Мәдениет

Екі басты бүркіт бейнеленген түйме хикаясы

Үкітай БАЙЖОМАРТОВ

Болған оқиғаның ізімен жазылған повесть

Қуғын-сүргін жылдарының еш кінәсіз құрбандарына арнаймын.

Автор.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

«Қара жұмыс істеген кезіңізде керек болар» деп түрменің арнаулы киімдерін екеуден беруге бұрыштама жазып, қолын қойды, мөрін басты. Сосын:

– Қоймаға барғаныңызда Святославты қасыңызға ертіп алыңыз. Көмектессін. Машинаны да даярлауды ұмытпасын, енді оған да жұмыс көбейеді ғой. Өзіңіз екі күндей жақсылап тынығып алыңыз. Ауылға базарлы болып барудың да ретін ойластырыңыз, – деді. Бұл басын изеп, рахметін айтып шығып кетті…

…Екі күннен кейін үш адам мінген «Эмка» қайтадан қазақ ауылын бетке алып, жолға шықты. Святослав:

– Смағұлдан бай адам жоқ, мұның төсек орны мен киімдерінің өзіне бір автомашина керек-ақ. Шаққа сыйғызып, орналастырдық. Жіп іздеп тауып, байлауға мәжбүр болдық. Бейне бір күйеуге шығып бара жатқан қыз дерсің, – деп күлді. Сосын аузынан түкірігі шашырай отырып, мұның жақсы әнші екенін, өткен жолы халықты түгел тәнті еткенін, ауыл басшысының да көңілінің бұған сөзсіз құлап, тілегін орындауына себепші болған да Смағұлдың осы дарыны екенін түрме бастығына жыр қыла айтып берді. Сосын:

– Бүгін неге үнсіз келе жатқанының себебін де білемін, – деп бір қойды. – Алдағы ауылдың айдай сұлу қызы бар. Оның ерекше сымбатын жеткізе суреттеуге айрықша сөз керек, жақсылап көруге қарықпайтын көз керек. Меніңше, біздің жігіт пен шалдың қызының арасында махаббаттың сөнбейтін оты күрт тұтанды-ау деймін. Екеуі жиналған халықтың алдында ән жарысын өткізіп, бір-бірін жеңе алмады. Магаданда болған екі күн Смағұл үшін нағыз «азап» күндері болып, өтпей қойды. Қызды сағынып қалғаны сондай, екі түн бойы дөңбекшіп, дұрыс ұйықтай алмады. Маған да ұйқы бермеді. Енді өзінің де, менің де басымыз ауырып келе жатқан жайы бар!..

Ауылдың қасындағы қыраттың төбесіне көне «Эмканың» ыңылдай көтерілгені сол еді, әр үйден кішкентай балалар жүгіре шығып: «Смағұл ағам келе жатыр!» – деп шуласты. Жақындаған сайын Белгібай үйінің жабығынан сыртқа сығалай қараған төрт көзді бірдей байқаған Смағұлдың жүрегі атша тулап, дүрсілдей жөнелді. Әшекең қарттың үйіне жүз елу метрдей жер қалғанда шапанын желбегей жамыла салған ауыл басшысының өзі де көрінді. Қонақтарды анадайдан күтіп алатын әдетінше бұларға қарсы жүрген ол өзін қуып жеткен Берішбекті жетектеп келеді. Мына үшеуі көліктерін ерте тоқтатып, әскери адамдарша тез-тез түсе сала, екі қолдарын бірдей ұсынып амандасты. Ақсақал үшеуімен бірдей қазақша жөн сұрасып, соңынан Смағұлға жылы шырай танытып: «Аман-есен оралдың ба, балам?» – деп алды да, «Үйге кіріңдер, төрлеңдер!» – деді, өзі алға түсіп, ішке беттеді.

Шұбат ішіп, шөлдерін басқан соң әңгіме төркіні қымыз саууды, ашытуды ұйымдастыруға ауысты. Полковник Святославқа көзімен белгі берді. Мұны байқаған ол лып етіп сыртқа шығып кетіп, Магаданға шұбат апарған мес пен түрме бастығы әйелінің сәлемдемесін әкеп берді. Мұнда да Смағұл сөзге араласып, Анна Петровнаның рахметін жеткізді, «Ол кісі қажет, мұқтаж нәрсесі болса айтсын, тауып, жеткізіп беруге тырысамыз», – деді» дегенді айтты. Енді бір сәтте сырттан кіріп келе жатқан адамның аяқ тықыры естіліп, жұрттан бұрын бұл елең ете қалды. Қыздың жұрттан ерек арайлы шырайын көрген бойдан жүрегі аттай тулап, тар кеудеден қазір шығып кетердей бұлқынды. Фатима да мұның жайын бірден сезініп, сәл ғана езу тартқандай болды. Қонақтардың бәрімен қазақша амандасқан ол Святославтың әуелі Смағұлға жалт қарап, сосын езуіне күлкі үйіріле, қуақылана полковникке белгі бергенін Фатима байқап үлгерді. Ал анау байсалды жүзбен, сынай қарауға үйренген көзбен бұған үнсіз қарап отырды да, Смағұлға: «Шалдың қызы осы ма?» – деді. «Ақсақалдың қызы емес, немересі, үлкен баласының ұрпағы», – деп жауап беріп үлгерген бұл Фатиманың өзіне қарай алмай, ұялып, шымылдық ішінен киімін асығыс ала сала сыртқа беттегенін байқады.

Осылай полковник Смағұлды Әшім қарттың ауылына өз көлігімен жеткізіп салып, дайындап әкелген келісім-шартқа мұның және Белгібайдың, Телағыс пен Жанарыстың қатысуымен екі жақты қол қойылды. Жыл бойына жылқышы ретінде Смағұлға, бие сауу басталған бойдан екі сауыншы мен қымыз ашытушыға, сөйтіп, не бары төрт адамға жалақы төленетін болып келісілді. Бұл аудармашы міндетін ғана емес, түсіндіруші рөлін де ойдағыдай атқарды. Түстен кейін полковник Фариза кемпір құйып берген шұбатты алып, ауыл адамдарымен жылы қоштасып, кейін қарай аттанып кетті…

Төсек орнын, киімдерін, азық-түлігін Серібайдың үйіне түсіріп алып қалған Смағұл түстен кейін «көз шырымын алайын» деп жатып еді. Ұйықтай алмады. Көз алдынан Фатиманың күлімдеп тұрған бейнесі кетпей қойып, өзіне өзі: «Түс көріп жатырған шығармын», – деген сәттері  де болды. Кешкілік Берішбек келіп:

– Смағұл аға, сізді Белгібай ағамның үйі «Шай ішсін» деп шақырып жатыр. Фатима апам да сонда, – демесі бар ма. Зат қапшығынан бір уыс сағыз кәмпитті алып беріп жатып, бұл Берішбекті құшақтап:

– Шыныңды айтшы, сені маған кім жіберді? – деп сұрады. Зерек бала мұндай сұрақтың қойыларын білген сияқты, күлімдей тұрып:

– Смағұл аға, «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған!» демей ме. Фатима апам жіберді. Сонымен, біздің ауылға:

«Қызым, қызым, қыз кісі,

Қызыма келді жүз кісі.

Жүз кісінің ішінен

Таңдағаны бір кісі», – дейтін кез жақындап келеді-ау деймін. Асығыңыз, «Жүректің сырын, көзінің нұрынан ұғатын» тағы кез келіп тұр, – деді де кәмпит үшін рахметін айтып, жүгіре жөнелді. «Менің де осындай зерек балам болса ғой, шіркін!» – деді бұл Берішбектің ізінен қарап тұрып. Сосын Фатиманың ақ орамалының шетін гимнастеркасының қалтасынан шығарыңқырап қойып, зат қапшығына қайтадан қол салды. Екі шыны әтірді галифелі шалбардың қалталарына бөліп салып, Белгібайдың үйіне қарай аяңдады.

Бұл үйге кіріп, сәлемдесіп, төрге жайғасқан соң дастарқан жайылып, шай әкелінді. Сары самаурынның шүмегіне ие болып отырған қыз жеңгесі сұрақ қойып, Смағұл жауап берумен ғана болды. Арасында Фатиманың інісі де ауық-ауық сөзге араласып, ортақ әңгімеге «дем» беріп қойып отырды. Бір байқағаны – дастарқан басында отырғандардың мінез-құлықтарында бір өзгеріс бар сияқты. Бірақ ол қандай жаңалық, бұл түсіне алмай-ақ қойды. «Жұрт көзінше асығыс беріле салған ақ орамал мен бөрігінің үкісі ме екен, әлде»…

Шай жиналған соң бұлар отырған үйге ауыл жастары жиналып, тағы да сауық кешін бастап жіберді. Өткендегідей тағы да домбыраны бірінші болып қолына алған Фатиманың інісі Серікжан халық арасына кеңінен тараған «Өтірік өлеңді» бастап кетті:

«Өтірік өлең» айттым да, жұртқа жақтым,

Құмырсқаны қайырып қойша бақтым.

Ел қыдырған кешегі есер кезде

Бөгелектің басына тана тақтым.

Бір қоянды міндім де аспанға ұштым,

Екпініне шыдамай жерге түстім.

Алты күндей ақ боран соғып еді,

Жалғыз қурай ығына ас қылып іштім.

– Мә, мына Серікжан Тазша баладан да өтіп кетті- ау, «Өтірік өлеңді» судай сапырып!

– Қоян мініп, аспанға ұшу, меніңше, Тазша баланың да қолынан келмеген болар еді…

– Жалғыз қурайды ықтасын қылып, ас пісіру кімнің қолынан келеді?! Тек қана біздің Серікжанның қолынан келеді, – деп шуласып алды жиналған жастар.

Дүниенің ауыры – үрген қарын,

Жалғыз өзім көтердім соның бәрін.

Атандарға үш төстеп артып едім,

Көтере алмай жығылды атандарым.

«Өтірік өлең» айтамын ер басынан,

Арқан естім бозторғай шудасынан.

Алты инелік, бес сона той қылыпты,

Киіт кидік солардың құдасынан.

Маса деген бір талай бақыр екен,

Сона деген имансыз кәпір екен.

Бөгелектің үйіне кіріп барсам,

Әкесіне ас беріп жатыр екен.

Бөгелектің терісі ер-тұрманым,

Қоян мініп мен өзім жау қуамын.

Шегірткенің айғырын ұстап мініп,

Тұра қашқан түлкіні бұлтартпаймын.

– Серікжанның өтіріктері бітті-ау, әйтеуір…

– «Өтірік өлеңді» жиі айта берсең, «Тазша бала» атанып кетуің де мүмкін сияқты…

– Шегірткеге мінгіш батыр, ендігі кезек кімдікі?

Смағұл:

– Кезек менікі болсын!    Мен бүгін халқымыздың сиректеу орындалып жүрген «Жамал-ай» деген әнін орындап берейін, – деп домбыраны Серікжаннан алды да, қағып, қағып жіберіп, әуелете орындай бастады:

Екі жағы дарияның тал мен жиде,

Тамағыма таққаным маржан түйме-ау, Жамал-ай.

Жастайымнан өзіңе болдым ғашық,

Шерменде ғып салдың ғой осы күйге-ау, Жамал-ай.

Кешкі соққан самалдай,

Жан тумайды Жамалдай.

Ынтықтықпен жүрмін мен

Маңайыңа бара алмай.

Ынтықтықпен жүрмін мен

Маңайыңа бара алмай.

Әннің қайырмасының өзіне ұнағаны сондай, соны үзілердей болып екінші рет қайталады. Көзінің астымен жеңгесінің қасында отырған Фатимаға ұрлана көз салып еді, қыз төмен қараған күйі езу тарта, сезімге беріле тыңдап отыр екен. Мұны байқап қалған, басқалардан гөрі өзін еркін ұстайтын Серікжан:

– Жүректегіні жүрекке халықтың әнімен жеткізу дәстүрге айналып барады-ау деймін біздің ауылда. Осындай игі жаңалықты Смағұл ағам өзімен бірге ала келгендей-ау, байқайсыңдар ма?! – деді апасына күлімдеп қараған күйі. Фатиманың жүзін қызыл шырай теп-тез «жаулап ала» қойғаны сондай, ол бұған одан әрі қысылып, жеңгесіне «Анаған бірдеңе айтсайшы!» дегендей мойнын бұрды. Мұны бірден түсінген жеңгесі:

– Ей, ерке бала-ай, апаңды қатты қызарттың ғой. Ең болмаса сен аясаңшы!, – деді.

Смағұл әнді айтуды одан әрі жалғастырып:

Ортасында дарияның борық тұрған,

Қара балық борықты сорып тұрған, Жамал-ай.

Ауылыңның сыртынан жанай өттім,

Айналайын құдайдан, жолықтырған, Жамал-ай!

Әннің қайырмасын тағы да екі рет қайталап, үзілдіре айтқан Смағұл бұл жолы да көзінің астымен қызға сынай қарап еді, ол қолына қызыл сырнайын алып, өзіне ұнаған әуенмен бұған жауап беруге даярлануда екен. «Қандай әнді орындар екен?» деген ой билеген Смағұл елең ете қалды. Фатима мен жеңгесі қосылып:

Басында керегенің оймақ тұрар,

Кедейлік ер жігітке қой бақтырар.

Алғаны ер жігіттің жақсы болса,

Бұралып, тал шыбықтай ойнап тұрар, – деп шырқады. Қыз жүрегінің лүпілін білдіретін әнді күтіп еді бұл. Бірақ Серікжанның сөзге араласып, көзге айқын көріне бастаған жағдайды айтып қалуы ойларына алынғанның бәрін түп-түгел өзгертіп жіберулеріне мәжбүрлеген болуы керек. Әннің атауын қайырмасынан аңғарған Смағұл: «Несі бар, бұл жаман ән емес қой. Шын зерделеген адамға мұнымен де көп жайды жеткізуге болады екен», – деп бір қойды іштей.

«Кел» дедім,

Келмедің!

Жаным-ау, саған не дедім?

Жарасқан желегіне қарқарасы,

Сұлуға әркімнің-ақ  бар таласы.

Жігіттер, сұлуларға таласпағын,

Бұйырса, жаны сұлу жар табарсың!..

– Байқасаңдар, жарандар, жаңағы әннің мазмұнынан шығатын нәрсе біреу – ортамыздағы жалғыз сұлуға біз таласа алмаймыз, себебі Смағұл ағамнан басқаның бәрі оның өз туысы. Ал руы басқа жалғыз жігіт – Смағұл ағам, оған бөгет боларлық еш адам болмаса, ол кіммен таласа алады?! Аян нәрсеге айғақ не керек, – деп салды тағы да Серікжан. Бәрі күліп жатыр. Смағұл мен Фатима ұялғандарынан қызарып, біреуі шаңыраққа, екіншісі жерге қарады.

Осы ыңғайсыз жағдайдан қыз жеңгесі құтқарды. Ол халық арасында сиректеу болса да орындалып жүрген «Шіркін-ай» әнін бастап жіберді:

Ел көшкенде жайлауға бір еркіндік,

Жол үстінде жас жүрек білер кімді.

Өміріңнің өзі көш, осы көштей,

Керек емес жігітің бірер күндік-ай!

Фатима әннің мазмұнын біледі екен, жеңгесіне қосылған жоқ. Қу келіншек айтар сөзін қыздың атынан айтып отырғандай көрінді:

Болсаң мәңгі жолдас бол,

Болсаң мәңгі жолдас бол,

Керек емес жігітің

Бірер күндік-ай.

Қайда кетті сол жігіт, ақын жігіт-ай,

Көк шалғынға жүр ме екен үйін тігіп.

Күте-күте өзіңді шаршағаннан-ай,

Ұйықтаған боп қыз көзін жатыр жұмып-ай!

– Ерекше әнді, жеңеше, қайдан тауып ала қоясың осы?! – деп сөзге Әуелбек деген сары жігіт араласты. Келіншек оған «Әннің әуенін бұзба!» дегендей басын шайқап, әннің соңғы қайырмасын айтуға кірісті:

Қапы қалма, бозбала,

Қапы қалма, бозбала,

Ұйықтаған боп қыз көзін жатыр жұмып!

– Жеңешемнің бір әні екіншісінен өтіп кетті-ау! Бұлай дей берсең, қайын сіңліңнен оп-оңай айрылып қаларсың әлі, – деп Серікжан күліп алды. Оны қаперіне де алмаған келншек:

– Біздің Еркежан «Отырар жайлауы-ай» деген әнді орындайды. Жиналған қауым, қабыл алыңыздар, – деп хабарлап жіберді. Інісінің манағы сөздерінен кейін әлі де өзіне өзі келе алмай отырған Фатима хабарланған әнді айтуға мәжбүр болды:

Таулардың қия-қия, қиясы едім,

Сайлардың мал жемейтін миясы едім.

Отырар жайлауы-ай,

Өмірдің бар ма байлауы-ай?

Қыз жеңгесі де ән айтушыға қосыла кетті. Оның да әжептәуір әнші екендігі байқалды. Әп-әсем екі дауыс әуеннің ажарын келтіріп, тамсандырып тастады.

Осындай той-думанға келгенімде,

Айтатын өлеңімнің ұясы едің.

Отырар жайлауы-ай,

Өмірдің бар ма байлауы-ай?

Еңкейсем еңкейемін, шалқая алмай,

Өзім де не болғанын байқай алмай…

«Дәл осы кез сый тартуға лайық!» деп шешкен Смағұл:

– Соңғы екі әншінің жаңағыдай әдемі әннің әрін де, нәрін де келтіріп, талайымызды тамсандырғандарын айтпауға болмас. Магаданның дүкенінен ауыл кешінің ажарын келтірген екі адамға кішкентай сыйлық алғанмын. Менің пайымдауымша, соңғы әуенді әуелеткен екі әнші соған лайық. Бұған сөз жоқ қой, солай ма?! (Отырғандардың бәрі «Солай» деп қоштады). Бәріңіз де қолдадыңыздар. Сондықтан маған соларды иелеріне тапсыруыма рұқсат етіңіздер, – деді де оң қалтасынан алып, бір құты «Кармэн» әтірін қыз жеңгесіне табыс етті. Екіншісін Фатимаға апарып тапсырған бұл енді кейін шегіне беріп еді, әлгі Серікжанның:

Мың күніме тұрады-ау

Осы отырған бір күнім-ай.

Әтір еді сыйлығым,

Арманым – бір сүйгізсең-ай! – деп, әйгілі әннің мазмұнын сәл өзгертіп айтып, соңынан:

– «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген бар емес пе! Сонша жерден сыйлық әкеліп, ұтырын тауып сыйлаған жігітке бір сүйгізіңдер беттеріңнен. Маған немесе мына  Әуелбекке сыйласа, көзі көрмей ме! Ондай жағдайда мен де сүйгізген болар едім, – демесі бар ма қуақыланып.

– Ерке бала-ай, апаң екеуімізге бір жұмысты тауып бересің де отырасың. Бұл жолы дегенің болсын. Бетімнен сүйдіруге мен дайынмын. Ерке бала көптің өтінішін айтып отыр ғой, кел, айналайын, соны орындалық, – деп Смағұлға бетін тосты. Бұл «шөп» еткізіп сүйіп алды. Сөйтті де қатты қызарып, ары қарай қайда барарын білмей қалды. Келіншек те жауабы ретінде:

– Айналайын, бақытты бол! Рахмет, сыйлығыңа, –  деп мұның бетінен сүйді. Өмірінде әйел затын бірінші рет сүйіп, сүйдіріп тұрғандықтан болар, ойы он саққа бөлініп, орнынан қозғала алмай тұр.

– Жеңеше, байқайсың ба, Смағұл ағам апиын ішкен сияқты, есінен айрылып қалғандай ма қалай?! Бетіңе бірдеңе жағып алып па едің?! Фатима апамның бетінен сүйсе, не боларын кім білсін, ә, Әуелбек? Смағұл аға, сіз дайын болсаңыз, апам да дайын. Сүймесеңіз, өкпелейтіні анық! – деді тағы да әзілқой жанның әдетімен. Смағұл одан әрі сасып, не істерін білмей тұр.

(Жалғасы бар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button