Әлеумет

Ізденіске іңкәр төраға

Құрмет

Судьялар, сот төрағалары кімдер, ой-танымдары қай дәрежеде? Әлде Заңның әрбір бабын жаттап, әрбір әрпіне тістесіп, жан дүниелері қатып қалған жандар ма?

Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Дәмеш Әбдәлімен әңгімелескенде көңілдегі көп сауалдарға жауап алдық.

Елбасы Жарлығымен тағайындалатын судьялардың мәртебесі, ел алдындағы жауапкершілігі мен міндеті өте жоғары. Осыған байланысты олар көпшілік орындарда сирек көрініп, өздерін оқшаулау ұстап, кейбірінің «оқтау жұтқандай» сіресіп тұратыны рас. Бірқатарының бұлай істемеске амалдары жоқ. Сотқа ісі түсетін адамдар болады. Солардың бәріне жылыұшырай қарап, кішкене еркіндеу әңгімелессең, ертең оның «судья менің досым», «оны жақсы білемін» деп шаруа айтып келмесіне, онысы заңға қайшы болса, «адам емес екен» деп сөз таратып кетпесіне кім кепіл?

Дәмеш Әбдәлі өзінің өмір тәжірибесінде мұндайды талай көрген. Бірақ ол сот екенмін деп адамдардан өзін аулақ ұстамай, өзінің қоғамдағы орнын, жауапкершілігін сыпайы түрде жеткізе, дабырайтып айтпай-ақ ұғындыра біледі. Себебі әкеден 13 жасында қалып, анасынан мектеп бітіретін жылы айырылған Дәмеш өмір мектебін көңіліне тоқып өсті. Обалы нешік, ағалары маңдайынан сипап, арқасынан қағып, жәутеңдетпей өсірді.

1976 жылы мектеп бітірген Дәмеш көп ойланбай, еңбек жолын жұмысшылықтан бастады. Екі жыл еңбек еткен ол Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне түсті. Келесі жылы заң факультетінің 1 курс студенті атанып, маңдайы жарқырап шыға келді. Ол кезде мұндай факультет екеу: бірі Алматыда, бірі Қарағанды қаласында ғана еді. Конкурс өте үлкен, қабылдау емтиханы да қатты болатын.

Қазір ғой оқу ақысын төлесең күмп етіп, «заңгер» дипломын қолтықтап шыға келетінің, бірақ жүздеген «заңгердің» бірі болып сенделіп жүретінің. АҚШ-та екінің бірі заңгер. Өркениетті елде заңгер көптік етпейді. Әрбір азамат өз құқығын қорғай білуі үшін қажет. Жұмыс берушіге, шетелдік инвесторларға құқығын білмей құл болып жүрген жұмысшы көп. Құқықтық тәрбиенің кемдігі бұл.

Ал судьяның жөні бөлек. Ол Қазақстан Республикасының атынан шешім қабылдап, үкім шығаратын жалғыз лауазым иесі. Қазір судьяларды іріктеу, жастарды тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл бөлінуінің бір себебі осы.

Дәмеш Әбдәлі әрбір қызметін ұқыпты атқарып, өз ісін жете білуге күш салады. Өмір жолына үңілсек, 1984 жылы ҚазМУ бітірген ол мемлекеттік комиссияның шешімімен Ақтөбе облыстық атқару комитетінің әділет бөліміне сынақ мерзімінен өтуші болып қабылданады. Бума-бума қағаз, әрқайсысының маңызы бөлек құжат. Бір сарынды жұмыс. Онша тарта қоймайтын. Жас кадр бұдан кейін облыстық адвокаттар коллегиясының мүшесі болып, сот ісіне тікелей қатыса бастайды. Оның Исатай аудандық халық судьясы болуына адвокат ретінде өз ісін жетік білуі себеп болды.

Дәмеш Әбдәліұлы 1993 жылы Ақтөбе облыстық сотының мүшелігіне сайланып, 1996 жылы облыстық соттың судьясы болып тағайындалды.

Дәмеш Әбдәліұлына облыстық сотта судья болған кезде бірінші, апелляциялық және қадағалау сатыларына түскен қылмыстық істерді қарауға тура келді. Ол сот шешімінің сапалық деңгейін көтеруді бірінші орынға қойды. Бұзылған шешім болған жоқ, іс қарау мерзімі қатаң сақталды. Оның атына ешқандай шағым түспеуінің бір себебі осы.

Сотқа, судья алдына кейбір адамдар ең соңғы үмітпен, шыдамдары таусылып, жүйкелері жұқарып келеді. Оларды тыңдай білу, өтініштерін түсіну, дұрыс жауап беру сабырлылық пен парасаттылықты талап етеді. Дәмеш осыған сәйкес бұрынғы облыстық сот төрағасы, қазіргі Парламент Сенатының депутаты, белгілі заңгер Иран Әміровтің «Алдыңдағы адамды тек қылмыскер деп қарама. Ол өз елінің азаматы, қорғаушысы, отағасы, еңбеккер екенін ешқашан ұмытпа. Оны заңның барлық пәрменімен жазалағың келсе де ойлан» деген сөзін ұдайы жадында ұстайтынын айтады.

2005 жылдан бері Дәмеш Әбдәлі қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы болып, қызметін абыройлы атқарып келеді.

Қалалық мамандандырылған әкімшілік сот негізінен жол жүру, көлік жүргізу ережелерін бұзған жүргізушілердің әкімшілік істері, тағы басқа сан-салалы істерді қарайды. Судьялар саны аз. Кешкі сегізге дейін, кейде сенбі күндері жұмыс істеуге бәрі мойынсұнған. Өткенді талдасақ, ол төраға болып тағайындалған екінші жылы ғана 16203 әкімшілік іс, 123 азаматтық іс қаралған. Қазір одан, тіпті көбейген.

Дәмеш Әбдәлінің бастамасымен Ақтөбе қаласында әкімшілік құқық бұзушылық істерін кейде облыстық жол полициясы басқармасында қарау тәжірибеге еніп, ол Жоғарғы сот тарапынан қолдауға ие болды.

Дәмеш Әбдәлінің басшылығымен сот кеңсесі мамандары «Қазақстан Республикасы сот органдарындағы бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау» жүйесіне көшіп, Мемлекеттік есепті қағазсыз толық автоматты түрде орындау әдісі бойынша, Ақтөбе облысы соттары байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

Ол – облыс бойынша «2007 жылдың үздік судьясы». Ол – судьялыққа кездейсоқ келмеген, өз қызметін құрметтейтін, білімді де білікті азамат.

Айдос ШӨКІШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button