Басты жаңалықтар

Құрметті ақтөбеліктер!

Сіздерді ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен  құттықтаймын!

Мыңдаған жылдардан бері халықпен бірге жасап келе жатқан Наурыз – біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің, жалпы руханиятымыздың шынайы көрінісі, қайнар бұлағы. Бұл ұлық мереке қандай алмағайып кезеңде де өзінің мәнін жоғалтпай, елді табыстырып, бірлікке, ынтымаққа бастап келеді.

Жер бетінде кеңінен тойланатын Наурыз мейрамы біздің елімізде қазақстандық даму үрдістеріне сәйкес өзгеше сипатқа, ерекше мән, жаңа мазмұнға ие болды. Оны халқымыз жыл сайын жақсы жаңалықтың нышаны, бейбітшілік пен келісімнің нысаны ретінде күтіп, жалпыұлттық мерекеге айналдырды.

«Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» деп аталатын Жолдауында «Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын ұсынды. Бұл – барша қазақстандықтардың болашаққа деген сенімін нығайтып, үмітін үкілендіре түседі.

Ақтөбе өңірі қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын биылғы 2015 жылдың елді рухани қуаттандыратын, бірлікке бастайтын, ізгілікке жұмылдыратын басты шаралары ретінде атап өтпекші.

Елдің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын үлгі ететін жасампаз қадамдарға ақтөбеліктердің де қосатын мол тарту-таралғысы бар.

 

Қымбатты жерлестер!

Міне, қаһарынан айырылған қыс жаймашуақ, жылуы мол көктемге орын берді. Табиғат-Ана көз алдымызда жаңа тіршілік, жаңа дүние есігін ашты. Жасына жас қосылған адамдарымыз жаңа күн, жаңа жыл басында бір-біріне жақсы тілектерін айтып, Қыдыр бабаның мейірімін күтеді.

Бір шаңырақ астына топтасқан жүзге жуық ұлттар мен ұлыстары бар Ақтөбе облысының халқы алдағы уақытта да егемен еліміздің болашағының іргесін қалауға белсене атсалысып, көш басынан көріне береріне сенемін. Барша ақтөбеліктерге Наурыз құт-береке, ырыс-несібе, бірлік  пен ынтамақ әкелсін!

 

Ізгі ниетпен,

облыс әкімі Архимед МҰХАМБЕТОВ

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button