Спорт

Тоғызқұмалақшылар тегеуріні

Конституция күнінде Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда тоғызқұмалақтан ақ тарыны өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған Шығанақ Берсеев атындағы республикалық турнир өтті.

Қызылорда, Орал, Атырау облыстарынан және өзіміздің облыстың аудандары мен Ақтөбе қаласынан барлығы 75 ойыншы қатысты. Жеті кезең бойы ойынның көрігін қыздырған тоғызқұмалақшылар жарысы бес күн бойы өтті.

Турнирдің жабылу рәсімінде спорттың санаткерлік түрлері жөніндегі облыстық спорт мектебінің тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Қабидолла Нұршин Ата заңымыз – Конституция мерекесімен құттықтап, бесінші рет өтіп отырған Шығанақ Берсеев атындағы турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

14 жасқа дейінгілер арасында Хромтау ауданынан келген Бағдат Сайын чемпион атанды. ІІ орын №24 орта мектептің 9-сынып оқушысы спорт шеберлігіне кандидат Гүлсезім Көптілеуге, ІІІ орын №24 орта мектептің 8-сынып оқушысы Аида Атлашоваға бұйырды.

Жоғары топтағы қыздар арасында бірінші орынды тоғызқұмалақтан еліміздің 7 дүркін чемпионы Әсел Далиева жеңіп алды. Тоғызқұмалақтан спорт шебері Гүлзат Бақтарбаева екінші орынға, спорт шеберлігіне кандидат Салтанат Қозбағарова үшінші орынға ие болды. Бұл топтағы ер балалар арасында жақында ғана Чехияда өткен Халықаралық жарыстан ІІІ орын алған тоғызқұмалақтан спорт шебері Нұрбек Қабиев жеңімпаз атанды. Кейінгі жүлделі орындарды Нұржан Төлегенов пен Дәурен Қозбағаров иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Қызылордадан келген ардагер Тұрғанбай Болғанбайұлына біздің облыстық «Ақтөбе» газетінің сыйлығын табыс етті. Сырдария ауданының «Тіршілік тынысы»  аудандық газетінен зейнетке шыққан Тұрғанбай ақсақал 10 жылдан астам уақыт балалар мен жасөспірімдерге тоғызқұмалақ үйретіп жүргенін айтты.

Турнирдің жас ойыншылары – Байғабыл Ақсейіл, Мөлдір Серікқызы, Ақторғын Есекендер де сыйлық алды. Бірнеше ойыншыға «Жеңіске деген жігері үшін» ынталандыру сыйлығы тапсырылды.

Дәстүрлі турнирге Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион директоры Қажымұқан Демеуов, «ТрансМостГрупп» ЖШС бас директоры Төлеген Таңатаров, ұлттық спорт түрлері жөніндегі ассоциацияның Ақтөбе филиалының директоры Аманғос Дербісалин, Ш.Берсеев атындағы ауылшаруашылық колледжінің директоры Владимир Друзяк демеушілік етті.

***

Бұл күні республикалық турнирмен қатар өткен облыстық жекелей чемпионаттың мықтылары анықталды.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы Райхан Жәрдем облыстық жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Тоғызқұмалақтан спорт шебері Гүлзат Бақтарбаева облыс чемпионы атанды. Жүлделі орындардың тұғырынан спорт шеберлігіне кандидаттар – Салтанат Қозбағарова мен Құралай Төлеуова көрінді.

Облыстық жарыста ер балалар арасындағы нәтиже республикалық турниріндегідей болды: бірінші орынды Нұрбек Қабиев жеңіп алды. Нұржан Төлегенов пен Дәурен Қозбағаров жүлделі орындардың сыйлығын алды.

Жеткіншектерге ынталандыру сыйлықтары, ал ауданнан, өзге облыстан келген жаттықтырушыларға естелік сый табыс етілді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button