Білім

Балдырган

ХАЙУАНАТТАР

Өсімдікпен қоректеніп өседі

Тышқан кіп-кішкентай, дене тұрқы 5 см, салмағы бірнеше грамм ғана болса, құндыздың дене тұрқы 1 метрге, салмағы 30 килограмға дейін жетеді; тиін әрі епті, әрі жеңіл қимылдаса, шанышқылы жайра ебедейсіз қозғалады; қарақас тышқаны ағаш сүрегін паналаса, дала суыры икемсіз келеді; қосаяқ ыстық климатты қуаң дала мен шөлді мекендесе, лемминг суық тундраны қалайды; ондатр, бортышқан және саз құндызы тағы бар.

Үлкен-кішілігі, сыртқы түрі, тіршілік әрекеті әр түрлі болып келетін бұл хайуанаттар арасында қандай ұқсастық бар?

Бұлардың бәрі де – кемірушілер. Бұл хайуанаттардың қалай коректенетінін олардың ортақ аты да айқындап тұр. Кемірушілердің бәрі дерлік өсімдіктермен қоректенеді. Сондықтан кемірушілерді ең алдымен тістеріне қарап анықтайды.

Оларда ит тіс болмайды, оның есесіне күрек тістері ұзын, мықты және өткір болып келеді. Үнемі «жұмыс істеуден» күрек тістері біртіндеп желінеді, бірақ қайтадан жетіліп кетеді.

Кемірушілерді кез келген жерден кездестіруге болады. Олар қиыр солтүстікте де, аптап шөлде де, биік тауда да, орманда да тіршілік етеді. Бірақ көптеген кемірушілерді, әсіресе, тышқан тәрізділерді жыртқыш құстар, ең алдымен жапалақтар қорек етеді. Оларды сондай-ақ түлкі мен ақкіс, сусар мен бұлғын, күзен мен аққалақ секілді терісі бағалы аңдар да аулайды. Егер кемірушілер құритын болса, онда бұл жыртқыштардың бәрі де аштықтан қырыла бастайды. Оның үстіне кейбір кемірушілер – терісі бағалы аңдар. Тиін мен құндыздың, ондатр мен саз құндызының терісі тіпті ерекше бағаланады.

Қазба байлық

Сұйық гелий, еңбеккер темір

Қайда қарасақ та біздің айналамыз толған металл бұйымдар: темір шеге, жез самаурын, алюминий қасық, т. б. Қазіргі заман ұшақтарының сан алуан бөлшектері отыздан астам әр түрлі металдан жасалған.

Ал металдардың бәріне ортақ қасиет бар: олар көбінесе қатты заттар, айрықша «металдық» жылтырлығы болады және электр тогын өткізеді. Әрине, бұл айтылғандарға сай келмейтіндері де кездеседі.

Мысалы, сұйық металдар да бар. Олардың біреуін өздерің де білесіңдер: ол – сынып (оны көру үшін термометрді сындырудың қажеті жоқ).

Екінші бір сұйық металл – галлий. Бұл Жер бетінде өте сирек кездеседі.

Қорғасын оңай балқиды, оны өздерің асыққа да құйып жүрсіңдер.

Ал вольфрам немесе тантал тәрізді металдарды балқытып, сұйыққа айналдыру үшін өте жоғары, бірнеше мың градус температура қажет.

Металдардың жеңілі де, ауыры да болады. Литийден жасалған кішкентай кубик өте жеңіл, ол тіпті су бетінде қалқып жүреді, ал енді қорғасын кәдімгідей ауыр металдарға жатады.

Металдардың кейбіреулері химиялық реакцияға бейім болады. Мәселен, натрий мен калий сумен ерекше «шабытты» түрде әрекеттеседі. Абайламаса, қопарылыс шығуы ықтимал.

Алтын және платина химиялық әрекеттесуге аса берік металдар болып табылады. Сондықтан олардан күрделі химиялық тәжірибелерге қажетті ыдыстар әзірлейді.

Жер қыртысында 70-ке жуық металл кездеседі. Олардың ішіндегі ең көбі – алюминий мен темір (миллиард миллиардтаған тонна).

Барлық «қоры» бірнеше грамнан аспайтын металдар да бар, мысалы: астат және франций.

Қазіргі кезде барлық металдар таза күйінде немесе қорытпалар түрінде практикада қолданылады деуге болады.

Ең «еңбеккер» металл – темір. Ол болаттың құрамына кіреді (болат дегеніміз – көміртегі мен кейбір металдар үстеп қосылған темір болып табылады).

Мыс пен алюминий сымдарының бойымен электр тогы жүреді. Реактивті лайнерлер жеңіл алюминий қанаттар арқылы ұшады. Ғарышқа ұшуға алюминий жарамайды, өйткені ол оңай балқиды. Оның орнына мұнда титан қолданылады.

Электр лампаларының жарық беретін жіңішке қылы вольфрамнан және оның қорытпаларынан жасалаған.

Германий металы транзистор қабылдағыштардың бөлшектерін жасау үшін өте қажет.

Жыл сайын дүние жүзінде көптеген атом электр станциялары салынуда. Оларға атом энергиясын беретін уран да металл болып табылады.

Оқушының өлеңі

Ана тілім

Мен жанымды көремін бұл айнадан,

Тіл – тіршілік белгісі ғой қайнаған.

«Тіл – халықтың тірлігінің тірлігі», –

Деп түсінер санасы бар ойлы адам.

Тіл – болаттай берік көкшіл байрағым,

Қасиетті қазығына айналдым.

Киіз үйдің шаңырағы секілді

Тілім барда Жерұйықта жайландым.

Ана тілім – менің алтын бесігім,

Алла берген таусылмайтын несібім.

Соңғы демім ана тілде, себебі,

Ана тілмен аштым өмір есігін.

Мәншүк МАУЫТОВА,

І.Үргенішбаев атындағы орта мектептің оқушысы.

Шалқар қаласы.

Ақтөбе – 140

Жақсылық сәулелері

Кіндік қаным тамған жерім – Ақтөбе. Ақтөбе – 140 жылдық тарихы бар қала.

Мен Ақтөбенің суын ішіп, арқамды кеңге салып, шалқып өстім. Бұның бәрін бір сөзге сыйғызу қиын.

Ақтөбе – алтын бесігім. Сол бесікте тербеліп, ана сүтін бойыма сіңіріп келемін. Мен үшін Ақтөбе шалқыған теңіз тәрізді. Түнгі Ақтөбе шамдары жарқыраған ертегі әлеміндей. Маған сол сәулелерден жан-жаққа жақсылық тарап жатқандай көрінеді. Сондықтан мұнда жақсы адамдар тұрса деп ойлаймын.

Мен өз қаламды сүйемін. Себебі, осы киелі жерде дүниеге келдім, маған ең жақын адамдар – ата-анам, бауырларым, достарым осында тұрады.

Ақтөбе – Қазақстанның батысындағы сәнді қалалардың бірі. Менің қалам көркейіп, дамып келеді. Үлкен-үлкен үйлер, сәнді сауда орталықтары бой түзеп, біздер ойнайтын, оқып, білім алатын орындар да көбейіп келеді. Қаламызда театрлар, өнер мектептері де аз емес. Сол киелі орындардан өнерді сүюді, үлкенді құрметтеуді, кішіге қамқор болуды үйренеміз.

Елімнің ертеңі қуанышқа толы болмақ. Соған сенімдімін. Сол үшін елімнің бетке ұстар азаматы болуға тырысамын.

Мадина САБЫРОВА,

№34 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button