Жаңалықтар

Бес реформаның берекесі

Достық үйінде  Қазақстан халқы Ассамблеясының  Ақтөбе филиалы хатшылығының ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаевтың бес халықтық реформасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараға  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің, ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелері, этномәдени орталықтың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері  қатысты.

Дөңгелек үстелді Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе филиалы хатшылығының меңгерушісі Жолдас Нұршин жүргізіп отырды.

Н.Назарбаевтың бес халықтық реформасының негізгі бағыттары туралы «Қоғамдық келісім» мекемесінің мониторинг және сараптама бөлімінің басшысы Қ.Қарабала баяндама жасады. Ол әуелі ұлттық идеология туралы айта келіп: «Елбасы нақтылап берген 100 қадамның жартысы, яғни 50-і ел экономикасын дамыту мәселелеріне арналғанын білесіздер.  Индустрияландыру мен экономикалық өсімге тікелей қатысты міндеттер алға қойылған. Соларды шешудің нақты жолдары көрсетілген. Ал «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бөлімдегі  85-қадам «Мәңгілік Ел» патриоттық жобасын әзірлеуге бағытталған, мұның өзі мемлекет құраушы халыққа үлкен жауапкершілік жүктейді»,— деді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Нұртаза Абдоллаев «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша баяндама жасады. Ол: «Осы тақырып 50 қадамды қамтиды. Мысалы, 35-қадамда «Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. Жер Кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу» туралы айтылады. Адамның тіршілігі үшін жер, ауа, судан артық құндылық жоқ. Пайдаланылмай жатқан жерді жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға берудің пайдасы тиері сөзсіз.  36-қадам жерді мақсатты түрде пайдалану мәселесін қозғайды. Ол үшін жерді рәсімдеуде қиындық-кедергілерді азайтып, жеңілдіктер қарастыру туралы айтылады. 37-қадамда салық пен кеден саясатын және рәсімдерін оңтайландыру мәселесі қозғалады. 50 қадамда нақпа-нақ көрсетілген міндеттер жүзеге асырылса, экономика саласында ілгерілеу болатыны сөзсіз», — деді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, Ассамблея жанындағы ғылыми сараптамалық кеңес төрағасының орынбасары Ү.Сәрсембин «Қоғамдағы ұлттық тұтастықты нығайтудағы мемлекеттік саясаттың рөлі», «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Е.Құрманбеков «Ұлт жоспарындағы 100 қадамды жүзеге асыруда жастардың қосатын үлесі» тақырыбында әңгіме қозғады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

 

 

Бірлік — басты байлығымыз

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамның» ішінде елімізді мекен еткен барлық ұлттардың ауызбіршілігін нығайту мақсатында тұтас бір бөлім арналыпты. Бұл бөлім «Біртектілік пен бірлік» деп аталған. 85-қадамда қарастырылғандай «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі жобасы дайындалмақшы. Сонымен қатар, қазақстандықтардың біртектілігін нығайтып, азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыруға жағдай туғызу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел — үлкен отбасы» кең көлемді жобасы дайындалып, іске асырылатын болады. 87-қадамдағы «Менің елім» ұлттық жобасы да азаматтық біртектілікті нығайтуды көздейді.

Еліміз табиғи қазба байлықтарынан кенде емес. Олар — жеріміздің астындағы байлықтар. Жердің үстіндегі байлығымыз — «Мәңгілік Ел» құруды мұрат тұтқан тәуелсіз мемлекетіміздің азаматтары. Қазағы, орысы, татары, украины, ұйғыры… т.б. Олардың қай-қайсысы да Қазақстанның құқықтары бірдей азаматы. Сондықтан осынау түрлі ұлттардан құрылған Қазақстан халқының ауызбіршілікте болып, бейбіт өмір сүруі ең басты байлығымыз деп есептеймін.

 

Ағила ҚАРАБАЛАЕВА,

облыстық физика-математика мектеп-интернатының мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

 

Мәңгілік елдің талапты жастары

 

Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосып, қуатты әрі мәңгілік елге айналдыру мақсатында қабылданған «100 нақты қадам» жоспарының әр тармағын мұқият оқып шықтық. Ұлт жоспарының ІV бөлімінде ел бірлігін нығайту, «Мәңгілік Ел» құндылықтары жүйесін дамыту бағытындағы алты нақты қадам көрсетілген. 89-қадамда мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік ел құндылықтарын енгізуге тапсырма берілген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бала тәрбиелеу – бола­шаққа ең үлкен инвестиция» деп атап көрсеткен еді. Мектеп — білім ғана емес, тәрбие де ордасы. Әсіресе, теледидар мен интернетті ұлттық құндылықтарымызға жат дүниелер жаулап алған қазіргі уақытта отаншылдық рухтағы тәрбиені күшейтудің ерекше маңызды екенін ұстаздар қауымы жақсы түсінеді және осы бағытта оқушылар ғана емес, ата-аналармен жұмыс істеуге де көңіл бөлінеді.

Отанға деген махаббаттың бастауында ата-анаңды, ұстазыңды, мектебіңді мақтаныш ету сезімдері тұратынына ешкім дау айтпаса керек. Кеше ғана аяқталған оқу жылында біздің мектебімізден 58 оқушы республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі спорттық жарыстарда, білім, өнер сайыстарында жүлделі орындарға қол жеткізіпті. Бұл — үлкен жетістік. Талапты өскен жастар болашақта еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі болмақ.

 

Гүлжанат СӘРСЕНОВА,

№41 орта мектептің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button