Білім

Мұқан ағаның қоңырауы сыңғырлады

Білім күні Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылының тұрғындары үшін үлкен мерекеге айналды. Ауылдағы 9 жылдық негізгі мектеп биыл қайтадан 11 жылдық орта мектеп болып ашылды.

Мектептің ашылу рәсімінде жаңадан салынған екі қабатты ғимараттың тұсаукесеріне ауыл тұрғындары түгел жиналды. Аудан әкімі Любовь Исмағамбетова алғашқы қоңырау салтанатын бастап, көпшілікті жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.

Осы кішкентай ғана ауылдың бір кезде бүгінгідей сәулетті емес, жұпыны ғана мектебі болған. Сол мектепте облыс әкімі Елеусін Сағындықов сияқты биік тұлға оқыған. Осы жердің топырағында ойнап өскен баланың болашақта елге белгілі болатынын ешкім де білмеген. Ол тек биік тұлға ғана емес, сол биіктігінің көпке сәулесі түскен қайырымды, жанашыр, кеңпейіл басшы. Елеусін Наурызбайұлының қолдауы болмағанда осы Егіндібұлақ ауылы осылай тамаша көркейер ме еді. Әлде, тек өткендерді еске салатын төбе-төбе қорымдары көрінетін ескі жұрттың орны болып қалар ма еді? Ол кісінің еңбегін бағалаған ауыл тұрғындары бүгін ертеңін ойлап, ауласын ұқыпты ұстауға, тал отырғызуға талпынулары керек. Осы мектептің іргетасы осы ауылдың салынғанындай көп еңбекті, қажыр-қайратты қажет етті. Сіздер мен біздердің балаларымыз жарық, зәулім, сәулетті, жаңа заманғы технологиялармен қамтылған мектепте білім алсын, үлкен азамат болсын деген ниеттен туған ел ағасының ойынан шығуға тырысуымыз керек. Жаңа мектеп жасампаз болашаққа бастар ұрпақты тәрбиелесін. Оған осы мектептің мұғалімдері аса үлкен жауапкершілікпен қарайтынына сенемін, – деді аудан әкімі Л. Исмағамбетова.

Жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастағалы тұрған оқушыларды, мұғалімдерді мектеп директоры Рысты Аралбаева, «ТЕЗ» шаруа қожалығының иесі Зағыпар Отарбаев құттықтады.

Мектептің ашылу салтанатына арнайы жез қоңырау жасап әкелген ауыл тұрғыны Мұқан Ізбасов жаңа мектептің салынып біткенін көргенде балаша қуаныпты.

Бұрынырақта осы Егіндібұлаққа көршілес Бегалы ауылында мектеп ашылғанда осындай қоңырауды жезден соғып, айналасын оюлап жасап апарған едім. Жасырақ уақытта менің ұстаханамда көп зат жасалатын. Жұрт мен жасаған айшықтарды бейіт басына орнатып жүрді. Кейінірек осы іспен шұғылдануды сиреттім. Дегенмен, ауылымызда осындай үлкен мектеп бой түзеп, 11 жылдық болып қайта құрылып жатқанда қарап отыра алмадым. Құтты болсын айта келіп, өзім жасаған қоңырауды әкелдім, – деді Мұқан аға.

Егіндібұлақ орта мектебінің жанында бұрынғы ескі мектеп ғимаратын балаларға арналған интернат ретінде қайта жабдықтаған. Интернатқа жатып оқуға тілек білдірген 20 бала ауданның әр түпкірінен келді. Ата-аналар ауасы таза, мөлдір бұлақтан қайнап шығып ағып жатқан өзені бар, көк шалғынға оранған табиғаты керемет ауылда балаларын оқытуға тілек білдіріп отыр. Әрі интернат күнделікті тұрмысқа қажеттің бәрімен қамтылған. Қыздар мен ер балаларға арналған душ бөлмелері, мектептің зәулім спорт залы, биллиард, сабаққа дайындық бөлмесі пайдалануға берілген. Интернат балаларын күтіп-баптау үшін аспаз, тәрбиешілер, медбике жұмыс істейді.

Қобда ғана емес, көршілес Ойыл ауданының оқушылары да Егіндібұлақ мектебі мен интернатына қызығушылық танытып отыр. Оған Ойылдың Көсембай ауылынан көшіп келген Майдан Отарбаев ақсақалдың сөзі дәлел. Ол мектеп интернатына ауылынан бес бала әкеліпті.

Егіндібұлақ ауылы көркейгенін іргеде отырып естіп,  қуанып жүрміз. Білім алу үшін керектің бәрі табылатын зәулім мектептің ашылғанын көріп немеремді оқуға алып келдім. Жеті жұрт қонып, жеті жұрт көшкен осы іргелі ауданның бір бөлшегі – Егіндібұлақтың топырағы ерекше, ауасы жан сарайыңды ашады. Осы жерде туған баланың облысты басқарып отырғаны тектен тек емес, – деді Майдан ақсақал.

Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімінің грантына ие болған Баян Жаппарова сияқты үздік мұғалімдерімен мақтанатын мектеп биыл облыстың оқу орындарын бітіріп келген 5 жас маманды қарсы алды. «Еңбек жолымызды жаңа мектеп ғимаратынан, жердің көркі Егіндібұлақтан бастағалы отырғанымызға қуаныштымыз. Менің осы ауылға келу туралы ойымды ата-анам да құптады. Мектеп бізді жақсы қарсы алып, мені бірден 5-ші сыныптың жетекшісі етті. Енді мойнымда үлкен жауапкершілік барын сезініп отырмын», – деді информатика пәнінің маманы Анар Әмірғалиева.

Екі қабатты мектеп ғимаратында оқушының білім алуы, өнерге үйренуі, тәрбиеленуі, спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Физика, химия, биология кластары мен компьютер кабинеттері жаңа технологиямен жабдықталған. Мектеп жиһаздары да жаңадан алынып, парталар оқушысын күтіп тұр.

Ашылу рәсімінде салтанатпен лента қиылғаннан кейін жаңа мектепке кірген ауыл тұрғындары шашу шашып, балалар мәз-мейрам болды. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ата-аналар мен оқушыларға концерт берді.

Айгүл БАЙМЕНОВА,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button