Денсаулық

140 елді шарпыған тұмау

Төрткүл дүниені дүрліктірген доңыз тұмауына тосқауыл жасауда елімізде жасалып жатқан шараларда есеп жоқ. Алғаш Мексикада пайда болған жұқпалы ауру қанша алдын алғанмен бүгінде әлемнің 140 шақты елін шарпып үлгерген. Содан бері ауруға қарсы күрес те күшейтіліп, еліміздің шекарасы мен жол тораптарына қатаң бақылау жүргізілуде. Жұқпалы індетпен күресу үшін құрылған штабтар үздіксіз жұмыс жасауда. Біздің облыс әзірге аурудан ада. Болжамдарға сүйенсек, алдағы қараша, желтоқсан айларында ауру тез таралып, күшеюі мүмкін деген қауіп бар. Ал халықты сырқаттан сақтандыруға байланысты өңірімізде жасалып жатқан шаралар жайлы мамандар айтады.

Ақтөбеде тұмау тіркелген жоқ

Гүлнар СЕЙДАШЕВА, облыстық  салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері:

Әлемді әлекке салған А (Н1N1) тұмауының алдын алуда біздің облыста көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Індеттің пайда болуы мен  таралуына жол бермеу мақсатында 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Барлық емдеу-сауықтыру ұйымдарында сырқаттың алдын алу мақсатында «Денсаулық бұрыштары» рәсімделіп, тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Халық көп шоғырланған базарларда, темір жол, әуежай вокзалдарында учаскелік дәрігерлер, педиатрлар, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері радиотораптары арқылы сырқаттан қалай сақтану керек екендігі жөнінде дәрістер оқып, сауалнамалар жүргізілуде. Аялдамаларға ақпараттық парақшалар мен сақтану шаралары жазылған қағаздар ілінген. Сонымен бірге, облыста туроператорлық және турагенттік жұмыс жасауға құқылы лицензиясы бар 36 туристік фирманың  тоғызы уақытша жұмыстарын тоқтатып отыр. Дегенмен, ауру айтып келмейді. Дәрігерлермен бірге жұртшылық та ауруды жолатпаудың қарапайым жақтарын жасап отыру керек.

Клара ОМАРОВА, облыстық санитарлық – эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бастығы:

Жалпы әлем бойынша 4 қыркүйекке дейін  доңыз тұмауына шалдыққандардың саны 269619 адамға жеткен. Олардың  3097 -сі осы аурудың салдарынан көз жұмған. Ал біздің елімізде індетке тап болғандар саны 17-ге жетіп отыр. Олардың көбісі Астана, Алматы қалаларында тіркелген. Ал біздің Ақтөбеде әзірге доңыз тұмауы тіркелген  жоқ. Бетін әрі қылсын.

Өткенде Мәскеуден келе жатқан пойыздағы қызуы көтерілген 5 адамды түсіріп алып, толық тексеруден өткізіп, алдын алу шараларын жасап, елдеріне қайтардық. Тұмауды өз өңірімізге енгізіп алмауда облыс әкімінің өкімімен жоспарлар құрылып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аталмыш аурудың алдын алудың бірден бір жолы егілу болып табылады. Жұқпалы ауруға қарсы жылдың басында жергілікті бюджет қоржынына 10920 вакцина сатып алдық. Дәрі осы айдың аяғына дейін келеді деп күтілуде. Келген жағдайда ол дәрі ең бірінші медицина қызметкерлеріне, қарттарға, облысымыздағы балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілерге, яғни әлсіз топ өкілдеріне егілетін болады. Тағы да облыс халқының ең болмағанда 30 пайызын қамту үшін  216000 вакцинаға тапсырыс берген болатынбыз, бірақ тапсырыс берген жақтан әзірге 109460 вакцина жібере алатындығы туралы жауап хат алып отырмыз. Ол қараша айының ішінде жеткізіледі  деп жоспарлануда. Оның өзі барлығымыздың егілуімізге жетпейді. Сондықтан, әркім өз денсаулығына баса назар аударып, тұмаудың алдын алу шараларының қарапайым түрлерін жасай бергені жөн.

Сырқаттан сақтан!

Мамандардың айтуынша, доңыз тұмауы басқа аурулар секілді иммунитеті жоғары адамдарға жолай қоймайтын көрінеді. Сонымен қатар құрамында с дәрумені бар тағамдарды көбірек жеуді кеңес етеді. Оларға цитрус жемістері,бал секілді тағамдар жатады. Яғни, балаларыңызға лимон, апельсин, мандарин секілді жемістерді көбірек берсеңіз,  шошқа малынан келетін кесел маңыңыздан жүрмейді.  Сонымен қатар гигиеналық талаптарды қатаң сақтау талап етіледі.

Маусымдық тұмау мен пандемиялық тұмаудың бастапқы жағдайлары ұқсас келеді. Тұмаудың алғашқы белгілері білініп, қызуыңыз көтеріліп, тамағыңыз біте бастаса, жан-жағыңыздағы адамдардан өзіңізді оқшаулауға тырысыңыз. Өзгеге жұқтырмаудың амалын жасап, жұмысқа, көпшілік орынға шықпай қоя тұрғаныңыз абзал. Балаңыздың бойынан сырқат байқалса, дереу дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Денсаулықтың кепілі боп саналатын спорттың да сырқатқа шалдықпаудың бір амалы екенін естен шығармағанымыз абзал.

Ауырып ем іздегенше..

Рүстем СЕКСЕНБАЙҰЛЫ, Бадамша жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

Мен бала күнімнен спортқа әуес болдым. Бүгінде боксқа бейім балалардың жаттықтырушысы боп жұмыс жасаймын. Қандай аурудың түрі болмасын, ағзасындағы қорғаныс қабілеті жоғары жандарға жолай қоймайды. Ал денсаулық мықты болуы үшін спортпен айналысудың маңызы зор. Мен тек бокспен ғана айналысып қоймай, таңертең ерте жүгіруді, бассейнге барып жүруді әдетке айналдырған жанмын. Спортқа бейім адамның  тамаққа да тәбеті жоғары болады. Ал ас тұрған жерде ауру тұрмайды. Өз басым соңғы 5-6 жылда ауырған емеспін. Оның себебін, әрине, дене қимылының,дұрыс тамақтанудың  әсері деп білемін.

Сағила МАМЫТОВА, зейнеткер:

Менің үлкен қызым дәрігер боп жұмыс жасайды. Доңыз тұмауын жолатпаудың бірден бір емі цитрусты жемістер деген соң үйдегі немерелеріме үйіп-төгіп әкеліп қойдым. Өзім жастайымнан лимон жемісін сүйіп жеймін.  Шынында да дәрумендік маңызы зор ма, жасым 67-ге келсе де көп ауыра бермеймін.  Менің тіпті қай  кезде соңғы рет тұмау боп ауырған кезім есімде жоқ. Ауамен тарайтын тұмаудың алдын алуға жемістер көп көмектесетін болса, сатып алып жей берген дұрыс. Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақал бар ғой.

А(N1Н1) тұмауының алдын алуда жасалатын шаралардан мектеп оқушылары да толық құлағдар болуда. Оларға оқу жылы басталысымен санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізілуде. Доңыз тұмауы жайлы, одан қалай сақтану керектігі жайлы сынақ хаттар мен мазмұндамалар жазғызу мұғалім жоспарында қарастырылған.

Мамандар осы уақытқа дейін жер бетінде мыңдаған адамдардың өліміне себепші болған  тұмаудың  шарықтау шегі  алдағы қараша, желтоқсан айларында болуы мүмкін екенін айтады. Күздің салқын айларында мұрныңыз бітіп, өзіңізді қолайсыз сезініп жатсаңыз, сол мазасыздықтың себебін анықтауға асығыңыз. Ауа арқылы ел кезіп жүрген жұқпалы дертті жұқтырып алудан сақтаныңыз.  Ауру анықталып жатқан жағдайда оның асқынып кетуіне жол бермеу керек. Доңыз тұмауының асқынған түрі өлімге әкеп соғатынын естен шығармайық.

Есіңізде болсын!

Аурудан сақтанудың кейбір шаралары

  1. Пандемиялық тұмау жағдайлары тіркелген алыс және жақын шет елдерге баруды мүмкіндігінше шектеу.
  2. Көпшілікке арналған іс-шаралар өткізілетін жерлерге, әсіресе, ауа райы суытқан кезде баруды шектеу.
  3. Жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққан науқастармен қарым-қатынас жасаудан аулақ болу.
  4. Мұрын жолдарына оксалин майын жағу, вирусқа қарсы медициналық маска қолдану.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button