Әлеумет

Ел тәуелсіздігінің кепілі

Қазіргі қолданыстағы Конституциямыз тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең басты құжат, ел тәуелсіздігінің кепілі. Себебі, республикадағы саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалардың кепілі  де, барлық қабылданатын құжаттардың мазмұны да Ата Заңымыздың шеңберінен шықпайды. Алғашқы  1993 жылы 28 қаңтарда өтпелі кезеңде қабылданған  Конституция халыққа 2 жылдай қызмет етті. Бірақ ол Конституция сол кездегі экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалардың толық бағыт-бағдарын айқындап бере алмағандықтан жаңа Ата Заңымыздың нұсқасы көпшіліктің талқылауынан кейін, бүкілхалықтық референдумға ұсынылды. Ел Президентінің басшылығымен, республикамызды мекендеген барша ұлттар мен ұлыстардың атсалысуымен және кең көлемде қолдауымен  жаңа Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда сайлаушылардың  89 пайызы жақтап дауыс беріп, қабылданды.

Шығыс пен Батыстың, Азия мен Еуропаның, социализм мен капитализмнің, жоспар мен нарықтың, тоталитаризм мен демократияның тоғысқан, шарпысқан, кіріккен, біріккен, қақтығысқан қазанынан қайнап туған тұлға Президентіміздің салиқалы ойы мен көрегенді ақыл-парасатын ұстанған көпұлтты мемлекетіміз аз жылда өзінің экономикасын дамытуда және тыныштығы мен бірлігін сақтауда меймандос мемлекет ретінде әлем халықтарын қызықтыруда.

Кез-келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Ата Заңның алдында ала құласы жоқ бәріміз де бірдей жауапты, бәріміз де бірдей міндеттіміз. Біздің Конституция өзінің тиімділігін, өміршеңдігін дәлелдеді. Оның аясында елімізде қоғамдық келісім, тұрақтылық қамтамасыз етіліп, саяси-әлеуметтік дамудың өтпелі кезеңі жақсы нәтижелермен аяқталды.  Бүгінгі күнде Қазақстан  тату, ынтымақты, көп ұлтты халқы бар, қуатты  экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар, ең бастысы, болашағы бар, өзге елдерге үлгі болатындай үлкен елге  айналып отырса, бұл сол кездегі Қазақстан халқының дұрыс таңдау жасағанының  куәсі.

Біздің еліміздің  әлеуметтік өмірдегі басты табыстары да Конституциямызды басшылыққа ала отырып жасалған. Осы жылдарда Конституциялық нормалар біздің өмірімізге тыңғылықты енді. Олар біздің еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуында, рухани өрлеп, жетілуінде жаңа кезең болып, өзіне көп ғасырлық тарихи жолдың тәжірибесі мен ізгі дәстүрлерін сіңіре білді. Құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен тең дәрежеде, жан-жақты саяси-экономикалық қарым-қатынастар қалыптастыру, ірі реформаларды жүргізу, демократиялық қағидаттарды құрметтеу, бәрі-бәрі Ата Заңымыздың аясында атқарылып жатқан игілікті істер.

Қоғамның ілгерілеп дамуының басты факторы да, қозғаушы күші де адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы. Заң алдында  барлық адамдардың теңдігі, экономикалық еркіндік, идеологиялық және саяси көпқырлылық Қазақстанның құқықтық дамуының негізгі басымдықтары болып есептеледі. Ендеше, жалпы дамып жетілу мен ілгерілеу осындай ұстанымдарға негізделген демократиялық, зайырлы және әлеуметтік принциптерін нығайтуға бағытталған, салмақты және көрегенді саясат жүргізіп отырған елдерге тиесілі.

Бүгінгі күні  біздің Конституциямыз бен заңдарымыз адамға жай ғана қызмет етіп қоймай, оның шығармашылық, жасампаздық күш-қуатын арттырады, әр түрлі бастамаларға ынталандырады деп айтуға толық негіз бар.  Біздің Конституциямыз бізге ең басты нәрсені – таңдау құқығын берді, өйткені  өз өміріңді өзің жасауың – кез-келген  қазынадан гөрі құндырақ.

Қазір елімізде барынша әрқилы саяси бағыттағы 2 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары  шығады, соның ішінде  радикалды оппозициялық бағыттағылар да бар. Бүкіл БАҚ-тың 80%-ы мемлекеттік емес.

Негізгі Заңға сәйкес адамның құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады және олардан ешкім айыра алмайды, құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.  Конституция заң шығарушыны заң қабылдау кезінде, бірінші кезекте, осы норманы негізге алуға және адам құқығын басты орынға  қоюға міндеттеді. Сондықтан әр ел өз халқын, өз аумағының тұтастығын және өз заңдарын қорғауға міндетті.

Конституцияны қатаң сақтау – мемлекетті ойдағыдай дамыту мен қоғамдағы  азаматтық келісімнің негізі. Ол  демократияның жоғарғы мектебі, бұл мектепті еліміздің барлық азаматтары  игеруге, сол бойынша өмір сүруге міндетті. Ендеше, біздің парыз – Конституцияға ұқыптылықпен қарау. Оны өз елімізді, өз тарихымызды, өз жетістіктерімізді құрметтегендей құрметтеу керек.

Конституция негізінде және соған сүйене  отырып, елімізде  жүргізілген реформалардың оң нәтижесі ретінде қоғамда тыныштық пен бейбітшілік қалыптасты. Қазақстан қоғамды жаңартудың  қай саласында  болмасын бұрынғы Кеңес республикаларының ішінде  көш басында келеді.

Еліміздің Ата Заңының тағы бір басты ерекшелігі, ол азаматтардың бостандықтары мен негізгі құқықтарын халықаралық деңгейдегі дәрежеде қалыптастырып, бекітті. Біздің Республикамыздың бас құжатына сәйкес әрбір жеке адам өзінше жеке тұлға болып та есептеледі. Негізгі Заңда адамның  барлық қабілеттерін таныта білуіне жол ашатын баптар да жеткілікті. Мәселен, адамның күш-қуатын тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік бастамаға бой ұруы да осында анық кестеленген. Онда азаматтардың  бостандықтары мен құқықтарын қорғау үшін жеткілікті түрде сенімді тіректер қарастырылған. Ал, «Адам құқығын қорғау» деп аталатын қасиетті салаға қызмет етуге мемлекеттік биліктің барлық тармақтары тартылған. Оның бір мысалын саяси, еңбек, авторлық, мүліктік және мүліктік емес құқық бұзушылардың жолына тосқауыл қоятын баптар барлығынан да көруге болады.

Ата Заңымыз тарихта тұңғыш рет адам мен азаматтың жеке бостандығының классикалық элементтерін құрайтын құқықтарды өмірге енгізді. Бұлардын қатарында адамның жеке өміріне қол сұғылмауы, өзінің және отбасылық құпиясының болуы, әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуы бар. Әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтайтыны және оларды көрсету-көрсетпеу құқығын өзі шешетіні осында заңдастырылған.

Конституция қазақстандық патриотизм принципін негізгі принциптердің бірі ретінде есептейді. Патриотизм Қазақстан азаматтарының өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен берілгендігін, оның қуатының, қорғаныс қабілетінің артуына, халықаралық аренада беделінің нығаюына ықпал ететін идеясы, сезімі мен әрекеті. Қазақстан Республикасын қорғау, оның гүлденуіне үлес қосу, еліміздің  әрбір азаматының қасиетті борышы және парызы.

Мемлекеттік негіздерді қалыптастыру қолға алынған кезде  құқықтық қоғам орнату бірге бастау алатыны да сөзсіз.  Құқықтық мәдениет орнығып, құқықтық реформа алға жүрмейінше, елдің қолға алған тәуелсіздік шаралары да өрге баспауы мүмкін. Сондықтан Президент құқықтық мемлекет құруды мемлекеттің өзінен бастау керектігін айтты. Өйткені, тәуелсіздік жылдары ұғымымызға енген бұл сөздер нарықтық
экономиканың да, демократиялық қоғамның да ең басты мақсаты
болды. Осы жылдардағы Президенттің тәуелсіз елге бас болып, қиындыққа мойымай, елі үшін еткен табанды еңбегі, атқарған қызметінің бағасы өлшеусіз.

Еліміздегі басқарушы және атқарушы билік тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік тұрғыдағы ішкі және сыртқы тарихи маңызды саясаттар келешек ұрпақ үшін  жасалып жатыр. Осы игі саясаттың арқасында біз қазақ еліне тілектестерді, дос-жарандарды тауып жатырмыз. Ел тыныштығын  сақтай білу, ұлт мүддесін жадымыздан шығармау  басты мақсат болуы керек. Қай елде де елдің жетістігі ел басшыларына тікелей байланысты екені сөзсіз. Ал, бұл өз кезегінде оларға үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Олар – Құдайдың, яғни Жаратушы алдындағы жауапкершілік, халықтың алдындағы жауапкершілік және заң алдындағы жауапкершілік. Сондықтан, әлемдік практикада Елбасшысын құрметтеу, бағалау, құндылық деп мойындау ол елдің әр азаматының сеніміне айналуы – табиғи жағдай.

Негізгі Заңымыздан туындайтын игілікті іс-шаралардың ең үлкені ана тіліне деген қамқорлық. Ұлттың рухы болып табылатын осы мәселеге қатысты бастаманы  кезінде Президенттің  өзі көтерген болатын. Ел Конституциясына негізделіп қабылданған  «Тілдер туралы» Президент Жарлықтарында  қазақ тілін мемлекеттік басқару ісінде қолдану аясын кеңейтіп, мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін меңгерудегі міндеттерін орындауға қажетті алғы шарттар жасау, тілді оқыту мен үйренудің озық әдістемелерін және жаңа технологияларды енгізуді, іс-қағаздарын кезең-кезеңмен мемлекеттік тілге көшірудің  нақты  жоспарлары мен бағыттары белгіленген.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Қазақстан мемлекетінің зайырлық сипаты онда ресми мемлекеттік діннің болмайтындығынан, – көптеген діни уағыздың бір де бірінің міндетті немесе басым болып табылмайтындығынан көрінеді.

Қазақстан мемлекетінің зайырлық сипаты діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуімен сипатталады. Бұл, сонымен бірге, мемлекет органдарының діни бірлестіктердің қызметіне заңсыз араласуына, сондай-ақ, діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың қызметін жүктеуге жол бермеу қажеттігін білдіреді. Оның үстіне мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмауы тиіс. Одан әрі, Қазақстан мемлекетінің зайырлық сипаты саяси партиялардың діни негіздегі қызметіне жол бермеуден де көрінеді. Дін қызметкерлері де азаматтар сияқты мемлекеттік органдарға сайлана алады, мемлекет діни бірлестіктердің заңды қызметтерін қолдайды. Сонымен қатар, мақсаты мен әрекеті конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, діни алауыздықты ушықтыруға бағытталған діни бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне тыйым салынады.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Бұл ұғым еңбекке қабілеттілерді жұмысқа орналастыру, білім беру арқылы кәсіпке баулу,  денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін құру, тұрмысы төмендерді қолдау және тағы басқа да әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға қабілетті, дамыған экономикасы бар демократиялық үлгідегі мемлекет дегенді білдіреді. Бұның дәлелді көріністері біздің облыста да баршылық. Мәселен, облысымызда  тек «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ғана  жалпы көлемі 11,7 млрд. теңге құрайтын 241 жоба жүзеге асырылмақ. 2009 жылдың бірінші жартыжылдығында 20 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылып, 3,5 мыңдай адам қоғамдық жұмыстарға тартылған, 3368 әлеуметтік жұмыс орны құрылып, 1926 жас маман жұмысқа жіберілді. Ағымдағы жылы білім саласында 193 нысан күрделі жөндеуден өткізілмек. Осы сала бойынша 19 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 8 жаңа мектеп және 2 балабақша пайдалануға беріледі. Тек мұғалімдерге бағытталған марапаттау қоры 132  млн. теңгені құрады. Үздік білім ұжымдарына және үздік педагогтарға гранттар тағайындау жақсы үрдіске айналды. Биылғы жылы Облыстың ең үздік жалпы білім беретін 10 мектебіне – 1 млн. теңгеден; Облыстың ең үздік инновациялық 10 мектебіне – 1 млн. теңгеден; «Ең үздік облыс мұғалімі» номинациясы бойынша – 605 мұғалімге 120 мың теңгеден; «Ең үздік класс жетекшісі» номинациясы бойынша – 294 мұғалімге 100 мың теңгеден Облыс әкімінің гранттары берілді. Ең үлкен дәулет – халықтың денсаулығы, бұл саладағы көрсеткіштер де айтарлықтай. Бір ғана туберкулез сырқаты облыста 17,7%-ға кеміген. Ең таңдаулы медицина қызметкерлері мен мекемелеріне берілетін сыйлық қоры 38,5 млн. теңге болып белгіленген.

Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекетті орнықтыру жолына, құқыққа негізделген мемлекет құру жолына түсті. Мемлекеттің бірінші принципі заңның жоғары тұруы, оның қоғам өміріндегі үстемдігі болып табылады. Конституциямыз заң шығару органдарын осыған бағыттайды. Азаматтық қоғам институттарын дамытудың мақсаты – еліміз азаматтарының кұқықтары мен бостандықтарының, сөз бостандығының, бірлестіктердің кепілдіктерін одан әрі дамыта беру.

Конституциямызда «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деп  жазылған. Бұл ретте Президент қоғамнан, партиялардан, парламенттен және барлық билік институттарынан жоғары тұрып, олардың жұмысын үйлестіріп және бағыттап отырады. Сондықтан да төтенше жағдайларда (партиялар мен билік институттары арасында кикілжің шыққанда) ол Конституцияның бірден-бір кепіліне және мемлекеттік егемендіктің нақты көрінісіне айналады. Конституцияның  40-бабында: «Қазақстан Республикасының  Президенті –  мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және Халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға».

Президент басшылығымен жүргізіліп отырған сындарлы сыртқы саясатымыз да өз жемісін беруде. Олар: 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру; қазақстандық жеке капиталдың шетелдегі инвестициялық қызметіне ықпал жасау; Қазақстанды ақша ағымдарын, инвестициялар, қор рыноктарын реттеудің халықаралық процесіне қосудың тетіктерін қалыптастыру; еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін пайдалану; бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру; әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу бағдарламасын жүзеге асыру; саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру; халықаралық ланкестік пен экстремизмге қарсы тұру; өңірлік дамулар мен кикілжіндерді реттеуге байланысты қазіргі замандық өткір проблемаларлы шешу; Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру, т.б.

Сонымен, 1995 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің әлемде қуатты экономикасы бар әрі халықаралық қоғамдастықтағы тұғыры берік өңірлік державаға айналуына, халықтың тұрмыс-жағдайының өсуіне, демократиялық процестің дамуына, саяси тұрақтылыққа, ұлттар арасындағы татулыққа, әлемдік қауымдастықта Қазақстанның зор беделге ие болуына негіз жасады.

Өмірде бағыт-бағдар етіп ұстанатын жолдар мен жөндер көп болуы мүмкін. Ал әрбір қазақстандық үшін Заң шеңберіндегі өмірлік бағдар  біреу-ақ. Ол – Қазақстан Республикасының  Конституциясы. «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген халықтар» деп басталған өміріміздің ең басты жолбасшысының жарыққа шығып, жария болғанына да біраз жылдар  болыпты. Осы жылдар ішінде, ең бастысы, біз зайырлы мемлекет ретінде әлемге танылдық. Біздің мұнайымыз бен алтын астығымыз ен байлықтың көзі болса, Атыраудан Алтайға дейінгі аралықтағы қазақ жерінің көл-көсір ғажап көріністері ұлтымыздың этно-эстетикалық құндылықтарын әлемге паш етіп тұр. Президенттің тікелей басшылығымен салынып жатқан ХХІ ғасырдың ең көрікті қалаларының бірі жаңа Астана – бұл жас мемлекетіміздің биік Елтаңбасы іспеттес әлеуетті орталық. Осының бәрі ел тыныштығымен, ел бірлігімен, халқымыздың ел басшысының айналасына топтаса отырып, түсінікпен, ынтамен еңбек етулерінің нәтижесі.

Біз еліміздің әрбір азаматының, оның ішінде біздің Ақтөбе облысы тұрғындарының да жемісті де, жасампаздық еңбегі Қазақстан Республикасының лайықты болашағын қамтамасыз ете отырып, Конституциялық нормалар мен принциптерді әлі де  ауқымдырақ жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндігіне сенімдіміз.

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button