Саясат

Ата заң аясындағы ойлар…

Қазақстан егемендігінің төртінші жылында қабылданған Ата Заң еліміздің болашағын демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет деп сипаттаған еді. Одан бері республикамыз талай-талай асулардан өтіп, әлемдік өркениет төрінен өз орнын алды. Бүгінде әлемнің жеті миллиардқа жуық тұрғыны екі жүзден астам мемлекетке топтасып отыр, міне, сол мемлекеттер арасында халқының саны 16, 4 миллион ғана болатын, ал егемендігін жариялағанына небәрі он сегіз жыл толғалы тұрған ел үшін – бұл таңғаларлық өзгеріс. Әрине, бұл биік – тереңнен ойластырылған, ұлы істер жемісі екені баршаға аян. Соның ішінде Конституцияда тұжырымдалған Президенттік биліктің бүгінгі кезеңдегі эволюциялық процеске үйлесімдігі мен оның объективті жолмен жүзеге асырылуын атап айту керек. Яғни, Ата Заңда орныққан билік жүйесінің негізгі табиғаты, оның іске асу тәсілдері мен жолдары ел дамуының казіргі сатысы талабына барынша жауап береді дегім келеді.

Егемендік жарияланған күннен бастап Қазақстан құқықтық мемлекет мақсатын ұстанып, бұл идеяны берік түрде қабылдады. Шынтуайтында, 1991 жылдан бастап өмірдің қандай саласында болмасын тек Заңға мойынсұнып, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді мақсат тұтқан жас мемлекет өзіне тән рухани әлемі, саясаты, экономикасы, әлеуметтік бағдарламасымен ерекшелене білді деуге толық негіз бар. Ұлттық құқық жүйесіне жаңа дем беру арқылы бүкіл қазақстандықтарды бір серпілтіп, Конституциямыздың бүкілхалықтық референдумда мақұлдануы – тәуелсіз мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан тарихи оқиға болды.

Осы орайда еліміздің Негізгі Заңы ғылым, білім процесінде тиісті орнын алғаны жөн болар деп ойлаймын. Республика тәуелсіздігінің он бес жылдығына арналған салтанатты жиындағы баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз әлемде жаңа мемлекет құрдық!» – деп зор сеніммен айтты. Шынында да, тарихи өлшеммен алғанда, азаттық туын көтерген сапарымыздың бүгінге дейінгі онша ұзақ емес жолында Қазақстанды табиғи байлығы мол, өзіндік даму жолын таңдаған мемлекет ретінде әлемдік өркениетке танытып, есептесуге мәжбүрлеп, өзіміз де әлемді барынша тани білдік. Яғни, шет елдердің озық тұсы қандай, қиындыққа неден ұшырап отыр – соны байқадық, ал әлемге кең байтақ жері бар, табиғатынан бейбітсүйгіш халқымызды таныттық. Бұл – халқымыз үшін бұрын-соңды кезікпеген жаңа мүмкіндік, ата тарихымыздағы жаңа кезең.

Қуатты мемлекеттік билік пен демократия – бір-біріне кереғар құбылыстар емес. Демократия тек заңдылық қатаң сақталған жағдайда ғана гүлденіп-дамиды, сонда ғана елдің игілігіне айналады. Ал Конституция – мемлекеттің басты саяси-құқықтық құжаты. Сондықтан, елдегі саясат және құқық біртұтас, қандай да бір қайшылықтардан ада болуы тиіс, егер осы шарт сақталмаса екеуі де мемлекеттік эволюцияға шек болып, дамып-жетілуіне қиындық келтіреді. «Конституция» сөзінің төркінін латын тіліндегі «constitucio» сөзінен табамыз, яғни «орнықтыру» деген мағына береді. Конституция – мемлекеттің Негізгі Заңы, қолданысқа түсетін барлық заңдардың іргетасы. Бұл – адамзат тарихындағы барлық мемлекеттік құрылымдардың сынағынан өтіп, түйінге айналған ереже.

Еліміздің Негізгі Заңы 1995 жылы Бүкілхалықтық референдумда қабылданған болса, осы жолдардың авторы сол тарихи оқиғаны ұйымдастырып, сәтті өткізуге үлкен еңбек жұмсағанын мақтанышпен еске алады. Сол жылы мен облыстық аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы болып қызмет етіп, елімізде екі референдумды сәтті өткізуге атсалыстым, сөйтіп, ел алдындағы азаматтық парыздың ең құндысын абыроймен орындадым дей аламын.

Сол Негізгі Заңымыздың өміршеңдігі, демократиялық табиғаты туралы қазақстандықтар да, шетел азаматтары да жиі жылы лебіздер айтып, болашағымызға зор сенім білдіріп келеді. Сонымен қатар, кешеге дейін, Конституцияның тараулары мен баптары туралы әртүрлі ой-пікірлер айтылып, тіпті қызу пікірталастар болғаныменен, бүгінгі биігімізден бағаласақ, қазақстандықтардың оның негізгі түйіндеріне тыныштықтың, күнделікті берекелі өмір ағысының бас кепілі ретінде құрметпен қарайтыны ешбір күмән туғызбайды.

1995 жылғы референдум алдында да, оның барысында да «1993 жылы қабылданған конституция толық еніп үлгермей, ізінше-ақ жаңа Негізгі Заң қабылдау қаншалықты қажет еді?» – деген пікірсайыстар жеткілікті болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары КСРО кезіндегі экономикалық байланыстар ыдырап, кәсіпорындар тоқтап, жұмыссыздық ұлғайып, ақша құнсызданып, халықтың күнделікті тіршілігіне қажетті тауарлар сұранысы өзекті мәселеге айналған шақта, Одақ тұсында қабылданған заңдар, оның Конституциясы күшін жойып, тіпті өмір талабына қайшы болып қалды. Осы кезде билік басына ұмтылған түрлі «әуесқой» саяси күштер қоғамдағы қиындықтарды ушықтырып, мемлекет тұтастығына қауіп төндіре бастады. Ал мемлекет негізін қалыптастырып-жетілдіру мақсатында қабылданған қаулы-қарарлар мен шешімдерде күнделікті тіршілікке үйлесімсіз көріністер де болып, тіпті қателіктерге де жол берілгені аян. 1993 жылғы Конституцияға келетін болсақ, ол егемендік алған жас мемлекеттегі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларға қарсы күштер мен ҚКСР-ны демократиялық, өркениетті мемлекетке трансформациялау ісін таңдап қолдаушылар арасында үйлестіруші міндетін атқаруға тиіс еді. Сондықтан, бұл Конституция өзіне тән құндылықтармен қатар, 80 жылға жуық уақыт үстемдік құрған  идеологияның саяси, экономикалық және психологиялық ізінен арыла алмады. Мысалы, 1990-1994 жылдар аралығында қабылданған заңдарды талдасақ, олардың басым бөлігі нарықтық экономика мен демократиялық қоғам құрылысындағы құқықтық қатынастарды тек қана реттеуші құрал сипатында қала берді. Біздің пайымдауымызша, екі жылдан соң дереу қазіргі Конституцияны қабылдау себебін осы жәйттерден іздеген жөн болар.

Бұл жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батылдығын, көрегендігін атап өткен жөн. Конституция жобасын дайындау кезінде әлемдік демократияның тәжірибелерін, қазақстандықтардың қалауын жан-жақты сараптауға, қызу және өткір талқылауға жол ашылды. Нәтижесінде, 1995 жылдың 30 тамызында өткен Бүкілхалықтық референдумда қатысушылардың 90 пайызы жақтап дауыс беріп, қазіргі қолданыстағы Конституцияның қабылданғаны белгілі.

Енді қолданыстағы Конституцияның кей түйіндеріне ой бұрып, талдап көрелік. Негізгі заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп атап көрсетілген. Ата заңда азаматтардың негізгі құқықтары әлемдік өркениетте жинақталған тәжірибелерге негізделіп алынғаны байқалады. Референдум барысында осы баптың айналасында сайлаушылар тарапынан жүздеген ұсыныс-пікірлер, тың ойлар болғанын білеміз. Мысалы,  Ақтөбе облысында аталмыш өзекті және өткір мәселелерді талқылауға аймақтық сайлау комиссиясы мүшелері мен саяси-қоғамдық партиялар мен қозғалыстар өкілдері 90-ға жуық кездесулер мен пікір алысу шараларын өткізген еді. Ал Конституция жобасын халық арасында талқылап, олармен пікір алысу барысында кәсіби-нақтылы жауап бере алатын заңгерлер тапшылығы әбден байқалды. Сол тұстағы заңгерлердің ондай пікір алысуларға келгенде, мүлдем тәжірибесіз екендігі анықталған еді.

Конституцияда азаматтарға қызмет етумен қатар, олардың өмірдің әр саласындағы игі бастамаларына, кәсіпкерлікке ынта-жігеріне, шығармашылығына билік тарапынан әрдайым қолдау көрсетілуі тиіс екені де анық көрсетілген. Бұл орайда қоғам мүшелерінің бостандықтары мен құқықтарын сақтап-қорғау және осы бағыттағы шараларды жетілдіру үшін де арнаулы кепілдіктер келтірілген.

Конституциядан қазақстандықтардың құқығын қорғау ісіне республикадағы билік жүйесінің барлық буындары жауапты екенін көреміз. Саяси қызметте, еңбекте және өмірдің басқа салаларында болған құқықты шектеу немесе оған нұқсан келтіру әрекеттері, оған кінәлілер әділ анықталып, Конституция талаптарына сай баға беру сот билігіне міндеттелген.

Конституцияның негізін, оның өміршеңдігі мен құндылығын демократияға жол ашылып, халықтың билікке батыл араласуы да таразылайды. Мемлекет және құқық тарихы бойынша халық өз билігін еркін сайлау нәтижесінде жүзеге асырып немесе өз өкілдерін билік орындарына ұсыну арқылы мемлекетті билеуге қатысады. Қазақстан Республикасы Конституциясында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» – деп қана қоймай, көпшіліктің тілегі мен мүддесі бәрінен де жоғары екені жан-жақты баяндалып-көрсетілген.

Конституцияға байланысты мәселелер аясында әр мемлекетке тән ұлттық идеологияның негізі қандай құндылықтардан құралады деген тақырыпта пікірлер тартысы толастамай келеді. Бұл осы күнге дейін өзінің қазақстандықтарға қонымды мазмұнын, қағидатты шешімін таба алмаған мәселе деп ойлаймын. Бұл орайда ұлттық мемлекеттік идеологияны жинақтап-талдап-тұжырымдаушылар Қазақстанның жас мемлекет екенін ескере тұра, тарих – шексіз, ал оның өлшемі – уақыттың зымырап жатқанын, уақыттың күтпейтінін мұқият ойлағандары жөн. Ал кейбір «алыс шетел» насихатына иланып, идеологиядан тысқары мемлекет құру жолын уағыздаушыларға айтарымыз – адамзат тарихында ешқашан мемлекеттік идеологиясыз ел болмаған. Біз XXI ғасырда да идеологиясыз мемлекет болуы мүмкін емес деген пікірді ұстанамыз.

Біздің пайымдауымызша, құқықтық мемлекет тұғыры – заңның жоғарғы мәртебесінде, ал Конституцияның мызғымас беріктігі – ұлттық идеологияның негізі және түпқазығы. Олай болса, ұлттық идеологияол тәуелсіздік, белгілі өркениеттік бағытта дамыған мемлекет, саясат биігіндегі халық мүддесі, баршаның құрметіне ие болған мемлекеттік тіл, еркін бәсекеге жол ашатын экономиканың теориялық жиынтығы. Бұлар тек қана құқық, өркениетті мемлекет құруға бағыт алған елдердің Конституциясы мен заңы аясында қалыптасып, уақыт өткен сайын жүйеленіп, мазмұны мен мақсаты жағынан жетілуі мүмкін. Құқықтық сана, жетілген ұлттық мәдениет толық салтанат құрған ортада ғана азаматтар бойында зиялылық, ұлтжандық және ұлтаралық толеранттық мазмұндағы дүниетаным қалыптасуына мүмкіндік тумақ.

Конституцияда еліміздің көпұлтты құрылымы, оның тарихи себептері ескеріліп, ұлтаралық қатынас мәселелері мен соған орай қоғам мүшелері алдындағы міндеттер де барынша айқын көрсетілген. Ұлтаралық қатынастағы шыдамдылық мәселесі – КСРО ыдырағаннан кейінгі жас, тәуелсіз мемлекеттердің барлығы дерлік бетпе-бет кездескен үлкен қиындықтардың бірі болды. Бұл қиындықтан өту жолы әр елде әрқалай өріс алып, өкінішке орай, кей аймақтарда мыңдаған жазықсыз жандар ұлтаралық, ұлысаралық жанжалдың құрбаны болғанын білеміз. Қазақстан егемендігін жариялағаннан кейін, өздерінің тарихи отанынан алыс қалған ұлттардың, орыс тілді азаматтардың құқықтық дәрежесі туралы әңгіменің қызуы көпке дейін басылмай тұрды. Қазақстан осындай аса күрделі жағдайдан абыройлы шықты, біздің Конституциямызда ұлтаралық татулықты бұзатын кез-келген әрекетке жол бермеу көзделген. Бұл ең алдымен –  Елбасының ерен ерік-жігерінің, көреген саясатының жемісі.

«Жақсы конституция қандай болуы керек?» деген сауалға грек заңгері Солон: «Әуелі айтыңызшы, ол құжат қандай халыққа және қандай дәуірге арналған?» – деп қарсы сұрақ берген екен. Конституция аясында баршамыз ойдан бір сәт  те шығармай, әрдайым ескерер мәселе – азаматтардың құқықтық мәдениеті. Өркениетті мемлекет азаматтарының құқықтық мәдениеті, адамның қоғамдағы бостандығы мен лайықты мәртебесі және әділетті заң шығару да Конституция тараулары мен баптарынан бастау алады. Ал Негізгі Заңның деңгейі мен дәрежесі тұрғындардың құқықтық мәдениетін алдын-ала болжап анықтайды. Олай болса, азаматтардың құқықтық мәдениеті Конституцияның демократиялық мазмұны мен оның жетілу дәрежесіне  байланысты. Сайып келгенде, осы екі түйін – Қазақстан азаматтарының құқықтық мәдениетінің басты бағыты мен түпкі мақсаты.

Тарихи өлшем тұрғысынан біздің мемлекетіміз әлемдік деңгейде биік асуларды алғанын өркениетті елдер мойындағаны баршаға аян. Егемендік сапарымыздың биігінен талдасақ, экономика, еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық, ұлтаралық келісім, болған түсінбестік пен қайшылықтарды Заң негізінде реттеу, т.б. жағдайлар – осы құжатты бүкіл қоғам мүшелерінің мақұлдап-қабылдауының объективті нәтижесі. Осы орайда ағылшын философы және заңгері Бентам Иеремидің «Халық басынан кешіп үйренген конституция шынайы орнықты болар» – деген ой-түйіні дәл келетін сияқты.

Бүгінде көпшілікті Ата Заңда қойылған міндеттерді орындауға кедергі болып отырған келеңсіздіктерді шектеу немесе барынша өңдеу, азаматтардың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру арқылы өркениетті мемлекет деңгейіне жету амалы, осыған орай әлемдік тәжірибедегі тиімді әдістерді қолданудың жолы қандай деген сауал ойландырады. Ғылым мен тәжірибеде жинақталған тұжырымдарды ескеріп, бірқатар азаматтар айтып жүрген ұсыныс-пікірлер жан-жақты талданып, іс жүзіне батыл енгізілсе оң нәтиже берер деп ойлаймыз.

Біздің пайымдауымызша, бүгінгі күнгі ең басты жетістік – Конституция тараулары мен дербес баптарында көрсетілген міндеттер өз реті және орнымен іске асып, елімізде эволюциялық бағыттың негізгі жоспар-міндеттерінің өркениетті, бейбіт әдіспен шешілуінде.

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button