Білім

Балдырған

Табиғат

Африканың өзгеше ордасы

Африкада күн қақтаған кер дала көсіліп барып, көз ұшында мұнартқан көгілдір тауларға ұласады.

Пышақтай өткір қияқ шөптің бетін қызғылтымдау шаң қапқан. Жарылып кеткен қызыл татырларда тікенекті бұталар қарауытады. Жазықтықтың бетінде шашырай қонған шағын-шағын тоғайлар, әр жерден бір көрінетін жеке-жеке ағаштар: діңі жіңішке иір бұтақ акациялар мен селдіреген қауырсын жапырақты баобабтар ұшырасып отырады. Қалың шалғынның жап-жасыл балаусасы тек осындағы толып жатқан өзен бойларында ғана.

Жылдың құрғақшылық мезгілінде саванна табиғаты, міне, осындай болып тұрады. Бірақ қанша айтқанмен тіршілік дегенің өз ыңғайымен жүріп жатады. Оның үстіне жер бетінде ірі хайуанаттардың мол шоғырын Африка саваннасынан басқа жерден кезіктіру қиын.

Жердің шаңын аспанға көтеріп антилопалар мен буйволдар табыны жөңкіледі. Сидам сирақ түйеқұстың жанында жайбарақат жайылып жүрген шұбар ала зебрлер. Жирафтар құрықтай мойнын соза түсіп ағаш басының жапырағын шалады. Маң-маң басқан пілдер. Кешқұрым саваннаны арыстанның ақырған үні тітіретіп жібереді – бұл оның аңға шықтым дегені. Мұнда қорқау қасқыр, сілеусін, қабылан сияқты басқа да жыртқыш хайуандар көп.

Саваннаға ұқсас далалар Австралияда, Оңтүстік Азияның қайсыбір тұсында да кезігіп қалады. Бірақ олардағы хайуанаттар дүниесі саваннаға қарағанда әлдеқайда кедей әрі алып жатқан аумағы да шамалы.

Ғылым

Вирус қашан табылды?

ХІХ ғасырдың соңында әрбір жұқпалы ауруды оның өз микробы туғызатынына, онымен оңай күрес жүргізуге болатынына ешкімнің күмәны қалған жоқ. «Тек мұрша берсеңіздер болды, жақын арада бірде-бір ауру қалмайды», – деді бактериолог ғалымдар.

Бірақ жылдар өте берді, ал уәде орындалмады. Адамдар жұқпалы аурулардан тіпті миллиондап қырылды, бірақ қоздырушы микробтарды табудың сәті түспеді.

Ақырында 1892 жылы орыс ғалымы Дмитрий Иосифович Ивановский оның ізін дұрыс тапты. Ол адам ауруын емес, өсімдік ауруын зерттеді. Темекі жапырағының ауруы – темекі мозаикасын зерттей отырып, бұл ауруды микроб емес, өте ұсақ бір нәрсе туғызады деген қорытындыға келді.

Осынау «бір нәрсе» көзі өте тар сүзгіден де өтіп кете береді екен және тек басқа организмдердің тірі клеткаларында ғана көбейе алатын қасиеті бар.

Бұл жаңа «бір нәрсе» вирус деп аталды. Латын тілінен аударғанда «у» дегенді білдіреді.

Ең қарапайым вирус дегеніміз қабықша ішінде спираль тәрізді оралған үлкен молекула екен. Мұндай вирус өзіне қолайлы тірі клеткамен жанасса болғаны, кішкентай спираль өзінің қабықшасын тастап, клетка ішіне өтеді де,осы кезде таң қаларлық құбылыс болады: клетка ішіндегі заттар қабықшаға оранған кішкентай спиральға айналады.

Басқаша айтқанда, клетка тіршілігін жойып, вирустың жаңа молекулалары пайда болады. Кішкентай спиральдар клетканың тіршілігін жойып, нағыз әдепкі вирустың өзіне айналады. Вирус осылайша көбейе береді.

Вирустың көптеген түрлері бар. Олар белгілі бір ауруларды ғана туғызады. Кейбір бактериялардың ішіне еніп, оларды бүлдіретін вирустар да бар. Бұл вирустар бактерияларды жалмаушы – бактериофагтар деп аталды. Бактериофагтар дизентерияны емдеуде дәрігерлердің тамаша жәрдемшісі болып шықты.

Жас қалам

Алтын бесік

Әр перзенттің алғаш көрер жарық жұлдызы, темірқазығы – туған мекені. Облысымыздың орталығы дәл сондай алтын бесік.

Міне, сол қаламыздың 140 жылдық мерекесіне байланысты облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар арасында «Ақтөбе – татулықтың мекені» деп аталатын жыр сайысын өткізген болатын.

Сайысқа Алға облыстық балалар үйінің және Әйтеке би, Қобда, Темір, Хромтау аудандарының отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Сайысқа қатысушылар өздерінің туған жерге, елге деген сезімдері мен мақтаныштарын балауса өлеңдері арқылы кестелеп жеткізуге тырысыпты.

Ал шығармаларды іріктеу барысында Хромтау отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушісі Тағыбай Дәулет пен Темір отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушісі Әйгерім Өтешованың өлеңдері үздік деп танылды.

Төменде жүлдегер шумақтарды ұсынып отырмыз.

*  *  *

Ақтөбем – асыл жерім, ару қалам,

Осында біздей ұлан жалындаған.

Әлемді алты айналып өтсем дағы

Өзіңдей жарқын қала табылмаған.

Әйгерім ӨТЕШОВА.

Бізге ыстық күзің де, көктемің де,

Бір өзіңмен өтуде тәтті өмір де.

Шаттықтан шатыр тігіп бердің бізге,

Алуан гүлдер жайнайды көк беліңде.

Тағыбай ДӘУЛЕТ.

Ақтөбе – 140

Менің қалам көрікті

Туған қалам Ақтөбе маған өте ұнайды. Қаланың әдемі ғимараттары мен саябақтарын көргенде көңіліме өте қуанышты сезім ұялайды.

Әрине, қала бірден қазіргі кездегідей болған жоқ. Мен оны әжемнің айтып отыратын әңгімелерінен естимін. Ақтөбе қаласының тарихы туралы мектептегі ұстазымыз да көптеп түсіндіреді. Ескі Ақтөбеде әдемі ғимараттар көп болмаған. Халықтың және жас балалардың жиі баратын жерлері «Қазақстан» кинотеатры мен А.С.Пушкин атындағы саябақ болған.

Сол уақыттағы ескі Ақтөбе мен қазіргі арайлы Ақтөбені салыстыру маған өте қиын. Қазіргі Ақтөбе менің көз алдыма Қазақстанның ең әдемі де көрікті қалаларының бірі болып көрінеді. «Нұрғасыр» мешіті мен шіркеудің ашылуы қаланы бұрынғыдан да көркейтті. Оқуға дейінгі балаларға арналған «Нұрсәт» балабақшасы сәбилер қуанышына айналды. Мен де кішкентай сіңлім Нарғызды «Нұрсәтке» апарып қуантқым келеді. Осындай жұмыстарды ұйымдастырып, Ақтөбе халқына, біздердей кішкентай балаларға қуаныш сыйлаған облыс әкімі Сағындықов Елеусін атама үлкен алғысымды кішкентай жүрегіммен білдіремін. Егер мен басқа қалаға барсам, өз туған қалам Ақтөбені сағынамын. Мәңгі жасай бер, арайлы Ақтөбем!

Назерке ТАСМАҒАНБЕТОВА,

Ақтөбе қаласындағы №23 орта мектеп лицейінің 3-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button