Спорт

АҚТӨБЕДЕ САЯТШЫЛАР БАС ҚОСТЫ


Биыл тұңғыш рет Ақтөбе облысының үлесіне ұлттық спортымыздың бірегей түрінен чемпионат өткізу кезегі тиді. Бұрын-соңды біздің облысқа таныла қоймаған саятшылар сайысын асыға күткендер аз болған жоқ.  Жарыстың ресми атауы – «Бүркітші-2009». Жастар арасындағы бірінші чемпионат.

Бұл жарысты өткізуге ұйытқы болған ҚР Туризм және спорт министрлігі басшыларының мәлімдеулерінше, соңғы жылдары Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлерінің даму қарқыны ерекше. Тіпті, жекелеген спорт түрлері бойынша саңлақтарымыз ұлттық құрама сапына іліккен.

Енді жарыстың тоқетеріне көшейік. Тұңғыш біріншілікке еліміздің барлық облыстарынан дерлік құс ұстап, қыран баптаған жас саятшылар келді. Атап айтқанда, байырғы өнерімізді төрге шығаруға талпынған 12 бүркіт пен 3 қаршығаның иесі арнайы жаттығуларда шын қырандарды анықтауға қатысты.

Ақтөбе су қоймасының бетіндегі қалың мұздың үстінде көкке самғаған түз тағылары жердегі қоян, түлкі, қасқырға дейін тыпыр еткізген жоқ. Сөйтіп, біздің облыстың да бұл саладағы ойып тұрып орын алатын мәртебесі барын айғақтады. Сонымен…

ЕЛ ҚҰЛАҒЫН ЕЛЕҢДЕТКЕН ЖАРЫС

Жарыс жұма күні басталды. Алғашқыда төрешілер бүркіттің тұрпаты мен бүркітшінің киімін бағалады. Мұнан соң – шырға салу. Бұл әдіс әрбір жарыстың алдындағы бой қыздыру іспетті. Өлген аңның терісін ат құйрығына байлап шауып, оны нысанаға жіберілген бүркіт ілуі тиіс.

Сонымен қатар иесі шақырған қыранның қайта оралуы да бағаланды. Ұйымдастырушылардың айтуларына қарағанда, бұл сыннан мүдірмей өткендердің ұпай саны еселеніп, жеңілгендері барға қанағат тұтады.

Жарыстың көрігі сенбі күні қыза түсті. Бұл жерде Ақмола, Павлодар, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласынан келген спортшылар шын үздікті, алғыр бүркітті анықтауы тиіс болатын.

Әрине, жарысты өткізуге таңдалып алынған орынның қолайлы болғандығын да атап өткен жөн. Бұл жерге жиналған қарапайым көрермендер де Ақтөбе су қоймасының биік жарқабағынан мұз үстіндегі айқасты алақанға салғандай тамашалап отырды. Алайда күшті жел мен сол күні төпелей жауған қар жекелеген жаттығуларды орындауда бүркіттерге кедергі келтіргені рас.

Жалпы, спорттың, ұлттық өнеріміздің бұл түрі жерлестерімізге онша таныс емес. Сондықтан да ұйымдастырушылардың кезекті жарысты Ақтөбе жерінде өткізудегі мақсаты – көпшіліктің бойына бүркітшілікті сіңіру мен бұл өнерге қалың қауымды тарту. Жарыстың ресми ашылу салтанатына облыс әкімінің қос орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов пен Сара Нұрқатовалардың қатысуы бұл спортқа биліктің де көзқарасы түзу екендігін танытса керек.

Жеткерген Тілеулесұлы өз сөзінде:

Бүгін Ақтөбе жерінде бұрын-соңды болмаған айтулы оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Республика деңгейінде жастар арасындағы бүркітшілер жарысының біздің облыста өтуі кездейсоқтық емес. Қай уақытта да қазақ елі өзінің дәстүрімен, салтымен ерекшеленеді. Бүркітшілік те ұлтымызға жақын өнер. Тарихымызға көз жүгіртсек, қазақтың ер жігіттері бес қаруын бойынан тастамаған. Қазіргі күні де сол дәстүріміздің жаңғырып жатқандығы қуантады, – деді.

Ал Сара Қайыржанқызы барлық жиналғандарға осынау доданың біздің аймақта өткізілуіне байланысты облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың құттықтауын жеткізді.

ҚАЗАҚСТАН – БҮРКІТШІЛЕР ОТАНЫ

Жарыстың бас төрешісі, «Бүркітші» федерациясының атқарушы директоры  астаналық Владимир Земблевскийдің айтуынша, соңғы он жылда ұлттық өнеріміздің даму қарқыны жаман емес. Федерация тарапынан жылына кемінде 3-4 жарыс тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оның арасында ел чемпионатының орны бөлек. Мұндай біріншілікте бірінші орыннан көргендерге спорт шебері атағы да беріледі екен.

– Жарыс өткізу тәртібіне жыл сайын жаңашылдық енгізуге тырысамыз. Ондағы мақсат – қан шашуды азайтып, бүркіттің қауіпсіздігін жоғары деңгейге көтеру. Ол үшін қолданбалы жаттығулар санын артырып отырмыз. Бұндай тәсіл құстарды мерт болудан сақтап қана қоймай, түз тағыларының есту және көру қабілеттерін арттыра түспек. Жаңа енгізілген жаттығулардың күрделі екендігі рас. Алайда бүркітке де спортшы тәрізді бап керек. Мысалы, болашақта бүркітшілердің кәсібін мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесі қолға алынбақшы. Оларға жалақы да төленуі бек мүмкін, – дейді бас төреші.

Еліміздің Алтай мен Атырауға дейінгі аралығы аң ілетін жыртқыш құстарға кенде емес. Бірақ солардың құрып кетпеуінің амалына қазір кіріспесе, жерлестеріміз бармақ тістеп қалуы да мүмкін. Өйткені алғыр құстарға шетелдерде де сұраныс жоғары.

Қазақстандық бүркітшілер Қытайдан қоныс аударған қандасымыз Әбілқақ Тұрлыбаевты пір тұтады. Оның қолында тәрбиеленген бүркітшілер мен бүркіттер талай жарыста олжа салып жүр.

Ал алматылық Ахмет Ұзақовтың саятшылық өнері тауысылмас жырмен тең. Кеңес Одағы кезінде-ақ ол туралы бірнеше фильмдер түсірілген. Мәселен, құсбегілікке Кавказ елдері мен ауғанстандықтардың қызығушылығы жоғары екендігі мәлім. Тіпті, балапанынан бапталған бүркіттер қарсылас жақтың қарауылына дейін сұлатып түсіруге қауқарлы.

– Еліміз осыдан екі жыл бұрын халқаралық қаршыға баптаушылар қауымдастығына дауыс беруге құқы бар толыққанды мүше ретінде қабылданды. Құрамында қырықтан аса мемлекет бар бұл ұйымның талабы жоғары. Осыған қарамастан саятшылықты дамытуға да пайдасы тиеді, – дейді В. Земблевский.

БҮРКІТ ПЕН ҚАРШЫҒА

Жарысты қыздырған алаңқайға бүркітті қоянға салу сыны болатын. Алғаш болып бүркітін қолына қондырып, тұғырға көтерілген павлодарлық Денис Шеердің қыраны «су жүрек» мақұлықты төртінші сәтте әрең бүрді.

Жас бүркітшілердің сайысына құлшына келгендердің бірі – жуырда Қарағанды облысында өткен ересектер арасындағы чемионаттың жеңімпазы Ермек Иманзайып. Он жастағы саятшы әкесінің ізбасары ретінде жеті жастағы «Қайсар» атты бүркітін барынша мәпелеп келеді. Бірақ Ақтөбедегі дода Ермек үшін сәтсіздеу болды. Иесінің нұсқауын елемеген бүркіті алғашқы сындарда-ақ көп ұпайдан айрылып қалды.

Бұл сайыста атыраулық Самат Бөлтеков пен көкшетаулық Мұрат Құшқынбаевтың жолы болды.

Бұл сыннан мүдірмей өткендер келесі кезеңге жолдама алып, қырандарын түлкіге салулары тиіс болатын. Бірақ бұндай тәуекелге барушылар саны көп болған жоқ.

Алайда барлық сыннан сүрінбей келе жатқан Ақмола облысынан келген ағайынды Бергентай мен Бердіболат Тастанбектердің жолы болды. Ұпайларын еселей түскен жігіттер алғашқы орындарды бөлісті.

Осы арада жарысты ұйымдастырушылардың аңды тірілей ұстауда қиындықтарға кезіккендіктерін атап өткен жөн. Бірақ сол азғантай қоян мен түлкі бүркіттерге ұстатпай әлек қылды. Әрине, бұл саланың мамандары ондай сәтсіздіктерді бүркіттің бабының келіспеуіне теңгергені анық.

Ал бүркітті қасқырға салуға да ынталылар көп болған жоқ. Мәселен, бабы келіспеген қыран жыртқышқа жемтік болуы әбден мүмкін еді. Осыны ескерген бүркітшілер бұл сынға қатысуға асыққан жоқ.

Бір-екі бүркітті көкжалға салғаннан кейін осы шоуды жүргізген Рамазан Сәттібаев жарысты осымен доғару керек деп шешті.

Бір қызығы, көрермендерді баяу бүркіттен гөрі шалт қимылдайтын қаршығалардың әрекеті қатты қызықтырғаны байқалды. Көкке самғаған кептерді зымыранша зуылдап барып жерге құлатқан қаршығалардың қимылына қол соқпағандар кемде-кем. Бұл сындағы жүлделер түгелімен Жамбыл облысының жас спортшыларына бұйырды.

Сөйтіп, жетістіктер мен кемшіліктерге толы болған дүбірлі жарыс сәтті аяқталды деуге болады. Әрине, бірінші кезекте ұлттық өнерімізді дамытуға арналған спорттың болашақта Ақтөбе өңірінде қарыштап дамитындығы анық. Сонымен қатар ұйымдастыру жұмыстарындағы кемшіліктер де сараптан өткізіліп, лайықты жолға салынар деген үміт бар.

Жарыс соңында барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен арнаулы дипломдармен марапатталды.

СЫРТ КӨЗ

Жарысқа қатысушылар мен ұйымдастырушылардың тілегі бір жерден шығып, барлық тараптар ризашылық кейіпте тарасты. Енді қонақтардың пікірлеріне кезек берелік.

Рамазан СӘТТІБАЕВ, ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілі:

– Қазақстанның үлкен төл өнері бүгінгі күні өз басына дербес ереже бекітіліп, ұлттық дәрежедегі спортқа айналғанына қуаныштымыз. Сонымен бірге бұл Қазақстан спортындағы жастар арасындағы саятшылар жарысының Ақтөбе жерінде өтуі тегін емес. Ақтөбе облысы ұлттық спорттың аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, көкпар сияқты түрлерінен 2008 жылы үлкен жетістіктерге жетті. Бұл өңірдің жігіттері де қажыр-қайратымен, ұйымшылдығымен көзге түсті. Мысалы, көкпардан жастар арасындағы чемпионатта алғаш қатысқан он алты командадан ақтөбеліктер жетінші орынға тұрақтады. Бұл еліміздің ұлттық спорты күтпеген жағдай еді. Сондай-ақ, өткен жылы Орал қаласында өткен біріншілікте  аударыспақ пен көкпардан жоғарғы табыстарға жетті. Ал аударыспақтан ұлттық құрама қатарына қабылданған Нұрлан Додай – болашағынан үміт күттірер палуандардың бірі. Бұл жетістіктерден кейін ұлттық спорт жанашырларының Ақтөбе облысына қарай елеңдегені рас. Әрине, саятшылар жарысының облыс әкімі тарапынан да қолдау тапқандығына ішіміз жылып қалды. Қазақ елі  қыранындай қанатын самғап биікке ұша берсін! Ал жарысты ұйымдастырудағы кем-кетіктерге келсек, көш жүре түзеледі, болашақта қайталанбайтындығына сенімдіміз.

Ердос ӘУЕЛ, Жамбыл облысы:

– Жасым он бесте. Бүркітшілікті кәсіп қылғаныма бір жылдан асты. Мақсатым – ата-баба дәстүрін жалғастыру. Бүркітімнің аты – Қыранқара. Оны балапан күнінде көкем ұстап берген еді. Әзірге бүркітімнің қанаты қатайып болмағандықтан, тек қоян мен түлкіге ғана салдым.

Ақтөбедегі жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Тек ауа райының қолайсыздығы ғана бұрынғы межеге жетуге кедергі келтірді.

Еркебұлан БАЯСХАН, Астана қаласы:

– Бүркіт ұстағаныма бір-екі жыл болды. Менің атам бүркітшілер әулетінен. Маған жарысқа қатысқанда құстардың мүмкіндіктерін сынап көру қызғылықты. Сондықтан да спорттың өзге түрлерінен гөрі саятшылықты қаладым. Оның үстіне, саны азайып бара жатқан құстарды көбейтуге үлес қоссам деймін.

Азамат ДӘУЛЕТОВ, Ақтөбе қаласы:

– Менің ұстазым Әбдікәрім Қошқаров – тәжірибелі бүркітші. Әзірге ұстазымның бүркітімен сынға қатысып жүрмін. Өзім №10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тәлім аламын. Қолыма бүркіт алғаныма екі ай ғана болды. Сондықтан менің табыстарымның кілті ұстазымның қолында.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button