Білім

Бұқара

Зейнет

Аға шопан Отарбай

Кеңес үкіметі кезінде «Шопан», «Аға шопан» деген сөздерді жиі айтушы едік. Ол кезде шопандарға үлкен құрметпен қарайтын. Кеңшардың малын шашау шығармай бағып, көктемде басына бас төл берген малшылардың еңбегін, іс-тәжірибесін үлгі тұтып, үлкен сый-сияпатқа бөлеуші еді. Кеңшарлар тарап, шаруалар жеке басының қамына кіріскеннен кейін «шопан» деген сөздің өзі ұмтылып бара жатқандай…

Бүгінгі менің кейіпкерім Отарбай Қалдыбаев кешегі Кеңес үкіметі кезінде отар-отар қой бағып, аға шопан атанып, еселі еңбегімен жұртшылыққа танымал болған азамат. Ол 1937 жылы Байқадам ауылында дүниеге келген. Жастық шағын заманның қиын-қыстау кезеңімен арпалысуымен өткізген. Жастайынан әкеден айрылып, анасы Жеміс, жалғыз бауыры Даулыбай үшеуі небір қиын сәттерді басынан өткереді. Бұғанасы қатпаған жас бала ауылдың күйбің тірлігіне белсене араласады. Мал бағып, шөп шауып, егін егеді. Әке мейірімін сезінбей кішкентайынан қара жұмысқа жегілген Отарбай осы кезеңдерден мойымай өтеді.

Ол 1958 жылы Құланды ауылының тумасы Тайпанқызы Төлеумен дәм-тұзын жарастырады. Ол кез қазіргідей емес екенін жоғарыда айтып өттік. Жас отбасын басшылар әртүрлі шаруаға жұмсап, тыным бермейді. Екеуі ойлана келе өз алдарына үкіметтің бір отар қойын алып бағуды жөн санайды. Сөйтіп, малға өрісі жайлы, шабындығы шұрайлы, ауданымыздың Мұзбел, Аяққұм деген жерлеріне қоныстанып, мал бағады. Екеуі бар бейнетті көре жүріп, дүниеге 11 бала әкеледі. Бүгінде Төлеу әжеміз «Батыр Ана», «Алтын алқа» иегері атанып отыр. Ал Отарбай ақсақалдың кезінде «қыз Отар» деген лақап аты болған. Мұның себебі, жайсаң мінезді ол киіз басып, ши тоқыған, киіз үй жабдықтары мен ат әбзелдерін жасайтын болған. Ол  қазір де жетпістен асса да бос отыруды жөн санамайды. Өзінің балаларымен бірігіп құрған «Тұрғанбай» шаруа қожалығының ісі өрге домалағанын қалайды. Балаларына, немерелеріне ылғи да ақыл-кеңесін айтып отырады.

– Аллаға мың тәубе! Ұлымызды  ұяға, қызымызды қияға қондырдық. Кеңес үкіметіне аянбай еңбек еттік, одан жаман болмадық. Кейінгі жастарға айтарымыз, тек еңбекті сүйіңдер! Ерінбей еңбек етсеңдер алар асуларың да биік болады, – дейді Отарбай ата мен Төлеу әже.

Еңбек түбі береке деген осы. Жастайынан үлкен жауапкершілікті мойнына алған атамыз бен әжеміз өмірдің қандай қиыншылығы болса да қаймықпайтынын байқайсың. Шіркін! Қазіргі жастарымыз да осы қариялардай еңбекқор болса екен дейміз.

Гүлназ СҮНДЕТБАЕВА,

Шалқар ауданы.

Ой-тамызық

Бала тәрбиесіне мән берейік

«Жазба әдебиеті мәдениеті болмады» деп еуропалықтар өзеурегенімен қазақ халқында ұрпақ тәрбиелеудің бүгінге жеткен үлгісі мол. Технологиясы дамыған ХХІ ғасырда да негізігі түп қазығын жоғалтпай, өнегелі күйінде сақтап келеді.

Дегенмен, кейбір замандастарымыз сол ата-баба дәстүрін ұмытып, бала тәрбиесіне мән бермей, іштен шыққан «шұбар жыланы» заң құрығына іліккенде «аһ» ұрып, барлық кемшілікті құқық қорғаушыларға жабатын болып жүр.

Ешбір ата-ана баласын жамандыққа қимайды, қайта қолындағысын сыйлайды. «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым» дегендей.

Мысалы, ұрлық үшін жауапталғанда кейбір ата-ана аталмыш ұрланған дүниені «менің балам алған жоқ, полиция қызметкерлері зат ұрланған жерде жүргені үшін мойнына ілді» деп азарда-безер болады. Бірақ балаларының беймезгілде сол жерде жүргенін түсіндіру түгілі, өзі қайда болғанын дөп басып айта алмайды. Бұл ата-ананың баланы бақылап-қадағаламайтындығы, яғни, «әй, дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтығы». Бұндай бақылаудың жоқтығы соңын ойламаған жасөспірімдердің кейбір құқық бұзушылыққа баруына жол ашардай.

Сонымен қатар, бөгде кісінің қандай да болмасын затын рұқсатсыз алмауды баланың санасына сіңірудің орнына, менің балам аштан өлмейді деп көлгірсиді. Мәселен, 5-6 сыныптарда оқитын жүгірмектердің телефон сымдарын ұрлап металл қабылдайтын орынға тапсырып, ақша алып, тәттісін үйге әкелгенін көрген ата-ананың үндемейтінін қайда қоямыз. Рұқсатсыз алған әрбір мүлік «ұрлық» деп есептеліп, құқық бұзушылық болып табылады емес пе…

Менің көпшілікке ой тастауым – сіз бен біздің, ата-ананың жалпы қоғамдық сипат алып бара жатқан бала тәрбиесіне мән беру.

«Қызға қырық үйден тыйым, қала берді, құлдан да тыйым» деп аталы сөз қалдырған ата-баба дәстүрін ескеріп, автобус ішінде орын бермеген оқушыларды, біреудің сөмкесі мен қалтасына түскен жылпостарымызды өзіміз жолға салып, ойын баласының себепсіз айтқан балағаттарына тыйым салып, көршінің баласы деп емес, өзіміздің іні-қарындастарымыз деп қарайтын мезгіл жетті.

1990 жылдардағыдай борбайлап, бала-шаға асыраймын деп жүріп, балаға салғырт қарау артта қалды. Тәуелсіздікке қол жетіп, өз қолымыз өз аузымызға жеткен заманда бала тәрбиесіне мән бере қарайтын уақыт жетті.

Қазір «тапқан-таянғанымыз балаға» деген ата-ана да, «ел болашағы – балада» деген ел жақсылары да балаларды қамқорлықтан кем қалдырып жатқан жоқ.

Ауылдың түтінінің түзу ұшқаны – еліміздің берекелі болашағының кепілі. Ендеше, бала тәрбиесін қазірден қолға алыңыз…

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Қарғалы ауданы.

Жұбаныш

Мектепті сағынғанда…

Жас кезімде отбасымен, тума-туыс, ағайын-жекжаттармен бірге көрген таршылық, ашаршылық оқиғалары есімде. Жалаң аяқ, үстімде киімім жоқ болса да, оқудан қалмауға тырыстым. Тасөткелде 4-сынып бітірген соң, Қарабұтақ орта мектебіне баруға тура келді. Интернат алмайды, не істеу керек? Бір құдамыздың үйіне жатуға тура келді, шарт былай – 5000 дана кірпіш басып беруіміз керек. Үй салу үшін сонда жатамыз, тамақты тойып ішу түгілі, нан да жоқ. Ұннан быламық асады, соны ішіп күн көрдік.

10-сыныпты бітірер 1953 жылы екі аяғым ревматизм болып қалдым.

Қасымдағы балалар мені көл жағасына апарып тастады. Сол жерде жатып жуа теріп, жолдастарым әкелген сүт, айранға талқан сұрап әкеліп қосып жеп, әйтеуір көтеріліп кеттім. Сабақты кластастарымнан сұрап білем, олардың айтқанынан қағып алам. Ол кезде кітап та жоқ. Айтайын дегенім – ұстаздарым, класс жетекшілерім әрдайым ақыл-кеңестерін аяған жоқ. Кейде үйлеріне апарып бір тойғызып жібереді.

Мен әке-шешеден ерте айрылған адаммын. 1954 жылы армия қатарына  алындым. Қазақта «Ашта жеген құйқаны тоқта ұмытпа» деген сөз бар. Жасым 75-ке келсе де ұстаздарымды әр уақыт ойыма аламын. «Жаңа қоныс» орта мектебіне де уақыт тауып барып тұрамын. Онда жас ұрпаққа білім беріп жатқан ұстаздарды көріп, әңгімелесіп көңіл көтеріп қайтамын.

Қазір үкімет тарапынан мектептерге жақсы көңіл бөлініп жатыр. Мектебіміз толық жөндеуден өтті, жаңа оқу жылына сақадай сай, класс іштері жарық. 1966 жылы салынған мектеп болса да, жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады. Мұның барлығы ұстаздардың ұстазы – Новый орта мектебінің директоры Қаламқас Балмағамбетова қарындасымыздың арқасы. Жаңақоныс орта мектебі – атына сай, біздің түлектер жыл сайын ҰБТ-дан да жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Физика, биология, химия кабинеттері жаңа жабдықпен қамтылған.

Жақында өзі де еңбек жолын ұстаз болып бастаған облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы мұғалімді қолдаудың ақтөбелік моделін көрсетіп, 30 мектеп пен 900 мұғалімге қуаныш сыйлады. Біз де қуанып қалдық. Оның ішінде, Жаңақоныс орта мектебінің мұғалімдері де бар. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері –  Райса Алитурлиева мен Бибіғатша Қоңырбала, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Есетова, география пәнінің мұғалімі Шынар Аймағамбетова «Ең үздік облыс мұғалімі» атағына ие болды. Ал Гүлнара Татаманова, Шынар Аймағамбетова, Жанна Хабибуллиналар «Ең үздік класс жетекшісі» болды.

Балалық шақты еске ала отырып, жаңа заман ұстаздарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын.

Сламғали МЫРКИН,

Жаңа қоныс округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Туризм

Палуандар ойыл табиғатында шынықты

Талайды тамсандырған Ойылдың табиғаты туризмге сұранып тұр. Іргесінде отырып оның қадірін біле бермейтініміз де жасырын емес. Алыстан келген қонақтарға көрсетер байлығымыз да, мақтанышымыз да жеткілікті. Бірақ…

Барқын мен орманның жөні бөлек. Нағыз «оазис». Тас жолдың салынуы Ойылға қарай көз тігетіндердің қатарын көбейтіп отыр. Дегенмен, аудандағы инфрақұрылымның кенже қалуы туризмді табыс көзіне айналдыруға кедергі болып тұр. Алайда, алғашқы жарнамасын жасап жатқан жігіттер бар…

Олардың бірі – Сәкен Займолдин. Спорт, оның ішінде күрес Сәкеннің сүйікті кәсібі. Сондықтан, палуандардың дене дайындығына баса көңіл бөледі. Замандасы облыстық «Жастар» спорт мектебінің самбо күресінің бапкері Сәндібек Ахетовтан Ойылда оқу-жаттығу жиынын өткізу туралы ұсыныс түскенде қуана қабылдады. Бірақ, жүрексінген сәті де бар. Себебі, қаланың балаларының көңілінен шығу қиын. Сәндібектің өзі самбодан әлем чемпионы болған жігіт. Ал, қол астында жаттығатындардың да осалы жоқ. Екі мәрте Азияны бағындырған жерлесіміз Мәди Құсайынов, Алтынбек Қалмағамбетов, Жандос Көшербаев, Гүлнар Амантаева, бәрі де дзюдо мен самбодан талай жарыста топ жарған бұла күштің иелері.

Он күн бойы Ойылдың орманының жиегінде қос тігіп жатып, жаттыққан палуандар уақыттарының зая кетпегеніне риза. Онкүндік кестені алдын-ала жасап қойған жаттықтырушы шәкірттеріне Ойылдың айтулы жерлерін аралатуды да ұмытқан жоқ. Киелі әулие Сүлеймен атаның басына тәу еткен спортшылар Ойыл селосындағы тарихи-мәдени орталықтардың жұмысымен танысты. «Көкжар» мешітінде болып, аруақтарға құран бағыштады. Осының бәрін ұйымдастырған Сәкен Займолдин мен Мұрат Әлжановқа алғыстары көп. Спортшылар өздеріне қолдау жасаған Ойыл орман шаруашылығының директоры Серік Мусин мен Екпетал мектебінің директоры Алтай Дәулетовке шынайы ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, жаттығудан тыс уақытын тиімді өткізуге атсалысқан аудандық ішкі саясат пен дене тәрбиесі және спорт бөлімдері, аудандық Мәдениет үйі мен «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының басшылығына да алғыстарын жаудырып жатыр.

Сәндібек болса, Ойылдың табиғаты Ресейдің Нижегород облысындағы Дүниежүзілік Самбо Академиясы орналасқан Костово қаласының табиғатына ұқсастығын айтады. Суға түсіп, құмда шынығып, таза ауада тыныққан ақтөбелік палуандарға еліміздің көк байрағын биікке көтеріңдер деген тілек білдіреміз.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ.

Қызық, ә!

Твиганың туған күні

Мамыр айында ақтөбелік кәсіпкер Мақсат Байжарқынов қаланың 140 жылдық мерейтойына өзіндік бір сый жасап, тұрғындарға керік тарту етті. Содан бері қаланың қақ ортасында тұрған экзотикалық жануар ақтөбеліктердің көз қуанышына айналып үлгерген-ді. Ақтөбенің орталығындағы шағын хайуанаттар бағына керіктен бөлек, сирек кездесетін құстар мен өзге де жануарлар әкелінген.

Араға бірнеше ай салып, Твига есімді керік бір жасқа толып отыр. Ақтөбенің суық күндеріне тез бейімделіп кеткен керіктің кәдімгі туу туралы куәлігі бар, Твига 2008 жылдың 14 тамызында дүниеге келген деп көрсетілген. Жануардың туған күнін ақтөбелік кәсіпкер елеусіз қалдырмауды жөн санапты. Сол күні керіктің ауласына шарлар ілініп, «Алақай» қуыршақ театрының әртістері шақырылып, концерт ұйымдастырылды.

Әрине, туған күн иесінің бұл күнгі ас мәзірі де бұрынғыдан өзгеше болды. Торттың өзі болмағанмен, тәтті тағамдар мен жеміс-жидектер Твиганың алдына қойылды.

Керікті арнайы екі адам бақылап, қырыққабат пен алманы кезек-кезек беріп тұрады екен. Твига банан мен шабдалыға да қарсы емес көрінеді.

Керік шамамен 40-50 жыл өмір сүреді екен. Ал Твиганың «ата-анасы» туралы сұрағанымызда, олар Алматыдағы хайуанаттар бағында екенін білдік. Екеуі де дін аман.

Айта кетейік, қаладағы шағын хайуанаттар бағының иесі жергілікті орыстілді басылымға өкпелі екендігін айтып қалды. Оның айтуынша, бұған дейін керіктің өліп қалғандығы жөнінде газет тілшілері жалған ақпарат таратқан. Негізінде керіктің денсаулығы өте жақсы.

Келушілердің көзайымына айналған жануар қыста жылқы, түйе және маралдармен бірге жылы жерге қоныстандырылады. Тұрғындардың Твига үшін алаңдауына еш негіз жоқ.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

aibek_taskali@mail.ru.

Ақтөбе қаласы.

Шарапат

Ізгілік феномені

Өткен ғасырдың аяғында, 1990 жылдардан бастап теміржол саласындағы денсаулық сақтау қызметі де тоқырап, мекемелері жаппай жабылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенін көзіміз көрген жандармыз. Міне, сол жылдары Қандыағаш теміржол тораптық ауруханасына қарасты Қандыағаш, Ақкемер стансаларындағы және №312, №313 теміржол разъездерінде орналасқан медициналық, фельдшерлік пункттер халықтың сұранысына қарамай бір мезгілде жабылды да қалды.

Осы аумалы-төкпелі кезеңде Қандыағаш теміржол тораптық ауруханасын 1970 жылдан бері басқарып келе жатқан ел азаматы Аманжол Адаевқа да оңай соққан жоқ. Бұрынғы орталықтандырылған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тоқтап, ұжым дәрігерлері мен қызметкерлерінің еңбекақысының да құрдымға кеткен уақыты болды. Аманжолдың айтуынша, сол кезеңдерде бірнеше жыл бойы дәрігерлердің жалақысы 500-1000 теңгеге дейін төмендеген.

Дегенмен, сол уақыттарда ұжым басшысы Аманжол Адаев оң шешім іздеп, Алматы-Ақтөбе арасында шарқ ұрғанын білеміз. Осы аурухананы таратпай, халық игілігіне қалдыруға ықпалы бар азаматтарды іздеді. Солардың ақыл-кеңестеріне сүйенді. Міне, сол уақыттарда ел арасынан шыққан депутат Атлас Жұмағалиев, жерлесіміз, академик Смағұл Балмұханов, ҚР Сенат депутаты Иран Әміров сынды абзал азаматтар қолұшын беріп, ықпалды жәрдем етті. Заман талабымен жаңара түскен «Шапағат» медициналық мекемесі қазіргі кезеңнің талаптарына сай халыққа қызмет атқарып, соңғы нәтижелік инновациялық жетістіктермен қызмет жасауда.

Медициналық мекеменің емдеу практикасы, емдеу сапасының өзгешелігі тек қана облыс емес, республика бойынша ең жоғары деңгейде екеніне көзіміз жетті. Бүгінгі талапқа сай лабараториялық анықтағыштар, физиотерапияның ондаған түрін көргенде, көңіліңді қуаныш кернейді.

Жылма-жыл жаз айларында каникул кезінде балалар демалысын әрбір он күн сайын бірнеше дүркін өткізіп, жүздеген жеткіншектердің демалуын, емделуін қамтамасыз етеді. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне де ұжымның қамқорлығы бөлек.

Денсаулық сақтау мекемесінде ондаған жылдардан бері хирургиялық саланы меңгеріп келе жатқан Радина Исенова, терапевт дәрігер Гүлзира Қайрымбетова, рентгенолог дәрігер Абзал Айшетов, физикалық түрлі қондырғылармен емдеу бөлімінің меңгерушісі Шукшина Вераның ерен еңбектерін көзімізбен көріп, риза болдық. Барша ақ халатты абзал жандарға шын жүректен шыққан алғыстарымызды айтамыз.

Қабдеш АМАНҒОСОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері,

Амангелді ШУНИМОВ, зейнеткер.

Тұлға

Тіл майданының сарбазы

Әр адамның есінен кетпейтін шағы балалығы, әсіресе, мектепте оқыған кезеңі болса керек. Қулық-сұмдықтан ада, айналаға бейкүнә көзбен қарайтын албырт күндерде баулыған ұстаздар бейнесі көңілде сәулеленіп тұра берері хақ. Бердібек Соқпақбаев «Біз де бала болғанбыз» деп жазғандай Ұлықұмның бұйрат-бұйрат жоталары баурайындағы Байқадам ауылында Қорғантұз мектебінде тәлім алдық.

Шалқардан Үстіртке дейінгі елді мекендер бойынша орта білім беретін жалғыз білім білім ордасы, жанындағы интернатта өзге ауылдардан балалар жатып, оқыды. Ағайлар мен апайлары қандай десеңізші?! Талабы қатты, сөзде де, істе де есепке мығым директор Қапар Сүлейменов, негізгі пәні физикадан дәріс бере жүріп, домбыра тартудың алуан сырларын үйреткен, сөйтіп шалғай ауыл мектебінен облысқа, республикаға танымал оркестр шығарған Әубәкір Сүйеуов, математикадан формулаларды егжей-тегжейлі ұғындырар, әзіл сөздер шебері Нұраш Дүйісмағанбетов… Тізім осылай жалғаса береді. Өкініштісі, сол бір асыл топтың жұрнағындай санаулы адам ғана арамызда жүр. Қазір Шалқар қаласында тұратын ерлі-зайыпты Тұрсын Тілешев пен Орынша Мұханбедиярованы көрген сайын сол балалықтың бақшасына еніп кетердей боларымыз рас.

Екеуі де жас, класқа кіріп келгенде-ақ әдемілік, жігерлілік лебі есер еді. Тұрсын ағайымыз – орыс тілінің маманы, кеңестік дәуірдегі ұлы тілді шәкірт зердесіне сіңіруде еш аянып қалған жоқ. Тақырыпты жіліктеп түсіндіреді, керенаулық танытқан ұланға ренішін жасырмай бетіне басады. Шапшаң қимылды ұстаз сабағына ықыласпен қатысар ек. Бір орысы жоқ ауыл баласымыз, дегенмен сегізжылдықтан алған білімді жетілдіріп, миға айтарлықтай түйсік орныққандай тұста ұстазымызды ауданға алды да кетті.

Ол кезде аудандық партия комитетінің аппаратына қызметке іріктеу тәртібі қатаң. Қазақша, орысшаға бірдей жетік болуың қажет, адамдармен тіл табысу, ұйымдастыру, шешендік қабілетің екшеледі. Тілешев бұл талаптар үдесінен шығып, саяси-ағарту кабинетінің меңгерушілігіне шақырылған ғой.

Сенім алдамаған екен. Тұрекең аупартком аппаратындағы қызметті адал атқарып, көп ұзамай аудандық оқу бөлімінің, меңгерушілігіне бекітілді. Бұл қызметті атқарған жылдарда Шалқар сияқты үлкен ауданда білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, кәсібін ардақтай білетін мамандармен жарақтандыруға қыруар еңбек жұмсады. Тілешев басшылық жасаған кезеңде 3 адамның «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алуы, 50 мұғалімге «Білім беру ісінің үздігі» мәртебесі берілуі көп сырды аңғартады. Оның көптеген жастардың жоғары білім алуына жасаған қамқорлығын тұрғыластары жыр қып айтар еді.

– Қызылорданың Арал ауданындағы Құланды ауылдық кеңесінен Бекзада Жалғасқызы Шалқар қаласында №1 орта мектепті бітірді. Енді ары қарай оқып, мұғалім мамандығын алғысы келеді екен. Алдын-ала көмектесуге уәде берген азамат сөзінде тұрмады. Уақыт өтіп барады. Ақтөбеге іссапармен келіп жүрген Тұрсын Тілешевке айтып едік, уәж айтпастан Ақтөбе педагогикалық институтының қабылдау комиссиясына жолыққаны. Қазір Бекзада – Бозой селосындағы орта мектепте абыройлы ұстаздардың бірі, – дейді Ж.Әлиев «Ағайын – алтын қазына» атты кітабында.

Кейіпкеріміздің бойына біткен қасиеті – қандай қызмет атқарса да қолға алған шаруаны тиянақты тындыратындығы. Аудандық кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы, «Бұхара-Орал» магистральды газ құбырының құрылыс-монтаждау басқармасында кадрлармен жұмыс істеу бөлімінің бастығы орынтақтарында осы қалпынан айныған жоқ. Зейнет демалысына шыққаннан кейін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымына төраға  болғанына он жыл толып отыр. Қазіргі күнде ұйым 6886 мүшесі бар 45 бастауыш ұйымды біріктіреді. Заңғар жазушы Тахауи Ахтанов атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің сайысы төрағаның бастамасымен дүниеге келіп, жыл сайын өткізілуде. Танымал айтыс ақындары Аян Сейітов, Қайнар Алагөзов, республикалық Оралхан Бөкей атындағы сайыс жеңімпаздары Мира Досжанова мен Жанар Сейітмағамбетова Тұрсын ағайының қолдау-көмегін ұмытпақ емес. Аудандық «Шалқар» газетінде тұрақты беріліп келген арнаулы «Қасиетті парыз» беті мемлекеттік тіліміздің мерейін көтеруге байланысты ой-пікірлерді қозғап келеді. Республикалық қоғам төрағасы, академик Өмірзақ Айтбайұлы оған өз кітабында белгілі сарбаз бағасын берді.

Бірде аудан әкімі Рахат Сыдықов Тілешевті өзіне шақырып, «Шалқар ауданы» энциклопедиясын баспаға дайындау, шығару жұмыстарына бас-көз болуды ұсынды. Талай жылдардан бері айтылып, тиянағын таппай жүрген мәселені сөзі мен ісі бір жерден шығатын әкімнің өзіне жүктеуі, қаражат, қызмет бөлмесі, басқа да ұйымдастыру техникасы жөнінде жәрдемдесуге уәде беруі Тұрекеңді жігерлендіре түсті. Аудан әкімінің орынбасары Зәпен Жұмабаева, белгілі журналист, өлкетанушы Мұқанбетәли Есмағанбетов, баспагер Берік Тағанов, дизайн шебері Рауан Әминова және басқа атамекенді жанындай сүйетін азаматтар көмегі нәтижесінде қысқа мерзімде түрлі-түсті бояулармен көркем безендірілген, құнарлы материалдарға бай энциклопедия қысқа мерзімде бір мың дана таралыммен шығарылып, оқырманнан жоғары баға алды.

Ел Президентінің Алғыс хатымен екі мәрте марапатталған, үш медальдің, «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, Шалқар ауданында 2005 жылы «Жыл адамы» атанған Тұрсын Тілешев өзінің жетпіс жасын зайыбы, зейнеткер ұстаз Орыншамен бала-немерелер ортасында ажарлы қарсы алып отыр.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

Ақтөбе қаласы.

Жас ғалым

Ілімге іңкәр студент

Осы жылдың тамыз айынының басында Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің «Простор» демалыс базасында жазғы студенттік лагерь жасақталып, онда «Жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мектебі» атты семинар-тренинг өткен болатын. Шараны Қазақстан  студенттерінің Альянсы қозғалысы республикалық ұйымы ұйымдастырды. Аталмыш шараға М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Жалпы медицина және емдеу» факультетінің ІІ курс студенті, оқу озаты, Қазақстан студенттер Альянсы ұйымының мүшесі Іңкәр Қарашаева қатысып қайтты. Шара барысында Іңкәр жыл басында жарияланған «Жыл студенті» байқауының «Ғылым» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды.

Өзінің айтуынша, ғылымның тылсым жұмбағына үңілуге жол ашқан алғашқы жан – №9 мектеп-гимназиядағы ұстазы, тарих пәнінің мұғалімі Галина Смертынюк. Мектепте қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы арнайы класта оқыған ол тарих пәнін тереңдетіп оқып, өлкетану сабақтарына аса мән беріпті. Облыстық тарихи-өлкетану музейімен тығыз байланыста болған ол аудандарда орналасқан тарихи ескерткіштерге экскурсияға мұғалімдерімен бірге шыққандарын айтады.

– Алғашқы зерттеуім Ыбырай Алтынсарин атамыздың мектептердің ғана емес, тұңғыш кітапхана ұйымдастырушысы болғанын да анықтауға арналды. Зерттеу барысында қызықты деректерге тап болдым. Ы.Алтынсарин білім алған Орынбордағы мектептің суреттерін таптым. Атамыздың басына жасанды шаш (парик) кигенін білдім. Жобамды кейін Кіші Ғылым Академиясында қорғадым, мақтау қағазына ие болдым. Мектептегі соңғы үш жыл Досжан Қашақұлы бабамыздың игілікті істерін зерттеуге арналды. Досжан хазірет Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге Меккеде такия (мешіт) салған адам. Ол кісінің тұрғызған бір мешіті Темір ауданының Шұбарқұдық кентінен 3 шақырым жерде орналасқан. Бір-екі қабырғасы әлі тұр. Жыл сайын ғылыми жобама тың дерек қосылып отырды. Университетке келгесін осы тақырыпты өрбітіп, облыстық жас ғалымдардың конференциясында көпшілік назарына ұсындым. Нәтижесінде, баспаханадан шағын таралыммен «Досжан Қашақұлы – қазақ халқының нағыз патриоты» атты кітапша басылды. Байқауда да менің жеңімпаз болуыма  осы кітапша себепкер болды-ау деймін. Өйткені, лагерьде болғанымызда менен автор ретінде қолтаңба сұрағандар болды, – дейді жас ғалым Іңкәр Қарашаева.

Тың деректерге толы тұшымды әңгімелер айтқан ізденімпаз студенттің алар асуы әлі алда.  Біз осыған сенеміз.

Айнұр БАЛЖАНАЙ.

Пікір

Пәрәнже кімге керек?

Құран Кәрімнің «Нұр» сүресінде әйелдерге: «Мүһмін, әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төменгі екі аяқтан) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Орамалдарын жағаларын да жабатындай етіп тақсын» – дейді /3.353/. Әйел адамның әуреті жерлерін (ұятты жерлерін) жауып жүруі бұл кейбіреулер айтып жүргендей діннің диктаты емес, жақсы сыпайыгершіліктің белгісі. Осыдан келіп жалпы ислам сұлулық атаулыға қарсы деген ұғым тумауы керек, керісінше, ардақты пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Алқа-жүзіктеріңізді тағынып, әдемі киініп, мешітке қарай бет алыңыздар», – дейді. Әдеміліктің түрі көп. Мысалы, киім қара түсті болмауға тиіс, нағыз мұсылман адам үнемі жымиып жүруі керек.

Қазір қазақ жастарының жаппай исламға бет бұруы, әзірге сыртқы ұмтылыс. Кешегі дінсіздіктен кейін, әрине, қуанарлық жағдай.

Алайда қазір, мысалы, қазақ қыздарымыздың хиджабты қойып, пәрәнжеге көшкені бізді таңдандырады. Мұндай қадам әр түрлі пікірлер туғызады. Ал осының жөні қандай?

Бұл ретте «Нұр Ғасыр» мешіті бас имамының орынбасары Ғабит Маткаримов:

Ислам діні адамдарды ештеңеге міндеттемейтінімен ерекшеленеді, яғни мұнда мәжбүрлеу жоқ. Жұртымыз дінге бет бұрып жатқан кезде қыздарымыздың пәрәнже киіп жүргендері халықты біздің дінімізден алшақтатуы мүмкін. Ал бұл жағдай радикалды дінде жүргендерге табылмас олжа болары анық. Қыздардың хиджаб киіп жүргендері абзал. «Хиджаб» – араб сөзі. Ол «жасырып қоятын зат», «бөгде нәрсесін жуытпайтын зат», «жауып тұрушы зат» деген мағыналарды білдіреді. Ал пәрәнже, чадра Исламның диктаты емес, бұл ерінің әйеліне деген жекеменшіктік ұстанымы. Егер әйелі сұлу болмаса, басқа адамның көргенін қаламағаны. Егер сұлу болса, сақтықта қорлық жоқ дегендей, алдын ала сақтанғаны. Қыздарымыз өмір сүріп жатқан қоғаммен, жергілікті халықпен және ата-баба салт дәстүрімен санасса екен, – дейді.

Назым ӘШІМХАН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button