Білім

Мен мектепке барамын…

Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Біреулері «мектепте апайдан кейінгі бастық мен боламын» десе, енді біреулері «мектепте биік тақа киемін» дейді. Сенбесеңіз, болашақ оқушылардың өз аузынан шыққан сөздерді оқып көріңіз.

Мектепке оқушылардан ерте барамын…

Гүлбаһрам Жүсіпова, Мұғалжар ауданы Жаңажол орта мектебінің 1-сынып оқушысы:

– Биыл мен бірінші сыныпқа барамын. Бұған дейін мен ауылымдағы «Балауса» балабақшасында тәрбиелендім. Балабақшада апайларым әріп үйретіп, сан санатты. Қазір кө-өп сан білемін. Кейде санап келе жатып, ұмытып қаламын. Сол кезде анам көмектесіп жібереді. Үйде Зейнел есімді ағам бар. Ағатайымнан да аздап жазу үйрендім. Атымды жаза аламын. Анам маған мектепке киетін киімдерімді, оқу құралдарымды дүкеннен сатып алып берді. Сөмкемнің ұйықтап қалғанда оятатын сағаты бар. Енді мен мектепке барлық оқушылардан бұрын баратын боламын.

«ӘЛІППЕНІ» ЖАТТАП АЛДЫМ…

Назерке Қыдырбаева, Заречный-1 поселкесіндегі №50 орта мектептің

1-сынып оқушысы:

– Мектеп алды даярлық тобында Света апайым көп үйретті. Қазір 42 әріпті жатқа білемін. Әпкем Аяулымның «Әліппесіндегі» барлық жазуларды жаттап алдым. Енді маған «Әліппені» оқу қиынға соқпайтын шығар. Мектеп алды даярлық тобында апайдан кейінгі бастық мен болдым, енді мектепте те бастық болуым керек. Менің мектепке ұстайтын сөмкем өте әдемі. Ішіне барлық оқу құралдарымды салып қойдым. Әдемі киімдерім де бар. Айтпақшы, ұмытып барамын, сөмкемнің  ішінде тек қарандаш ұштайтын ұштағышым жоқ. Бірінші қыркүйекке дейін анам маған дүкеннен ұштағыш сатып әпереді.

Қыздармен вальс билеймін…

Ұлан Мұхамбетқазы, Шалқар ауданы Бершүгір орта мектебінің 1-сынып оқушысы:

– Маған мектепке киетін костюм-шалбардың қара түсі ұнайды. Сосын ақ көйлек пен көбелек галстук тағамын, қыздармен вальс билеймін. Қазір санау білемін, әріп танимын. Мен мектептен үйренгенімді қарындасым Мерейге үйрететін боламын.

32-класқа барамын…

Айдана Анес, Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның 1-сынып оқушысы:

– Мен бірінші қыркүйек күні 32-класқа барамын. Онда бірінші сыныпта оқимын. Қазір 100-ге дейін санау білемін. Сан санауды маған қаладағы «Кәусар бұлақ» балабақшасындағы Ардақ, Ақсұлу есімді апайларым үйретті. Атымды да жаза аламын. Мектепте мен биік тақалы туфли киіп барамын. Анам маған базардан туфли сатып алып береді.

Мектебім өте әдемі…

Заманбек Серіков, Мұғалжар ауданы Саға негізгі мектебінің мектеп алды даярлық тобының тәрбиеленушісі:

– Жазда атам мені сүндеттеді. Енді мектепке барамын, оқу оқимын. Мектепте оқуды кілең 5-ке оқитын боламын. Біздің ауылдағы мектеп өте әдемі. Жазда  мектепке лагерьге бардым, балалармен ойын ойнадым. Апайым сурет салып, жазу үйретті.

Оқу оқуға асығып жүрмін…

Азия Жалмұханова, Ақтөбе қаласындағы «Ертегі» мектепке дейінгі ұйымының мектеп алды даярлық тобының тәрбиеленушісі:

– Үйдегі  Гүлмарал, Фарида есімді әпкелерімнен сан санауды үйреніп алдым. Балабақшада би билеп, ән шырқайтынбыз. Ғалия апайым бізге әріп тануды үйретті. Енді мектеп алды даярлық тобында тек оқитын боламыз. Анам маған базардан барлық оқу құралдарымды сатып әперді. Оқу оқуға асығып жүрмін.

Бүлдіршіндермен әңгімелескен Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button