Құқық

Қылмыстық жаза мақсаты жәбірленуші кегін қайтару емес

Ақтөбе қаласы № 2 сотының төрағасы Айсұлтан БАЛМҰХАНОВПЕН сұхбатымыз биылдың басынан бастап күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекстегі ерекше көзге түсетін жаңалықтардан басталды. Кодекске «қылмыс» ұғымымен бірге, еліміздің заңнамасында бұрын-соңды болмаған «қылмыстық теріс қылық» атауы да енгізілді. Біз одан осы екі ұғымның аражігін ажырата түсіндіруді өтінген едік.
— Қазақ елінің қазіргі заманғы қылмыстық заңдылығының тарихы өткен ғасырдың екінші жартысынан басталады. Яғни, республикамыздың кеңестік кезеңдегі Қылмыстық кодексі 1960 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1997 жылдың 31 желтоқсанына дейін, ал тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы қылмыстық заңы 16 жыл бойы қолданылымда болды. Өткен жылдың 3 шілдесінде қабылданып, биылдың басынан бері күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекс бұрынғыға қарағанда 74 бапқа көбейді. Осының жартысынан астамы бұрынғы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен ауысқан.
Қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттердің екі сатылы жүйесі, яғни, жаңа кодекстің 10-бабында түсіндірілген «Қылмыс және қылмыстық теріс қылық ұғымдары» шынында да бұрынғы заңда болған жоқ. Соңғы қағидатқа орай қылмыстық құқық бұзушылықтар қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінеді. Заңға сәйкес жасалған қылмыс үшін де, қылмыстық теріс қылық үшін де айыппұл салынуы, егер болса, тұрақты жалақысының тиісті бір мөлшерін мемлекет кірісіне өндіру сияқты түзеу жұмысы белгіленуі мүмкін. Атынан да көрініп тұрғанындай, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалауға бұйырылуы ықтимал қоғамға қауіпті іс-әрекет (не әрекетсіздік) қылмыс деп танылса, қылмыстық теріс қылық қоғамға зор қауіп төндірмейтін болмашы зиян келтірушілік немесе зиян келтіру қатерін туғызушылық деп мойындалады. Соңғы санамаланған жаза түрлері теріс қылық үшін әрине, қолданылмайды. Олар жоғарыда көрсетілгеніндей, айыппұл төлейді, түзеу жұмыстарын атқарады. Болмаса, қоғамдық жұмыстарға тартылады, әрі кеткенде қамаққа алынады. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамның сотталғандығы жоқ деп танылады.
— Бұлардың әкімшілік жазалардан айырмашылығы шамалы екен. Сонда қылмыстық теріс қылық жасаушы да қылмыстық жауапкершілікке тартылды деп есептеле ме?
— Әрине, оның 4-бабында көрсетілгеніндей, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау, яғни, осы кодексте көзделген қылмыс не қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттер қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі болып табылады. Егер тиісті баптың санкциясында арнайы көрсетілмесе, құқық бұзушыға айыппұл, түзеу, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу сияқты жазалардың біреуі ғана қолданылады. Дәл сол бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін ешкімді де жауаптылыққа қайталап тартуға болмайды.
— Жаңа Қылмыстық кодекстің сот статистикасына қандай да бір ықпалы бар ма?
— Биылғы екінші тоқсанды немесе жарты жылдықты қорытындылау ертелеу болғандықтан, алғашқы тоқсанның нәтижелеріне ғана назар аудара аламыз. Егер салыстыра келсек, 2014 жылдың бірінші тоқсанында сот өндірісіне 471 адамға қатысты 408 қылмыстық іс түссе, биылғы осы кезеңде 262 адамның үстінен қозғалған 231 іс түсті. Былтырғы алғашқы үш айда барлығы 296 істі, оның ішінде 143 істі қарау сот үкімінің шығарылуымен аяқталса, үстіміздегі жылы жалпы 230 қылмыстық іс аяқталып, оның 135-і бойынша үкім жарияланды.
Осы жылғы бірінші тоқсанда қаралған істерге жаңа Қылмыстық кодекстің айтарлықтай ықпалы болмады десе де болады. Себебі олардың дені өткен жылдың аяғына дейін қолданыста болған қылмыстық заңның тұсында жасалған әрекеттер. Ал жаңа Қылмыстық кодекстің 4-бабына сай іс-әрекеттің қылмыстылығы мен жазаланушылығы сол әрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалады. Қоғамға қауіпті әрекет (әрекетсіздік) жүзеге асырылған уақыт, зардаптардың туындаған уақытына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған уақыт деп танылады.
Сотқа қылмыстық қудалау орындарынан түскен және соған орай қаралған қылмыстық істердің күрт азаюына өткен жыл бойына қылмыстық жазаны ізгілендіру бағытында бұрынғы кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың оң ықпалы молынан болды.
— Әңгімеміздің басында жаңа Қылмыстық кодекстің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен қылмыстық реңк беріле ауысқан баптардың есебінен қомақтала түскенін айттыңыз. Ендеше биылдан бастап қылмыстық заңдылық қатайтылып, ізгілендіру бағытынан бас тартылды ма?
— Жаңа Қылмыстық кодексте уақыт сынынан өткен қылмыстық-құқықтық тәжірибенің азамат құқығы мен бостандығын, қоғам мен мемлекет мүддесін пәрменді қорғайтын діңгекті бағыттары сақталған. Әрине, заман ағымына орай қылмыстың кейінгі кезеңде белсене түскен барлық жаңа түрлері, оның ішінде зиян келтіретін компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдер, құқыққа қайшы мақсаттарды көздейтін интернет-ресурстар және ұялы байланыстар қамтылған «Ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деген жаңа тарау енгізілді. Сондай-ақ, қолданыстан қалған қылмыстық заңда болмаған «Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтар» деген тарауда да бұрынғы шашыраңқы нормалар біріктіріліп, әсіресе ана мен балаға қарсы және дәрі-дәрмектің заңсыз айналымы түріндегі қылмыстар үшін жауапкершіліктер күшейтілді. Абайсызда адам өліміне және басқа ауыр зардаптарға соқтырған жағдайда сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жауапсыздықтар үшін қылмыстық жауапкершіліктер енгізілді.
Кодексте ұлттық келісім негіздеріне сызат түсіріп, әлеуметтік жанжалға арандатушыларға, экстремистік, сепаратистік және террористік әрекеттерге қатысушыларға, оларды насихаттауға, ұйымдасқан, ауыр және қайталап қылмыс жасаушыларға, сот төрелігіне кедергі келтірушілерге қолданылатын жаза қатайтылып, кәмелетке толмағандарға, қылмысты алғаш рет жасаушылар мен аяғы ауыр, сәбилі әйелдер, жас балаларын жалғыз асыраушы еркектер, зейнеткерлер сынды әлеуметтік әлжуаз топтарға жататындарға қатысты жазалар жұмсартылды. Кейбір экономикалық қылмыстар қылмыстық жауапкершілік аясынан шығарылды. Сыбайлас жемқорлыққа қатыстыларының жазасы қайта одан әрі күшейтілді.
Елбасының 2009 жылдың 24 тамызындағы Жарлығымен бекітілген 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі қылмыстық заңнамаларды одан әрі ізгілендіру, бас еркінен айырумен байланысты емес жазаларды қолдану ауқымын кеңейту болатын. Осы бағыт жаңа заңдылықта да жалғасын тапты. Бұрынғы Қылмыстық кодекске қарағанда жаңасы бойынша ірі көлемдегі айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалау шараларын кеңінен қолдануға мүмкіншілік туып отыр. Қылмыстық жаза ретінде айыппұл бұрында да қолданылды. Бірақ қазірде оның көлемі өсірілді және адам өліміне қатыссыз, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың бәріне дерлік қатысты балама жаза ретінде қолданылатын болды. Ал бас бостандығын шектеу жазасы онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар санкцияларының бәрінде қамтылып қана қоймай, ауыр қылмыстардың кейбір түрлеріне де балама ретінде енгізілді. Мұндай мүмкіншіліктер бұрынғы заңда болған жоқ. Қылмыс ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында, адам өліміне ұласқан, аса ауыр, оның ішінде террористік, сыбайластық, пайдакүнемдік ниетпен жасалған жағдайда, соғыс немесе ұрыс қимылдары кезіндегі әскери қылмыстар, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар мен сәбилердің жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғушылар үшін ғана басқа баламасыз бас бостандығынан айыру жазасы қалдырылды.
Бұрынғы қылмыстық заң бойынша белгіленген шартты жазаны өтеу мен бас бостандықтың шектелуінің арасында елеулі айырмашылық болмайтын. Олардың ұқсастығын жою мақсатында бостандықтың шектелуін өтеудің барлық мерзімі ішінде қоғамға пайдалы тегін жұмыстар атқару міндеті жүктелетін болды. Осының бәрі жасалған қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық үшін қолданылған жазалау тетіктері болып табылады. Алайда қылмыстық жазаның түпкі мақсаты қылмыстыны жазалау немесе жәбірленушінің оған кеткен кегін қайтару емес, жаза қолдану арқылы оны тәрбиелеу және түзеу екендігін естен шығаруға болмайды.
— Кепілгерлік белгіленуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатудың мүмкіншіліктері қандай?
— Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 69-бабына сәйкес қылмыстық теріс қылықты немесе адам қазасымен, денсаулыққа ауыр зиян келтірумен байланыссыз, онша ауыр емес не ауырлығы орташа қылмысты алғаш жасаушыны сот кепілгерлік белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін. Онда да оған берілуі ықтимал жазалардың баламасында айыппұл салынуы көзделсе ғана. Егер кепілгер жеке тұлға болса, құқық бұзушылық үшін салынатын айыппұлдың жоғары мөлшерінің екі еселенген, ал заңды тұлға болса — он еселенген мөлшерінде кепіл енгізуі міндетті. Заң бойынша кепілгерлік мерзімі қылмыстық теріс қылыққа — алты айдан бір жылға, онша ауыр емес қылмысқа — бір жылдан екі жылға, ауырлығы орташа қылмысқа — екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
Егер кепілгерлік кезеңі ішінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамаса, мерзімі өткеннен кейін кепіл кепілгерге қайтарылады. Олай болмаған жағдайда сот қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешімнің күшін жояды және қылмыстарының (қылмыстық теріс қылықтарының) жиынтығы бойынша оған жаза тағайындайды да, кепіл мемлекет кірісіне алынады.
Кепілгерлік сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік, тағы басқа аса ауыр қылмыстар жасаушыларға қатысты қолданылмайды.
Сұхбаттасқан Серік ЖОЛДЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button