Әлеумет

Ырғыздың жолы ырысқа бастайды

Облысымыздағы ең бір проблемалық, осы кезге дейін шешімі қиын саналатын шаруалардың бірі Ырғыз жолы болып келгені жалпы жұртқа мәлім. Енді осы істің жайы оңынан туа бастағалы өңір тұрғындарының көңілі көтеріңкі. Әсіресе, облыс орталығына қатынас реті ай өткен сайын жақсарып, күні ертеңгі күнгейлі көріністің келбеті айқындала бастағандай болып көрінеді.

Өткен жұма күні облыс әкімі Елеусін Сағындықов жұмыс барысындағы Ырғызға сапарын ең әуелі осы аймақты басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасы жаңғырту жұмыстарымен танысудан бастады. Республика аумағы арқылы өтетін 2309 шақырымдық  стратегиялық маңызды жол құрылысы жөндеуге жатады деп есептелсе, соның 621 шақырымы Ақтөбе облысына тиесілі.

Талай жылдар бойы жөндеу көрмей, соған қарамастан батыстан шығысқа, шығыстан батысқа сапар шеккен ауыр салмақты жүк көліктерінің талайын үстінен өткерген бұл ұлы жолдың қалыпқа келтірілу шаруалары 2006 жылдан бастап нақты қолға алынды. Бастапқы кезеңде 215 шақырымдық Ақтөбе – Қарабұтақ учаскесін жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал осындай ұзындықтағы Қарабұтақ – Ырғыз учаскесін жөндеу жұмыстары толығынан 2010 жылы аяқталмақшы. Осы аталған бағдарлама бойынша биылғы жылға 5 миллиард 179 миллион теңгенің жұмыстарын атқару жоспарланды. Бүгінгі күні жол жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде.

Сапар барысында облыс басшысы 1025-1132 шақырымдар аралығындағы Иван Игнатьев басқаратын «Иврус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарып жатқан жұмыстарын көрді. Мұнда жөнделген учаскелерді іске қосу мерзімі алдағы төртінші тоқсанға белгіленген. Бірінші тамызға есептегенде жылдық тапсырыстың 57 пайызы атқарылыпты. Жөндеу жұмыстарына авторлық бақылауды «Қостанайжолжоба» ЖШС, ал техникалық бақылау мен технологиялық қамтамасыз ету жұмыстарын «Жол Сапа» ЖШС жүргізеді.

Ал одан кейінгі 108 шақырымға жөндеу жұмыстарын жүргізуші бас мердігер ұйым – «Дена Рахсаз Казақстан» ЖШС. Абуталиби Мұхаметқали басқаратын бұл серіктестікте жұмыс ауқымы елеулі. Мұнда да белгіленген кестеге сай қызу жұмыстар жүргізілуде.

Құрылыс ауылы тұсындағы Ырғыз өзені үстінен салынған көпір соңғы жылдары осы арадан өткен жолаушы атаулының зәресін алып, мазасыздандыра беретіні рас-ты. Енді бұл проблема да шешілуге қарапты. Ұзындығы 198 метрге жететін жаңа көпір қыркүйек айының оныншы жұлдызына дейін пайдалануға берілмекші. Құрылысты жүргізіп жатқан алматылық субмердігерлік ұйым басшысы Жалғасбай Бисеновтің айтуынша, бұл көпірдің сметалық құны 180 миллион теңге. Осы көпірдегі учаске бастығы Дана Садықов негізгі жұмыстарды біліктілігі жоғары мамандар атқарып жатқандығын баян етті.

Облыс әкімі көпірдің салыну сапасына, пайдаланылатын материалдардың деңгейіне назар аударды, оның ішінде жергілікті құрылыс өнімдерінің мөлшері туралы сұрақ қойды. Берік тұғырға орнатылған, жаңа заманауи өлшемдерге сәйкес тіреулер мен плиталардың жарақтылық қабілеті туралы мамандар жоғары бағаларын берді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойындағы осы көпір үстімен болашақта сан мыңдаған тонна салмақтағы жүктер тасылып өтпекші.

– Ырғыз өңірімен өтетін мұндай жақсы жолдың пайдалануға берілуі алдағы уақытта көптеген жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасайды, – деп атап көрсетті Елеусін Наурызбайұлы, – мәселен, техникалық қызмет көрсету, май құю, қонақ үй, асхана қызметтерін өрістетуге болады. Соған қапы қалмауларыңыз керек.

Ырғыз маңындағы жол құрылысы қазірдің өзінде жергілікті тұрғындарға нәпақа көзіне айналып тұр. Осы аумақта тұратын екі жүз елуге жуық адам әр түрлі жұмыстарға тартылған. Олардың айлық еңбекақысы отыз мыңнан бастап жоғарылай береді.

Ырғыз селосынан Нұра, Тәуіп бағытына өзен арқылы өтетін көпірді жөндеу де биыл қолға алыныпты. Бұрын өзен қатты тасыған жылдары бір шеті су астында қалатын көпірдің ендігі ұзындығы алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермейді.

Алыстағы ауданның әлеуметтік жағдайы кім-кімді де ойландыратыны анық. Әсіресе, қазіргі тұста адамдардың денсаулығын қорғау мәселесі бұл өңірде де күн тәртібіне ерекше қойылуда.

Облыс әкімі аудан орталығындағы жетпіс төсектік орталық аурухана жұмысымен жете танысты. Мұнда бас дәрігер Жасқайрат Сүлейменов шаруа жағдайымен таныстырды.

Ауруханада хирургия, терапия, перзентхана, жұқпалы ауруларды емдеу, сондай-ақ балалар бөлімдері жұмыс істейді. Отыз жоғары білімді дәрігер, сонымен бірге жетпіс төрт орта буын қызметкерлер еңбек етеді. Аурухана 2006 жылы медициналық аппараттармен және жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Одан беріде стоматологиялық қондырғы, флюорографиялық аппарат, қан, плазма сақтауға арналған мұздатқыш, фетьямин-монитор алынды.

Емдеу орнында биыл «Телемедицина» орталығы ашылған. Орталықта дәрігерлер қаралып отырған науқастың диагнозын, жалпы ахуалын компьютерлік қадағалау арқылы облыстағы білікті маман дәрігерлерге ұсынады. Олар өздерінің нақты кеңестерін береді. Облыс әкімі осында болған сәтте ғалым-дәрігерлер телеканал арқылы екі науқастың емделуі туралы тұжырымдарын айтты.

«Жол картасы» бағдарламасына сәйкес биыл аудандық орталық аурухананың жылу қазандығын алмастыруға, күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 15,0 миллион теңге бөлінген. Елеусін Наурызбайұлы аурухана ғимаратын жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін келесі жылға тағы да қаражат  бөлуге ықпал  ететіндігін айтты. Сондай-ақ, осында жетіспейтін екі маман дәрігер қызметіне кадр табуды тапсырып, оларға жағдай жасайтындығын мәлімдеді.

Биылғы жылы «Жол картасына» сәйкес Ырғыз гимназиясын жаңартуға 85,9 миллион теңге бөлінген еді. Облыс басшысы осында болған сәтінде бір кездері Ыбырай Алтынасарин сынды ағартушының ізі қалған өңірдегі гимназия заман талабына сай, жоғары деңгейлі білім-тәрбие беру орталығына айналуы қажеттігіне ерекше мән берді. Ол үшін білім ордасы сапалы салынған, эстетикалық талаптарға жауап беретін деңгейде болуы тиіс. Осында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Наурыз СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ибрагим Сәрсенбаевқа басқа өңірлердегі гимназия құрылыстарынан, озық тәжірибелерден үлгі алу тапсырылды. Сондай-ақ жергілікті білім беру басшыларына оқыту сапасына ерекше көңіл бөлу, оқушылардың білім деңгейін көтеретін өлшемдерді қатаң ескеруге қатысты тапсырмалар берілді. Бұрынғы мектептің гимназияға айналуына байланысты бұл білім ордасына енді қосымша 26 штат бірлігі қосылмақшы.

Аудан әкімдігі ғимаратында өткен актив жиынында аудан әкімі Мирхан Дуанбеков өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды, атқарылып жатқан істерді баян етті. Облыс басшысы ырғыздықтарды ашық әңгімеге шақырды, ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салуды ұсынды. Соғыс және еңбек ардагері С. Қалтаев, зейнеткерлер А. Сарин, Ә. Құмақов, сондай-ақ Қ. Кенжебаев, К. Тұрманбетова, А. Досекешов, Е. Тұрабаевтар облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан шараларды қолдайтындықтарын айтып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді қозғады.

…Ырғызда шешімін күткен проблемалар жоқ деуге болмайды. Бірақ олардың шешілу мүмкіндіктері қарастырылу үстінде. Мәселен, ұзын жолдың жайы келер жылы толығынан халық мүддесін өтейтін деңгейге жеткізілмекші. Сондай-ақ ауыз судың қорын анықтау, бөгет салу мәселелері де жиын  барысында қозғалып қалды. Бұл жағдайларға байланысты нақты есеп жүргізу, тиімділік тұрғысынан қарау қажеттігі айтылды.  Ырғызға газ тарту да алдағы таяу уақыттың  еншісі екендігі айқындалды.

Араға жыл салып қозғалысы бұрынғыдан да жандана түспекші ұлы жолдың бойындағы Ырғыз табиғи байлықтарымен тартымды түрде географиялық картада Батыс Еуропа мен Батыс Қытай  арасындағы елеулі нүктеге айналатыны күмәнсіз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button