Білім

Жаңа ғимараттағы алғашқы қоңырау

Осы жылдың басында судай жаңа ғимаратқа ие болған Ақтөбе қаласындағы № 40 мектеп Білім күні басқа мектептер секілді өзінің алғашқы қоңырауын өткізді. «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасымен салынған әсем ғимаратта күміс қоңырау алғаш рет сыңғырлады. Бұл күні ұстаздар да, оқушылар да ерекше көңіл күйде еді. Оның бірнеше себептері бар.

Бұрын балабақшаның ескі ғимаратында орталау деген атақ жамылып келген бұл мектеп биылғы оқу жылынан бастап толыққанды орта мектепке айналды. Мектеп тарихында бірінші рет 10-сынып ешқайда ауыспай, өз білім ошақтарында оқуларын жалғастырды.

Оқушылар саны екі есеге жуық (1100 оқушы) көбейді, сонда да мектептің бір ауысымда ғана жұмыс істеуіне күші жетеді. Мұғалімдер саны жағынан №40 мектеп облыстағы ең үлкен ұжымдардың біріне айналды.

Өткен мерекеде ғана марапатталған үздік мұғалімдердің сегізі осы білім ордасына тиесілі. Мектеп басшысы Ләззат Оразбаева «Үздік мектеп директоры» атағын жеңіп алды.

Жылды осы сынды қуаныштармен бастаған ұжымның алға қойған мақсаттары да осал емес. Осы оқу жылынан бастап бірнеше пән тереңдетіліп оқытыла бастайды. Мектеп бір ауысымда ғана жұмыс істейтін болғандықтан, түстен кейін мұнда жиырмадан астам үйірме жұмыс жасайды.

Алғашқы қоңырау салтанатында ұжымға, оқушыларға, ата-аналарға сәттілік тілеген мектеп директоры Ләззат Аманжолқызы алдағы уақытта бұл оқу ошағының облыстағы үздік мектептердің бірі болатынына сендірді. Салтанатты жиыннан соң мектеп табалдырығын алғаш аттаған төрт бірінші сыныпқа «Алақай» қуыршақ театры «Қиқар қоян» атты қойылымын тарту етті.

Жан ТӨЛЕУ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button