Білім

Айсұлудың жеңісі

Алматы қаласында өткен Өмірбек Жолдасбеков атындағы оқушылардың метаматика және механикадан зерттеу жұмыстарының V халықаралық конкурсында Темір ауданына қарасты №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Айсұлу Науқанова ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қолы қойылған І дәрежелі дипломмен және осы байқауға қатысқаны үшін арнайы сертификатпен оралды.

Айсұлудың «Алтын масақ» мектеп теліміндегі «Жасыл» технология» тақырыбында қорғаған ғылыми жобасында көтерілген ғылыми проблема еліміздің «жасыл экономика» саясатына негізделіпті. Идея авторы, жоба жетекшісі Нұрлан Жақыбаевтың айтуынша, «Алтын масақ» мектеп телімінің жұмысын жоспарлаудың экономика-математикалық әдістерін жүзеге асыруда қазір инновациялық технологиялар енгізілген.

Қазір мектеп-гимназияның ауласында «Алтын масақ» жер телімі бар. Мектеп айналасындағы жердің бұлай аталуының да өзіндік себебі бар. 2013 жылы мектеп-гиназия оқушысы халықаралық жарыста жеңімпаз атанып, соның бизнес-жобасының құрметіне жерді осылай атауды ұйғардық. Алдағы уақытта біз «Алтын масақ» оқу-өндірістік ғылыми-тәжірибелік алаңды ғылыми және кәсіпкерлік негізде дамыту бағдарламасын жасауды жоспарлап отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында: «Оқу жастарға тек білім беріп қоймай, сонымен бірге, оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс» деген болатын. Қазір біз оқушылардың математика-экономика білім саласында функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары негізінде жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінде Елбасының «Жасыл экономика» идеясы негізінде елімізде жасылдандыру саясаты қарқынды жүргізілуде. Бұл орайда «жасыл экономиканы» дамытудың жеті негізгі бағыты көрсетілген. Оның бірі әрі бірегейі — агробиология, агроэкономика, агрономия, агрохимия. Яғни жердің құнарлылығын басқару, суды тиімді пайдалану жұмыстары оң жолға қойылуы тиіс , — дейді Н.Жақыбаев.

Конкурс кезінде Айсұлу Науқанованың ұсынған жобасында өнертабыс өнімінде екі игілікті өндірістің жүзеге асырылғаны айтылады. Оның бірі — материалдық игілік, яғни таза экологиялық өсімдік өнімдерін өндіру болса, екіншісі — мектеп телімінде өсімдік өсірудің экономикалық әдістері. Бұл жерде оқушы зияткерлік игілікке баса мән берген. Сондай-ақ, оқушы өз жобасында білім мен ғылымның және өндірістік еңбектің өзара ықпалдасуын ерекше атайды.

Бұл орайда А.Науқанованың ғылыми жобасының өз деңгейінде дайындалуына идея авторынан бөлек, мектеп-гиназияның қызметкері, ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі Шынар Рысқұлованың да еңбегі зор.

Қазір Айсұлу Науқанова биыл мамыр-тамыз айлары аралығында әлемнің бес құрлығы бойынша барлық мемлекеттерден қатысатын экономика бағытындағы оқушылардың кәсіпкерлік ісі мен бизнес идеялары тақырыбындағы халықаралық олимпиадаға дайындықты бастап кетіпті. Бір қуаныштысы, Айсұлу ҚР Білім туралы Заңының «Мемлекеттік білім гранты туралы ережелеріне» сәйкес, мемлекеттік білім грантын алуға құқылы және еліміздің жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын тапсырмай-ақ қабылданады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button