Әлеумет

Қазақстан – бейбітшілік ордасы!

Бүгінде дүниежүзілік қауымдастық өз дамуының күрделі кезеңін бастан кешіп жатыр. Әсіресе, бұл жағдай бұрынғы Кеңес Одағын құраған мемлекеттердің басым көпшілігінде анық байқалуда. Сонау сексенінші жылдардың аяғында Таулы Карабах аймағындағы қанды қақтығыстар, жиырма мыңға жуық адам өмірін жалмаған Тәжікстандағы азамат соғысы, Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасына жақын аймақта болып өткен Оштағы қанды оқиғалар, Шешенстандағы соғыс, тағы басқа дүрбелеңді оқиғалар көпшіліктің есінде. Осы секілді көптеген елдің тағдыры, халықтың тағдыры сынға түскен шақта Еуразияның жүрегінде орналасқан алып Отанымыз – Қазақстан елді есеңгіреткен оқиғалардан, қанды қақтығыстардан аман шықты. Оның басты себебі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саралы да салиқалы саясаты. 130-ға тарта ұлт мекен еткен кең-байтақ еліміздің іргесінің берік, бірлігінің мықты болуы көп еңбектің нәтижесі екендігі сөзсіз.

30 тамызда Ата Заңымыздың 14 жылдық мерекесі тойланғалы отыр. 1995 жылы  Қазақстан халқы жаңа жобаны бір ауыздан қабылдап, Республикалық референдумда 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні деп бекітілген болатын. Осы орынды қабылданған Ата Заңның негізінде еліміздің көсегесі көгеріп, ұрпақтарымыз бейбіт әрі бақытты өсіп келеді.

«Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» белгіленді. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны орасан зор. Өйткені дін – имандылықтың кепілі. Әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың болашағы жоқ. Ділсіз, тілсіз халықтың мәдениеті де мәнсіз.

Бесенеден белгілі жай, қай кезде де діни сенім кез келген халықтың рухани қазынасының бірі болып саналады. Мысалы, мұсылман әлемінде ислам діні ерекше ардақ тұтылады.

Қазақстан барлық этностар мен конфессияаралық татулығымен әлемге танымал. Мұны шетел мемлекеттерінің ғалымдары мойындап, жоғары бағалап отыр.

Оның айқын көрінісі – 2003, 2006 жылдары және биыл шілде айында Астанада өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері. Сонда әлемдегі ең ірі төрт діни ағымның –  мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм діндерінің ірі өкілдері біздің Елбасымыздың көрегендігіне тәнті болды. Көзқарас, ой-пікірлері үнемі бір арнада тоғыса бермейтін дінбасылардың ортақ үйде тіл табысып, барлықтарының әлемдегі ең басты байлық –  бейбітшілік екендігіне, адамдардың ең үлкен бақыт – бейбіт, мамыражай өмір екендігіне ден қойғандығы басқосудың үлкен табысы болды.

Егемендік алып, даму кезеңінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы да ел өміріндегі, қоғам өміріндегі үлкен оқиға болды. Оның белсенді іс-қимылының нәтижесінде көп ұлтты халқымыздың рухани өмірінде болған жаңалықтар, игі тірліктер – көптеген ұлттық орталықтардың ашылуы, жексенбілік мектептердің жұмыс істей бастауы, түрлі ұлттық-мәдени ошақтардың көптеп ашылуы, жаңа мешіттер, жаңа шіркеулер мен ғибадатханалардың есік ашуы, діни сенім бостандықтарының еркіндікке қол жеткізуі секілді оң тірліктер – ұлттық, әлеуметтік, діни қақтығыстардың алдын алған жағымды жайлар болды.

Біздің еліміз рухани келісім таразысын тең ұстайтын зайырлы мемлекет болғандықтан да өз саясатының бағыт-бағдарын аса байыппен, зерделі пайыммен жүргізіп отыр.

Елімізде соңғы жылдары діни бірлестіктер саны біршама өсті, көптеген ғибадат нысандары салынып, халықтың қолданылуына берілді. Халықтың ұлттық санасының өсуіне байланысты ұлттық құндылықтарға, соның ішінде діни құндылықтарға деген ынта-ықыласы өсті.

Қазақ ұлтының өз тарихын және мәдениетін, ұлттық тұрмысын дамытуға ұмтылуын елімізде өмір сүріп жатқан басқа ұлттардың тарапынан құрметтеу   елдегі тұрақтылық пен өзара сенімнің стратегиялық негізі болып саналады.

Облыстық әділет департаментінің

діни істер жөніндегі бөлімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button