17 шағын несиесін берді.

Ауылдық несие серіктестіктері осы жарты жылдықта 238.7 млн. теңге көлемінде несие берді.

Мұнымен бірге облыста 50-ден астам қоғамдық бизнес бірлестіктері, оның ішінде 32 кәсіпкерлердің  қоғамдық бірлестіктері және 21 кәсіпкерлікті дамытуға қаржылық қолдау мен консалтиндік қызметтер көрсету жөніндегі қоғамдық қорлар жұмыс істейді.Олардың ішіндегі мейлінше белсенділері – «Ақтөбе облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы» қоғамдық бірлестігі, оның басшысы Анатолий Марченко, «Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің «Атамекен» аймақтық бірлестігі», басшысы Есмахан Құрманғазин және «Қарғалы ауданы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің одағы», басшысы Мадина Ысқақова.

Осы алты айдың ішінде облыстық басқарма қоғамдық  кәсіпкерлік құрылымдармен бірге кәсіпкерлердің конгрестерін, келісім-шарттық тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің  көрмелерін, қазақстандық – ресейлік өнеркәсіптердің көрмесін және басқа да шаралар өткізді.

Мұғалжар ауданында барлық қаржы институттарының қатысуымен шағын және орта бизнесті несиелендіру мәселелері жөнінде жақын аймақтар кәсіпкерлерімен семинар-кеңес өтті.  Ал, Мәртөк селосында өткен көшпелі семинар-кеңесте осы ауданның кәсіпкерлерінің үлгілі жұмыс тәжірибелері оқытылды. «Шанды» қоғамдық бірлестігінің (басшысы М. Ермұханов), «Огородник» шаруа қожалығының (Т.Терентьев), «Солдатенко» жеке кәсіпорыны (Н.Солдатенко), «Алғабас» (С.Садуанов), «Ремонтик» (А.Әлмұхамбетов) және «Мәртөк сүт» (Т.Толок) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табыстары семинар-кеңеске қатысушылардың назарын аударды.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуде жергілікті тауар өндіруші жүйе құрушы компаниялармен, жер байлығын пайдаланушылармен мемлекеттік және сатып алуды ұлғайту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Осы ведомствалардың мамандары «Даму» аймақтық қолдау қорымен бірлесіп, «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін қарастыруда. Оның мақсаты – облыстың барлық аймақтары бойынша кәсіпкерлік бастамаларды кәсіпкерлер мен тұрғындарға жеткізуді көздейді. Шағын және орта бизнесті сапалы дамытуды,  кәсіпкерлердің тиімді бизнес жүргізуіне жол ашатын білім беру жүйесін құруды қарастырады.

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде ақпараттық-сараптамалық және консалтиндік жан-жақты қызмет көрсететін тұрақты жұмыс істейтін орталық құру да ойда бар.

Кәсіпкерлердің құқтарын бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында және оларды тексеруге байланысты мораторийдың аяқталуына орай, облыстық прокуратура жанынан мобильдік топ құрылып, оған құқық қорғау органдарымен бірге, бизнес қауымдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де кірді.

Облыстың салық комитеті  мүдделі мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің қоғамдық ұйымдарын қатыстырып дөңгелек стол ұйымдастырды. Онда шағын және орта бизнес субъектілеріне рейдтік тексерулер өткізудің мәні түсіндірілді.

Осы жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республикасының  Президенті «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңға өзгертулер мен қосымшалар енгізді.  Заңда тексерулер жүргізуге байланысты барлық мемлекеттік органдар үшін бірыңғай тәртіп жазылған. Құқықтық статистикалық тексеру органдарынан босатылғандардың тізімі едәуір қысқарып, нақтыланған. Қатысты мәселелер бойынша тексерулерге кәсіпкерлік қауымдастықтарын белсенді қатыстыру қаралған. Мұнымен бірге, кәсіпкерлерге тексерулер кезінде өз құқықтарын қорғау үшін қосымша мүмкіндіктер берілген.

2010 жылы шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі міндеттері – қол жеткен көрсеткіштердің деңгейін, олардың даму сипаттарын сақтау, нақты салалардағы шағын және орта бизнестің үлесін ұлғайтуға байланысты шараларды жүзеге асыру болып отыр.

Ал алыс болашақты айтсақ, 2020 жылға дейін облыстың шағын және орта бизнесін дамытуда табысқа жетудің басты өлшемдері шағын және орта бизнес субъектілері санын 70 пайызға, жұмыс жасаушылардың қатарын 60 пайызға көбейтумен байланысты. Және олар өндіретін өндірістік өнімдердің көлемі (жұмыстар мен қызметтер), бюджетке төлемдер екі есе ұлғаяды.

Ауыл бизнесіне нақты қолдау көрсетумен байланысты да шағын және орта бизнестің қызметіне елеулі серпін беріледі. Кәсіпкерліктің одан әрі дамуына ықпал ететін басқосулар, көрмелер, семинарлар, «дөңгелек столдар» өткізумен байланысты жұмыстар да жалғаса береді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button