Таным

ЗАМАН ТЫНЫСЫН ЗЕРДЕЛЕГЕН

Кешегі Ұлы Отан соғысы атанатын аласапыранның аяғына қарай республикамыздың астанасы Алматыға кілең бір мезгілінен ерте есейген қылқандай жас жігіттер мен тұлымшақты қыздар оқу іздеп келіп жатты. Міне, сол жастар жарты ғасыр бойы еңбек етіп, күні бүгінге дейін Қазақстан ғылымының сандаған саласын иықтарымен көтеріп келеді. Солардың арасында қай кезде де өзінің ғалымдық ұшқыр ой, білгірлігі арқасында тауып айтатын, тайсалмай сөйлеп, тайынбай пікір таласына дейін баруға мүмкіндігі бар Әнуар Дербісәлиннің орны бөлек еді.

Әнуар Жақсығалиұлы Дербісәлин 1929 жылы 18 ақпанда Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы Қызылжар ауылында байырғы халық мұғалімінің шаңырағында дүниеге келді. 1946 жылы Ақтөбедегі Нұрпейіс Байғанин атындағы мүғалімдер институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін, 1950 жылы Алматыдағы Абай атындағы (қазіргі Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) Қазақ мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін үздік бітіреді, 1950-1951 оқу жылдарында туған өңірі – Ойыл орта мектебінде өз мамандығы бойынша ұстаздық еткен Ә.Дербісәлин 1951 жылы Алматыға оралып, 1951-1954 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасында оқиды. 1954 жылы аспирантураны ойдағыдай тәмәмдаған ол сол жылдың ақырында бітірген еңбегінің авторефератын шығарып, көп ұзамай, 1955 жылдың басында «Ыбырай Алтынсариннің әдеби мұрасы» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1969 жылы «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

1955-1958 жылдары Ыбырай Алтынсарин атындағы Республикалық ғылыми-зерттеу   институтында аға ғылыми қызметкер болып еңбек еткен ғалымның кейінгі отыз жылдай өмірі Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының шаңырағы астында өтті. Ол 1958-1977 жылдары осы мекемеде аға ғылыми қызметкер, 1977-1986 жылдары қазақ әдебиеті тарихы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды, 1983 жылы Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.

Әдетте, белгілі бір ғылым не өнер адамының есімін еске алғанда, сол кісінің атын халыққа алғаш белгілі еткен еңбегі  ойға оралады. Әнуар Дербісәлин – республика мен сырт аймақтардағы әдебиеттану ғылымымен айналысатын көзі қарақты қауымға, ең алдымен, Ыбырай Алтынсарин мұрасын түбегейлі зерттеген маман ретінде белгілі болған ғалым. Ол – қазақтың кирилл әрпіндегі алғашқы оқулығы «Қазақ хрестоматиясының», араб  графикасындағы «Мактубат» жинағының авторы ретінде көп адамдарға таныс Ыбырай Алтынсариннің тек оқу-білімге үндеген педагог ғана емес, ақын, жазушы, аудармашы, публицист, теолог, этнограф, методология саласында алғаш із салған тұңғыш ғалым екендігін жеріне жеткізе дәйекті түрде дәлелдеп шыққан зерттеуші. Ол «Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі» /1957/, «Ыбырай Алтынсариннің әдеби мұрасы» /1957/, «Ыбырай Алтынсарин» /1965/, т.б. бірнеше монография, ондаған зерттеу мақалалар, әдістемелік /методикалық/ құралдардың сыртында «Тарихи тұлға тағылымы» сериясы бойынша арнайы кітап жазды.

Ә.Дербісәлин кешегі тоталитарлық режим кезінде қазақ халқының Қазан төңкерісіне дейін өмір кешкен көптеген көркем сөз өкілдерін қалың жұртшылыққа кеңінен танытуға аянбай тер төкті. «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» /1966/, «Әдебиет туралы толғаныстар» /1990/ секілді монографиялық еңбектерінде ұлттық әдебиетіміздің әр алуан келелі жайлары жарқырай ашылды. Ол – ұлттық әдебиетіміздегі дәстүр мәселесін, оның жаңғырып, жаңалану арқылы түлеп, түрленіп, толығу процестерін тұңғыш рет монографиялык зерттеу ауқымында  қарастырған /»Дәстүр  және  жалғастық», 1976/ алғашқы  ғалым. Оның ұзақ жылдар бойы өмірін арнаған Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев немесе солардың шығармашылық өнерінде үлгісін алған, шынайы ұлттық дәстүрді жаңа заманның талабына сай жаңа белестерге көтерген Мұхамеджан Серәлин, Бекет Өтетілеуов, Бернияз Күлеев сынды тек санаулы қаламгер, қоғам қайраткерлері жайында ғана емес, XX ғасырдың дүрбелеңі көп алғашқы ширегінде шығармашылық әлемінде әр түрлі деңгейде қызмет еткен сандаған жазушы, ақын,   журналист азаматтардың жекелей кітап болып шыққан, сол кездегі әр алуан мерзімді басылымдар бетінде жарық көрген еңбектерін саралай келіп, жалпы XIX – XX ғасыр басындағы казақтың ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің, қоғамдық санасының деңгейін айқындайтын ғылыми пайымдаулары өз тұрғысында, кезінде республиканың қоғамдық ғылымдар жүйесіндегі ізгі де тың ізденістері ретінде қабылданғандығы да сондықтан.

Ғалым 1970-1980 жылдардың ішінде өзі басқарған бөлім қызметкерлерінің күш-жігерін жұмылдыра отырып, күллі түркі халықтарына ортақ болып есептелетін қазақ әдебиетінің ежелгі бастау көздерін тереңдей зерттеуге айрықша көңіл бөлді. Соның нәтижесінде ол «Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме» /1986/, «Қорқыт ата кітабы» /1993/ сияқты көне жәдігерліктерді бүгінгі оқырман, ғылыми жұртшылықтың игілігіне айналдыруда ерекше еңбек етті. Ғалымның алғысөзімен 1981 жылы «ХV-ХVІІІ  ғасырлардағы қазақ поэзиясы», 1985 жылы «XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы» атты бүтіндей бес ғасыр ішінде өмір кешкен қазақтың елеуге тұрарлық көркем сөз өкілдерінің шығармалары жеке кітап болып жарияланды. Ғалымның осы бағыттағы ізденістері оның ілгеріде аталған кітаптардағы  алғысөздерінде ғана емес, кейінгі өзінің жауапты редакторлығымен дайындалған «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» / 1983/, «XIX ғасырдағы қазақ ақындары» /1988/ аталатын ұжымдық монографияларға жазған жеке тарауларында да кеңінен көрініс тапты.

Ғалым қазақтың ұлттық поэзиясының ежелгі қарымды жанры болып есептелетін толғау жанрына байланысты, оны басыбайлы пайдаланатын ежелгі жыраулар, солардың ізбасарлары – кескекті жырдың өкілдері – ақындар творчествосына ылғи да қайта айналып соғып отырды, оның аталмыш әдеби форманың жанрлық, мазмұндық ерекшелігін ашу мақсатында /»Толғау төңірегіндегі ойлар», 1980, «Жанрдың өсу жолында», 1981/, қазақтың ұлттық фольклорымен ауызданған Асан қайғы, Бұқар, Үмбетей, Махамбеттерге дейін сандаған жеке авторлық творчество өкілдеріне сан қырынан тоқталуы – соның айғағы. Бұл ретте Ә.Дербісәлиннің ұлттық әдебиет қанша шарықтап биікке көтерілгенмен, ол өзінің ұлттық дәстүрлі әдеби арнасында дамитындықтан, оның бойындағы ұлттық тілмен, ойлаумен, көркемдік таныммен біткен өзгешеліктер түгелімен жойылып кетпейді, яғни әр ұлттың өз әдебиеті осылайша ерекшеленіп, дараланып көрінеді дейтін пікірлерге саятын ойлары – қай кезде де салмағын жоғалтпайтын тұжырымдар.

Ә.Дербісәлин XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында профессионал жазба әдебиетпен қатар халық поэзиясы негізінде жалғасып, даму үстінде болған ақындық өнердің алуан түрлі шеберлерін Қазақстанның әр өңірінен де табуға болатындығын Мұсабек Байзақов, Нұржан Наушабаев, Кете Жүсіп Ешниязов, Омар Шораяқовтар секілді майталмандар есімімен байланыстыра отырып, солардың арасынан ежелгі жыраулық дәстүрде жыр толғаудың қара үзіп шыққан жүйрігі Базар жырау мұрасын айрықша бөле қарайды. Ғалым Сыр бойынан шыққан, сол өнірде бүгінге дейін жырау атанатын ақындық өнердің көне формасы – жырау өнерінің кейінгі дәуірлерге жаңара, дами жетуін – өмірді,  адамды жырау көзімен көріп, пайымдайтын Базар секілді дарынның творчестволық даралық қасиеттерімен түсіндіреді /»Өмір және әдебиет», 1983/. Ал бұл пікірлердің жырау, жыршы, ақын кім, олардың шығармашылық өнердегі басты өзгешеліктерін нендей қасиеттерінен тану керек деген күрделі мәселеге тікелей қатынасы бар.

Әлбетте, әдебиет сыншысына да, әдебиеттің идеологиямен байланысты жайларына соқпай өтпейтін әдебиет зерттеушісіне де азаматтық ұждандылық пен арлылықтың барынша қажет болатыны бесенеден белгілі. Бірақ тоталитарлық жүйе үстемдік құрып тұрған кезде ұждандылықты ту етіп көтергендердің көп көсегесі көгере бермегені де құпия емес. Дегенмен соны көре жүріп, біле тұрып, әдебиетшілер қауымы үнемі болмаса да, өз ұлтының қадірлілері мен қастерлілеріне іш тартпай тұра алмаған. Осы реттен келгенде Ә.Дербісәлиннің 1956 жылы Шортанбай туралы жарияланған мақаласын айрықша атау орынды болмақ. Ғалым патша өкіметінің отарлаушылық саясатына қарсылық білдірген ақындарды кертартпа ағымның өкілдері қатарына қосудың азаматтық тарих пен ұлттық әдебиеттің өткен жолын дұрыс тануға жатпайтындығын сол мақаласында батыл дәлелдейді. Сөйтіп, жөнсіз жаланың құрбаны болып, ел үшін еткен жанқиярлық еңбектері кері түсіндіріліп жүрген көркемсөз өкілдеріне, тарихи  тұлғаларға адал көзқарас болмайынша, ұлт болып ұйып отырған қазақ атты қабырғалы қауымның көп нәрседен ұтылатынын ашық айтады. Ал мұның өзі, түптеп келгенде, кешегі көкіректегі адал ойын айтуға мүмкіндік шектеулі болған заманның өзінде де біздің қоғамтану ғылымындағылардың, соның ішінде әдебиетшілер қауымының үнемі белі бүгіліп, назары сүрініп жәркелеш тірлік кеше  бермегенін айту керек болғанында ескерер жайлар. Ғалымның КОПК-ның XX съезінен кейін Шәкәрім Құдайбердиев шығармаларын жүйелі түрде жинап, баспаға дайындау ісіне ерекше мұқияттылық танытуы да оның ел қадірлеуге тиіс, ұлт ұлықтауға борышты ұлы тұлғаларға деген шынайы сезім, шын ықыластылығын танытады. Ілгеріде айтып отырғанымыздай, мұның бәрі халықтың өткеніне, оның елдік тарихының еңсесін көтеретін рухты перзенттеріне деген ғалымның адал көзқарасын көрсететін азаматтық кредосын айқындайды. Ал, түптеп келгенде, Әнуар Жақсығалиұлы саяси көзқарас, қоғамдық құрылыс атаулының баяу болса да, ақыры, бір өзгеріп, жаңғыруға ұшырамай қоймайтын   табиғатын аңғармай кетті деу қиын. Бірақ күрмеуге келмейтін қысқа жіптей бір адамның өмірі сол өзгерістердің бәрін көре беруге жетпейді. Әнуар Жақсығалиұлы да сол өзі қызғыштай қоритын ел қадірлілерінің ақталып, елінің төрінен орын алатын сәтін көре алған жоқ. Бірақ ол сол жолда еңбек етіп кетті.

Ә.Дербісәлин – әдебиет тарихын, қазіргі кездің елеулі қалам қайраткерлерінің шығармаларын, әдебиеттану ғылымында өзімен қанаттас өмір кешіп келе жатқан  Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, А.Нұрқатов, С.Қасқабасов, Қ.Сыдиықов, т.б. ғалымдардың творчестволық ізденістері жайлы сындарлы еңбектер жазып қана қоймай, сол ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің шығармаларын зерттеудің әдістемелік принциптеріне арнайы айтуға тұрарлықтай еңбек жазған әдебиет маманы. Оның жоғары және орта білім беретін оқу орындарының бағдарламаларына сәйкестендіріле жазылған «Сәбит Мұқанов творчествосын оқыту үшін көмекші құрал» /1957/, «Ыбырай Алтынсарин творчествосын мектепте оқыту» /1957/, «Орта мектептің қазақ өдебиеті сабағы арқылы шәкірттерге ұждандылық тәрбие беру» /1957/ секілді әдістемелік еңбектері өз кезінде республиканың педагогикалық білім беру саласының көрнекті мамандары тарапынан жоғары бағаланған әдістемелік-методологиялық көмекші құрал болғаны белгілі.

Ә.Дербісәлин – республиканың білім беру, ғылыми кадрлар дайындау саласына да қыруар күш жұмсап өткен ғалым. Ол біраз жылдар Алматыдағы жоғары оқу орындарының әдебиетші шәкірттеріне лекциялар оқыды.
Сондай-ақ, Семей, Ақтөбе қалаларының педагогикалық жоғары оқу орындарының   әдейі шақыртуымен сондағы ұстаздар қауымы мен студенттер алдында    әдебиеттің келелі проблемалары бойынша арнайы курстар оқып қайтып жүрді. Ол ұзақ жылдар бойы академияның проблемалық кеңесінің ғалым-хатшысы, Әдебиет және өнер институтының филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі мамандандырылған диссертациялық кеңестің мүшесі, мекеменің кәсіподақ ұйымының, халық бақылаушылар тобының төрағасы секілді ғылыми, қоғамдық жұмыстардың басында жүрді. Көптеген ғылыми кітаптардың жауапты редакторы, редакциялық алқа мүшесі, «Қазақ әдебиеті тарихы» атанатын алты кітаптан тұратын үш томдық академиялық сындарлы еңбектің, 12 томдық тұңғыш «Қазақ кеңес энциклопедиясы» мен кейінгі төрт томдық қысқаша энциклопедияның, кезінде Москвада басылған 9 томдық «Литературная энциклопедия» құнды басылымының негізгі авторларының бірі болды. Сөйтіп, ол ғылымда ұйымдастырушы, әдебиеттану ғылымының ұлттық әдебиет тарихы сынды күрделі саласының негізін қалаушылардың қатарынан орын алды. Ал осының барлығы бірігіп келіп, республика әдебиеттану ғылымының төрінен өзіне лайықты
орнын алған, есімі тек бүгінгілердің ғана емес, келешек ұрпақтардың жадында  сақталуға лайықты Қазақстан ғылым академиясының мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Дербісәлиннің еліне сіңірген ғалымдық, азаматтық еңбегінің қадір-қасиетін көрсететіндігінде күмән жоқ. Бүгінде Актөбе облысы Ойыл ауданы Саралжын орта мектебі белгілі ғалым есімімен аталады.

Жұмат ТІЛЕПОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Ғалымға арналады

Алдағы 19 желтоқсанда Алматы қаласында М.Әуезовтің музей-үйінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Әнуар Жақсығалиұлы Дербісәлиннің (1929-1986) туғанына 80 жыл толуына арналған мерейтойлық кеш болады.

Кеште Институттың  бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, белгілі ақын Сәрсембі Дәуітов «Ә.Дербісәлин – көрнекті әдебиеттанушы-ғалым», осы институттың қазіргі әдебиет бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Нұрдәулет Ақыш «Ә.Дербісәлин – Ыбырай Алтынсарин мұрасын зерттеуші» тақырыптарында баяндамалар жасап, ғалыммен институтта бірге оқыған академиктер Серік Қирабаев пен Әбдуәли Қайдар, ғалыммен бірге қызмет істеген белгілі шығыстанушы-ғалым, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Ө.Күмісбаев, әдебиеттанушы-ғалым Б.Ақмұқанова естеліктер айтады, жыршы-термешілер мен күй орындаушылар өнер көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button