Жаңалықтар

Шабындық қалың, қарқын жоғары  

Науқан

 Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша биыл да әр аудан жылдағыдай бір жарым жылдық мал азығы қорын дайындауы керек. Аймақ бойынша есептегенде бұл 1698,7 мың тонна табиғи жемшөп қорын құрайды. Шабындыққа шалғы көп шаруашылықтарда маусым айын орталап түсе бастағанның өзінде, үстіміздегі жылдың 7 шілдесіне жыл жарымдық мал азығы қорын дайындау туралы облыс әкімінің тапсырмасы облыс бойынша 48,1 пайыз орындалып үлгерді. Ал Шалқар, Қобда, Хромтау, Әйтеке би, Мұғалжар, Мәртөк, Темір аудандары тапсырмаларын жарыдан асырып орындады.

Ендігі мәселе  сол қарқынды дайындалып жатқан пішенді мал қыстақтары мен жеке шарбақтардың жанына тасып үюде болып отыр.  Қазіргі күнге облыс бойынша 816,5 мың тонна мал азығы дайындалса, соның 442,54  мың тонасы, немесе 54,2 пайызы ғана қыстақ жанына жеткізілген. Пішен тасымалдауда Хромтау, Темір, Шалқар, Мұғалжар аудандарында ыждағаттық байқалады. Қалған аудандар мал азығын тасымалдауда алдағы күндерде қарқынды арттыруы керек. Аудандармен телефон арқылы  хабарласқанымызда осы іске жауапты мамандардың да бұл шаруаға жоғары мән беріп отырғаны аңғарылды.

Шалқар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы орынбасары Марғұлан Досжанов:

— Бізде 13 ауылдық округ бар. Содан мал азығын дайындауға 145 трактор, 460-тың үстінде адам қатысуда. Дайындалған шөп ыждағатты түрде мал қораларының басына тасылуда. Қазір бізде дайындалған пішеннің жарыдан артығы мал қыстақтарының басына тасып үйілді.  Биыл табиғи шөптің шығымы жақсы, әр гектарға түсім 3,5 центнерден айналуда. Әсіресе, Бершүгір, Ақтоғай, Шетырғыз өңірлерінде шабындық қалың. Шабылған шөп қаумадан тайлап та, орап буылып та жатыр. Көп жағдайда пішеншілер орап бууға басымдық беруде. Әзір базарларға шығарып сату бастала қойған жоқ, жаңа пішен бірінші кезекте қыстақтарға жеткізілуде. Шөп қажет болған серіктестіктер, шаруа қожалықтары, жекелеген адамдар көліктерімен келіп шабындықтың басынан сатып алып жатқан жағдайлары бар. Алдын ала жасалған келісімдер бойынша шөп бригадалары ауылдарға  тасып беріп жатыр. Бізде бір дана тайланған пішеннің бағасы 300 — теңге, орап буылған пішен 3-3,5 мың теңге шамасында.

Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Нұрпейісов:

— Былтырғыға қарағанда шөп қою, түсімі жоғары. Бізде шаруа қожалықтары әуелі шөппен өзін қамтамасыз етеді, содан ауысқанын ғана сатады. Бұлақ ауылдық округінен «Мақсат», «Қанат-2» шаруа қожалықтары, Терісаққан ауылдық округінен «Ақжол» шаруа қожалығы жылда мал азығын дайындауда айрықша көзге түседі. Қызылжар округінде де мал азығы жақсы дайындалады. «Марат», «Қызылжар», «Ажар», «Темірлан» шаруа қожалықтары осы шаруаны тиімді ұйымдастырып көп пайда тауып отыр. Бұл өңірде  жер кең, шабындық шүйгін. Шөп бригадалары жыл сайын «АкТеп», «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шөп сатады. Жарық ауылдық округіндегі «Майлыбай» шаруа қожалығы да солай. Ауылдардағы шаруа қожалықтары жоңышқа өсіреді. Оның бағасы табиғи шөптен қымбаттау. Мәселен, Қызылжардағы «Марат» шаруа қожалығында,  Қиылда жоңышқа бар. Қазір шауып жатыр. Шабындықтың биылғы бітіміне арыз айтуға болмайды, тек дайындап үлгеруіміз керек. Бүгінгі күнге аудан бойынша 266 агрегат шөп шабуға қосылды, олардың әрқайсысында 2-3 орақтан бар. Біздің ауданда бір тіркеме шөптің бағасы бүгінгі күнге 12 мың теңге, орап буылған шөп — 2,5 мың теңге.  Мемлекет тарапынан арзандатылған жанар май бөлінді. Жалпы біздің ауданның орталығында солярка арзан, әрі кеткенде 85 теңгеден аспайды. Менің ойымша, науқан ұзаққа созылмайды, себебі шөп қою, оның үстіне ірі шаруа қожалықтары шөп дайындайтын механизаторларға айына 100 мың теңгеге дейін жалақы төлейді. Сондықтан пішеншілер жұмысқа ынталы.

Байғанин аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жаңабай Ержанов:

— Көлтабан, Ащы аталатын біздің ауданның жеріндегі шабындықты өңірлерді кеше ғана аралап келдім.  Биылғы мамыр айындағы жаңбыр өте жақсы болды. Құмақты жерлерде табиғи шөп бітік. Кешегі ыстық шөпті көтерді, кептірді. Аудан бойынша қазір мал азығын дайындауға  422 орақ қосылып,  569 адам жұмылдырылып отыр. Ең мол мал азығын дайындайтындар — Көлтабан, Қызылбұлақ, Жарқамыс селолық округтері, олар Жем өзенінің  бойындағы құмақты жерлерді шабады. Бұл жерлерге шөп жақсы шығады. Шөбі нашарлау жерлер  — Миялы селолық округінде. Олар шабындық тапшы болған соң, қамыс, құрақ дайындайды. Бір тәуірі, бұл жақта қыс қысқа. Кей жылдары мал шөпке тұра да қоймайды. Бірақ солай болар деп отыра алмаймыз, пішен дайындауға тиістіміз. Бір тіркеме жаңа шөптің бағасы ауылда 20 мың теңге, аудан орталығында — 25 мың теңге. Сатып жатқандар қазір бар. Шаруа қожалықтары техникаларын жаңалауда, биыл 22 шаруашылық жаңа техника алды. Әзір шегіртке жоқ, біздің қаупіміз — өрт. Шөпті алыс жердегілер ғана қостанып жатып дайындайды.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button