Спорт

«Қош, Еуропа!» –

Футбол

десек те, жанкүйерлер ризашылықпен тарады

Еуропа Лигасының 4-раундының алғашқы ойынын Германияның Бремен қаласында «Вердермен» өткізген «Ақтөбе» командасы 3:6 есебімен жеңілсе де, сырт алаңда үш гол соғып, Еуропа жұртшылығының назарын аударған болатын. Өйткені «Вердер» осал команда емес, еуропалық клубтар арасында рейтинг бойынша алдыңғы ондықтың сапында.

Ақтөбедегі кездесу 27 тамызда Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өтті. Стадион басшылығы билет бағасын 2 мың теңгеге көтерсе де, жанкүйерлер сүйікті командасы жанынан табыла білді.

Ойын әп дегеннен жерлестеріміздің шабуылымен басталды. Ойынның екінші минутында Сергей Струков гол соғуға мүмкіндік алды, бірақ доп қақпадан сәл қиыс кетті. Смақов алыстан ұрды. Аверченко оны қайталады. Аверченко ұрған допты қақпашы Тима Визе қайтарып, бұрышқа жіберді. Ал жерлестеріміз бұрыштама добын пайдамызға шеше алмады. Бұл ойынның алғашқы минуттарында ғана болған жағдайлар. Бұдан кейін әккі немістер ойынды өздерінің қолына ала бастады. Еркін жүгіріп, кең тыныстаған қонақтар бойшаңдықтарын пайдаланды. 10-минутта бұрыштан берілген допты Клаудио Писсаро баспен қақпаға дәл көздеді. Есеп – 0:1. Ойынның бірінші жартысының соңғы минутында Писсаро есепті 0:2-ге жеткізді.

Айта кету керек, бірінші таймның 18-минутында төреші Эмиль Кенжесариевке «сары карточка» көрсетті. Ал 36-минутта қарсыластармен болған қақтығыста құлаған Эмильді әдейі құлады деген желеумен алаңнан қуды. Бұл жөнінде ойыннан кейін болған баспасөз мәслихатында бас бапкер Владимир Муханов төрешінің төрелігіне күмән келтірді.

Он ойыншымен ойнаған жерлестеріміз 0:2 есебімен ұтылды да, екі кездесудің қорытындысы бойынша жарыстан шығып қалды.

Еуропаның маңдайы жарқыраған командаларымен күш сынасқан ақтөбеліктерге қазақстандықтар ренжи қоймас. Бұған дейін бірде бір қазақстандық команда Еуропа Лигасының 4-сатысына дейін жете алмағанын ескерсек, бұл біз үшін үлкен жетістік болып табылады. Владимир Мухановтың сөзімен айтсақ, «қарсыластар ойын үшін ойыншыларды таңдап алады, ал біз жинап аламыз». Дегенмен ақтөбеліктер алдағы жылдары еуропалықтармен талай тістеседі деген үміттеміз.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button