Білім

Мектептер оқу жылына дайын ба?..

Жаңа оқу жылының басталуына саусақпен санарлықтай  уақыт қалды. Қала, облыс мектептерінің оқу жылына дайындығын білмек ниетте біз бірқатар білім беру мекемелерінің басшыларын сөзге тартқан едік.

Ырғызда гимназия ашылады

Биыл Ырғыз ауданында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 5 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Бұл іске жалпы сомасы 205 миллион 300 мың теңге бөлінді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысандардың бірі – аудан орталығындағы

№2 қазақ орта мектебі жаңа оқу жылында Ырғыз гимназия мектебі болып ашылмақ.

Жаңа оқу жылынан бастап Ырғыз гимназия мектебі өз қызметін бастайды. Гимназия ғимаратының кешенді жөндеу жұмысына «Жол картасы» аясында 85 миллион 900 мың теңге бөлінген болатын. Қазір ауқымды қаражат игеріліп жатыр. Гимназияда 240 балаға арналған бір ғана сынып комплектісі болады. Сабақтар тек түске дейін өтеді. Ал екінші ауысымда қосымша сабақтар мен үйірмелер жұмыс жасайтын болады. Үстіміздегі жылдың 28-29 тамыз күндері мектеп оқушылары тест түрінде емтихан тапсырады. Гимназияға іріктеу жұмысы 5-11 сынып аралығында өтеді. Сондай-ақ, ауылдық жердің оқушылары үшін де тест тапсыруға мүмкіндік бар. Ауыл балалары үшін гимназия жанынан 60 орындық интернат ашылады. Қазір интернат асханасының жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқу жылының басына дейін бұл жұмыстар толық аяқталады, – деді Ырғыз аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрлыбек Жүсіпов.

Н.Жүсіпов аудан орталығына елді мекендерден келіп оқитын балаларды демалыс уақытында үйлеріне тасу үшін арнайы автобустың жұмыс жасайтынын айтады.

Жыл сайын облыс әкімі Елеусін Сағындықов ауданның білім беру саласына ерекше қолдау көрсетіп келеді. Гимназия жанынан ашылатын интернатта 16 адамға жаңа жұмыс  орны ашылады, – деді ол.

Жуырда облыс әкімі ауданға жасаған іссапарында гимназия мектебінің жөндеу жұмысын арнайы барып қараған болатын. Елеусін Наурызбайұлы гимназияға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Наурыз СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына облыстың басқа өңірлеріндегі гимназия құрылыстарынан, білім ордасын жабдықтау технологиясынан үлгі алуды тапсырған болатын.

Жалпы шалғай ауданда гимназия мектебінің болуы дарынды оқушылардың қарым-қабілетінің шыңдалуына мүмкіндік жасайды.

Айнұр ҚЫСТАУБАЕВА,

Ырғыз ауданы.

Саяжайды мекендейтін балалар тіркеуге алынды

Бағдат Еңсепбаев, Ақтөбе қаласындағы №15 орта мектептің директоры:

Биыл екі қабатты мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары үшін облыстық және республикалық бюджеттен 21 миллион 770 мың теңге қарастырылған болатын. Қазір ауқымды қаражаттың 17 миллион 452 мың теңгесі игерілді. Бүгінгі күні мектептің барлық терезелері пластик терезелермен ауыстырылды, жылу жүйесі реттелді. Бұл орайда мен облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың жыл сайын білім саласы үшін жасап отырған игілікті ісіне шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Биыл мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген – қаладағы «Мизам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік басшысы Руслан Сейілханов мектеп жұмысына тартылған қырыққа жуық жұмысшының сапалы жұмыс істеуін қадағалап, күн сайын істің басы-қасында жүрді. Мердігер мекеменің жұмысына біз ризамыз. Бір қуанарлық жайт, биыл мектептің спорт залы күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұғалімдердің күшімен мәжіліс залы, асхана бөлмелері түгелдей сырланды. Сынып жетекшілері өздеріне бекітілген кабинеттерін жаңалап жатыр.

Өткен оқу жылында мектептен 777 оқушы білім алды. Биыл мектеп алды даярлық тобына 25 бала қабылдасақ, елуге тарта бала бірінші сыныпқа аяқ басады. Бір айта кетерлік жайт, біздің ауданда саяжайларды мекендейтін халық көп тұрады. Жаз мезгілінде мұғалімдер саяжай учаскелерін аралап, мектеп жасына жеткен балаларды тіркеуге алды, олардың ата-анасымен жұмыс жүргізді.

Республикалық «Мектепке жол» акциясы бағдарламасы бойынша да едәуір жұмыстар жүргізілді. Мектебімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан 67 бала оқиды. Үстіміздегі жылдың 28 тамызы күні білім ордасында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырмақпыз. Акция барысында көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына кәсіпкерлер мен ауқатты ата-аналар, мұғалімдер заттай және ақшалай қолдау көрсетпек.

Бізді «аспан+» қолдады

Қала маңындағы Сазды ауылының Сазды орта мектебінің іргетасы 1971 жылы қаланыпты. 320 орындық екі қабатты ғимаратқа биыл күрделі жөндеу жұмыстары үшін 6 миллион 300 мың теңге бөлінген. Бұл іске жауапты мердігер мекеме – «Аспан +» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектептің терезелерін жаңартыпты.

Жаңа оқу жылына мектебіміз сақадай сай тұр. «Аспан +» серіктестігі басшылығы мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 200 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетті. Біз ол қаржыға сыр, цемент   сатып алдық. Әрбір сынып кабинеттері түгелдей жаңартылды, – деді мектеп директоры Аманкелді Оңғарбаев.

Аралас мектеп саналатын Сазды орта мектебіне биыл 29 бала бірінші сыныпқа барса, 24 бала мектеп алды даярлық тобынан білім алмақ.

Бір қиыншылығы, қазір ауылымызда балабақша жоқ. Сондықтан мектеп жанында шағын орталық жұмыс жасайды. Қазір бұл орталықта  4-5 жас аралығындағы 18 бала тәрбиеленіп жатыр, – деді А.Ибрагимұлы.

Әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button