Білім

Балдырған

Ғарыш

Қой, үйрек, қораз және әуе шары

Қазір кез-келген оқушы ғарышқа тұңғыш ұшқан адам Юрий Гагарин, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров екенін жақсы біледі. Ал тұңғыш әуе шарымен кім ұшып еді?

1783 жылғы шілдеде Францияда ағалы-інілі Жозеф пен Этьен Монгольф тұңғыш рет әуе шарымен жерден көтеріліп, он минуттай көк төсінде жүзіп жүрді. Өз заманы үшін бұл теңдесі жоқ оқиға болды. Шар кәдімгі кенеп матадан тігілген еді. Салмағы -227 килограмм, биіктігі 11 метр болды. Бұл алғашқы қадам ғана еді.

Келесі жолы Парижде тұратын талантты физик Жак Шарл ішіне сутегі толтырған әуе шарын аспанға көтерді. Шарл мырза кенептен тоқылып, тігісін қағазбен бекіткен Монгольфтардың шары көп ұзамағанын біліп, өз шарын жұқа жібек матадан тоқытты. 4 метр ені бар алып шарды сутегімен толтыру үшін 227 килограмм оттегі жұмсалып, 454 килограмм темір ерітілді. Шар 28 шақырымға ұшты.

Мұны көрген әлгі ағайынды Монгольфтар араға үш апта салып ХVІ Людвик ағзамның сарайы алдындағы үлкен алаңнан тағы да әуе шарын ұшырды. Қорабына бір қой, бір үйрек, бір қораз тиеп, әуеге көтерілген шар діттеген жерге аман-есен қонды.

Араға 200 жылға тақау уақыт салып ғарышқа ұшқан космос кемелерінің бірінде Лайка ныспылы ит болғаны белгілі. Ауаның жоғары қысымы организмге қалай әсер ететінін хайуанаттар арқылы сынау сол кезден-ақ бар әдет екен.

Тарих

Ежелгі Рим. Білімді құлдар

Кітап басуды ойлап тапқанға дейін, әдеби шығармаларды жарыққа шығару оңай емес еді. Себебі қолжазбалар қолмен көшірілетін.

Бірақ біздің дәуіріміздің бас кезінде Ертедегі Римде қолжазба кітаптар (папирусқа немесе пергаментеке жазылған) көп тарады.

Мұнда тегін кіретін көпшілік кітапханалары және кітап дүкендері болған. Баспа станоктарының жоқтығы келе-келе газет сияқты басылымдардың – мерзімді бюллетеньдердің шығуына бөгет бола алмады. Тіпті Рим патрицийінің жеке кітапханасы да болды.

Кітаптар қымбат болмаған. Оның себебі құлдар еңбегінің арзандығында болса керек. Әрбір бай римдіктің кітап оқып беретін және көшіретін құлдары да болған. Осындай білімді құлдар жүздеп, мыңдап саналатын.

Цицеронның досы, бай әрі ақылды Тит Помпоний Аттик сату үшін манускриптер дайындауды ең алғаш жолға қояды, бұл кәдімгі көпшілік тиражбен кітап шығаруға ұқсас жұмыс.

Бұған көптеген құлдар үйретіледі, біреуі кітапты дауыстап оқитын да, басқа ондаған құл оны жазатын, сөйтіп бір мезгілде көп кітап дайын болатын

Аттик ойлап тапқан істің пайдалы екенін көріп, оған еліктушілер де табылды. Сөйтіп Ертедегі Римде қолжазба кітап шығару кәсіпке айналды.

Сыр-перне

Алтын діңгек

Ана – мейірім бұлағы. Аспан астында өзіңді аялайтын анаңның барын сезінуден артық бақыт бар ма?! Дүниеде ана кеудесінен асқан жұпар, хош иіс, кең тыныс бар ма?!

Ана – өмірдің гүлі, өмірдің сәні, әр отбасының алтын діңгегі. Дүниедегі жақсылықтың бәрі ананың тілегі, ананың жүрегі арқасында жүзеге аспақ. Тіршіліктің бар қызығы ананың саған елжіреп қараған көз шарасына сыйып тұрады екен-ау.

Сен ана сүтін ақтадың ба? Оны немен ақтайсың? Ал мен анамның ақ сүтін ақтауға бар ақылымды жұмсаймын.

Ақжүніс НҰРПЕЙІСОВА,

И.Құрманов атындағы негізгі мектептің оқушысы.

Егіндіұлақ ауылы,

Қобда ауданы.

Жас талант

Әйгерім Абай ауылына барады

Жыл сайын Семей қаласында өтетін Абай, Шәкәрім оқуларына жыл сайын біздің облыстың да оқушылары қатысады. Жас таланттарымыз әр жылдары әр түрлі жүлделермен оралып жүр.

Биыл осы бәйгенің «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша өтетін байқауына Ақтөбе қаласындағы Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің оқушысы Әйгерім Ұлмағанбетова қатыспақшы. Ол осы сайыстың биылғы қалалық және облыстық байқауларында жеңімпаз атанған болатын.

Ұстазы Ағила Искарина баптап жүрген Әйгерім талай додаларда топ жарды. Ол бәйгелі сахналарға шыға бастаған 2005 жылдан бері «Бозторғай», «Балдәурен», «Жас толқын», «Аққұс» тәрізді көптеген ән байқаулары мен фестивальдардың І дәрежелі дипломдарымен марапатталып үлгерді.

Шәкірт әнші классикалық, эстрадалық, оның ішінде Алтынай Жорабаеваның репертуарындағы әндерді нақышына келтіріп, шебер шырқайды. Мектепте вокал үйірмесіне қатысады, оқу озаты.

«Абай жолы» эпопеясының танымал кейіпкерлерінің бірінің есімін иемденген Әйгерімнің ұлы Абай елінен табысты оралуына тілек қосамыз.

А.АБЫЛАЕВ.

Шаңырақ

Мен бақытты баламын

Мен үлкен отбасының кенжесімін. Есімім – Аякөз. Біздің үйде ата-әжем, әке-шешем және Азат есімді ағам, Ботакөз есімді тәтем бар. Мен де өз туғандарымды, туған жерімді жақсы көремін.

Менің туған жерім – Шалқар ауданының Байқадам ауылы. Ауылымның табиғаты тамаша. Жаздағы демалыста Ақтөбе, Орал, Алматы қалаларынан келген бауырларым ауылдың құмына аунап, қырына қыдырып, жақсылап демалады. Үлкен адамдар біздің ауылдың құмына түсіп емделеді.

Мен оқитын мектеп – Қорғантұз орта мектебі. Бұл мектептен білім алған аға-апалар үлкен қызметтер атқарады. Солар сияқты мені де ауылым, мектебім және отбасым жақсылап тәрбиелеп жатыр. Мен осыларды мақтан тұтамын.

Аякөз БАҚЫТЖАНОВА,

2-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Оқушының өлеңі

Ауылым

Кіндік қаным тамған жерім – ауылым,

Осы жерде ата-анам мен бауырым.

Мен ауылдың сүйем жібек самалын,

Жек көрмеймін бораны мен дауылын.

Жасыл жайлау, таудан аққан бұлағым,

Көкпеңбек боп жерге шыққан құрағым.

Осы емес пе сәні бөлек салтанат,

Көркейе бар, кең тұғырлы тұрағым!

Асылзат ҚАЗАҚБАЙ,

Т.Шевченко орта мектебінің оқушысы.

Қарабұтақ ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button