Құқық

Полиция қызметі: Абырой мен міндет

Қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмысты ашу, яғни қауіпсіздікті сақтауда — полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт жүреді. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау оңай емес. Біз халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген полиция қызметкерлерімен әңгімелескен едік.
30 минутта анықталған қылмыс

— Алло, полиция қызметі ме екен?
— «102» — полиция қызметінің кезекшісі тыңдап тұр!
Осы қызмет арқылы күн сайын тұрғындардан бірнеше шағым қабылданады. Полиция қызметкерлері оқиға орнына тез жетіп, істің мән-жайын нақтылап, шұғыл іске кіріседі. Қылмыстың ізін суытпай, жедел іздестірудің нәтижесінде, ашылатын қылмыс та жеткілікті. Мысалы, жақында ғана шұғыл іздестірудің арқасында небары жарты сағаттың ішінде күдікті ұсталып, кінәсі мойындалды.
Ақтөбе қалалық ІІБ Зауыт полиция бөлімініне қарасты №7 учаскелік пунктінің қызметкерлері полиция капитаны Данияр Сейдуллин, полиция лейтенанттары Нұрбек Омарғали мен Бағлан Мамыров қырағылық танытып, күдіктіні дер уақытында қолға түсірді. Сөйтіп, ұрланған сөмке табылды. Шағымданушының айтуынша, онда 250 мың теңге ақша, ұялы телефон, басқа да заттар болған.
400 мыңнан астам тұрғыны бар үлкен шаһардан, адамдар да, көліктер де сапырылысып көп жүретін орталық көшеден күдіктіні лезде тауып алу полиция қызметкерлерінің қырағылығын, өз кәсібіне деген адалдығын, жауапкершілігі мол екендігін көрсетеді.
Күдікті қалай ұсталды? Бұл туралы полиция капитаны Данияр Сейдуллин былай дейді:
— «102» полиция қызметі арқылы түскен шағым бойынша Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан «Дина» супермаркетіне («Электрон» аялдамасының маңындағы) шұғыл жеттік. Алдымен бейнебақылауды қарадық. Күдікті сөмкені кассаның қасында ұрлағаны анықталды. Оның бет-жүзі, кескін-келбеті, үстіндегі киімі мен аяқкиімі анық көрінеді. Сонымен қатар саусақтарына таққан екі сақина барын аңғардық. Күдіктіні іздестіруде, қолға түсіруде мұның септігі көп. Аталған дүкеннің сыртында орналасқан бейнекамера арқылы күдіктінің жаяу жүргіншілер жолымен көшенің арғы бетіне өткені анықталды. Біз дереу сол маңда орналасқан «Forte» және «ВТБ» банктеріне барып, бейнекамераларды қарауды өтіндік. Дегенмен, түскі үзіліс кезі болғандықтан, сол сәтте қарау мүмкін болмады. Оның үстіне аталған банктердің басшылықтарынан рұқсат алу керек. Ал мұның бәрі біраз уақыт алады. Бізге уақытты тиімді пайдалану керек болды. Не істеу керек? Күдіктінің киімі мен екі пакетке салынған қолдарындағы заттарынан оның сол маңда тұратынын пайымдадық. Сөйтіп, уақыт жоғалтпай үйлердің ауласында үнемі отыратын кісілерден жөн сұрадық. Олар бізге біз көрсеткен азаматшаның нәрестесін алып, сол маңда серуендеп жүретінін айтты. Сөйтіп, сұрастыра келе күдікті тұратын үйді де, пәтерді де таптық. Есікті күдіктінің анасы ашты. Ауызғы бөлмеге кіргенімізде тура сол біз іздеген адамды көрдік. Дегенмен нақты жауап бермей бұлтарды. Үстіндегі киімі де басқа. Ата-анасы: «Қызымызға жала жауып тұрсыңдар. Ол «Дина» дүкеніне таңертең барып келді. Ешкімнің затын ұрлаған жоқ» деп шу көтерді. Азаматша да дес бермеді. Дегенмен оның қобалжығанынан, абыржығанынан оның күдіктінің нақ өзі екенін аңғару қиын емес еді. Оның үстіне арнайы құрылғыға жазып алынған бейнетаспадағы көріністер де сөмкені алған адамның сол азаматша екенін айғақтайды. Дегенмен мойындағысы келмей азар да безер болды. Әйтсе де қолындағы сақиналары мен есіктің алдында тұрған аяқкиімі бұлтартпас айғақ болды. Ақыры, 29 жастағы азаматша қылмысын мойындады. Сөмкені әкеліп берді. Сөйтіп, оны Зауыт полиция бөліміне алып бардық.

Қылмыс азайды

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарын жүзеге асыруда ішкі істер органдарына да көптеген міндет жүктеп, осы саланың қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтіп отыр. Мысалы, 30-шы нақты қадамда жергілікті атқарушы органдарға және қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру туралы тапсырма берді. Біздің алдымызда халықтың қорғанына айналу міндеті тұр, — дейді Ақтөбе қалалық ІІБ Зауыт полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ринат Сатаев.
Жыл басынан бері Ақтөбе қалалық ішкі істер бөлімі Зауыт полиция бөлімінде 4 аса ауыр қылмыс тіркеліп, төртеуі де ашылды.
— Оның бірі кісі өліміне қатысты дерек. Тургенев көшесінде орналасқан бір үйде 57 жастағы ер кісінің мәйіті табылды. Бұл туралы көршілері хабарлаған болатын. Шұғыл іздестіру шараларының арқасында қылмыскердің бірі ұсталды, — дейді Ринат Сатаев.
Сонымен қатар, Зауыт полиция бөлімінде 154 ауыр қылмыс тіркелген. Оның әзірге 96-сы анықталған.
Жаз маусымында велосипед ұрлығы көбейіпті. Бұл жөнінде 23 дерек тіркелген.
— Іздестіру жұмысының нәтижесінде, тіркелген 11 ұрлықты жасаған 19 жастағы азамат екені анықталды. Сонымен қатар, 20 жастағы азамат 7 рет велосипед ұрлаған. Қазір екі қылмыскер де қылмыстық жауапқа тартылып, тиісті жазаларын алды, — дейді Ринат Сатаев.
Күдіктіні ұстау — үлкен іс. Ал күдіктіні тергеу ісі де қылмысты ашуда үлкен маңызға ие.
— Тергеуші мен жедел іздестіру органдарының бірлесіп жұмыс істеуі арқылы қылмысты тез арада ашуға, қылмыскерді дер кезінде ұстауға, керекті заттай дәлелдемелерді толық жинап алуға болады. Қазір Зауыт полиция бөлімінде 25 тергеуші, 13 анықтаушы қызмет етеді, — дейді Р.Сатаев.
Зауыт полиция бөлімінде жалпы 194 полиция қызметкері бар. Оның 29-ы жедел уәкіл. Олар өз аумағындағы (0,245 мың шаршы шақырым) 153 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігі үшін еңбек етуде. 33 білім беру мекемесінің де қоғамдық тәртібін қадағалайтын осы саланың қызметкерлері.
— Біздің мақсат — халықтың полицияға деген сенімін арттыру. Үлкен сенімге ие болу үшін қылмысты дер кезінде ашу, оның алдын алу үшін профилактикалық шараларды жүргізу, басқа да бізге міндеттелген жұмыстарды жүйелі тындыруымыз керек. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Ғимаратымыз жаңа. Полиция қызметкерлерінің жеке кабинеті, компьютері, қажетті құрал-жабдықтарының бәрі бар. Мұның бәрі тәртіп сақшыларының қызметін жоғары деңгейде атқаруына мүмкіндік береді, — дейді Ринат Сатаев.
Қылмысты дер кезінде ашып, міндеттерін мінсіз атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің еңбектері де басшылық тарапынан лайықты бағаланып жүр. Мысалы, жыл басынан бері 56 полиция қызметкері облыс, қала әкімдерінің және облыстық ішкі істер департаменті басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталған.
— Жыл өткен сайын қылмыс азайып келеді. Бұған полиция қызметкерлерінің қылмыстың алдын алу мақсатында атқарған шаруаларының да септігі мол, — дейді Ринат Сатаев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button