Әлеумет

Ұстаным – иманды қоғам

Мұсылманның бес парызының бірі – қажылық ету екендігі әлімсақтан баршамызға аян. Шүкір, қазір егемен еліміздің дін жолын ұстанған, имандылыққа бет бұрған көптеген азаматтары осы парыздарын өтеп, айналаға сауапты істерімен шуағын түсіруде. Бүгінде қажылыққа бару күнделікті қалыпты жағдайға айналғаны да көкірекке сүйініш отын маздатады.

Қазақстан қажылар қауымдастығы діни бірлестігінің құрылуы да осы бағыттағы кезекті бір оң құбылыстардың бірі ретінде бағалануда. Қандыағаш қаласында тұратын Мария қажы Сейіткамалова имандылық жолында жан-жаққа үлкендік үлгі көрсетіп, көрнекті игілікті істерімен жақсылықтың жаршысы болып жүрген ардақты аналардың бірі екендігі белгілі. Ол кісі осы аталған Қазақстан қажылар қауымдастығы бірлестігінің осы өңірдегі сенімді өкілдігі  міндетін иеленді, яғни  мұсылман әйел-қыздармен тәрбие жұмысы департаментінің Ақтөбе облысы бойынша бөлімінің бастығы болып тағайындалғалы біршама уақыт өтті.

«Біздің ұлтымызда қыз бала тәрбиесі бір үйдің міндеті деп саналмаған, оған тіпті бір ауыл болып та жауап берген, – дейді Мария апа, – сондықтан менің жұмысымның бір саласы осы дәстүрді жаңғыртуға ыңғайластырылады».

Қазақстан қажылар қауымдастығы діни бірлестігі өзінің алғашқы құрылтайын 2004 жылы өткізді. Міне, бес жылдай уақыт ішінде біздің елімізде қажылар қатары едәуір көбейіп, «Ортақ үйіміз Қазақстанға – иманды қоғам» деген ұстаным негізінде жұмыстар жүргізуде.

Мария апа Қазақстан қажылар қауымдастығы қай міндет аумағында болмасын парасаттылықпен іс қылады деп санайды. Жүректеріне иман, көкірегіне инабат, тәубе, қанағат сезімдерін ұялата алған қоғамның келешегі кемелді болмақ. Осы тұрғыдан жоспарлы түрде кездесулер ұйымдастырып, өзі Мұғалжар өңірінде ғана емес, сондай-ақ облыс аумағында ілкімді іс-шараларға ұйытқы болып жүрген  Мария қажы Сейіткамалованың шақыруымен жақында біздің өңірімізде Қазақстан қажылар қауымдастығы бірлестігінің төрағасы Еркінбай Дуанаев болып қайтты. Ол жұртшылықпен жүздесіп, жиналған қауымның көптеген сауалдарына жауап берді. Соның бірқатарын оқырман назарына ұсына кеткенді жөн көрдік.

– Еркінбай қажы, ең алдымен Қазақстан қажылар қауымдастығы  бірлестігінің негізгі алға ұстанған мақсат-мүддесіне тоқталсаңыз.

-Негізгі мақсат-мүддеміз – діндарлармен тізе қоса отырып, қоғамымызда салауатты, сауатты, кәміл адам тәрбиелеп шығаруға хал-қадірімізше үлес қосу. Сондай-ақ ағартушылық бағытта іргелі, кешенді жұмыстарды қолға алу да жұмысымыздың бір саласы. 2004 жылдың 27 мамырында Қазақстан қажылар қауымдастығы діни бірлестігінің алғашқы қүрылтайы өткені елдің жадында шығар. Бас мүфти бастап, иманды азаматтар қостап, осы ұйымды құрған еді. Хазірет Әбсаттар қажы Дербісәлінің ұсынысымен төрағалыққа Марат қажы Сәрсенбаев сайланды сол кезде. Ол шама-шарқынша біраз рухани іс-шараларды ҚМДБ-сымен бірлесіп атқарды. Соңғы жылдары Бас мүфтидің тапсырмасына орай Марат қажы Халал стандарттау техникалық комитетін құрып, халал өндірісін дамытуға белсене кірісті. Уақытының тапшылығына байланысты ҚҚҚ-ның негізгі жұмысына көңіл бөлуге мүмкіндігі бола бермеді. Елдегі қалыптасқан діни, рухани ахуал қажылардың белсенді әрекетіне деген қажеттілікті тудырды. Сөйтіп, таяуда аталмыш діни ұйымның кезекті мәжілісі шақырылып, қауымдастық мүшелері маған сенім білдіріп, төраға етіп сайлады.

Айта кетер бір жайт – ҚҚҚ қажылық парызын атқарған, исламның елімізде кеңінен насихатталуына, халық жүрегінде имандылық, адамгершілік, ізгілік, мейірбандық, отансүйгіштік мінез-құлықтарды ұялатсақ деген мұсылмандардың ерікті қоғамы. Сондықтан жұмыс барысында «Ортақ үйіміз Қазақстан – иманды қоғам» деген ұстанымды басшылыққа аламыз.

– Иманды қоғам қалыптастыру үшін алдымен, елімізде көбесі сөгілген бір мәселенің басын қайыру керек секілді. Мысалға, рухани дағдарыстан шығу жолын Қазақстан қажылар қауымдастығы қаншалықты қарастыра алады?

– Рухани дағдарыс, жастар арасында белең алған қатігездік, зорлық-зомбылық, нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік, т.б. әлеуметтік кеселдерді емдеу үшін исламның моральдік, этикалық, адамгершілік қағидаларына сүйене отырып ғылыми негіздегі ағартушылық бағыттағы жобалар жүргізілмек.

Бүгінде елімізде қазір мешіттер саны 2300-ден асты. Мешіттерге келіп, имамдардың уағыздарын тыңдап, бес уақыт намазын оқып, парыздарын өтеп жүргендердің саны жалпы мүсылмандарға шаққанда көп дей алмаймын. Қазақстандағы мешіттен тыс миллиондаған мұсылмандардың арасына барып, асыл дініміз –  исламның ерекшеліктерін түсіндіру, иман әлсіздігінен белең алатын қылмыстардың алдын алу, рухани құлдырауға жол бермеу сияқты маңызды іс-шараларды бұқаралық сипатта жүргізу кезек күттірмейтін тірлік.

– Қазақстан қажылар қауымдастығының жаңа құрылымы туралы айтсаңыз және оның мүшелері кімдер?

– Егемендік алғалы Қазақстаннан он жеті мыңдай адам қажылық парызын өтеп қайтты. Осыларды арасынан парасат-пайымы мол, біліктілігі жоғары, халыққа сыйлы қажыларды қатарымызға тарттық. Дінге риясыз еңбек етуге тәуекел қылған қажыларды мүшелікке қабылдаймыз. Діни бірлестік келелі істі келісті жүргізу үшін қажылар қауымдастығының қүрылымын кеңейтті. ҚҚҚ-ның құрметті президенттері – бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, дін жанашыры Қайрат Сатыбалды. Қанат қажы Жұманов Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы, Сапар қажы Мұстафин Астана қаласы бойынша филиал төрағасы, Мұрат қажы Мыңбаев Діни үгіт-насихат департаментінің, Марат Сәрсенбаев Халал жүйе департаментінің, Майра қажы Ілиясова Мұсылман әйелдерінің тәрбие жұмысы департаментінің, Бақыт қажы Тұрсымбеков Алматы қалалық филиал төрағасының орынбасары және Зекет – қайырымдылық істері департаментінің, Ақжол Мейірбеков қажы Бұқаралық мәдени-рухани шаралар департаментінің, Данияр Сәмет Мұсылман жастармен жұмыс департаментінің, Жеңіс Үсен Әсетуллаұлы Қажылық және халықаралық қатынас департаментінің, Күлпара Жұмағали баспасөз орталығының басшылары болып бекітілді.

Сонымен қатар ҚҚҚ-ның облыстардағы төрағалары тағайындалды. Олар өз өңірлерінде абыройға ие, беделді, білікті азаматтар. Айта кететін жәйт, бұл бауырларымыздың бәрінің әр салада атқарып жүрген қызметтері бар. Алайда барлығы тек бір Алланың ризашылығы үшін, риясыз көңілмен, ақ ниетпен ел игілігі жолындағы рухани істерге үлес қоссақ деген иманды азаматтар. Құдай қаласа кеңесіп, бірлесіп, алға басамыз деп ойлаймыз.

– Қазақстан қажылар қауымдастығын ҚМДБ-ның қолғанаты дей аламыз

ба?

– Әрине, мемлекеттің, ұлттың тұтастығын сақтау жолында күш біріктірген жөн. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дініміздің өркендеуіне барынша үлес қосып отырғаны көпке мәлім. Ғалым, профессор, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің елеулі еңбегін ел көріп отыр. Алайда «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, ҚМДБ-ның даусы біреуге жетсе, біреуге жетпей жатқанын жасыра алмаймыз. Сондықтан «Қажылар қауымдастығы» Діни басқармаға мұраттас, серіктес болсақ деген ниетте. 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңның осал тұстарын шебер пайдаланып, ел ішіне іріткі салып, ұлт тұтастығына қауіп төндіріп отырған жүгенсіз миссионерлер мен тексіз секталардың бүлдіруші әрекеттеріне, сондай-ақ Исламның өз ішіндегі теріс ағымдардың халықты адастыратын жөнсіз істеріне тосқауыл қою – ҚҚҚ-ның атқарар жүмыстарының басты бағыттарының бірі болмақ. Зиянды діни жэне саяси экстремистік топтардың сойылын соғып, лаңкестік, фундаменталистік сияқты содырлы ұғымдарды насихаттау арқылы асыл дінімізге көлеңке түсіріп қана қоймай, ынтымағымызға, берекемізге сына қаққысы келетін сырттан келген, іштен шыққан ниеті бұзық топтарға карсы тұруға бірең-сараң мекеменің шамасы жетпейтіні тағы рас. Бұған иман келтіргендер білек сыбана кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, исламды білгісі келетіндерге «жеңілдетіңіз, қиналтпаңыз, шүйіншілеңіз, қорқытпаңыз» (хадис). Дінді құбыжық қылып көрсетуден сақтанайық дегім келеді.

… Қандыағаш қаласында өткізілген жүздесуде Еркінбай қажы Дуанаевпен бірге белгілі өнер иесі, Ақжол қажы Мейірбеков те болып, «Ислам, иман – өнерім, өмірім» тақырыбымен діни-рухани ән кешін өткізді.

Жылы жүзді бас қосулар барысында Мұғалжар ауданының бас имамы Оразалы қажы Шынболатов, қажылар Жолмырза Бекеев, Аманжол Адаев және басқалары ортақ тақырып – «Отанды сүю – иманнан» деп аталатын өзекті мәселені кеңінен өрістетті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button