Ауыл

Ауылға кел, жас маман!

Білім

Жас мамандардың алдынан бәрін бірдей жұмыс күтіп тұр ма?  Табақтай дипломдарын қолына алып, ауылға келіп, иығынан ауыр жүкті түсіргендей бірі сайрандап, бірі мейрамдап жүргендер әлі де бар. Ертеңгі күнін бүгін ойлап жұмыс іздеп жанығып жүрген бірегейлері де кездеседі арасында. Талаптыға қайда да орын бар дегенмен, қазір сұраныс деген сұңғыла алған біліміңді, өзіңше жинаған білігіңді  санамалап тұрып, сараптап тұрып сені өзіне бағындырғысы келеді.

Аудандағы 24 мектепте қазіргі таңда  641 мұғалім жұмыс жасайды екен. Бұның ішінде физика, математика, орыс тілі, ағылшын тілінің мамандары мүлде жеткіліксіз. Амал жоқтықтан кейбір мұғалімдерге әмбебап болуға тура келетіні де жасырын емес. Оқығаны басқа, беретін сабағы басқа дегендей.  Аудандағы барлық мектептердің сұранысын есепке алғанда  әлі де отызға жуық маманның жетіспеушілігі байқалады.

«Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында  Ақтөбе педагогикалық институты, гуманитарлық колледж студенттерімен арнайы барып кездесу ұйымдастырып, оларды ауылға жұмысқа шақырамыз. Үкіметтің  жастарды қолдау жөніндегі арнайы қаулысын алға тартамыз.  Шақырумен келген жас мамандарға кісі басына   89 мың 100 теңге көтерме ақы  төленеді.  Олар медициналық тексеруден де тегін өтеді, алдағы уақытта коммуналдық төлем мәселесін шешу де ойымызда бар. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып жастар ауыл мектебінің болашағын, білім сапасын көркейтуге атсалысса екен дейміз», – дейді аудандық білім бөлімінің кадр жөніндегі  бас маманы Сәндігүл Өткелбаева.

Физика, математика пәндерінен дәріс беретін мамандар жетіспегенімен,  ауданның түлектері гуманитарлық пәндерді таңдаудан алдарына жан салмайды. Мұнда филолог, тарихшылар жыртылып айырылады.

Әзірге аудандық білім бөлімінің  қажет мамандар сапын Ақтөбе педагогикалық институты мен гуманитарлық колледжден келген 25 жас толықтырып отыр.  Маусым айынан бастап ниет білдірушілердің алды алғашқы еңбек жолдарын бала бақшалар мен  балалардың жазғы демалыс лагерьлерінде бастап та кетті. Жаңа оқу жылында оларды өз мамандықтары бойынша орындары күтіп тұр. Әзірше спорт мектебінде жұмыс жасап жатқан Торғын Базарова, Оқушылар үйіндегі Әсел Болатова, «Балдырған» бала бақшасындағы Гүлзат Ахметова сынды жас мамандарды  –  «Жастар – ауылға» атты жемісті еңбек нәтижесінің алғашқы қарлығаштары десе де болады.

Жанар ЕСЕНҚҰЛҚЫЗЫ,

Ойыл ауданы.

Бастама

Жігерлі жанның ұмтылысы

Айналысқан адамға спорттың бәрі жақсы. Алайда, олардың ішінде бокстың орыны ерекше. Ақтөбе медколледжінің тіс технигі бөлімін бітіріп,  кезінде аудандық аурухананаға мамандығы бойынша жолдамамен келген Нұрлан Төленов жастайынан жанына серік болған боксты жасөспірімдерге үйретуді қолға алды. Спорттың осы бір сырбаз түрінен республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстарға қатысып, бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілді.

Алғашында 57 кг салмақта рингке шықса, кейін 60 кг салмақта қарсыластарымен қолғап түйістірді. Талғат Жүсіпов, Ғани Телеуов, Ерлан Аязбаев секілді жаттықтырушылары мұның өз салмақ дәрежесінде шеберлігін шыңдай түсуіне көп ықпал етті. Өзі өзгеден үйренді, енді өзі балаларды үйреткісі келді.

Сөйтіп, үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап №9 кәсіптік мектептің спорт залында 50 шақты баланы бокстың әліппесімен таныстырып, шыңдай түсуде.

Ақтөбе қаласында бұрын өзі жаттыққан №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балаларымен жолдастық кездесу өткізіп, өз шәкірттерінің аяқ алысын байқап көрді. Алғашқы қарқын жаман емес.

– Әр салмақ дәрежесінен бір баладан қалаға апарып қайттым. Шәкірттерімнің талпынысы жақсы. Бұған біраз қанаттанып қалдық. Өзім жаттықтыратын балалар – 11-14 жас аралығындағылар. Мен бокс үйірмесіне жақсы оқуымен қатар, тәртіпті сақтай білетіндерін ғана қабылдаудамын. Өз білігін біреуге жұдырықпен көрсеткісі келетіндерге арамызда орын жоқ. Бірден шартты үземіз. Ата – аналарынан  келісім бар, – дейді Нұрлан Төленов.

Жаттықтырушыны толғандырып жүрген жай – балалар жаттығатын тұрақты орын мәселесі. Жаттығуға арналған қапшықтар, тағы басқа спорттық бұйымдарды қоятын орын керек. Сонымен қатар, боксқа қатысатындарға арналған киімдер де қажеттігі білінеді.

… Ауыл балаларының арасынан талапты да талантты боксшыларды тәрбиелеп шығаруды мақсат тұтқан Нұрлан Төленов секілді азаматтар еліміздің ертеңі үшін қызмет етуді көздейді. Ендеше ондай жігерлі жандардың ұмтылысын қолдау да керек шығар.

Тәуіпбай Жайсаңбайұлы,

Әйтеке би ауданы.

Жүздесу

Үгіт керуенінен із қалды

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты Жолдауын насихаттау мақсатында аудан орталығынан құрылған үгіт керуені Аманкөл селолық округіне қарасты елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесті. Топ жетекшісі аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ж.Таңқаев жиналған жұртшылыққа Елбасының халыққа Жолдауының орындалу барысына тоқталып, аудан көлемінде жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары туралы мағлұмат берді. Сонымен қатар, үгіт керуені құрамында аудандық телекоммуникация торабының бас инженері Қ.Назарбаев, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Н.Әділбек, аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Ә.Тілеубергенов, халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы Ж.Абылаев болып, өз қызмет салаларына қатысты сұрақтарға жауап берді. Кездесуде Аманкөл селолық округінің орталығы – Құтикөл мен Ырғыз селосын жалғастыратын жолдың нашарлығы тұрғындар тарапынан біраз наразылықтар туғызды. Бұл жолды қыстың күні қар көміп, тазалайтын көлік табылмай бір қиналса, жаздың күні тегістейтін техника табылмай халықтың жүйкесін жұқартуда. Сонымен қатар, құтикөлдіктер бүгінгі күні жүргізіліп жатқан «Ырғыз – Тельман – Коминтерн» су құбырының уақытында бітуіне де алаңдаулы. Алаңдау былай тұрсын, осы су құбырларының село ішіндегі кейбір жерлері уақытылы көмілмей ауыл тұрғындары мен қолындағы азын-аулақ малдарына қауіп төндіруде.

«Шамның жарығы түбіне түспейді» демекші, аудан орталығына тиіп тұрған Жарма мен Аманкөл селосында әлі күнге телефон байланысы нашар. Ал, бұл мәселеге орай қойылған сауалға жауап берген аудандық телекоммуникация торабының бас инженері Қ.Назарбаев жақын күндері аудан орталығында сымсыз телефон жұмыс істейтінін және ол орналасқан жерінен 35 шақырым қашықтықта байланысқа шыға алатынын ескертіп, қазан айында осы елді мекендерге орнатылатындығына уәде берді.

Кездесу соңында «Арай» Мәдениет үйінің жанынан құрылған көркемөнерпаздар тобы концерт қойды.

Қысқасы, үгіт керуені насихат жұмыстарымен бірге ел ішіндегі проблемаларды да шеше алатындықтарын байқатты.

Тұрсынбек БЕКЖАНҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Науқан

Орақ қыза бастады

Биылғы егін орағы ауданда күрделі  болғалы отыр. Бұл өңір тәуекелді егіс аймағына жататындықтан көп жағдай жаңбыр мен ылғалдарға байланысты екені белгілі. Дегенмен диқан қауымы жаз бойы үмітін үзбей, табиғаттан ерекше сый дәметкен сыңайлы еді.

Жалпы аудан бойынша 110 мың гектар жерге дәнді дақылдар себілген болатын. Көктемнің қолайлы, ылғалдың жеткілікті болуына байланысты диқандардың орақтың берекелі болатындығына еш күмәні жоқ-ты.

Алайда, жаз бойғы қуаңшылық, жаңбырдың болмауы олардың бар сенімін жоққа шығарғандай. Егін орағы таяуда басталды, түсім мөлшері гектарына 3,5-4,0 центнерден ғана айналуда.

Әсіресе, өнім мөлшерінің күткендегіден аздығы Ильинка, Маржанбұлақ, Болгарка селолық округтеріндегі шаруашылықтарда бұл айқын байқалады. Бәрін сараптай келе 12 мың гектардай жер себілген тұқымды ақтай алмайтын болғандықтан оларды есептен шығаруға тура келді. Оның үстіне тамыз айының соңына таман себелеп жауған жаңбыр да ауыл еңбеккерлерінің еңсесін түсіріп кетті.

Қолайсыз табиғат құбылысының әсеріне ұшыраған егістік алқаптар көлемін айқындау мәселесі  бойынша аудандық комиссия құрылды.

Бүгінде аталмыш комиссия шаруашылықтарда болып, егіні шықпай қалған алқаптарға барып, олардың жай- күйін тексеруде.

Егін алқабындағы көрініс осылай болғанда шөп шығымы бұрынғы жылдарға қарағанда біршама тәуір.  Тек уақытты созбай оны уақытында жинап алу керектігі білінеді. Қазір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары мал басы үшін қажетті жем-шөп қорын дайындауды қызу жүргізуде.

Мал азығын дайындау жөніндегі екі айлықтағы 79 мың тонна жоспардың орнына 90 мың тоннадан астам шөп жиналды.

Биыл қолға қарайтын мал басы үшін бір жарым жылдық жем-шөп қоры дайындалады деп  болжануда. Бұған барлық мүмкіндіктер бар.

Қалай болғанда да бүгінгі күннің ұраны – алқапта бір түйір дән, қажетті мөлшерде шабылмаған шөп қалдырмауда. Табиғаттың тосқауылына бағынып отыра беруге болмайтындығын шаруа қауымы әлдеқашан-ақ ұғынған.

Нұр ДІЛДАЕВ,

Алға ауданы.

Руханият

«Бір ел – бір кітап»

Кітапханаларда «Бір ел – бір кітап» акциясы бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Мұның өзі белгілі бір туындыға жұртшылықтың жаппай қызығушылығын оятуға ұйытқы болып отыр.

Алдыңғы жылы жаппай оқитын кітап ретінде Абайдың «Қара сөздері» таңдалып, көпшілік арасында осы бағытта игілікті шаралар ұйымдастырылған еді. Одан кейінгі жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» жаппай оқуға ұсынылды.

Сарапшылар 2009 жылды Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» туындысына арнады. Талай жылдар бойы шығармалары бұғау астында жатқан тамаша суреткердің еңбектері әлі де болса халық игілігіне толықтай жаратылып жатқан жоқ. «Сондықтан да біздер ұлттық әдебиетіміздің бұл жауһар дүниесін аудан тұрғындарына кеңінен танытуды мақсат тұттық,-дейді аудандық кітапхана әдіскері Б. Әбиева, – осыған байланысты ауқымды шаралар қолға алынуда».

Аудандағы жұмыс істеп тұрған барлық кітапханалар қазір «Бір ел – бір кітап» акциясын қыздыра түсуде.

Ерсайын ТӨЛЕУОВ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button