Құқық

Тәртіптік кеңес — тәрбиелеуші орган

Мәртөк аудандық ветеринарлық бекетінің басшысы қызметінен босатылды. Мәртөк аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысы жемқорлық жағдайын туғызғаны үшін ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Хромтау ауданы мемлекеттік кірістер бөлімінің басшысы қызметінен төмендетілген, ал облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұйымдастыру бөлімінің басшысына ескерту түрінде тәртіптік жаза берілген. Бұл — 15 сәуірде өткен Тәртіптік кеңес отырысында қабылданған шешімдердің орындалуы барысы туралы хабарламада айтылған мәліметтер.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Қайыржан Тоқышев кеңестің өткен жолғы отырысында алынған шешімдердің орындалуы барысы туралы мәліметтермен танысқаннан кейін күн тәртібіндегі жаңа мәселелерге ауысты.

Бұл жолы Тәртіптік кеңес мүшелерінің алдына Ақтөбе қаласы әкімінің аппараты басшысы мен қалалық білім бөлімі және облыстық білім басқармасы басшылары шақырылды. Әлбетте, бұл жолы да өзекті тақырып — жемқорлық мәселесі.

Қала әкімі аппаратының басшысы Жолдас Оразаевтың жұмыстарынан біраз кемшіліктер анықталған. Мәселен, ол жасалуы тиіс қызметтік тексерулерді бекітпеген, анықталған жемқорлық оқиғаларына байланысты құжаттар мерзімінде Тәртіптік кеңестің қарауына ұсынылмаған, әкімдікте жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі қайта даярлау курстарына жіберілмеген.

— Тәртіптік кеңес мемлекеттік қызметкерлерді тәрбиелеуші орган. Жаңа атап өтілген кемшіліктердің болғанын мойындап, бұдан кейін оларға жол бермеу үшін сөз беріп отырғанын ескере келе, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы Жолдас Оразаевқа сөгіс жариялау жөнінде шешім қабылдауды ұсынамын, — деді Тәртіптік кеңестің төрағасы Қайыржан Тоқышев. Кеңес мүшелері бұл шешімді бірауыздан қолдады.

Ал облысымыздың білім беру саласында орын алған заңбұзушылықтар туралы хабарламаны Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Жақсылық Үмбеталиев жасады. Оның айтуынша, 2013-2014 жылдардың аралығы мен 2015 жылдың 1-тоқсанында білім беру жүйесінде 41 жемқорлық қылмыс оқиғасы тіркеліпті. Ол қылмыстардың сегізі мектеп директорлары, он бірі мектепке дейінгі мекеме меңгерушілері, жиырма бірі бас есепшілер, біреуі аудандық білім беру бөлімі басшысы тарапынан жасалған.

Кең етек жайған заңбұзушылықтардың арасында тамақтану үшін ата-аналар тарапынан берілген жарналардан құрылған қор қаржысының жымқырылуы мен жалақының заңсыз есептелуі, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және пара алу секілді жайттарды атап өтуге болады.

2013 жылы 5 млн. теңгеден астам, 2014 жылы 148 млн. теңге шамасында, ал үстіміздегі жылдың 1-тоқсанында 2 млн. теңгеден астам қаржы мөлшерінде мемлекетке зиян келтірілген.

Сонымен қатар, заңға қайшы келетін тағы бір мәселе — кейбір мектеп директорларының мемлекеттік лауазымдарына қоса компаниялардың құрылтайшылығы мен жеке кәсіпкерлікпен айналысатындығы да анықталған. Хабарламада соңғы кезде жиілеп кеткен мектеп оқушылары арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау жайттары да сөз болды.

Тәртіптік кеңес мүшелерінің алдына шыққан қалалық білім бөлімі басшысы Ләззат Оразбаева пара алудың алдын алу шараларының алынбауында өз кінәсінің бар екендігін мойындады. Дегенмен де кеңес мүшелері жоғарыда атап өтілген заңбұзушылықтардың анықталуы қалалық білім бөлімі басшысының арқасында жүзеге асқанын атап өтті. «Көңілге күдік ұялатқан білім ошақтарының мұқият түрде тексерілуін талап еткен Оразбаева болатын», — деді кеңес мүшелері.

Тәртіптік кеңес мүшелері облысымыздың білім беру саласында жемқорлық жайттарының орын алуына жол бергені үшін облыстық білім басқармасының  басшысы Жанат Самұратоваға сөгіс, ал қалалық білім бөлімінің  басшысы Ләззат Оразбаеваға қатаң сөгіс жариялау туралы шешім қабылдады.

 

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button