Білім

Үздіктер

Педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонының жүлдегерлері анықталды. 900 мұғалім облыс әкімінің грантын иеленіп, 30 мектеп үздік атанды. «Облыстың ең үздік мұғалімдеріне» – 120 мың, «Облыстың ең үздік сынып жетекшілеріне» – 100 мың теңгеден тарту етілді. «Облыстың ең үздік жалпы білім беретін мектебі»,  «Облыстың ең үздік инновациялық мектебі», «Облыстың ең үздік шағын жинақталған  мектебі» номинациялары бойынша жеңімпаз атанған 30 мектепке 1 млн. теңгеден берілді. Бұл қаржы педагогикалық кеңестердің шешімімен аталған мектептердің мұғалімдеріне бөлініп берілетіндігін ескерсек, облыс әкімінің сыйлығын иеленетін мамандардың қатары мыңнан да асады деген сөз. Мұндай игі іс республикада тұңғыш рет біздің облыста қолға алынып отыр. Яғни, мұғалімдері қолдаудың ақтөбелік моделі.

Біз жеңімпаздармен, үздік мектеп атанған мектептердің басшыларымен тілдескен едік. Сонымен…

Еңбегіміз ерекше еленді

Оразбай ҰЛҚАБАЙ, Байғанин ауданының Алтай ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі , «Облыстың ең үздік мұғалімі» номинациясының жеңімпазы:

– Сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері мекендеген кең байтақ Қазақстандағы қазіргі мамыражай да бейбіт тірлік пен заман талабына сай барлық саланың ілгері дамуы сайып  келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі.  Елбасы әлеуметтік салаға, әсіресе, білім мен денсаулық салаларына айрықша көңіл бөліп, ел игілігі үшін көптеген өнегелі істер жасап жатыр. Мысалды көптеп келтіруге болады. Мәселен, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы, жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуда атқарылып жатқан ізгілікті істер мен мұғалімдер жалақысының артуы білім саласының жоғары деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.

Елбасы тапсырмасы біздің Ақтөбе облысында өте жақсы деңгейде орындалып жатыр. Көптеген игі істердің жүзеге асуына біздің облыстың әкімі Елеусін Сағындықов мұрындық болып отыр. Мысалы, мұғалімдер мен дәрігерлерді қолдаудың ақтөбелік моделінің өзі неге тұрады?! Осыдан екі ай бұрын облыс басшысы облыстағы  бірқатар медицина қызметкерлеріне пәтер кілтін табыс етіп, көптеген дәрігерлер мен медбикелерге қомақты қаржы бергені мәлім. Енді, міне, мұғалімдердің еңбегі бағаланып жатыр.

Осы марапатқа менің де ілігуім – мен үшін үлкен бақыт. 13 жылдан бері білім саласында жұмыс істеймін. Содан бері спорттық бірнеше үйірмелерге жетекшілік етемін. Қазір дзю-до, самбо үйірмелерінің жетекшісімін. Шәкірттерім Нұрмағамбет Жолмағамбетов,  Мейірдос  Алмышев облыстық ашық біріншіліктерде жеңімпаз атанып, республикалық жарыстарға қатысып жүр. Былтыр Әнуарбек Таймантегі қазақша күрестен Қазақстан чемпионатына қатысты.

2002 жылы аудандық «Жылдың дене тәрбиесі мұғалімі» байқауына қатысып, бас жүлдені иелендім. 2007 жылы аталған конкурсқа біздің мектептің мұғалімі Алмат Кемаладинов қатысып, бас бәйге алды. Осы жарыстың жалғасы былтыр желтоқсан айында Қопа ауылында өтті. Онда шәкіртім Тұрдыбек Айтжанов І орын  алды. Жалпы, біздің мектептің білім көрсеткіші жақсы. Оқушылардың спортқа қызығушылығы жоғары. Өткен жылы мектеп базасын тексеру мақсатында облыстық білім басқармасы жанындағы «Ақтөбе аймақтық дене тәрбиесі және спорт ғылыми-практикалық орталығы» тексеру қорытындысында облыс мектептерінің арасында А.Пушкин атындағы орта мектепте спорт саласының жетістіктері жақсы екендігі жөнінде қорытынды жасап, мектеп директоры Асылгүл Арықоваға Алғыс хат табыс етті.

Тамыздың 24-і күні облыстық дене тәрбиесі мұғалімдерінің семинары өтті. Семинарда республикалық дене тәрбиесін дамыту орталығының Құрмет грамотасымен марапатталдым.

Аудандық білім бөлімі педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонына қатысу үшін біздің мектептен 4 мұғалімді ұсынған болатын. «Облыстың ең үздік класс жетекшісі» номинациясын Жазира Тоқаева иеленсе, мен «Облыстың ең үздік мұғалімі» атандым.

Жетістіктерім үшін ұстазым Дүйсенбі Жұмақұловқа ризашылығымды білдіремін.

23 жеңімпазы бар үздік мектеп

Марта Малайдар, Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның директоры:

– Біздің мектептен 23 мұғалім педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонына қатысты. Барлығы да жеңіске жетті. Нақтырақ айтқанда, 18 мұғалім «Облыстың ең үздік мұғалімі» атанды. 5 мұғалім – «Облыстың ең үздік класс жетекшісі» номинациясының жеңімпазы. Ал, біздің мектеп-гимназия – «Облыстың ең үздік инновациялық мектебі». Әрине, мұның барлығы ізденіс пен еңбектің жемісі. Еңбегіміздің еленгеніне қуаныштымын. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа ұрпақ тәрбиесі үшін, мұғалімдер мәртебесін көтеру үшін жасап жатқан игі ісіне алғысымды білдіремін.

Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде республика бойынша мектеп бітірушілердің орташа балы жоғары болған 100 мектепке Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Үздік мектеп» атағы берілген болатын. Біздің өңірдің 7 мектебі

үздік мектептердің қатарына қосылды. Соның арасында біздің гимназия да бар. ҰБТ-дан гимназияның орташа көрсеткіші – 96,2 балл. 5 оқушы «Алтын белгіден» үміткер болған еді, бесеуі де сенімді ақтады.

Асқар Аққужиев химия пәнінен қалалық олимпиадада І орын, облыстық жарыста ІІ орын иеленді. Сонымен қатар, ол Президенттік олимпиаданың өңірлік кезеңінде «Ең үздік хромотография» номинациясының иегері. Асқар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен республикалық пәндік олимпиадада химия пәні бойынша І орынға ие болды. Қазір ол аталған білім шаңырағынында дәріс алып жатыр.

5 оқушымыз Орталық Азия университетінің  грантын иеленген еді, бірақ басқа жоғары оқу орындарында білім алуда. Жалпы, 54 түлектің 29-ы (52 пайыз) – грант иегері. Түлектердің барлығы да жоғары оқу орындарының студенті атанды.

Балалардың білім биігінен көрінуіне зор еңбек сіңіріп жүрген мұғалімдер көп: Күләй Бекетова, Мәрия Ахметова, Майра Балшықбаева, Роза Қуанышева, Айымгүл Құлшаева. Күләй Бекетова облыстық «Үздік қазақ тілі пәні мұғалімі» сайысында ІІ орынды иеленіп, 250 мың теңге грант алды. Клара Қайырова «Өзін-өзі тану» оқулығын жарнамалау жөніндегі облыстық жарыста жеңімпаз болды. Республикалық семинарда сайыс материалдары көрмеге қойылып, «Өте жақсы» деп бағаланды. Іс-тәжірибелері жинақталып, баспадан әдістемелік  нұсқаулары  жарық көрген ұстаздар да жоқ емес. Мысалы, К.Бекетованың «Ғұлама тағылымдары» атты шығармалар жинағы, «Сахна сыры» атты кештердің сценарийлер жинағы және «Интерактивті модульдік оқыту технологиясы негізінде құрылған сабақ жоспарлары» атты әдістемелік нұсқауы баспадан шықты. М.Ахметова, М.Балшықбаевалардың сабақ жоспарлары АОКБА ҚДИ шығарған жинаққа енгізілді. А.Тоғымбаеваның «Қоршаған дүние» пәні бойынша оқу  модульдері, «Этно-педагогика тағылымдарын оқу-тәрбие үрдісінде қолдану  жолдары» атты әдістемелік нұсқауы жарық көрді.

Мектебіміздің материалдық базасы өте жақсы деңгейде. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бюджеттен 36 млн. теңге бөлінді. 2 спорт залы, мәжіліс залы, шатыр, гимназияның бассейн жақ бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

77 ұстаздың қуанышы

Злиха ТӘЖІМҰРАТОВА, Байғанин ауданы, Қарауылкелді ауылындағы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектептің директоры:

– Біздің мектеп «Облыстың ең үздік жалпы білім беретін мектебі» атанды. Мектебімізде 77 мұғалім жұмыс істейді. 479 бала білім алады. Оқушылардың оқуға, үйренуге, ізденуге деген ниеттері, ынталары ерекше. Оларға дәріс беретін мұғалімдердің де біліктілігі жоғары. Материалдық базамыз да мақтауға тұрарлық.

Өткен оқу жылында 22 оқушы мектеп бітірді. Барлығы да ұлттық бірыңғай  тестілеуде жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Түлегіміз Ақжан Құлжанова 113 ұпай жинап, «Алтын белгі» иегері  атанды. Ең төменгі балл – 61. Жалпы біздің мектептің ҰБТ-дан орташа балы – 83,32.

Былтыр Жангүл Қалниязова облыстық Ілияс Жансүгіров атындағы оқудан  бас жүлдені иеленді. Ал, Дарын Шәметов Ақтөбе қаласының 140 жылдығына байланысты ұйымдастырылған облыстық жазба ақындарының мүшәйрасына қатысып, бас бәйгені жеңіп алды. 7-сынып оқушысы Асылбек Жолдыұлы «ХХІ ғасыр көшбасшысының» интелектуалдық бағдарламасына қатысады. Оқушыларымыз пәндік олимпиадада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Мысалы, Гүлмарал Мырзағарина құқықтану пәнінен облыстық олимпиадаға қатысып, ІІІ орын иеленсе, осы пән бойынша Дидар Бижанов дипломмен марапатталды. Оразбек Ғабитхан – тоғызқұмалақтан өткен республикалық жарыстың екі дүркін чемпионы. Жеңіл атлетикадан өткен облыстық байқаудан Арай Төлеуғарина І орынды иеленді. Аудандық жазғы спартакиадада да біздің мектеп жүлделі орынға ие болды.

Жазғы демалыс кезінде мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2005 жылы мультимедиалық, 2006 жылы физика кабинеттері заман талабына сай жабдықталған болатын. Биыл биология кабинеті жаңа үлгіде жабдықталды. Мектепте 2 интерактивті тақта бар. Енді үшеуі беріледі.

Оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы да жақсы жолға қойылып отыр. Мысалы, өткен оқу жылында 1-11 сыныпта оқитын 200-ге жуық  аз қамтылған отбасы балаларына тегін ыстық тамақ  берілді. Биыл да бұл игі іс жалғасын табады.

Біздің мектептегі тағы бір жағымды жаңалық: жаңа автобус беріледі. Қаржы облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Автобусты мектептен 3 шақырым қашықтықта тұратын балаларды тасымалдау үшін және каникул кезінде интернатта жатып оқитын оқушыларды елді мекендерге апарып-әкелу үшін қолданамыз. Сонымен қатар, балаларды түрлі жарыстарға апарғанда пайдаланатын боламыз.

Педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонына мектептен 5 мұғалім қатысқан болатын, олардың бесеуі де жеңімпаз атанды. Нақтырақ айтқанда, Бәтима Мұңайтпасова (қазақ тілі мен әдебиеті пәні), Аян Сағындықова (химия пәні) «Облыстың ең үздік мұғалімі» номинациясының жүлдегерлері атанды. Галина Мұңайтпасова, Ернар Мұңайтпасов, Гүлхан Машариковалар –  «Облыстың ең үздік класс жетекшісі» номинациясының жеңімпаздары. Ал  мектептің  жетістігі үшін облыс әкімі Елеусін Сағындықов берген 1 млн. теңге педагогикалық кеңестің шешімімен жақсы нәтиже көрсеткен мұғалімдерге бөлініп беріледі.

Мектеп ұжымы атынан облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлына мұғалім мәртебесін, беделін көтеруде жасап жатқан игі істері үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Еліміздің ертеңі – жас жеткіншектерге сапалы білім беруге бар күшімізді жұмсайтынымызға сенім білдіреміз.

АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ АСУЫ

Дәурен ТҰРЫМОВ, Алға ауданындағы Маржанбұлақ орта мектебінің директоры:

– Конкурстың болатындығы жөнінде былтыр қыркүйек айында айтылды. Алдымен аудан мектептерінің жарысы өтті. Оның  қорытындысы желтоқсан айында жарияланды. Нәтижесінде, біздің мектеп өте жақсы көрсеткішке ие болды. Аудандық білім бөліміндегі мамандар облыстық жарысқа біздің мектепті ұсынатындықтарын айтты. Содан оқушылар мен мұғалімдердің жетістіктерін,

ҰБТ-ның көрсеткішін, басқа да материалдарды жинақтадық.  Конкурстың 10 талабы бар. Біздің мектеп 86 балл жинап, «Облыстағы үздік шағын жинақталған мектеп» атанды.

ҰБТ-дан біздің мектептің орташа көрсеткіші – 84,2 ұпай. Оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Былтыр 8 сынып оқушысы Гүлімхан Жалғасбай облыстық кіші олимпиадада физика пәні бойынша ІІ орын алды. 8-сынып оқушылары Т. Жұмағазин мен  Д.Жүсіпов аудандық «Дарын» орталығының ғылыми жобалар сайысында «Жеңіл қозғалатын арбашалар» тақырыбында І орынды иеленді. Ал, 5-сынып оқушысы Жаңылай Дәулетова облыстық «Достық» олимпиадасында тарих пәнінен ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 11-сынып оқушысы Назгүл Биктасова республикалық пәндік олимпиадада (тарих пәнінен) ІІ орын алды.

Мұғалімдердің де білім көрсеткіші жақсы. Мысалы, физика пәнінің мұғалімі

К. Есмағамбет облыстық «Үздік жұмыс дәптері» сайысында жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алды. 2007 жылы сол кездегі мектеп директоры Б.Кангужин «Мектепті  басқаруды құзыретті деңгейде жүзеге асыру» тақырыбында мектеп басшыларының бірінші облыстық олимпиадасында ІІІ орын иеленді.

Конкурс-марафон талаптарының бірі – оқушылардың жазғы демалысының ұйымдастырылуы. Жазғы демалыс  маусымында былтыр балалардың 80 пайызы лагерлерьде тыныққан болатын. Биыл 214 оқушы (88 пайыз) демалды.

Мұғалімдерді қолдаудың озық үлгісін облыс әкімі Елеусін Сағындықов: «Бұл – біздің  білім саласындағы серпінді жобамыз!» деген еді. Мәртебелерінің көтерілгеніне мұғалімдер мәз. Олар жауапкершілік жүгі арта түсетінін, сенімді ақтайтындықтарын айтады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button