Денсаулық

Парақшалар таратылды, бұрыштар жасақталды

Елімізде 24 ақпан мен 23 наурыз аралығында туберкулездің алдын алу шаралары бойынша айлық өткізіліп жатыр. Бұл — Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған шара. Қазір Ақтөбедегі №2 қалалық емханада айлық аясында нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Туберкулез — ғаламдық мәселелердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, 2012 жылы әлемде туберкулез ауруының 8,6 миллион оқиғасы тіркелсе, туберкулезден болған өлім-жітім оқиғасы — 1,43 миллион, оның ішінде 320 000 өлім-жітім оқиғасы адам иммун тапшылығы вирусына (АИТВ) байланысты туберкулез. Халықтың шамамен үштен бір бөлігіне туберкулездің бактериясы жұққан. ДДҰ сарапшыларының мәліметі бойынша, туберкулез бактериясы жұққан адамдардың 10 пайызы өмір бойы осы аурумен ауырады. Иммунитеті төмен, АИТВ, қант диабетімен ауыратын, жеткіліксіз тамақтанатын, темекі тұтынатын адамдардың туберкулез ауруына шалдығу қаупі жоғары болады. Әлемде туберкулезбен ауру оқиғасының 20 пайызы темекі өнімдерін тұтынатын адамдарда кездеседі.
Туберкулез проблемасы ұлттық орталығының мәліметі бойынша, елімізде 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы аурушаңдық көрсеткіші 10 пайызға төмендегені байқалады. Туберкулез ауруы бойынша өлім-жітім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 24,3 пайызға төмендеген.
Бүгінде елімізде туберкулезді жедел диагностикалау мен туберкулездің көптеген дәріге тұрақтылығы бойынша алдыңғы қатарлы зертханалық технологиялар енгізілген. Бұл алғаш анықталған 98,2 пайыз және туберкулезбен қайталап ауырған 98,9 пайыз аурудың дәрі-дәрмекке сезімталдығын тест арқылы анықтауға мүмкіндік береді.
Қазір елімізде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес, туберкулездің алдын алу шараларына қатысты айлық жарияланды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін айлық «Туберкулезді тоқтат!» ұранымен ұйымдастырылып жүр. Ақтөбедегі №2 қалалық емханада туберкулездің алдын алу мақсатында өткізілетін айлықтың нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Емхананың мәжіліс залында
медицина қызметкерлері арасында тақырыпқа байланысты семинар-кеңес өткізіліп, ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл күні фтизиатр, терапевт, жасөспірім дәрігер мамандары тұрғындарға қабылдау жасап, кеңестер берді. Сондай-ақ, қаладағы арнаулы оқу орындары, жоғары сынып оқушылары арасында сауалнамалар жүргізіліп, дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер, семинар-тренингтер мен акциялар өткізілді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Мектептер мен балабақшаларда туберкулез ауруының алдын алу, одан сақтану шаралары жөнінде дәрістер оқылды, оқушылар диктанттар, мазмұндамалар жазды. Сонымен қатар, білім ордаларында тақырыпқа байланысты суреттер сайысы ұйымдастырылып, бұрыштар жасақталды.
Бекітілген жоспарға сәйкес, алдағы күндері жүкті әйелдер арасында туберкулездің алдын алу бойынша «Жүктілік және туберкулез» тақырыбында Ашық есік күні өткізіліп, қалалық орталық базар, «Арай», «Аққу», «Астана» сауда үйлеріндегі радиотораптардан туберкулезден сақтану тақырыбында дәрістер оқылады. Туберкулез ауруының қатерлілігі турасындағы мақалалар бұқаралық ақпарат құралдары бойынша ұдайы жарияланып жүр. Айлық аясында тұрғындарға туберкулездің алдын алу мақсатында бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық материалдар үлестірілді.

Венера ОМАРОВА,
№2 қалалық емхананың
салауатты өмір салтын
қалыптастыру дәрігері.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button